Версия для печати

ТӘУЕЛСІЗДІК – қастерлі құндылығымыз

Пятница, 23 Апрель 2021 09:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2327 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Bxadyr

 

—Бахадыр Мәдәліұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қатардағы мерейтой ретінде қарауға болмайтынын, ол – тарихи мәні бар оқиға, болашаққа деген ұстаным мен көзқарасты айқындайтын маңызды белес екенін айтты. Осынау тарихи белесте тұрып өткенге көз тастап, ел болып жеткен жетістіктерімізді ой елегінен өткізген жөн сияқты...

—Қай халықтың болмасын Тәуелсіздікке ұмтылысы қашан да кедергі мен күреске толы болғаны баршаға аян. Қазақ халқы да ғасырлар бойы ұлт-азаттық күрестің сан алапат сынақтарын сабыры мен төзімінің, болашаққа деген сенімі мен өр рухының арқасында жеңіп шықты. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы – осы ауыр жолда тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бар ғұмырын бостандық жолында күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.

Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Ал, Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі қайсы десек, сөз жоқ, ол – халықтың ынтымақ-бірлігі мен қоғамның тұрақтылығы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың керемет үлгісі қалыптасты. Әрбір азаматтың этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Ата Заңымызда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім мен өзара түсіністік орнады.

Тәуелсіздік шежіресінде алтын әріптермен жазылатын тамаша табыстарымыз бар екені баршаға аян. Басқасын айтпағанда, Тәуелсіздіктің төл туындысы – Нұр–Сұлтан  қаласы бүгінде әрбір қазақстандықтың көз қуанышы мен көңілдегі зор мақтанышына айналды. Қарыштап өсіп келе жатқан жасампаз қалаға қарап жастар жігерленіп, биік мақсаттарға ұмтылса, аға буын өкілдері бүгінгі бейбіт өмірімізге, алаш жұртының қол жеткізген толағай табыстарына шүкіршілік етеді.

Қазір айтуға оңай болғанымен, сол уақытта Қазақстан секілді жас мемлекеттің орталығын бір қаладан екіншісіне ауыстыру, расында да, тарихи шешім еді. Елбасы жаңа қала салу арқылы бір жағынан экономиканы өрлетіп, халықтың рухын оятып, ертеңге деген сенімін арттыруға болатынын, екінші жағынан астананы республиканың географиялық орталығына көшірудің ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді екенін күні бұрын бағамдай білді. Ұлт Көшбасшысының осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елорда еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Бұл қала жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір «ғасыр жобасы» деп сеніммен айта аламыз.

Тәуелсіздік кезеңіндегі тағы бір ұлы жетістігіміз — шекараның шегенделуі. Қазақстан барлық көршілес елдермен құрлықтағы және теңіз айдынындағы шекарасын айқындап, оны халықаралық нормаларға сәйкес құжаттандырып алды. Бүгінде Қазақ елінің Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бүкіл халықаралық қауымдастық тарапынан бірауыздан мойындалған заңды шекаралары бар.

Бұл істің ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғау тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін соңғы жылдардағы геосаяси жағдай айқын көрсетіп отыр. Алысқа бармай-ақ, Ресей мен Украина арасындағы саяси дағдарыстың да негізінде сол шекара, территория мәселесі жатқанын көріп отырмыз. Көршілес елдің кейбір саясаткерлері арандатушылық әрекетке барып, аумақтық тұтастығымыз жөнінде ұлттық мүддемізге қайшы әңгімелер айтқаны да белгілі. Бірақ, енді кім не десе де біздің тасқа басылып, құжаттармен бекітілген мемлекеттік шекарамыз бар.

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды» деп атап өтті.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан осы отыз жылда ғасырға бергісіз даму жолынан өтті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жүргізілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени реформалар мен олардың нәтижелерін бір сұхбатта түгел айту мүмкін емес. Дана халқымызда «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейтін ұлағатты сөз бар. Қазақ елінің осы 30 жылда жеткен жетістіктеріне тарих өзінің лайықты бағасын беріп, келер ұрпақ бұл кезеңді мақтанышпен еске алады деп сенеміз.

 

—Осы жылдары Шымкент қаласы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, заманауи мегаполиске айналды емес пе?

—Дұрыс айтасыз, осы жылдарда Шымкент қаласы тәуелсіз елімізбен бірге дамып, көркейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы табыстарға тоқталар болсақ, барлық салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, осы 30 жылда 104 жаңа кәсіпорын ашылған. Олардың басым көпшілігі «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұр.
Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы айтарлықтай жетілді. Нақты айтар болсақ, 1991 жылы қала аумағында 72 мектеп болса, бүгінде 170-тен астам  білім ұясы жұмыс істейді.  Тоқсаныншы жылдардың басында Шымкентте 27 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істесе, қазір 88-ге жетті.  Қалада психикалық сауықтыру орталығы, кардиологиялық, перинаталды, «Мейірім», «Ана мен бала» сауықтыру орталықтары, медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыру орталығы, қалалық кардиологиялық орталықтың жаңа кардиохирургиялық корпусы сияқты заманауи ірі медициналық мекемелер ашылды. Сондай-ақ, қан орталығы мен үш бірдей қалалық емхана бой көтерді.

Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Қалада қазақ драма театры, опера және балет театры, «Түркістан» салтанат сарайы, «Әл-Фараби» әмбебап кітапханасы пайда болды.

