Турағұл Ибраһимұлы немесе айтылмаған ақиқат Избранное

Пятница, 26 Март 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4376 раз

(Басы өткен санда. Жалғасы)

Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

АБАЙ

ХХІ ғасыр – тарихи сана өзгеріске ұшыраған кезең. Иә, ақиқаты осы. Ұрпақ ауысып, дәуірлер жаңарған сайын тарихи қойнауда жасырулы жатқан дүниелердің беті ашылып, жұртшылықтың ақиқатпен қауышатын заманы міндетті түрде келеді.

432

 

Өткен жылы ұлы Абайдың – 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Абайдың жылы – бітті, бірақ жыры – мәңгілік. Сол өткен жылғы мерейтой кезінде ұстазым Ақжол Батырұлының сөзімен айтқандай, «Хакім шығармашылығының квинтэссенциясы» – «Китаб тасдиқтің» транскрипциясы жасалып шыққан болатын. Бұл жаңалық абайтанудай алып мұхитқа қосылған тамшыдай үлес деп санаймын.
Міне, биыл да торқалы тойдың қарсаңындамыз. Азаттықтың ақ таңы атып, Тәуелсіздіктің тұғырға қонғанына аттай 30 жыл толыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, Абайдың жылы бітсе де, жыры әлі біткен жоқ, бітпейді де. Әсілінде, дариядай теңіздің суы тартылуы бек мүмкін емес. Әл-Фарабитанушы
Ақжан Машанов: «Абай – әдебиеттің шеңберіне сыймайды» депті. Қалай айтқан ә, дәл баға емес пе? Шығармасы өз алдына мұхит болса, өмірі ше? Ғұмыры күйік пен кермек тартып, ұлт пен ұл қайғысынан мына дүниемен қош айтысып кеткен жоқ па? Ұлт қайғысы – ұлыларды ой ауруына ұшыратқан індет іспетті. Екі перзенті көз алдында, қош әке деп бақиға аттанып кете баруы – Абай үшін соққы болып тиді. Мұнан кейінгіні көтеру тіпті мүмкін емес. Қош, қу дүние кімге жолдас болған? Хакім кеткеннен кейін де ұрпақтары қилы заманның салдарынан тарыдай шашырап кетті. Сол ұрпақтарының бірі һәм бірегейі Әйгерімнен туған тұңғыш перзенті – Турағұлдың тағдыры. Әңгіме сол Турағұл хақында болмақ.
Алаштанушы Мұратбек Кенемолдин «Турағұл» есіміне қатысты: «Ұлы Абайдың өзі бұл ұлын «Тураұл» деп атаған екен де, ел аузында «Тұрағұл» болып кеткен» десе, Бағашар Тұрсынбайұлы: «Тураш – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш баласы. Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де бір рет осылай деп жазғанымызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту алдық. Турағұл – тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек» деген пікірлер айтады. Осы ізбен бізде тұлғаның есімін «Тұрағұл» емес, «Турағұл» деп атауды жөн көрдік. Ұлы Абайдың тәрбиесін көрген, әкесі дүниеден өткеннен кейін алғашқы кітабын жарыққа шығарған біртуар перзент жайлы қалам сілтемеу мүмкін емес шығар.

