«СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН ЖАРАЛҒАН...» Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2374 раз

немесе

меценат Айдын Рахымбаев негізін қалаған Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік 1 432 баланың
отбасын табуына көмектесті

 

Екі дүниенің рақым нұры – сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннатта осылай қатар боламыз» деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткен. Осыдан-ақ халқымыздың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөзінің астарында қандай терең мән-мағына жатқанын пайымдауға болады.

67

 

Бүгін біз бір жетімнің емес, Қазақ еліндегі барша жетімнің қамын ойлап жүрген жандар жайлы әңгіме қозғамақпыз. Олар — «Ана үйі» қоғамдық қоры, оның құрылтайшылары мен қызметкерлері.
«Шымкент келбеті» газетінің өткен санында осы ұйымның баласынан бас тартқалы тұрған жас аналарға пана болатын орталықтары туралы жазған едік («Анашым, мені тастамашы...» «Шымкент келбеті» 05.02.2021 ж. №10 (1855)). «Ана үйі» қоры сол жобасы арқылы Қазақстанда 4 500 сәбидің балалар үйіне өткізілуінің алдын алған болса, екінші бір жобасы – Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікті ашу арқылы балалар үйіндегі жәутеңкөздердің отбасы мейіріміне бөленіп өсуіне көмектесуде. 

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша жауапты маманы Ғалия ЖҮСІПОВАМЕН болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

68

— Ғалия Жүсіпбекқызы, бала асырап алу жөніндегі ұлттық орталық қандай мақсатпен ашылған? Оның негізгі қызметі қандай?

— «Ана үйі» қоғамдық қоры 2013 жылы елімізге белгілі кәсіпкер, меценат, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевтың бастамасымен және отандық бизнестің бір топ өкілдерінің қолдауымен құрылды. Мақсаты — Қазақстанда әлеуметтік жетімдіктің алдын алу.
Сол жылы алдымен еліміздің барлық ірі қалаларында, өзіңіз айтқандай, «Ана үйлері» ашылып, қызмет ете бастады. Ол орталықтар қаншалықты нәтижелі жұмыс істегенімен, бұл елдегі әлеуметтік жетімдікті біржола азайту үшін жеткіліксіз болды. Алдымызда «Тағы не істей аламыз» деген сауал көлденең тұрды. Екінші кезеңде балалар үйлері мен түрлі әлеуметтік-медициналық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді қазақстандық отбасыларға орналастыруды көздедік. Сол себепті 2016 жылы ақпан айында «Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алуды қолдау орталықтары ашылды. 2019 жылы оның атауы «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» деп өзгертіліп, қайта құрылды. 2020 жылдың шілде айында
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде аккредитациядан өтті.
Агенттіктің негізгі міндеті — бала асырап алуға ниетті отбасыларға құқықтық, психологиялық қолдау көрсету және Қазақстанда асырап алу мәдениетін қалыптастыру. Ол үшін еліміздің барлық өңірлерінде агенттіктің бала асырап алушылар мектебі жұмыс істеп тұр. Өз отбасын баламен толықтыруға ниеттенген адамдар осында 3 айлық курстан өтеді. Сабақ апта сайын ұйымдастырылады және 14 тақырыпты қамтиды. Әр сабақтың ұзақтығы – 3 сағат. Осылайша олар баланы асырап алудың, қамқоршылыққа немесе патронаттық тәрбиеге алудың құқықтық ерекшеліктерін үйреніп, психологиялық дайындықтан өтеді. Әр топта кемінде 16 ата-ана болады. Қазір қазақ және орыс топтарында 32 ата-ана осы мектептегі курстардан өтіп жатыр. Бүгінде пандемияға байланысты сабақтар онлайн режимде өтуде.
Айта кетерлігі, Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік көрсететін қызметтердің барлығы тегін. Яғни, барлық шығынды «Ана үйі» қоғамдық қоры, оның
Айдын Рахымбаев мырза бастаған демеушілері өз мойнына алған.

— Мектеп жайлы тағы айта түсіңізші. Бала асырап алу үшін онда оқу міндетті ме?

— Бұрын бұл мектепте оқу-оқымау ата-ананың өз еркінде еді. 2020 жылдың 1 шілдесінде ҚР «Неке және отбасы» Кодексіне енгізілген толықтырулар мен түзетулер күшіне енді. Атап айтқанда, Кодекстің 114-бабына жаңа тармақ қосылды. Онда бала асырап алатын азаматтар арнайы психологиялық дайындықтан өтуге міндетті деп көрсетілген. Ендігі осындай мектепте оқыған деген сертификаты болмаса, ата-ананың баланы қамқоршылыққа алуға немесе асырап алуға құқығы жоқ.

— Курстағы 14 тақырып нені қамтиды? Болашақ асырап алушылар нені білуі керек?

