Жаппай екпе COVID-19-дан ҚОРҒАЙДЫ

Пятница, 16 Апрель 2021 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1356 раз

Ел аймақтарындағы эпидемиологиялық ахуал күннен күнге нашарлауда. 14 сәуірде Қазақстанда 2641 адамның коронавирус жұқтырып, оның 111 жағдайы Шымкент қаласында тіркелді.

vaksina-egilgen-adam

Соңғы тәулікте эпиджағдайдың күрделілігіне байланысты үшінші мегаполис «қызыл аймақта» қалды. Осыған орай Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов коронавирусты тоқтатудың жолы вакцина салдыру екенін айтып, қала тұрғындарына үндеу жариялады.

–Коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатудың жалғыз жолы – жаппай вакцина салдыру. Сондықтан әр адам бұған үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

«Асар» шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына коронавируспен түсіп жатқан науқастардың саны көбеюде. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың басым көпшілігі жастар. 40, 30, 25 жастағы науқастардың жағдайлары ауыр. Баршаңызды өмірлеріңізді қауіп-қатерге тікпей, ертерек Сovid-19-ға қарсы вакцина салуға шақырамын. Бүгінде шаһардағы барлық емханаларда Спутник-V тегін егіліп жатыр. Міндетті түрде індетке қарсы вакцина салдырыңыздар, - деді қаланың бас дәрігері өз үндеуінде.

Қазіргі таңда шаһарда індеттің алдын алуда тұрғындарды жаппай вакцинациялау, санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау жұмыстары қатаң назарға алынды. Қалада коронавирусқа қарсы 38 вакцинациялау пункті таңғы 8.00-ден 22.00-ге дейін, тіпті демалыс күндері де жұмыс істеп жатыр. Медициналық ұйымдардағы  екпе егу кабинеттерінің барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мамандар да арнайы оқытудан өткен. Бір тәулік ішінде қалада (14 сәуірдегі жағдай) 7 112 адам вакцина алса, егу науқаны басталғалы барлығы 38 107 адам вакцинацияланған. Бақытжан Позиловтың айтуынша, қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1010 орын болса (қалалық инфекциялық орталық - 490, Атамекен клиникасы - 450, Орынбай ГБОО - 70 орын), төсек-орын толымдығы 34%-ды құрайды, 657 төсек-орын бос. Инфекциялық стационарда 353 науқас емделуде (КВИ - 210, пневмония - 131, ЖРВИ - 12), жансақтау бөлімінде - 19 (7 ИВЛ, 12- НИВЛ) науқас жатыр.

Жауапты мамандар да қаладағы жағдайдың күрделігіне байланысты, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырады. Шымқала тұрғындарын жасырын той-жиын, мерекелік кештерді өткізуді тоқтатып, көпшілік орынға жиналмау секілді қарапайым қағидаттарды сақтау арқылы  індетті тежеуге атсалысса дейді.

Жағдайдың ушығуына санитарлық талаптарға бағынбай, тәртіп пен заңсыздыққа баруымыз себеп болып жатқаны жасырын емес. Бүгінде қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына 21 мобильдік топ мониторинг жүргізгенімен, миллионды қаладағы халыққа бақылау жасау әсте мүмкін емес. Соңғы тәулікте арнайы топ 385 нысанға тексеру жұмысын жүргізіп, 14 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғанын анықтаған. Сондықтан індет өршіп, елдің басына қиындық туғанда әр адам жауапкершілікті сезінгені абзалырақ болар. Еліміздің бас дәрігері Алексей Цой: «Аурудың бетін қайтарғымыз келсе, баршасына мәлім қарапайым ережелерді сақтау керектігін айтқым келеді. Бірақ, өкінішке қарай, оны бәрі бірдей орындай бермейді. Маска тағу, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу, жаппай іс-шараларға қатысудан бас тарту және т.б. талаптар орындалмай жатыр. Біз толық локдаунға, қалаларды жабу сияқты жағымсыз шараларға қайта жүгінгіміз келмейді» деп атап өткен болатын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, пандемия кезінде әлемде 117,2 миллион адам ауырып, 2,6 миллион адам қайтыс болыпты. Өткен жылдың қателігі мен қасіретінен сақтануды қаласақ, талап пен тәртіпті, маңыздысы – вакцинациялауды назарға алғанымыз дұрыс шығар.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.