«ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕУРОПАДАҒЫ ІЗДЕРІН ЗЕРТТЕУ ҰЛТТЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫ БАЙЫТА ТҮСЕДІ» Избранное

Среда, 28 Апрель 2021 05:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3512 раз

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы биылғы ең маңызды мереке екені талассыз. Ұлттық мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, әр ай белгіленген жеке тақырыппен өтуде. Атап айтқанда, наурыз айы елдің ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне арналса, сәуір айы «Ғылым және технологиялар» айдарымен өтуде.

abdikadyr
Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ғылыми қызметкері:

Осыған орай Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде көптеген мазмұнды іс-шаралар өтіп жатыр.

Соның бірінде аталған университеттің ғылыми қызметкері, Чуваш Ғылым академиясының академигі, Ресей және Чувашия жазушылар одақтарының мүшесі Әбдіқадыр Дәуітбеков оқу ордасының шәкірттерімен, магистранттар және докторанттармен кездесті.
Әбдіқадыр Дәуітбекұлы түркілердің көне тарихын, соның ішінде олардың Еуропаға жасаған жорықтары мен сол жерде құрған мемлекеттерін зерттейді. Кездесу кезінде ғалым шәкірттерді өз зерттеулерінің қорытындыларымен таныстырды.

Университеттегі «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өткен кездесуден соң бізге Ә.Дәуітбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әбдіқадыр Дәуітбекұлы, ерте орта ғасырлардағы түркілер Еуропада қандай жетістіктерге жетті? Олар «кәрі құрлықта» қандай мемлекет құрды?

– Көне және ерте орта ғасырларда түрлі түркі тайпалары мен рулары Еуропада орасан зор жетістікерге жетті. Олар Еуропаның қақ ортасында көптеген мемлекет құрды. Олардың қатарында Баламердің ғұн империясы, Аттиланың ғұн империясы, Құбрат ханның Ұлы Болғариясы, Шамбаттың Дулобасы, Абар мен Хазар қағанаттары, Аспарухтың Дунай Болғариясы, Арпадтың Венгриясы және тағы басқалары бар. Бір сөзбен айтқанда, ІV-Х ғасырларда түркілер Еуропадағы күшті мемлекеттерді құрған. Олардың билігін бүкіл еуропалықтар мойындады. Ол кезде түркілерді ғұн деп атайтын.

– Кейбір ғалымдар ғұндардың түркі екеніне күдікпен қарайды ғой...

– Әлем ғалымдарының басым бөлігі ғұндардың түркітілдес болғанын растайды. Бұл – дәлелденген, мойындалған тарихи факт. Ерте орта ғасырларда ғұндар Шығыс Еуропада үстемдік құрғаны мәлім.

Тиісінше, олардың тілі өздері жаулап алған жергілікті халықтардың тілдеріне әсер етпей тұрмаған. Қазір ғалымдар ағылшын тілінде түркілік негізі бар 400 сөз кездесетінін анықтады. Ал неміс тілінде түркілік этимологиясы бар 2 мың сөз табылған. Сол сияқты венгр тіліне де түркілік 800 сөз енген. Украин тілінің 30 пайыз сөздері түркі тілдерінен сіңіскен. Олжас Сүлейменов пен Мұрат Аджи секілді зерттеушілер орыс сөздігінен де түркілік негізі бар көп сөз тапқаны баршаға белгілі. Демек, көне заманнан бастап түркі сөздері түрлі еуропалық халықтардың тіліне енген. Енді ойланып көріңіз, Еуропаға қоныс аударып, сол жердегі халықтарды бағындырып, өз мемлекеттерін құрған ғұндар түрік болмаса, олар түркі тілінде сөйлемесе, әлгі түркілік сөздер Еуропа халықтарының тіліне қайдан енген?!

Бұл – бір ғана дәйек, ғұндардың түрік екеніне қатысты көптеген тарихи деректер мен дәлелдер бар. Осы жерде нақтылап айта кететін мәселе, ғұндар үйсін-ғұн тілінде сөйлеген. Бұл – менің ашқан ғылыми жаңалығым.

– Қазіргі түркі тілдерінің ішінде  үйсін-ғұн тіліне жақыны бар ма?

– Ол тілде қазір тек чуваш халқы сөйлейді.

– Сіз ғұндардың өз жазуы болғанын айтып жүрсіз. Солай ма?

– Иә, ғұндардың өз жазуы болған. Ол жазуды «Самра» деп атаған. Самра жазуы Орхон-Енисей жазбаларының бастауы, тіпті6 «атасы» десе де болады.

– Ол жазудың ескерткіштері бар ма?

– Оны сикей (сикели) дейтін халық сақтаған. Сикейлердің ұрпақтары Румынияда, Венгрияда, Боснияда әлі де кездеседі. Бұл халық өз жазуын ХІХ ғасырға дейін қолданған.
Осы жазудың ескерткіштері Ресейдің Татарстан, Чувашия Республикалары мен Пенза облысында сақталған.

