Көшбасшы партияны алдағы 5 жылда ауқымды істер күтіп тұр

Пятница, 12 Февраль 2021 06:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2551 раз

partia-aldagy-5-jyl

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XLI конференциясы өтті. Конференцияға «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов төрағалық етті.

Сонымен бірге жиынға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, аумақтық филиалдарының төрағалары және бірінші орынбасарлары, Шымкент қалалық басқарма басшылары, мәслихат хатшысы, мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі, депутаттар, «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы аудандық филиалдардан сайланған делегаттар және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция күн тәртібіне үш мәселе қойылды. Ол партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған Жол картасын таныстыру және «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының Саяси Кеңесі және Саяси Кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу.

Осы орайда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов «Жол картасы» шеңберінде іске атқарылатын шаруалар жайында баяндады. Оған сәйкес алдағы уақытта 6052 орынды 12 мектеп пайдалануға беріліп, 1 мектеп 2 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, «Шымкент-сити» және «Тұран» шағынаудандарында 39 үйдің құрылысы аяқталып, 3136 пәтер халық игілігіне беріледі. Сонымен бірге бағдарламада 5 жылда атқарылуы тиіс 22 негізгі көрсеткіш қарастырылған. Оның ішінде тұрғын үй саласында 3 млн. ш.м.астам тұрғын үй құрылысын жүргізу, білім саласында үш аусымды мектептердің мәселесін толық шешу, туризм саласында туристер санын 1 млн. адамға жеткізу, инженерлік инфрақұрылым саласында тұрғындарды сумен, газбен, сапалы электр жарықпен толық қамту, қанағаттанарлық жолдардың үлесін 60 пайыздан 79 пайызға өсіру, экономиканың барлық салаларында 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу секілді мақсаттар мен міндеттер көзделген.

Конференцияда «Білім және ғылым» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәкен Мәжінбеков пен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Ай-нұры» бастауыш партия ұйымының төрайымы Төрайым Сұлтанова жарыссөзге шықты.

Сондай-ақ жиынның күн тәртібінде қаралған мәселеге сәйкес партияның саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруімен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Бектаева «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының саяси кеңесіне және саяси кеңес бюросына мүшелікке алынды.

Конференция жұмысын қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов партия активіне сайлауалды бағдарламада белгіленген нақты тапсырмалар жүктеді.