Версия для печати

Вакцина: локдаунсыз өмірге оралу Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3631 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әлемді әбігерге салған коронавирустық инфекцияның әл-әзір емі табылар емес. Қазақстанда карантин талаптары жеңілдетілгенімен қауіптілік сейілген жоқ. Бетперде тағып, арақашықтықты сақтау және көпшілік орынға бармау талабы күшінде қалып тұр. «Елдің иммунитетін 50 пайызға көтерсек, бұрынғыдай қалыпты өмірге ораламыз. Сол кезде локдаун да, карантин де болмайды» деп отыр Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – вакцинациялау. Бұл мақсатта Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын таңдап, елде екпе науқаны басталып кетті.

602

 

Аптаның алғашқы күні еліміздің медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина жасатты. Дәрігерлермен қатар билік басындағы азаматтар да өз белсенділіктерін танытты. Бұл күні Шымкентке «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы жеткізілді. Сала мамандары екпе жұмыстарына дайындықты алдын ала жүргізіп, төрт емхананың базасын қажетті деген құрылғылармен жабдықтаған-ды.

Екпе ерікті түрде жасалды

Шымкентте алғашқылардың бірі болып қала әкімі Мұрат Әйтенов коронавирусқа қарсы екпе салдыртты. №3 емханаға барып, екпе алдында дәрігерге тексерілді. Қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан, ерікті түрде вакцина қабылдады.

607


– Жұмыс бабында көптеген адамдармен кездесетін болғандықтан бұл менің денсаулығым үшін маңызды. Мен үнемі вакцина қабылдап келе жатқан адаммын. Бәріміз де пандемияны еңсеріп, қалыпты өмірге оралғымыз келеді. Ал, мұның жалғыз жолы – вакцинация. Шымкент қаласында жыл сайын 80 мың адам
ЖРВИ-ге қарсы вакцина қабылдайды. Бұл да сол секілді екпе. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шаһарда ерікті түрде екпе салдыртуға 1000 дәрігер келіскен. Жалпы вакцинация бойынша 450 медицина қызметкері оқудан өткен. Төрт медициналық ұйым базасы, атап айтқанда №3,5,6 және 13 емханада дәрігерлік тексеру, егу кабинеттері мен екпе егуден кейінгі күту залы дайындалған. Аталған вакцина қалалық қан орталығы базасына жеткізіліп, 1 ақпанда таңғы алтылар шамасында емханаларға жөнелтілді.

–Аталған вакцина алдымен қалалық қан орталығы базасындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылды. Талап бойынша вакцина -18 градуста сақталуы тиіс. 4 емхана базасы да мұздатқыштармен қамтылған. Жалпы бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің дәрігерлері және санэпидқызмет қызметкерлеріне екпе егіледі, деп атап өтті Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас иммунологы А.Кушерова. Сонымен қатар, жауапты маман вакцинациялау бірнеше кезеңнен тұратындықтан ақпан айының соңына дейін қаладағы 34 емханада мұздатқыш орнатылып, вакцинация кабинеттері ашылатынын жеткізді.
№6 емханада бұл күні қала аумағындағы 4 медициналық мекемеден 45 ақ халатты ерікті түрде екпе салдыртты. Пунктке таң азанымен «Спутник V» вакцинасының 250 дозасы жеткізіліп, емхананың 6 медициналық қызметкері бірінші болып вакцина ектірді. Емханада екпені алғаш болып бас дәрігер
Айгүл Қылышбаева алды.

596


– Алдымен денсаулығымды тексертіп алдым. Дене қызуым, қан қысымым барлығы қалыпты жағдайда болып, рұқсат етілді. Жарты сағат СОVID-19-ға қарсы екпе егуден кейінгі күту залында мамандардың бақылауында болдым. Қазіргі жағдайым жақсы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Қазіргі таңда коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы – осы екпе болып тұр. Осы кезге дейін дертке қарсы өзге де вакциналарды үзбей алып жүрдім. Сол үшін аса қорқынышты болған жоқ. Өзімді, отбасымды, айналамдағы адамдарды сақтаудың, қорғаудың жолы осы болғандықтан азаматтық міндетімді орындадым, - деді бас дәрігер.
Екпе алған медициналық қызметкерлер вакцинация жүргізер алдында дене температурасын, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымын өлшетті, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалды.
Екпе алғандар 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Осы кезге дейін айтып кеткендей, КВИ-ға қарсы қолданатын вакцина екі кезеңде жасалады. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, нәтижесінде адам ағзасындағы антиденелер саны артады. Яғни екінші доза 21 күннен кейін салынады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 1 ақпанда Шымкентте 180 медицина маманы вакцина алып, екпеден кейін ешқайсысында жанама әсер болмағандығын жеткізді.

Қарсы көрсетілім жағдайлары...

Ресейлік «Sputnik V» екпесін Біріккен Араб Әмірлігі, Үндістан, Венесуэла және Беларусь секілді әлемнің 50-ден астам мемлекеті алуға тапсырыс берген. Екпені 100 адамға салғанда 92-сінде жоғары деңгейде иммунитет пайда болған, дегенді алға тартты Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Забира Есенғараева. Дегенмен жаңа індетпен күресетін бұл вакцина балаларға егілмейді. Бұл тұрғыдан клиникалық зерттеулер жүргізілмеген.
– Ауыр аллергиялық реакциялары бар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттарға салынбайды. Бауыр мен бүйректің созылмалы ауруы барлар, қант диабеті сынды эндокриндік жүйенің айқын бұзылысы байқалғандар да қарсы көрсетілім санатына жатады. Қан түзілу жүйесінің ауыр сырқаттарында, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа да ауруларында, жүрек-қантамыр жүйесі дерттерінде, сондай-ақ, демікпе және созылмалы өкпе ауруларында да вакцина салынбайды,- деді З.Есенғараев.
Ғалымдардың айтуынша, «Sputnik V» - ағзаның аденовирустық платформасына негізделген әрі әлемдегі алғашқы тіркелген вакцина. Ресей екпесі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тізіміндегі вакциналардың алғашқы ондығына кіреді. Ғалымдардың сөзінше, «Sputnik V» вирустың британиялық штамына да қарсы тұра алады. Осы күнге дейін екпе салдырғандардың бірде-бірінде аллергиялық реакция байқалмаған.

597

 

Карантинге жалғыз балама

Еліміздің бас дәрігері Алексей Цой Қазақстанда 2 млн адамды вакцинациялау - коронавируспен тіркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады деп отыр. «Вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады, - дейді А.Цой.
Расында пандемия кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакцинация екенін түсінгендей. Өйткені, 2020 жылдың желтоқсанынан бастап әлемнің түкпір-түкпірінде жаппай егу науқаны қызу жүріп жатыр. Еуроодақ елдері AstraZeneca мен Pfizer компанияларының препараттарына, Мысыр қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасына сұраныс берген. Египет, Австралия вакцинациялауды ақпанда бастаса, Үндістанда бір күнде 347 мың адам екпе алып, рекорд орнатқан. Тіпті әлем елдерінде өндіруші компаниялар вирусқа қарсы препараттарды уақытында жеткізе алмай, сотқа шағымдануға дейінгі әрекеттерге баруда. Өйткені, бұқара арасында сұраныс күрт артқан...

Последнее изменение Среда, 03 Февраль 2021 04:39
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.