Біз спорт саласындағы жетістіктерімізбен де мақтана аламыз. Тәуілсіздікті енді алған кезде Шымкентте 337 спорт нысаны болса, бүгінде 856-ға жетті. Қазір Шымкентте спорттың барлық түрлері бойынша база қалыптасқан: жеңілатлетикалық спорт кешені, халықаралық теннис орталығы, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған орталық су спорты кешені, «Жоғарғы шеберлік мектебі» спорт кешені, көркем гимнастика спорт мектебі, Бадам су қоймасында орналасқан су спорты және ескек есу бойынша оқу-жаттығу базасы, бокс клубының денешынықтыру-спорттық кешені мен 4 спорт мектебінің ғимараты салынды.
Ең бастысы халықтың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, халықты баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Тәуелсіздік жылдары Шымкентте 5,4 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Оның басым бөлігі соңғы онжылдықтың еншісінде. Бүгінде Шымкент тұрғындарының 95 пайыздайы орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланады. Сапалы жолдарының үлесі артып, қоғамдық көлік жаңартылып жатыр.

Иә, жеткен жетістіктеріміз көп. Бірақ, қазір оған оған тоқмейілсіп отыратын уақыт емес. Бүкіл әлем тез өзгеріп, жаңарып, дамып жатыр. Елбасы Жарлығымен 2018 жылы Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесі берілгені белгілі. Бұл тарихи оқиға қаланың дамуындағы бетбұрысты кезең болды деп айта аламыз. Қазір Шымкенттің жаңа, кең тынысы ашылып, ол дамудың сапалық тұрғыда жаңа деңгейіне көтеріліп келеді. Алдағы онжылдықта Шымкент адам танымастай өзгеріп, мегаполис дейтін атына заты сай заманауи қалаға айналарына сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен Шымкентті экономикасы қуатты, кәсіпкерлік пен өндірісі дамыған, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз қала ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Атап айтар болсақ, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі.  Әкімдіктің жоспары бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл үш ауысымды, апатты мектептердің проблемасын шешіп қана қоймай, қаладағы білім берудің сапасын арттыруға да оң ықпал етеді. Тап осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі медицина саласында да кеңінен қолданылуда. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жақын келешекте Қазақстанның барлық өңірлерінен адамдар Шымкентке жұмыс істеуге, білім алуға, емделуге және саяхаттауға келіп, қаламыз шын мәнінде республикалық маңызға ие ірі орталыққа айналады.  

 

—Президент бұл мерейтойда құр даңғазаға ұрынбай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын нақты істер атқарылуы керектігін, мерекеге лайықты тарту сол болатынын айтқан еді. Шымкентте бұл бағытта қандай істер атқарылуы жоспарланып отыр?

—Иә, қазір даңғаза той өткізіп, ас ішіп, аяқ босатқанға мәз болатын уақыт емес. Оның үстіне бүгінде бүкіл елдегі эпидахуал күрделі болып отыр. Оның қашан жақсаратынын, қашан коронавирустан толық арылатынымызды тап басып айту өте қиын. Сондықтан, ұраншылдыққа салынып, жалаң іс-шараларға әуестенбей, тұрғындарды олардың күнделікті өмірін жақсарта түсетін нақты істермен қуантқан жөн. Міне, сондықтан Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары шаһардың бюджетін бекіткен кезде тұрғындар үшін ең өзекті мәселелерге басымдық берілуін қадағалады. Қаланың көркеюі, инфрақұрылымдық дамуымен қатар шеткі елді мекендердің проблемалары да назардан тыс қалған жоқ.

Қаланы көркейтуге бағытталған барлық жұмыстар жүйелі түрде, әрі «Nur Otan»  идеясының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына және Шымкент қаласының бес жылдық даму жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Мәселен, Шымкентте биылғы жылы 8 тұрғын алабына газ құбырын тарту жұмыстары басталып, оның бесеуінің құрылысы аяқталады. Осының есебінен 11 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылып, көрсеткіш 93 пайызға жетеді. Оған қоса 3 магистралды және 9 тұрғын алаптың ауыз су құбыры жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға 15,6 млрд. теңге қаралып отыр. Осының есебінен 26 мыңға жуық адам таза ауыз суға қол жеткізеді. Сөйтіп шымкенттіктердің 98 пайызы орталықтандырылған құбырдан таза ауыз су алатын болады.

Биыл 10 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы жүреді. Сөйтіп 21 мыңнан астам адам сапалы электр қуатына қосылады. Қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге қаржы бөлінген. Міне, осының бәрі қала тұрғындары үшін өте өзекті мәселелер. Және бұл Шымкентте биыл атқарылатын ауқымды жұмыстың кішкентай бір бөлігі ғана. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осындай мәселелердің оң шешілуі қуанышты жағдай.

Иә, бір қарағанда мұның бәрі ағымдағы жұмыстар, күнделікті тіршіліктің қамы болып көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнісінде халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттілікті нығайтып, Тәуелсіздікті баянды етудің негізі. Қазақ елі осы күнге дейін асқақ асуларды бағындырды. Ендігі міндет, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінде айтылғандай, елдіктің үш тұғырын, негізгі үш құндылық – жеріміздің тұтастығын, ана тіліміздің мәртебесі мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтау болып отыр. Халқымыздың бірлігі бекем болса, кез келген қиындықты еңсеретініміз анық. Олай болса, Қазақстан Мәңгілік ел мұраттарына қарай сеніммен қадам баса бергей дейміз!

—Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 23 Апрель 2021 10:15