— Алғашқы сабақта біз болашақ ата-аналармен танысып, сабақ өтудің тәртібін келісіп аламыз. Екінші сабақ «Тек сүйіспеншілік жеткіліксіз» деп аталады. Бұл сабақта асырап алынған балаға ата-ананың сүйіспеншілігінен басқа тағы не керек? Осы сауалға жауап іздейміз. Одан кейін туғаннан 7 жасқа дейінгі және 7-21 жас аралығындағы бала мен жасөспірімдердің физиологиялық, психоэмоционалдық даму ерекшеліктерін түсіндіреміз. Сондай-ақ, «Балаларға қатыгездік жасау мен оның салдары», «Баланы қауіпсіз ортада тәрбиелеу» деген мәселелерді қарастырамыз. «Баланың қиын мінез-құлқы және онымен жұмыс істеудің жолдары» деген тақырып та өте маңызды. Өйткені, арнайы мекемелердегі өмір салты олардың қанына сіңіп, қоршаған ортаға деген көзқарасы мен мінезіне қатты әсер етеді. Енді отбасына келгенде жаңа ата-анасы баламен тіл табысудың жолдарын білуі шарт.
Мектептегі ең қиын және ауыр тақырыптың бірі «Баланың өміріндегі қайғы-қасыреттер» деп аталады. Сондықтан бұл тақырыпқа 2 сабақты арнап, 6 сағат уақыт бөлеміз. Бір нәрсені түсінуіміз керек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың кез келгені өмірінде кемінде 1 рет ауыр психикалық соққы алған. Бала асырап алғысы келетін ата-ана онсыз да тағдыр тәлкегіне ұшыраған баланың жанына тағы бір жара салмауы тиіс. Өйткені, арнайы мекемелерден шығып, отбасыға келген баланың көңілінде үміт оты жанады, уақыт өте келе ол жаңа отбасына бауыр басып қалады. Осы кезде ата-анасы түрлі себеп пен сылтау айтып баладан қайта бас тартса, баланың жан-дүниесі қандай болмақ? Екінші рет жақындарынан айрылуды, тағы да тастанды атануды бала көтере ала ма? Бұл оны өмірден біржола түңілдіріп, тағдырын тас-талқан етуі мүмкін. Біз бала асырап алуға ниеттенген ата-аналарға мойнына осынау ауыр жауапкершілікті алып отырғанын ұғындыруға тырысамыз.
— Осы бір қайырымды істі қолға алғандарыңызға 5 жылдың жүзі болыпты. Жұмыстың нәтижесі қандай? Бала асырап алушылар көбейді ме? Қамқорлығына алған баласын қайта өткізетіндер ше, олардың саны азайды ма?

— Иә, жұмысымыз нәтижесіз емес. Соңғы 4 жылда қазақстандық 917 отбасы 1 316 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз тәрбиесіне алған.
Шымкент қаласына келер болсақ, жоғарыда айтқанымыздай, біздің офис Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қызмет көрсетеді. Ол ашылғалы бері 1 432 азаматқа тегін құқықтық кеңес берді. Соның ішінде 142 азамат бала асырап алушы ата-аналар мектебінде оқып, арнайы психологиялық дайындықтан өтті. Сөйтіп 37 азамат 45 баланы бауырына басып, өз отбасында тәрбиелеуге алды.
Өкінішке қарай, асырап алған немесе қамқорлығына алған баласын қайта өткізетіндер әлі де болса бар. Бірақ, мұндай жағдай жылдан жылға азайып келе жатыр. Нақты айтар болсақ, 2019 жылы
Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 5 бала кері қайтарылған болса, 2020 жылы мұндай жағдай кездескен жоқ.
Бұл ненің нәтижесі? «Ана үйі» қоғамдық қорының Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттігі тек ата-аналарды ғана дайындамайды. Сонымен бірге біздің білікті мамандарымыз отбасы таңдаған балаларымен де жұмыс істеп, оларды да жаңа үйіне баруға психологиялық тұрғыда әзірлейді. Сондай-ақ, бұл балалардың кейбірінің денсаулығында кінәраты болуы, созылмалы дерттермен ауыруы мүмкін. BI Group холдингінің «BI Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры» дейтін құрылымы бар. Онда еліміздегі ең таңдаулы балалар дәрігерлері жұмыс істейді. Сол мамандар науқас балаларды барынша емдеп, асырап алушы отбасыға денсаулығын мейлінше түзетіп береді.
Мұнан өзге, Агенттік бала асырап алған отбасыны 3 жылға дейін тегін әрі кәсіби түрде психологиялық және құқықтық мәселелер бойынша сүйемелдеп отырады. Өйткені, бала асырап алған отбасыда бірден бәрі жарасымды, үйлесімді өмір сүріп кетеді, ешқандай проблема болмайды деп кепілдік бере алмайды. Осындай кезеңде біздің мамандардың сүйемелдеуі мен қолдауы баланың сол отбасыға сіңісіп, бауыр басып кетуіне мүмкіндік береді.
Осының барлығын ескерсеңіз, кәсіпкер Айдын Рахымбаев мырзаның қолға алған бұл жобасы шындығында қоғамға аса қажет, өзекті әрі қайырымды іс болды. Бұрындары Қазақстанда бұл іспен тек шетелдік агенттіктер айналысатын. Олар негізінен шетел азаматтарына Қазақстаннан бала асырап алуға коммерциялық негізде қолдау көрсетумен айналысушы еді. Баланың ата-анасынан, отбасы мен жақындарынан айрылуы бір қасірет болса, өз Отанынан, туған елі мен жерінен айрылып, жыраққа, жат жұртқа кетуі одан да зор трагедия емес пе?! Зиялы қауым өкілдері мен қазақ баспасөзі қоғамның осы бір жанайқайын талай жылдар бойы айтумен келді. Енді, міне, «Ана үйі» қоғамдық қоры осынау қоғамдық проблеманы шешу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы бір қайырымды іске қал-қадірімше үлес қосып жүргенім үшін өзімді өте бақытта адам деп есептеймін. Біле білсек, сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған. Сол бүлдіршіндердің шетелге аспай өз туған топырағынан нәр алып өсуі, арнайы мекемеде ер жетпей, әр таңын отбасымен бірге атыруынан асқан қандай бақыт бар?!

— Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!