– Сикей халқы туралы біз естімеген екенбіз...

– Бұл халық өздерін түркіміз, Аттиланның ұрпақтарымыз деп есептейді. Польша-Литва королі Стефан Баторий осы сикейлерден шыққан. Ғұн тарихын тереңірек тану үшін сикей халқының тарихын зерттейтін уақыт жетті деп ойлаймын.

– Шәкірттерге Баламер патша туралы қызықты деректер айттыңыз...

– Баламер –ғұндардың ұлы патшасы. Өмір жолын Оңтүстік Қазақстаннан бастаған. Ол – ғұндардың атақты патшасы Шөженің бесінші ұрпағы. Бұл мәліметті бізге болғар академигі Омельян Прицак жеткізді.
Шөже Тараз (Талас) қаласының негізін қалады. Ол кейіннен Қытай әскерінен жеңіліс тапты. Шөженің біраз ұрпақтары Сырдария алқабына ығысты. Осы жерде Баламер дүниеге келді. Ол парасатты және ақылды патша болды.

Шығыстан тағы қытай әскері қауіп төндіре бастады. Баламер елін Волга (Еділ) алқабына көшіруге мәжбүр болды. Сөйтіп, ғұндар Идель (жеті ел) халқының құрамына бейбіт жолмен енді. Баламер осы мемлекеттің қолбасшысы, одан кейін патшасы болды. Ол аландардың қуатты әскерін күйретті. Ендігі кезек герман тайпасы готтарға келді. Баламердің әскері оларды да ойсырата жеңді.
Ғұндардың патшасы елін Днепр жағалауына дейін көшірді. Осылайша ол үлкен империяның негізін қалады. Баламер – әйгілі Аттиланың бабасы.

 – Иә, ғұндар туралы сөз қозғағанда Аттиланы айналып өту мүмкін емес қой...

– Әлемдік қоғам оны « І мыңжылдықтың ең даңқты адамы» деп таныған. Ұлы империяның негізін қалаушысы болған Аттила – Византия және Рим империяларының тізесін бүктірген әйгілі қолбасшы. Бүкіл Еуропа оны мойындады.

– Аттила анық түркі халықтарының өкілі ме?

– Иә, әрине, ол туралы ортағасырлық құжаттар бар.

– Қандай?

– «Именник болгарских ханов», «Мадгарская хроника», «Хроника Хунгария», «Кереш хроника», Бахши Иманның «Джагфар тарихы»,
Гази-Барадждың «Гази-Барадж тарихы», Микаәль Баштудың «Шан қызы дастаны», Орыс жылнамасы «Велесова книга» және басқалар.

– Бұл құжаттар ғылыми айналымға енген бе?

– Қазақ ғалымдары осы құжаттарды өз зерттеулерінде пайдаланса дұрыс болар еді.

– Аттиланның ұрпақтары туралы не айтасыз?

– Аттиланың әкесі Мынсақ (Моншақ).
Анасы қырғыздың қызы, әжесі славянның қызы болған. Ағасының аты Бегім (Бледа), қарындасы – Көркі (Харька) екен. Аттиланның ұл-қыздары көп болған. Олардың біразы патша тәжін киген.

– Батыс Еуропаның зерттеушілері Аттила әскері Каталаун шайқасында жеңіліс тапты дейді ғой...

– Ол пікір шындыққа жанаспайды. Керісінше, Рим әскерін Аттила күйрете жеңді. Каталун шайқасынан бір жыл өткенде, яғни, 452 жылы ғұндардың әскері Римге енді. Егер римдіктер Аттиланы жеңген болса, сонда жеңімпаз Рим әскері қайда қалды?!

– Аттила қазақ жерінде де болды деген дерек шындыққа жанаса ма?

– Ол туралы француз зерттеушісі Бувье Ажам «Аттила» атты кітабында жазған. Аттила қазақ жері арқылы Қытайдың шекарасына барған. Одан кейін кері қайтып, Византия және Рим империяларына жорық жасаған.

– Аттила туралы Сіз қандай еңбек жазғансыз?

– «Аттила и Гуннская Орда» атты кітабым 2018 жылы жарық көрді.

 – Аттиланың бабалары туралы жазба құжаттар бар ма?

–Иә, бар. Венгрияда «Хроника Хунгария» атты еңбекте Аттиланың 38 бабасы көрсетілген. Оның бабалары мен ұрпақтары Бахши Иманның «Джагфар тарихи» кітабында да жазылған.

– Атилланың қай ұрпағы даңқты болды?

– Ұлы Болғарияның ханы Құбырат, Дулоба мемлекетінің патшасы Шамбат. Ағайынды екеуінің анасы қоңыраттың қызы болған. Оның аты Ақжан болған. Славяндар оны құрметтеп Аксения деп атапты.

– Мынау қызық екен. Сонда қазақтың қазіргі рулары мен тайпалары ғұндардың құрамында да болған ба?

– Иә, осы тарихи шындықты дәлелдейтін құжаттар, дерек пен дәйектер мол. Оларды өзімнің «Тамги Аттилы  гуннов» атты кітабымда топтастырдым.

