ОТТЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ӨШПЕС ШЕЖІРЕСІ Избранное

Среда, 05 Май 2021 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1095 раз

Ұлы Отан соғысына 76 жыл толса да, қасірет пен құпияға толы бұл тақырып әлемдік және отандық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұған дейін ҰОС тақырыбына іргелі зерттеулер тынбастан жүргізілгенімен, соғыстың ақтаңдақ беттері ашылды деуге әлі де ертерек.

737

 

Ерлік – ең басты аманаттардың бірі. Ерлік – ең негізгі құндылықтардың бірегейі. Ұлтымыздың рух сардарына, намыс туына айналған халық батырларының жәдігерлері Шымкенттегі «Ерлік» музейінде көздің қарашығындай сақтаулы тұр. Біз Жеңіс күнінің қарсаңында аталған музейдің тыныс-тіршілігі, ондағы құнды жәдігерлердің тарихы, ата-баба ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттамақ ниетпен қолға қалам алдық.
«Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…» деген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған өлең шумағы «Ерлік» музейінде жүргенде ойымызға орала берді. Музейдің ғылыми қызметкері Майра Садыққызының айтуынша, қаламызда көзі тірі 20 ардагеріміз қалыпты. Үйінен ұзап шыға алмағандықтан әрі пандемияға байланысты биыл оларды онлайн құттықтайды екен. Былтыр да солай болыпты.
Көзі тірісі бар, өмірден өткені бар, олар жайлы мәліметтер мен естеліктерді осы музейден табасыз. 2012 жылы 16 желтоқсанда ашылған мекеме бастапқыда 800 дана жәдігермен жасақталып, бүгінгі таңда олардың саны 5918-ге жетіпті. Мұнда Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, Тыл және еңбек ардагерлеріне арналған 3 зал мен 1 галерея бар. Төртінші зал Тәуелсіздік тақырыбына арналған.
Майра Садыққызы бізге экскурсия жүргізуді бастап кетті.

738


Ұлы Отан соғысы залы Брест қамалын қоршауы үшін болған ұрыста ерлік көрсеткен қаһармандардың аты-жөні, суреті, төлқұжатымен басталады. «Қош бол, менің елім!» деп қанмен жазылған сөздері бар суреттер де көрініс тауыпты. Одан ары қарай Сталинград, Ленинград, Днепр соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлердің тізімі көрсетілген.
–Әр жыл сайын 500-600 данаға дейін жәдігер жиналады. Олардың көбі сыйға келеді. Құнды жәдігерлер саны шектеулі. «Ерлік пен батырлық: киелі өлке өнегесі» деген жобамыз бойынша аудан, ауылдардан жәдігер жинақтаймыз. Бізде әр ардагерге жеке іс папкасы арналады. Мәселен, сіз соғыс ардагерінің ұрпағысыз делік. Атаңыздан қалған құнды заттарды музейге өткізгіңіз келсе, біздегі Қор бөліміне келесіз. Ондағы қызметкерлер арнайы акт толтырып, жәдігерлерді қабылдап алып, тіркейді. Қордың жұмысы өз алдына қызық. Жәдігерлер қорда сақталады. Қазіргі таңда 5918 жәдігердің 3000-ға жуығы экспозицияда, қалғаны қорда сақталған. Әрбір ардагердің майдан даласында қолданған бұйымдары, жазған хаттарын арнайы тігілген қалташаларға салып, салқын жерде, қараңғы бөлмеде сақтаулы. Кітаптары мен құжаттары сөрелерде, қару-жарақтары – шкафтарда, ал киімдері өз алдына бөлек сақталынады, - деді музей қызметкері.
–Неге қараңғы бөлмеде? – дедік біз.
–Жәдігерлер сақталатын бөлмеге күн сәулесі түспеуі керек. Сонда жақсы сақталынады. Ай сайын кептіріп, тазалап, шаң-тозаңын сүртіп, дәрілеп отырамыз. Экспозицияда жасақталған заттар тақырыпқа сай көрмелерге ауыстырылып тұрады. Әр ардагерге жеке-жеке көрме арнаймыз. Музей тәртібі бойынша Қор бөлімінен рұқсат сұрап аламыз.

 

