«Ақылды қаладағы» тың жобалар шымкенттіктердің оңтайлы өмір сүруіне негіз болады

Пятница, 16 Апрель 2021 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3540 раз

aqyldy-kala 2

Бүгінде ел экономикасын цифрландыру мәселесіне басымдық берілген. Бұл орайда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі жобасы жасалынып, нақты істердің нәтиже бере бастағаны да жасырын емес. Цифрлы технологияларды қолдану есебінен әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру мақсат етілген.
Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкентте де бұл мақсатқа қол жеткізу мәселелері оңды істермен айшықталып келеді. Ал жүзеге асып жатқан нақты жобалардың жай-жапсары туралы оқырманға айтып беру үшін Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановты әңгімеге тартқан едік...

 

aset-maratuly– Әсет Маратұлы, Шымкент қаласында әсіресе көлік саласын цифрландыру жұмыстары өз нәтижесін бере бастағанына қарапайым жолаушылар көз жеткізуде. Электронды билет жүйесі соның айғағы. Ендігі мәселе «Ақылды аялдама» жобасы. Оның ерекшелігі қандай?

– Иә, бастапқыда тосын жайт болғанымен бүгінде шымкенттіктер автобустардағы электронды билет жүйесін күнделікті қолданыста пайдалануға үйреніп қалды. Бұл жақсы жетістік. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін «Төлем» карталарын сататын 350 орын ұйымдастырылды. Бүгінге дейін 200 мың карта сатылғанын көріп отырмыз. Наурыз айында өткізілген 4 513 000 транзакция барысында анықталғанындай төлем жасаудың 83% -ы картамен болған. 16% - қолма қол және 1% - СМС арқылы жасалғаны белгілі болды.

Ал сіз айтып отырған «Ақылды аялдама»  жобасы осы көлік саласын әрі қарай да цифрландыруды жандандыру мақсатында қолға алынған негізгі міндеттердің бірі. «Ақылды аялдама» жобасын жүзеге асыру үшін алдымен пилоттық режимінде IDC компаниясымен бірлесе қаладағы Теріскей (Север) аялдамасына «Ақылды аялдама» орнатылады.

Аялдаманын сыртында LED экран орнатылып, кез келген жарнаманы немесе қоғамдық көліктердің қозғалысын жария етуге болады. Сонымен қатар қыс мезгілінде аялдама ішінде температура 20 градустан жоғары болса, жаз мезгілінде ауаны салқындатуға мүмкіндік болады.

 

– «Ақылды қалада» «Ақылды аялдаманың» болуы заңдылық дейтін болсақ, ендігі жерде жолаушыларымыз да ақылды болуы керек шығар...

– Дұрыс айтасыз. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жобаларды бағалай білуіміз керек. Қала мәдениетін, көше тәртібін сақтауға үлкен мән берілгені абзал. Бұл орайда да біздің басқарма «Ақылды жаяу жүргінші» жобасын жүзеге асыруға барлық шараларды қарастырып отыр. Ол дегеніміз, көшелерден өтетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта жаяу жүргіншілер өткеліне ақылды жарықтандыру орнату. Бұл ісімізді де әзірге пилоттық жоба ретінде 3 жерде байқап көріп отырмыз.

 

– Оқырмандар біле жүрсін. Нақты қай мекенжайларда бар?

– Бұл жобаларды біз «NurComTel» және «Астана Смэу» компаниялармен бірлесіп Темірлан тас жолы бойына, ал IDC компаниясымен Жангельдин көшесінде орнаттық.
Тағы бір жүзеге асқалы отырған жобамыз қоғамдық көліктерді диспетчерлеу. Яғни, қоғамдық көлік қозғалысының уақытын хабарлайтын арнайы i-Kolik қосымшасы әзірленіп отыр. Сәуірдің аяғына қарай мұны Playmarket және Apple Store жүйелеріне енгізіліп, смартфондарға бастыруға мүмкіндік болады. Жолаушы аялдамаларды сол қосымша арқылы біліп отырады.
Бұл «Ақылды қалалар» рейтингісіндегі позицияның өсуіне мүмкіндік береді. 

aqyldy-kala 1

 

– Мәдениеті жоғары қалада автобус аялдамаларын кондукторлардың айқайлап айтып, шаһар көшелерін азан да қазан етіп базардағыдай хабарлап жатқаны шынында да ерсі көрініс.

– Осы ерсі көріністі болырмау үшін әрекет етудеміз. Қоғамдық көліктерде дауысты хабарлама жасау үшін арнайы байқау ұйымдастырдық. 563 өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 3 үздік дауыс анықталды.
Бұдан былай автобус аялдамалары өркениетті елдердегідей мәдениетті түрде көлік ішінде алдын ала хабарланып тұратын болады.

