Берешегі барын өзі де білмеген Избранное

Пятница, 26 Февраль 2021 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2818 раз

Шымкенттік тұрғынның жанайқайы тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Оның Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына түсірген шағымы аяқсыз қалған жоқ.

155

 

Жәбірленушінің сөзінше, белгісіз біреулер оның атынан онлайн-несие алған. Алаяқтар бір емес, төрт кредитті бірдей рәсімдеген. Сөйтіп, мұғалім айдың-күннің аманында 135 мың теңге берешек болып шыға келген. Ең қызығы, қарыз ақша Қостанайдың микроқаржы ұйымынан алынған. Мұны естіген тұрғын аң-таң қалған. Интернет алаяғының пысықтығы сондай, сонау өңірден рәсімделген ақшаны Алматыда оп-оңай қолма қол сытырлатып санап алған сияқты. Шымкентте тұратын ұстаз Қостанайда ешқандай танысының жоқтығын айтып, ақталып әлек.
– Бұл қалаға ешқашан барған емеспін. Онда туысым да, досым да жоқ. Мұндай сорақы жағдайды бұрын-соңды бастан кешкен емеспін. Қайта қаржыландыруды жоспарламағанымда бейхабар жүре берер ме едім, кім білсін. Ойымдағы ісімді қолға алмақ болып, Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанмын. Берешегім барын сол жерде білдім. Өзім мектепте жұмыс істеймін. Интернетте отыруға және алаяқтардың схемалық жобаларын қарауға уақытым да жоқ. Несие рәсімделген 18 қаңтар күні жұмыс орнымда болдым. Жеке куәлігімді, ЖСН-ді ешкімге қалдырмадым, - дейді жәбірленуші.
Ал Шымкент қаласының полиция департаменті бұл істі бақылауға алды. Дерек бойынша, Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция бөліміне тапсырма беріліп, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Криминалдық полиция басқармасының киберқылмысты ашу тобының аға жедел уәкілі Нұрсұлтан Жұмабайдың айтуынша, 2019 жылдан бері интернет ресурстары арқылы адамдардың атынан онлайн несие рәсімдейтін алаяқтар көбейген. Оларға тұрғындардың барлық мәліметін біліп, қарыз алу түкке тұрмайды. Себебі пандемия кезінде азаматтар онлайн форматтағы қызметтерді шексіз пайдаланды. Сол сәтте тұтынушылардың жеке ақпараттары мен банк шоттары ашықтан-ашық жарияланды. Мұның соңы интернет алаяқтарының өсуіне әкеліп соқты.
Мәселен, 2019 жылы осындай 424 қылмыс тіркелсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 724-тен асып жығылған. Өткен жылы бір айда 55 алаяқтық қылмысы тіркеліп, биыл бір айда бұл көрсеткіш 94 іске бір-ақ көтерілген.
Мұнан қылмыскерлер ісін адам сендіретіндей жолға қойғанына көз жеткізуге болады.
- Қазір «Олх», «Колеса», «Крыша» сайттары – жарнамаға Тұрғындар аты жер жарған хабарландыруларға имандай сенеді. Жарна есебінде банк шоттарымен төлем жасайды. Бірақ ұсынылған заттың бар-жоғына көз жеткізбейді. Тіпті жеке куәлік, банк картасының алды-артын суретке түсіреді. Ойланбастан карта артындағы кодты айтып қоятындар да бар. Бұл мәліметтерді қолға түсірген алаяқтар кейін сол адамның атынан кредит рәсімдейді. Егер осы кодты жариялап, картаның жарамдылық мерзімін көрсетсеңіз, қаражатыңыздан толық айырыласыз. Қала тұрғындарына айтарым, банк қызметкері: «Есепшотыңызда қауіпті операциялар жүріп жатыр. Ақшаңыз басқа шотқа аударылады. Алдын алу үшін басқа банк резервін ұсынамыз. Сіздің соған қаржыңызды аударып, сақтауға болады» деп хабарласпайды. Сондықтан мұндайға сенбеңіздер! Қаржы операцияларын орындау кезінде өте ұқыпты болыңыздар! Қызмет көрсеткен адамның аты-жөнін, жеке куәлігін тексеріңіз. Бейнебайланыс арқылы тұлғаның түрін көріңіз, - дейді Нұрсұлтан Жұмабай.
Шындығында. интернет алаяқтары адамдардың шотындағы ақшаны өзіне аударуды, сыртынан несие рәсімдеудің бесаспап маманы болған. Тіпті «пәтер кезегіне қойып беремін» деп немесе адамның ойы түгілі түсіне кірмейтін «миллиондарды банктен кредит арқылы алып беремін» дейтін пысықайлардың қаптап кеткені белгілі. Сол екен, сан соғып қалғандар саны артты. Оған бір айда Шымкентте 94 алаяқтық қылмыстың тіркелуі дәлел. Ал кибершабуылға ұшыраған шымкенттік мұғалім – соның бірі ғана.
Қалай болғанда да, аңғал адамдар опық жеп отыр. Өйткені интернетте жеке мәліметті таратпау, мессенджер арқылы ешкімге жібермеу туралы үнемі ескертіледі. Алайда ескеріп, елеп жатқан ешкім жоқ. Несиенің машақатымен әуре-сарсаңға түскендер артпаса, азаяр емес.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.