МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ – МИЛЛИОН ТЕҢГЕ Избранное

Пятница, 23 Апрель 2021 08:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1718 раз

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне миллион теңгеден біржолғы сыйақы берілмек. Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді.

ardagerler

– Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 21 ардагері бар. Қарт майдангерлерге жеңіске қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде бір реттік сыйақы беріледі. Сонымен қоса жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға 36 АЕК көлемінде көмек беріледі, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Ұлдана Бекбау.

1 сәуірдегі мәлімет бойынша, қалада ҰОС қатысушыларына теңестірілген үш мыңнан астам ардагер бар. Олар – ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кем дегенде 6 ай еңбек еткен, бірақ орден-медальдармен марапатталмаған тұлғалар. Аудандарға шаққанда ең көбі Абай (1054) және Еңбекші (1052) аудандарында тұрады. Ал Әл-Фараби ауданында – 900, Қаратау ауданында 279 адам осы санат бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.

Басқарма мамандары ардагерлерге қолдау өз деңгейінде көрсетіліп жатқанын жеткізді. ҰОС мен тыл ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған, зейнет жасындағы жандарға шипажайларға 12 күндік тегін жолдама берілсе, қалған санаттағы зейнеткерлерге осындай жолдаманың 6 күні тегін. Қазіргі таңда Шымкентте 82 587 зейнеткер бар.

Мұнда да көш басында Абай және Еңбекші аудандары келеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.