IQANAT ауылдың қарадомалағын ұлт байлығына айналдыратын жоба Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4383 раз

Бүгінде ел халқының 45 пайызға жуығы ауылдарда тұрады және ауылдан өте талантты, алғыр балалар көп шығады. Алайда, сол балаларды заман талабына сай сапалы әрі жан-жақты біліммен қамтамасыз ету жағы кемшін түсіп жатқаны шындық. Иә, Қазақстандағы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы – өте өзекті проблема. «IQanat educational fund» қоғамдық қоры 3 жылдан бері осынау кемшіліктің орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп келеді.

89

 

—«Айқанат» жобасының идея авторы, негізін қалаушы және бас демеушісі – елімізге белгілі кәсіпкер, BI Group холдингінің басшысы Айдын
Рахымбаев мырза. Ол кісінің бұл жобаны қолға алудағы мақсаты — еліміздің түпкір-түпкіріндегі шалғай ауылдарда өсіп келе жатқан дарынды балаларды анықтап, олардың сапалы білім алуына, сөйтіп Қазақстан мен әлемнің үздік университеттеріне оқуға түсуіне мүмкіндік беру. IQanat – «IQ көрсеткіші жоғары, яғни, ақылды, зерек және ерекше қабілетті балаларға қанат бітіретін жобаға айналса екен» деген ниеттен туындаған атау. Осы мақсатта 2018–2019 оқу жылынан бастап IQanat олимпиадасы ұйымдастырылуда. Оған қатысушылар ұсынылған төрт пәннің (математика, физика, ағылшын тілі және қазақ немесе орыс тілдерінде эссе жазу) біреуі немесе екеуін таңдай алады, Олимпиада екі аудандық және бір республикалық кезеңдерден тұрады. Аудандық деңгейдің бірінші туры – іріктеу болса, екінші турда жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Аудандық кезеңде жеңімпаз атанғандар республикалық олимпиада мен республикалық слетке қатысу мүмкіндігіне ие болады. Айта кетерлігі, облыстық кезеңнің ұйымдастырылмауына байланысты республикадағы 162 ауданның оқушыларына тең мүмкіндік беріледі – дейді жобаның Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Сәуле Жарқынбекова.