– Сол деректердің бір-екеуін айта кетсеңіз..

– Гази-Бараджаның «Барадж тарихы» атты еңбегінде көрсетілген дерекке сәйкес, 620 жылы Құбрат ханның інісі Шамбат Асқал деген елдімекеннің орнына Башту қаласын салды. Бұл жер қазіргі Киев қаласының орны болатын.

abdikadyr-2

Қалаға бекініп алған соң Шамбат аварларға шабуыл жасап, жеңіске жеткен. Сөйтіп, Украинаның батысы, Венгрия мен Польша аумағында өз мемлекетін құрып, 33 жыл билік жүргізген. Ол мемлекетті өзінің шыққан тайпасының құрметіне Дулоба деп атаған. Жалпы, ғұн билеушілерінің көпшілігі осы дуло тайпасынан шыққан. Осы тайпаның таңбасы бейнеленген тарихи ескерткіштер Чувашияда, Шығыс Еуропаның көп жерлерінде сақталған. Бір қызығы, сол дуло тайпасының таңбасы дулаттардың Қазақ хандығының тұсындағы таңбасымен дәлме-дәл сәйкес келеді. Таңбасы бірдей, атауы да ұқсап тұр. Мұны жай ғана сәйкестік деп қалай айтасыз?!

Сол сияқты қоңыраттардың да Шыңғыс хан мен оның ұлдарының жеңімпаз әскерінің үлкен бөлігін құрағаны мәлім. Яғни, ХІІІ ғасырда қоңыраттар суперэтнос болған. Енді осындай үлкен тайпа аяқ астынан пайда болмасы, бір ғасырда қалыптаса қоймасы түсінікті ғой. Парсы жылнамашысы Рашид ад-Диннің «Жами-ат-Таварих» атты кітабында қоңыраттарды үш тармақтан таратады. Бұл қате байлам. Өйткені, бір тайпаның атауы VII ғасырдың да, XIIІ ғасырдың да тарихи деректерінде кездессе, демек оның мыңжылдықтарға ұласқан тарихы бар деген сөз.

Мен осы деректерді айтсам, кейбір азаматтар дұрыс қабылдай алмайды. Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың тарихының терең болуы ұлтымыздың тарихының терең әрі бай екенін айғақтай түседі. Бұл — бөліну емес, керісінше, біз осы тарихты тану арқылы қазақ халқының әр дәуірде даңқты империялар құрған, төл мәдениетін қалыптастырған ұлы халық екенін сезінеміз. Бұл ұлттық рухты көтеруге, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.

– Демек, Еуропада бабаларымыздан қалған іздер жетерлік екен ғой...

– Иә, оларды тек терең зерттеу керек. Ол жаққа ғылыми экспедициялар ұйымдастырып баруымыз қажет. Түркілердің Еуропадағы іздерін зерттеу арқылы ұлттық тарихымызды байыта түсеміз. Міне, осы тұрғыдан алғанда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті үлкен жұмыс атқарылуда. Жалпы, бұл оқу ордасында ғылым бағытына ерекше назар аударылып отыр. Зерттеушілердің ғылыми ізденісіне жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.

– Сіз Зубрч мүсінінің де тарихын зерттедіңіз...

–Батыс Украинада 1848 жылы Збруч мүсіні табылғаны белгілі. Оны академик Борис Рыбаков және басқа ғалымдар славяндардың тарихи туындысы деп қорытынды жасаған. Ол шындыққа жанаспайды. Збруч мүсіні түркілерге тиесілі. Бұл сөзіме дәлелдер мол. Оларды біз журнал мен газеттердің бетіне жарияладық.

– Бұл үлкен жаңалық қой. Зубрч мүсінінің түркілерге тиесілі екеніне нақты қандай дәлелдер бар?

– Екі дәйек айтайын: Біріншіден, бұл мүсін үш деңгейден немесе үш қабаттан тұрады. Жоғарғы – тәңірлік, ортаңғы – адамдық, төменгі – жерастылық. Түркілердің тәңірлік сенімі бойынша әлем осы үш деңгейден құралған. Ол заманда славяндарда мұндай наным-сенім болмаған. Екіншіден, славяндар ол заманда мүсіндерді тек ағаштан жасаған. Тасты қашап, балбал жасау тек түркілердің дәстүрі. Оған қоса Зубрч мүсінінің бетінде түркі халықтарына тән көптеген таңбалар бейнеленген. Демек, бұл мүсін ғұн, болғар билеушілерінің құрметіне жасалған болуы әбден мүмкін.

Түркілердің тағы да бір туындысы біздің назарымызда. Ол – ІХ ғасырда жазылған «Шон қызы дастаны». Бұл еңбек Киев қаласында жазылған. Авторы – Микаэль Шамс Тебир Башту. Осы дастанды қазақ тіліне аудару қажет. Сонда бабаларымыздың көптеген рухани байлығына көз жеткіземіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!