Мұхтар мен Турағұл

Алаш зиялысы Турағұл Ибраһимұлы 1875 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғышы. Зерттеуші, ақын, этнограф, қоғам қайраткері, аудармашы. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қолқа салуымен жазған Абай туралы ең құнды «Әкем Абай туралы» естеліктің және де бірқатар туындылардың авторы. Мұхаң (Мұхаң – Мұхтар Әуезов) демекші, қолымыздағы фактілерге сүйенсек Тураштың Мұхтармен арақатынасы өте жылы болған деседі. Турағұл тіпті Мұхтарға рухани демеуші де болған. Оған қоса Абай туралы мағлұматтардың көбісін Тураштың әңгімелеуі негізінде Мұхаң өз еңбектерінде кең көлемде пайдаланған. Бұл туралы ғалым Тұрсын Жұртбай «Бесігіңді түзе» ғұмырнама-толғауында Тураштың қыздары Ақылия мен Мәкеннің естелігін былайша жеткізеді: «Тұрағұл ағамыз өнерге құштар, сауыққой, іскер, сөзді мәнерлеп, мақалдап, шешен сөйлейтін. Көп оқитын. Жастарды әкемнің (Абайдың) дәстүрінде тәрбиелеп, соны дамытуға зер салатын. Өзі де бірнеше, анығын айтсам, төрт шығарманы орыс тілінен қазақшаға тәржімалады. Біразы дер кезінде баспасөз бетінде жарық та көрді. Соның ықпалының арқасында біздің үйге оқыған жастар үйір өсті. Бәрі де Тұраш ағаны сағалайтын».
Мәкен Тұрағұлқызы: « – Абай ауылының кейінгі кездегі ұйытқысы – Тұраш аға. Ол кісінің өзім білетін қасиеттері ең алдымен – шешендігі. Ол кісі талай рет билік те айтып, екі елдің арасын бітістірді. Өнерді аса қадірлейтін. Қара сөзге – жорға еді. Қиыннан қиыстырып, ұзыннан үйлесімін тауып, үзілген көңілді сөзбен жалғап жіберетін. Ұстамды. Тереңнен ойлап, байсалды пікір қозғайтын. Барлық Абай ауылының дәстүрін ілгері жалғастырушы, дамытушы сол Тұраш аға. Кейінгілерге де бас-көз болды. Ол кісі орыс жазушыларының әңгімесін көп аударды. Біразы баспасөз бетінде жарық көрді» дейді. Иә, нақ осы жолдардан Турағұл Ибраһимұлының тарихи бейнесі мен әдебиет пен руханиятқа саф адалдығын анық аңғаруға болады.
Зерттеуші М.Кенемолдин Турағұлдың мұралары туралы: «...1925 жылы А.М. Горькийдің «Челкаш» әңгімесін алғаш рет қазақ тіліне аударып, Мұхтар Әуезұлының редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Таң» журналының №3,4 сандарында жариялайды. Ал 1927 жылы Әлихан Бөкейхан қызмет істейтін Мәскеудегі КСРО Халықтары Орталық баспасынан Тұрағұл Абайұлының қазақшаға аударуындағы А.Неверовтың «Ортақшыл Мария» және «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Баланың ерлігі», Болеслап Прусұлының «Антек қыран» әңгімелері өз алдына жеке-жеке кітап болып басылып шығады. Сонымен бірге 1926 жылы Семей губерниялық баспасынан «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (авторы А.Бельцер), 1927 жылы КСРО Халықтары Орталық баспасынан «Балалы әйел не білу керек?» (авторы Г.Сперанский) деген аудармалары жарық көреді» деген.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов «Кәкітай» атты мақаласында: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым» дейді. Осының нәтижесінде Тураш 1909 жылы Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітаймен бірлесіп әкесі Абайдың өлеңдерін тұңғыш рет Петербургтегі Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан кітап етіп шығарады. Дәл осы мақаласында Әлекең Турағұлдың азаматтық болмысы туралы: «Сөйтіп кейін бірінші Г. Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908-нші жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұдан өзге қазақ жарамады-ау» деймін» деп жазады. Алаш зиялыларымен араласып жүрудің нәтижесінде Турағұл қоғамдық-саяси сахнаға араласып елдік мәселеге үн қата бастайды. Бұл жайлы профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «1918 жылы Тұрағұл Семей қаласындағы земуправта гласный қызметін атқарады. Сөйткен Тұрағұл 1928 жылы конфіскеге ілінді. Ереже бойынша ірі қара малы 300-ден асса ғана конфіскеге ілінуі керек еді. Бірақ асыра сілтеу заманында Тұрағұл үй-ішінің малы 52 қара малға шағып көрсетілсе де, шынжыр балақ шұбар төстің тұқымы деп зорлықпен оны Сырдария округіне жер аударды» деген дерек келтіреді. Ал осы қудалау мен конфіскеге қатысты М.Кенемолдин өзінің зерттеуінде: «Мысалы, Тұрағұл Абайұлын қудалауға байланысты Семейдегі Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заман құжатнама орталығында «Дело Ибрагимова Турагула о выселении и конфискации скота» деген құжат сақталған. Сондай-ақ мұндай құжаттарды Алматыдағы Республикалық Мемлекеттік Орталық мұрағаттағы Т.Құнанбайұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қағаздарынан да кездестіреміз. Бұл құжаттардың бірінде, яғни бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі Семей округтік комиссиясының 1928 жылдың 19 қарашасындағы қаулысында облыс көлеміндегі бір топ ауқатты адамдармен бірге Тұрағұл Абайұлының да істі болып, бүкіл отбасымен жер аударылғаны айтылады. Аталмыш қаулыда оның отбасы құрамы туралы төмендегідей деректер берілген:

Зайыбы Миса – 58 жаста.
Екінші зайыбы Сақыпжамал – 53 жаста.
Ұлы Жебрәйіл (Том политехникалық институтында оқуда) – 25 жаста.
Ұлы Зүбайыр – 23 жаста.
Келіні Қанағат – 23 жаста.
Келіні Рахия – 18 жаста.
Ұлы Алыпарыстан (дұрысын айтсақ немересі – Е.С.) – 5 жаста.
Немересі Кенесары – 3 жаста.