90


Сәуле Ешімқұлқызының айтуынша, алғашқы оқу жылында Түркістан облысынан бұл олимпиадаға 9-сыныпта оқитын 4 582 оқушы қатысып, оның 57-сі республикалық кезеңге жолдама алған. Ал, 2019-2020 оқу жылында 9-сыныптың 9 611 оқушысы қатысса, соның 92-сі республикалық кезеңнің жолдамасына ие болды. Бүгінде 2020-2021 оқу жылында IQanat олимпиадасының іріктеу кезеңі 8 және 9-сынып оқушылары арасында өткізілуде.
— 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «IQanat educational fund» қоры Еducation компаниясымен келісімшартқа тұрып, осы компания біздің олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнап Edua платформасын жасап шығарды. Осы платформа арқылы еліміздің үздік мұғалімдері балаларға барлық негізгі пәндер бойынша сапалы әрі терең білім береді. Оқу жылының басында балалардан платформа арқылы деңгейін анықтау сынағы (ДАС) алынады. Сөйтіп, әр оқушының білім деңгейі белгілі болған соң әр айдың соңында прогресті анықтау сынағы (ПАС) алынады. Бұл оқушының білімінің қаншалықты артқанын анықтауға, платформа арқылы оқытудың қаншалықты нәтижелі болып жатқанын бақылап отыруға мүмкіндік береді, – дейді С.Жарқынбекова.
Оның айтуынша, жобада Winter Camp және Summer Camp дейтін ұғымдар бар. Ол – қысқы және жазғы оқу-жаттығу жиындары дегенді білдіреді. Қысқы және жазғы демалыста Нұр-Сұлтан қаласы мен Бурабайда ұйымдастырылатын екі апталық оқу-жаттығу жиындарында оқушылар жарты жыл бойы алған білімін қайталап, тиянақтап, қортындылап алады. Осылайша, ауылдың қарадомалақ балалары IQanat олимпиадасы арқылы отандық және шетелдік үздік ЖОО-ына түсуге сапалы түрде дайындалуда.
— Жобаны одан әрі дамыту және нәтижелі ету мақсатында Айдын Рахымбаев мырза IQanat High School of Burabay элиталық мектебін ашты. Көрікті мекен Бурабайда орналасқан бұл мектеп еуропалық стандарттарға сәйкестендіріле отырып, фин мектептерінің үлгісімен салынған. Онда Қазақстанның ең таңдаулы мұғалімдері сабақ өтеді. Элиталық мектепте оқудың 1 жылдық құны 3 миллион теңге. Ал, IQanat олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысып грант жеңіп алған балалар тегін оқиды. Грант иегерлеріне оқу, қосымша үйірмелер, түрлі сауықтыру шаралары, жатын орын, тамақ, оқу құралдары мен мектеп формасына дейін тегін. Бүгінде бұл мектепте IQanat олимпиадасының грантын иеленген 200 бала оқып жатыр. Оның ішінде 100 оқушы 10-сыныпта, тағы 100 оқушы 11-сыныпта білім алуда. Бір айта кетерлігі, сол 200 баланың 17-сі Түркістан облысының ауылдарынан шыққан дарынды балалар. Биыл мектептің алғашқы түлектері оқуды тәмамдап, Қазақстан мен әлемнің алдыңғы қатарлы ЖОО-ына оқуға түседі деп жоспарланып отыр, – деді жоба үйлестірушісі.
Сәуле Ешімқұлқызының айтуынша, әйгілі Бурабай көлінің жағалауында орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде заманауи үлгідегі оқу бөлмелерінен бөлек кітап қоры бай әрі жайлы кітапхана, асхана, спорт және акт залдары мен толыққанды ғылыми зерттеу жүргізуге лайықты етіп жабдықталған зертханалар бар. Сондай-ақ, люкс класты жатақхана мен мұғалімдерге арналған пәтерлер де қарастырылған. Мектепте оқу процессі толық компьютерлендірілген.
Мектептің миссиясы — шыққан тегін қастерлейтін және әлемдік қауымдастық ішінде өзіне жүктелген жауапкершілікті орындай білетін, білімді, тәрбиелі және салауатты жастарды қалыптастыру.
Мектепте балаларға тек білім берілмейді, онда хәкім Абай айтқан бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым дейтін құндылықтарға негізделген тәрбиеге де баса назар аударылады.
IQanat жобасы мұнымен шектелмей, алдағы уақытта ауқымын кеңейте түспек. Жобаның негізін қалаушы және бас демеуші – меценат Айдын Рахымбаев Қазақстанның төрт өңірінен – оңтүстік, солтүстік, шығыс пен батыстан Бурабайдағыдай элиталық мектеп ашуды жоспарлап отыр.
— Бүгінде «IQanat educational fund» қоры бүгінде Түркістан облысының басшылығымен элиталық мектепке жер телімін бөлу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Карантиндік шектеулер қолбайлау болмай сәтін салса, биыл Төле би немесе Түлкібас аудандарының бірінен, тау баурайындағы көрікті мекеннен Бурабайдағы секілді элиталық мектептің құрылысы басталуы мүмкін. Алдағы 5 жылдың бедерінде Қазақстанның төрт өңірінен төрт үздік мектеп ашылады, – деді С.Жарқынбекова.
Ендігі жерде әлемдік стандарттарға сай келетін озық мектепте білім алып, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне оқуға түсу үшін ірі қалаларда өмір сүру немесе бай-бағланның баласы болу міндет емес. «Шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей, балаңыз шынымен дарынды әрі білімге құштар болса, ендігі жерде ол IQanat олимпиадасы арқылы элиталық мектеп пен әлемнің ТОП университеттеріне жолдама ала алады.
ХХІ ғасырда мұнай да, көмір мен темір де, астық пен алтын да ұлттың байлығы бола алмасы анық. Ұлттың нағыз байлығы – адам капиталы, бәсекеге қабілетті, білімді әрі саналы ұрпағы. Ал, меценат Айдын Рахымбаев негізін қалаған «Айқанат» жобасы – ауылдың қарадомалағын ұлт байлығына айналдырып, қазақтың пассионарлық қуатын қайта оятатын ғажайып жоба.
Жыл сайын IQanat High School of Burabay мектебінен түлеп ұшатын жүздеген жастардың арасынан Қазақ елін даму мен өркендеуге сүйрейтін мықты саясаткер де, табысты бизнесмен де, әйгілі ғалым да шығатын алтын ұрпаққа айналарына кәміл сенеміз.