«БИЗНЕС - БАСТАУДАН» БАСТАЛҒАН КӘСІП

Пятница, 16 Апрель 2021 07:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1918 раз

Шымкенттік қолөнер шебері мемлекет қолдауымен жеке студиясын ашты. Диана Жайлаубаева – кесте тігу өнерін меңгерген қолөнер шебері. Ісмер ұлттық нақыш пен заманауи үлгіде қолөнер бұйымдарын әзірлеп, кесте тігеді және ою-өрнектермен әшекелейді. Негізінен ұлттық бас киім, сөмкелер және тағы да басқа дүниелер жасайды.

biznes-1

Өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында жерлесіміз мемлекеттің қолдауына жүгінеді. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдайды. «Қолөнер бұйымдарын жасау ісі» бойынша грантқа өтінім білдіріп, комиссияның шешімімен мақұлданған. Нәтижесінде 200 АЕК (555 650 тг) көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды.

Диана «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген қайтарымсыз грант қаржысына тігін машиналарын, манекендер мен тағы да басқа қажет материалдарды сатып алып, қолөнер студиясын ашқан. Қазіргі таңда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш баланың анасы бұл жетістігімен шектелмей, алдағы уақытта қолөнер шеберханасын дамыту жоспары бар екенін айтады.

Диана Бауыржанқызы Түркіменстанда туған. «Әкемнің мамандығы мұнайшы болған соң, жұмыс бабымен сонда жүргенде дүниеге келдім. Кейінірек Түркістан облысының Қазығұрт тауының бөктеріндегі Атбұлақ ауылына қоныс аудардық. Бастауыш мектепке де осында бардым. Ал 1998 жылы әкемнің жұмысы барысымен Ақтөбеге көшіп, орта мектепті сонда аяқтадым», дейді кейіпкеріміз.
Ақтөбеде жоғарғы оқу орнын экономика мамандығы бойынша тәмамдаған Диана тұрмыс құрған соң ел астанасына көшеді.

– Инемен, кестемен мектеп жасынан «дос» едім. Қыздардың көбісі секілді, барлығы сол қуыршақ ойнаудан басталды. Қуыршақтарыма көйлек тігіп, сәндеп алатынмын. Мектепте оқып жүргенімде де өзіме әмиян істеп, дәптерлерімнің тысын кестелеп сәндедім. Түрлі әшекей заттар істеп, олардың кейбірін жақындарыма, достарыма сыйлыққа беретін едім. Кейін тұрмысқа шығып, бала күтімімен үйде отырған кезде сол әуестігімді еске алып, қолөнермен айналыстым. Ең алдымен әшекейден бастадым, - дейді Диана Бауыржанқызы.

Астанада екі баламен декреттік демалыста отырған келіншек хоббиін дамытып, түрлі тігу техникасын меңгереді. Өз бетімен ізденуімен қоса шеберлік сабақтарына қатысады. Осылайша машығы артып, таныстарына бұйымдарын сата бастайды. Кәсіби түрде даму жолына түскен келіншек елордада өтетін түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысады.

– Қолөнер бұйымдарымды сол жәрмеңкелерде де саттым. Әрі жұмысыма жарнама жасауға таптырмас орын еді. Осылайша алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Сол кезде түсінгенім – жаныма жақын ісім осы екен. Маған қағаздармен жұмыс істегеннен гөрі ине-жіп жақын. Осы кәсібімдан ақша таба алатынымды түсінген соң «Өзімнің мектеп-студиямды ашсам» деген арман пайда болды. О бастан жұмысты екі бағытта жүргізетін болып шештім. Біріншісі – тапсырыстар қабылдап, бұйымдар әзірлеу болса, екіншісі – тігін өнеріне үйренушілерді оқыту, - дейді Диана.