1928 жылдың күзіндегі Т.Абайұлын айыптау кезінде одан 36 бас ірі қара малымен, 7 бөлмелі үйі, алты қанат киіз үй мен кілемі тәркіленіп алынады, ал өзі отбасымен бірге Шу өңіріне жер аударылады» деген дәлелдер айтады. Мінеки, осыған дейін-ақ күрделенген жағдай бұдан ары ушыға түседі. 1927 жылы Турағұл тұтқындалады. 1928 жылы босап шыққан соң, Шымкентке жер аударылып, ұзаққа созылған дерттің салдарынан 1934 жылы 6 наурызда қызы Мәкеннің қолында бұл дүниемен қош айтысады. Біз жоғарыда Мұхаң мен Тураштың ерекше байланысы туралы айтқанымыздай Турағұл дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, яғни 1933 жылы М.Әуезовтің үйінде қонақта болған, тіпті, Мұхаңның қаламынан туған «Еңлік-Кебектің» жазылуына және сол пьесаның Ойқұдықта қойылуының да дәнекері дәл осы Тураш болған деген деректер айтылады. Бұл туралы Т.Жұртбайдың «Бесігіңді түзе» кітабында берілген мына жолдардан аңғаруға болады: «Ал Мұхтардың шығармашылық қайнар көзінің бастауында Тұрағұл Абайұлы тұрды. Бұл адамның ақыл-кеңесі, рухани қолдауы және ел арасындағы беделі жас жігітке шешуші ықпал жасады. Жаңа жол тапты. Абай ауылының қолдауынсыз өнер сайысына, оның ішінде қала зиялыларының қатарына қосылу – қиын еді. Мұхтардың әр қадамын қатты қадағалап, қамқорлық көрсетті. «Еңлік-Кебек» пьесасы Тұрағұл болмаса жазылмас та, сахнаға қойылмас та еді. Билердің айтысын, әр кейіпкердің мінезі мен өмірін Мұхтарға өз үйінде отырып қағазға түсірткен де Тұрағұл. Ең алғашқы мақаласын газетке бастырған да сол адам». Ал Мәкен апа болса: «Мен 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Еркежанның бірге туған бауырының баласы, заң қызметкері Ұлықбек Мұхамеджанов. Біз жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауысқанда Тұраш аға да сонда тұрды. Сол кезде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» хикаясының нұсқасын қиссашы шалдардан көшіріп алып: «Бұл өте қажет. Жырдың осындай өзгеше нұсқасын бұрын кездестіргенім жоқ», – деп аса ынта қойып тыңдады. Содан кейін Абай әкемнің творчестволық жолын, өлеңдерінің шығу тарихын жазған журналы күні кеше ғана қолды болды. Онда мол мағлұматтар кездеседі. Ол кісі 1933 жылдың аяғында Мұхтардың үйінде екі айдай қонақ болып, сол жолы республикамыздың Орталық Атқару Комитетінің секретары Ораз Исаевқа жолығып, творчестволық жұмысы жайлы әңгімелеседі. Алматыдан көңілді оралады. Алайда, аяқ астынан сырқаттанып, 1934 жылы 6 наурызда дүниеден қайтты. Жалпы Мұхтар да осы Тұраш ағамды аузынан тастамайтын. Абай өмірінің қыр-сырын, Шыңғыс тау тарихын, көне оқиғаларды Мұхаңа жеткізген Тұраш. Бір жолы өз үйінде қонақта отырғанда Мұхаң маған:
– Мәкен, сен осы «Еңлік-Кебектің» толғауларындағы қазақ сөздерін, жөн-жобалы нұсқасын, билердің айтысының негізін кімнен алып, үйренгенімді білемісің, – деді.
– Жоқ, Мұха.
– Пәлі, осы сендердің сондай өнегелі жайды көрмейтіндерің, сезбейтіндерің бар-ау. Құдай-ау өзіңнің әкең Тұраш ағадан естіп, жазып алдым ғой. Мақтанғаным емес, басқа жазғандарымнан гөрі, «Еңлік-Кебектің» тілі – тұнып тұрған халықтың тілі. Ерекше тіл. Оны Тұраш ағама айтқызып, көшіріп қағазға түсірдім, – деді.
Иә, ол кісі билердің психологиясын, кесімін, мінез құлқын жақсы білетін. Өзі де революцияға дейін талай ер құнын шешетін дауға аға би болып, төрелік айтқан» дейді. Тұрсын ағамыздың еңбегіне қарап отырсақ, Тұрағұлдың шығармашылығы мен көрегендігін айна қатесіз айқындап тұрғандай. Міне, өкінішке орай бүгінде Тураш атамыз өзінің деңгейінде дәріптелмей келе жатқаны бізді қынжылтатыны жасырын емес. Турағұл Ибраһимұлының тағдыры, жалпылай алғанда Абай ұрпақтарының тағдыры естісе тұла-бой тітіркеніп, жан түршігетін алапаттарға душар болуы да – пешенеге жазылған тарихи трагедия емес пе?

Әзімхан ИСАБЕК,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығының жоғары білікті маманы, гуманитарлық ғылым магистрі

(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.