Нағыз әділеттің адамы

Среда, 28 Апрель 2021 06:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1239 раз

«Шымкент келбеті» газетінің тұрақты оқырманы ретінде 9 сәуір күнгі №28 санында жарық көрген «Ғани Іләйұлы кім болған?» деген мақаланы оқып, ойға қалдым. Расында да Шымкентте есімі көшеге беріліп, кезінде ұлттың қамын жеген тау тұлғаларымыздың кім болғанын айтып отырмаса, өскелең ұрпақ білмейтіні анық. Осы орайда «Көшеңіз кімнің атында?» деген айдар дер езінде ашылған деп есептеймін. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты да осы – тарихты ұмытпау, ұлттық құндылықтарымызды түгелдеп, кейінгі жасқа дәріптеп отыру. Сондықтан осы айдарға мен де үлес қосуды жөн санадым.

tolendiev-nygmet

Бүгінгі жастар ерен еңбегін біле бермейтін азаматтың бірі – Нығмет Төлендиев. Шымкентте Нығмет атамыздың есімі көшеге берілген. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Жау шебін бұзып, ерлік жасағаны өз алдына, 1945 жылы Ұлы Жеңістен кейін елге оралып, судья, одан кейін 4 облыстық сотта төраға болған азамат жайлы біз айтып, жазбасақ, басқа кім айтады, кім жазады?

Нығмет атамыз ашаршылық пен соғысты басынан өткеріп, көп қиындыққа қайыспаған қайсар жан болатын. Ақыл-парасатының, білімі мен біліктілігінің арқасында қатардағы судьядан облыстық соттың төрағасы дәрежесіне дейін өсіп, қарапайым мұғалімнен ұлағатты ұстаз деңгейіне көтерілді, халықты заңды сыйлауға тәрбиеледі. Оқырманға ой салатын оннан астам кітап жазды. Құқық қорғау саласына қызыққан жастарды сот-құқық саласына қатысты және әскери-патриоттық тақырыптарда әңгіме, очерк, деректі повестер, тарихи роман жазу арқылы тәрбиеледі. Содан болса керек, 1960-2000 жылдары Нәкеңді жұрттың көбі танитын және білетін. Көзін көргендер «Төлендиев нағыз әділеттің адамы еді» деп еске алады. Оның адалдығы мен әділдігі, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен жастарға деген қамқорлығы туралы шымкенттіктер арасында осы күнге дейін жыр қылып айтатындар көп. Бұл – судьяға берілген ең жоғары баға.

Н.Төлендіұлы 1922 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында туған. 1940 жылы Түрген педагогикалық училищесін бітірген соң бастауыш мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастап, кейін 40 жыл заң саласында еңбек етті.

Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, Смоленск жерінде жау шебін бұзып, ерлік жасаған. 1943 жылы бір шайқаста тура жүрек астынан тиген оқ арқасынан тесіп шығып, бір жылдай госпиталда емделіп, қайтадан соғысқа сұранады. 1945 жылы 25 қыркүйекте елге оралады. Содан Алматыда екі жылдық заң мектебін мерзімінен бұрын үздік бітіріп, 1948 жылы Алматы облысының Қаскелең ауданында халық сотының судьясы қызметіне кіріседі.

Сол бір қиын-қыстау жылдары Қаскелеңде өзі судья, өзі төраға болады. 1953 жылы еліміздің Әділет министрлігінде бөлім бастығы қызметін атқара жүріп, Алматы Заң институтын сырттай оқып, үздік бағамен тамамдап, 1955-1962 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық, 1962-1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкелік (Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстары) соттарына төрағалық етеді. Ал 1964 жылдан 1986 жылға дейін Шымкент облыстық сотының төрағасы, облыстық әділет басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Н.Төлендиев Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, тағы басқа көптеген медальмен марапатталған. Сот, әділет салаларындағы жемісті еңбегі және заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше рет Жоғарғы Кеңес Президиумының, министрдің Құрмет Грамоталарымен наградталған. Оның «Ар туралы аңыз», «Терезедегі таңба», «Айсыз түн операциясы», «Әділет атымен», «Белгісіз екеу», «Қазақтың Шерлок Холмсы» повестері мен «Война, исчезни навсегда» және «Күнгей мен көлеңке» жинағы, «Қазақтың қос батыры» тарихи романы, т.б. кітаптары жарық көрген. «Жақсының аты өлмейді, жазушының хаты өлмейді» деген осы болса керек.