739

Соғыс залынан көрген құнды жәдігерлерді айтар болсақ, ұрыс даласынан табылған көнерген, тот басқан үтік бірден көзімізге түсті. Ұлы Отан соғысына қатысушы Григори Николаевич Павленконың 1941 жылы соғыста өз қолымен ойнаған баян аспабы да жау соққысына ерлікпен тойтарыс берген отты жылдарды көз алдыңа әкеледі. Ұлы Отан соғысында Украинаны азат етуге қатысып, сол жақта мерт болған жауынгер Рүстем Қабылбековтің ұрпақтары атасының топырағын әкеліп, осы музейдің арнайы бұрышына қойғызған екен.
Тағы бір соғыс ардагерінің немересі Берлиннен әкелінген қолсағатты тапсырып кетіпті. Ал келесі бір ардагердің немересі 3 жыл бойына сіріңкенің шиімен үйшік істеп, сыртына Әлия
Молдағұлованың суретін жапсырып әкеліпті. Бұлардан бөлек, ҰОС ардагерлерінің автографы алынған кітаптар, жазушы-журналист Нұрғали Қадырбаевтың қолжазба кітаптары, том-том повестері бар. Бүкіл өмірі елге қызмет етумен, шетелдерде іс-сапарлармен өткен полковник Акбаралы Ташимовтің заттарын жұбайы әкеліп тапсырыпты. Ардагер зейнетке шыққан соң 3 айдан кейін қайтыс болып кеткенге ұқсайды. Солдаттар төлқұжатын салып алып жүрген планшеттер, каскалар, темір тостақтар, ыдыстар, медициналық құралдар, қайнатып салатын шприцтер, қорапқа салып жүретін құралдар да осы залдан орын тапқан.
Музей қызметкері Аида Өтеп соғыстағы сағыныштың сарғайған хаттары туралы сыр шертті.
–Музей іске қосылғалы бері экспозициямызда зұлмат жылдарды еске түсіретін белгі бар. Ол – сарғайған хаттар. Шалғайдағы туған-туыстың арасын осы хаттар жалғастырған. Қасіретті жылдардың зұлымдығына шалынған әрбір адамның мұң-зары осы хаттарда анық жазылған. Ескі болғандықтан болар, кейбір әріптері көмескілеу көрінеді. Сол кездің көз жасы сіңген хаттарда сарқылмас сағыныш, түпсіз терең ой, мәңгілік махаббат пен қалың ормандай қайғы-қасірет бар. Арада бір ғасырдай уақыт өтсе де, сарғайған қағаздарды қолға алып оқыған адамның жүрегі елжіремеуі мүмкін емес, - деді ол.
«Қазақтың қос батыры» бұрышына келгенде, тоқтамай, тебіренбей өте алмадық. Себебі, бұл жерде қос бірдей аңыз адамның өмір дерегі ұсынылған. Орта Азиядан шыққан тұңғыш Кеңес гвардия генералы, іскер ұйымдастырушы, батыл да білікті әскербасы, екінші дүниежүзілік соғыста бір емес, үш дивизияға басшылық еткен қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, қолбасшыларға берілетін ІІ дәрежелі – «Суворов» орденімен, «Ленин» орденімен, төрт мәрте «Қызыл ту» орденімен және көптеген медальдармен наградталған тұлға Сабыр Рахимовқа қатысты фотосуреттер тарихтан тағлым береді. «Ерлік» музейі орналасқан Жеңіс саябағының кіреберісіне еңселі ескерткіші қойылған. Ары қарай музей қызметкері Аиданың өзі айтсын.
–Қаны қазақ болғанмен, Орта Азия халықтарына ортақ тұлға. Десек те, тағдыры мың тарам болған соң амал бар ма?! 43 жылдық ғұмырында жасындай жарқ етіп өтті, найзағайдай шарт сынды. Артында өшпестей өнегелі із қалдырды. Фашистерге қарсы жүргізілген сұрапыл соғыста «Темір генерал» атаныпты. Заманы отқа салып өртемесе, болат темірдей жетілмесе, ол
Сабыр болар ма еді?! Батыр Рахымов атанар ма еді?! Ата-бабадан дарып, анадан ержүрек болып туған соң Отан үшін, ел үшін, өскелең ұрпақ үшін жанын отқа тастар ма еді?! Кеудесін отқа салып, қасқайып қарай алар ма еді?! Қалай десек те, ол өз заманының дара тұлғаларының бірі. Сайыпқыран Сабыр генерал Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысқан. 1945 жылдың 26 наурызында ауыр жарақатпен қаза тапқан.
Әкенің ұлы, рудың ұлы, ұлттың ұлы дейтін азаматтар болады. Әкенің ұлы, әрине, көп. Рудың ұлы – бірсыпыра. Ал ұлттың ұлы дәрежесіне жететіндер аз болады. Сол аздың бірі – Бауыржан Момышұлы. Өлгендердің бәрі ұмытылады. Шебер де, шешен де, бай да, бағлан да. Тіпті, патша да. Өлсе де, өлмейтіндер аз. Сол аздың бірі – Бауыржан атамыз. Қаладағы тас мүсін Бауыржандар, көшедегі қола мүсін Бауыржандар, кітапханалардағы кітап Бауыржандар, музейлердегі гипс Бауыржандар оны әрдайым еске түсіріп отырады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Ерлік» музейінде Момышұлын еске түсіретін фотосуреттер ғана бар екен. Баукеңнің әлі де жазылмаған ерліктері, айтылмаған қырлары көп. Иә, тарих беттері осылай дейді.
...Бауыржандай дара, Сабырдай саңлақ тұлғаларымыз қазақтың мәңгілік мақтанышы болып қала берері хақ. Ұлықтайтын ұлыларымыз барда ендігі жерде етегімізді жиып, анау-мынау ұсақ-түйек айтыс-тартыстардан бойымызды аулақ ұстап, осылардың өнегелі өмірін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді ойластырғанымыз абзал.
«...Он сегізде болып олар ең кемі,
Одан да жас, емес соғыс ертегі.
Енді олардың құжаттары сарғайған
Ұрпағына тағдырдан сыр шертеді...»

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.