biznesТапсырыстарды қабылдап, аздап болса да бұйымдарды сатып жүрген Диана жұмысына жарнаманы әлеуметтік желі арқылы жасайды. 2019 жылы сол әлеуметтік желіден «Бизнестегі әйелдер» деген тақырыпта өтетін тренинг туралы оқып қалады. Бұл кезде Шымкент қаласына көшіп келген. Содан «Атамекен» орталығында өткен семинарға қатысып, іскер азаматтарды қолдау бағытында түрлі бағдарламалар бар екенін, оның ішінде қыз-келіншектерге қандай көмек, кеңес, жеңілдіктер бар екенінен хабардар болады. Күзде құжат жинап, тапсырып, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы 21 күн оқып, сертификат алады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, грант алу аса қиын болмапты. Бір жағынан о баста алған экономикалық білімі де көмектескен. Екіншіден, келіншектің нақты көздеген мақсаты болды. Содан 2020 жылдың басында бизнес жоспар құрып, грант алуға құжат тапсырады.

– Комиссия іріктеуінен өткенімді естігенде қатты қуандым. Себебі, 555 мың теңгеге өзіме қажет заттарды ала алатыныма сенімді едім. Негізі, тігінге арналған бизнес-жоспар жиі кездеседі. Менің ойымша, жоспарымда тек цех ашу емес, шәкірттерді оқыту бағыты болғандықтан да іріктеуден өттім, - деп түйеді жерлесіміз.

Қажет дүниелерді алып, шағын кәсібін бастаған шеберде іштей сенімділік пайда болады. Оның үстіне істі бастаған соң шегінуге жол жоқ еді. Үнемі осы ісін қалай да дамытып, соңына дейін жеткізу керек деген мақсатпен ізденісте жүрген қолөнерші грант қаржысынан бөлек өз ақшасына ізденіп, білім алады, әлеуметтік желіде жұмыс істеуді, сату өнерін меңгереді.

«Дамимын десең, мүмкіндік көп екенін білдім» деген Диана көп адамда уақыт пен қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болатынын айтады. Содан тәуекелге бел буып, құрбысы екеуі іске кірісіп кетеді.
– Қасымда құрбым әрі әріптесім бар. Біз о баста бір-бірімізге серіктес боламыз деп келіскенбіз. Себебі, оның да балалары кішкентай, менің де балаларым жас. Ал отбасы бірінші орында тұрады.

Сондықтан, бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Грант алған соң екі қызды жұмысқа қабылдадым. Олар тапсырыс келген кезде орындауға көмектесіп, өздерінің жұмысына ақы алады. Қазіргі жұмысымыз салыстырмалы түрде жаман емес. Олай дейтінім, алғаш басталған жобалардың 90 пайызына жуығы бірінші жылы жабылып қалады деген статистиканы естіп едім. Дегенмен, біздің жобаның жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты, жабыламыз деген қауіп жоқ. Аздаған қиындықтар бар, әрине. Пандемия, карантин де әсер етуде. Себебі, біздің бұйымдарымыз той-думанға, қуаныш-жиындарға байланысты еді. Біз негізінен сәнді киімдер, сәнді заттар дайындаймыз. Қазір сол бұйымдарды ұстап, киіп баратын себептер азайып қалды, - деді Диана.

Дегенмен, бұл студиядан оқып-үйренетін шәкірттер бар. Кәсіпкер келіншек «О баста екі бағытты ұстанғандықтан, ісімізді сақтап қалдық» деген сенімде.

– Алдағы мақсатымыз – осы екі бағытты жақсылап дамытсақ. Үлкен ғимаратымыз болып, соның бір жағында қолөнер бұйымдарын тігетін команда болса, екінші жағында сабақ оқылып жатса деген мақсатымыз бар. Жалпы, қай сала болса да үнемі дамып тұруды қажет етеді. Сән үйлерімен, театр секілді мекемелерден тапсырыстар алсақ деген арман-жоспарымыз бар, - деп аяқтады сөзін жерлесіміз.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.