 

– Жалпы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бес бағыты анықталған. Алайда оны жүзеге асыруда тұрғындардың сапалы интернетпен қамтылуы басты мәселе екені рас...

– Сұрағыңызды түсіндім. Шымкент қаласында интернет жылдамдығын арттыру, сапасын жақсарту мәселесінде қала әкімі М.Әйтеновтің бастамасымен бірқатар нақты шаралар жүзеге асуда. Қаланы сапалы интернетпен қамту 3 кезеңге бөліңген. 1 кезеңдегі жұмыстар толық аяқталды.

Ал 2-кезеңінде 14 жер қарастырылып орналасу аумақтары мобильді байланыс операторларымен келісілді.

Атап айтқанда, Ынтымақ-2 (Тұрлан)  шағынауданына АМС орнатылды. Тассай шағынауданында жер қазу және бетон қазу жұмыстар атқарылды.
Ал А2 трассасы саналатын әуежай маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ (саяжай алабы), Р-32 трассасы (Сиқым), Құрсай шағынаудандарында жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары басталды.

Осылайша, Самал-3, Асар, 226 Орам, Забадам (РЭС), Абдулабад, Достық тұрғын алаптарында да базалық станциялар коммерциялық нысандарында орнатылатындығы белгіленді.
Бұдан бөлек, 3-кезең үшін талшықты-оптикалық желі тарту мақстында қала аумағындағы 30 тұрғын алап анықталып, оларға оптика тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстардың барлығы жеке инвесторлар есебінен жүргізілуде.

«Самғау-Телком» тарапынан қала аумағындағы 17 елді мекенге оптика желісін жүргізу көзделген. Оның ішінде Тассай, Таскен тұрғын алаптарындағы 2 көшеге (200 үйге) кабель жүргізіп, тұрғындардан қосымша өтінімдер қабылдауда.

«I-LinkNet» тарапынан 13 елді мекенге оптика желісін жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Доcтық-2 және Ақжайық шағынауданындағы 1 көшеге кабель жүргізу жұмыстарын бастап, тұрғындардан интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер қабылдауда. 

Сонымен қоса, 2021 жылдың шілде айының аяғына дейін тұрғындар көп шоғырланатын аймақтарда 30 тегін wi-fi нүктелері орнатылатын болады.

Биыл базалық станциялардың санын ұлғайту және байланыс сапасына толық талдау жүргізу мақсатында  «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне хат жолданды. Соның нәтижесінде сәуір айының 6-30 аралығында мобильді байланыс операторлары, Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы және цифрландыру басқармасымен бірлесе қала аумағындағы 45 елді мекен мен шағынауданға арнайы құрылғылармен байланыс сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде.

 

– Ендігі кезекте тұрғындарға цифрлық сауаттылықты арттыра түсу қалып тұр екен ғой?

– Дұрыс айтасыз, биыл қала тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы интернет ресурс ашылып отыр.  Сол бойынша әлеуметтік желілерде таргетингтік жарнама іске қосылды. IT-тренер штаттары бекітілді. Telegram, Youtube, Instagram, Facebook каналдары іске қосылды.

Яғни «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарының 93-тармағын «Халыққа базалық цифрлық дағдыларды оқыту курстарын өткізу, кадрларды қайта даярлау» іске асыру аясында 2022 жылға дейін республика бойынша халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 83%-ға жеткізу көзделген.

Осыған орай аталған деңгейге қол жеткізу мақсатында былтыр халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту жоспары 80%-ға қол жеткізілді. Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша  12 025 (жоспарда 12 000) қала тұрғыны оқытылып, олардың цифрлық сауаттылығы арттырылды.

Ал биыл халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 81,5 %-ға жеткізу жоспарлы индикатор болып белгіленген. Аталған көрсеткішті орындау үшін бүгінгі таңда 12 000 қала тұрғынын оқыту жоспарланып отыр.

aqyldy-kala 1Оқу бес негізгі 5 бағытты қамтиды:

1. «Электронды қызметтер»

2. «E-Commerce»

3. «Базалық дағдылар»

4. «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері»

5. «Ашық үкімет» порталы.

Жоғарыда аталғандар негізінде, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, азаматтарды қашықтықтын оқыту мақсатында https://shymkent-online.kz/digital сайты құрылып, 5 IT-тренер штаттары бекітілді.
Қазіргі таңда онлайн түрде 886 тұрғын (оның ішінде 112 халықтың әлеуметтік осал топтағы, жұмыссыз жүрген азаматтар, зейнеткер жасына дейінгі және мүмкіндігі шектеулі тұлғалар)  сауаттылығын артты.

Ал оффлайн түрде арнайы офиске жүгініп, 370 тұрғын оқытылды.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан –  Жәмила МАМЫРӘЛІ