Мен Нәкеңнің 90-жылдары зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене араласып, өмірінің соңына дейін қаладағы, облыстағы түрлі жиындар мен іс-шараларға қатысып, басылымдарға заң, тарих туралы өзінің ой-пікірлерін жазып тұратынына куә болдым.

Нәкең 80 жасқа толғанда Ұлы Отан соғысының ардагері, өзімен құрдас әрі көп жылдар бойы қызметтес болған, «Құрметті судья» атағының иегері Айтжан Бекназаров жергілікті басылымда жарық көрген мақаласында: «Нығмет әділеттіліктің адамы еді. Осы жолда ол сол кездегі партияның қаҺарынан да тайсалмайтын. Ол кездегі коммунистік партияның тізгінін ұстап отырғандар, сөз жүзінде әділеттілікті талап еткенімен, іс жүзінде сот жұмысына араласып, оны теріс іске мәжбүрлейтін. Нәкең мұндай әділетсіздікке көнбей, өзінің заңға сүйенген пікірін тайсалмай дәлелдеп шығатын. Оның қанына біткен қасиеттің бірі – ой үстінде, ізденіс үстінде жүретін адам. Ол Кеңестер Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың әңгімесінен генерал Сабыр Омарұлы Рахимовтың Тоғанбайдың көз алдында қайтыс болғанын біліп, тарихи мәліметтерге негізделген «Қазақтың қос батыры» атты деректі роман жазды» деді.

Нәкеңнің қолында облыстық сотта, Әділет басқармасында қызмет істеген, қазіргі кездегі ардагер-судьялар С.Қамытбай, Б.Уалиханов, А.Сағындықова өздерінің ұстазы туралы: – Ұстаздық қасиет қанына сіңген
Н.Төлендіұлы сот қызметкерлеріне заңды қалай дұрыс оқу, түсіну және түсіндіру, орындалуын қалай жүзеге асыру керегін үйретуден жалықпайтын. Мекемелерден, азаматтардан заңды немесе оның кейбір баптарын түсіндіру жөніндегі күрделі сұрақтар мен тапсырмалар келгенде, оны басқаға тапсыра салмай, өзі сол шаң басып жатқан журналдарды ақтарып, тиісті заңдарды тапқанына қуанып, бізге көрсетіп, жаны рахаттанып, жауапты өзі дайындайтын. Бізге заңдарды қалай іздеуді, оларға неге осылай түсінік бергенін айтып, «Әр сауалды ерінбей-жалықпай, оған қайтып оралмайтындай етіп шешіңдер» деп үйрететін. Ол кісінің ізденімпаз қасиетіне сүйсініп, біз одан тәлім алуға тырысатынбыз. Заңгер ретінде оның беделі өте жоғары еді.

Облыс деңгейінде заңның орындалуына байланысты туындаған сұрақтар ол кісісіз шешілмейтін. Күрделі істер бойынша прокуратурадан, ішкі істер басқармасынан мамандар келіп, кеңес алып кететін. Нәкең судьяларға «Заңның орындалуын жүзеге асыратын адамның өзі таза, ой-пікірі әділ болуы керек» деп айтатын.

Қазақтың «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген қанатты сөзі ар-намысын жоғары ұстап, жерін жаудан қорғап, ел мен бидің жүгін көтеріп, 40 жыл қара қылды қақ жара қазылық еткен Н.Төлендиевтей төбе билерге арналған сөз екені даусыз!

Ол кісі өмірден өткен соң облыстық сот пен әділет департаменті тарапынан Н.Төлендиевті дәріптеу мақсатында бірқатар іс-шара іске асырылды. 1990-2000 жылдары сот қызметкерлері мен заңгерлер шығарған кітаптарда Нығмет ағамыз туралы кеңінен жазылған. Шымкент қалалық соттың мұражайында Н.Төлендиевке арналған стенд бар.

2014 жылы Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында сол кездегі ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов Ұлы Отан соғысының ардагері, Оңтүстік Қазақстан өлкелік және Шымкент облыстық соттарын ұзақ жылдар басқарған, облыстың Құрметті азаматы, заңгер-жазушы Нығмет Төлендиевтің есімін ел есінде сақтау мақсатында оның бұрынғы тұрған үйіне (Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі, №8 үй) мемориалды тақта орнату және қаладағы бір көшеге оның есімін беру туралы қала, облыс әкімдеріне ұсыныс хат жазған болатын.

Бұл ұсынысты жергілікті атқарушы органдар мен қалалық мәслихат  қолдап, сол жылы Н.Төлендиевтің бұрынғы тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылса, келесі жылы Шымкентте Төлендиевке көше аты берілді.


Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.