КЕУДЕСІ ЖАҚСЫЛАРДЫҢ АЛТЫН САНДЫҚ...

Четверг, 06 Май 2021 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3507 раз

(МАРҚҰМ ҚУАНЫШБЕК АҒАНЫ ЕСКЕ АЛУ)

Ел ішіндегі есті қариялардан қалған бір тәмсіл сөз бар: «Кемеңгер кісіні кітап тәрбиелеген» деген. Қандай салада еңбек етсе де, жанына кітапты азық ететіндер аз емес. Сөз еткелі отырған кейіпкерім де сондай азамат болатын.

750

 

Жақсы адамдарды еске алу жүрекке ауыр салмақ салары тағы бар. Өз ғұмырында өшпестей өзгеше із қалдырған абзал азаматтың бірі Тойшыбеков Қуанышбек ағамыз еді. Ол 1940 жылы Қарт Қаратаудың қойнауында, қарасаң көз тоймайтын көрініске бай, баурайындағы суы балдай, жазық беткейлері жасыл желек жамылған, табиғаты тамаша Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында дүниеге келген.
Қуанышбек ағамыздың өмірге келуі де сырға толы оқиға болған сынды. Анасы Күлия көп уақыт құрсақ көтере алмай жүріп, 37 жасқа шыққанда, яғни кезекті мүшелге толғанда перзент көтеріп, Қуанышбек есімді нәресте нағашы әжесінің қолында дүниеге келіпті. Оның анасы бір шаңырақтағы төрт қыздың бірі болатын. Тағдыр ғой, басқаларына Алла тағала бала бермей, өзі дүниеге сәби әкелген соң, көп бәлсініп жатпастан, ағайыншылықтың татулығын жоғары ұстап, Апақай деген апасына, бауырына бассын деп, қимастықпен осы сәбиін берген екен. Осылайша, бүкіл әулетке қуаныш сыйлаған Қуанышбек төрт үйге де ортақ перзент болып өседі. Бұл да тағдыр шығар!

751


Сол әулет үмітіне айналған ортақ перзентке деген ағайынның пейілі мен ыстық ықыласы шығар, жас жеткіншек мектепте де талапты, ынталы оқушы болады. Сезімтал ұл осынша тілеуқор, жанашыр жандарды ұятқа қалдырмайын, үмітін ақтайын деген бір асыл сезім жетегінде болып, сабағын жақсы оқиды. Өзі оқыған Ащысайдағы әйгілі Максим Горький атындағы орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, сосын жоғарғы оқу орнына талап жасады. Ол түрлі саладағы кітаптарды көп оқып, қатарларынан оқ бойы озық жүрді. Білім деңгейі анағұрлым жоғары екені көрініп тұратын-ды. Талабы да, талғамы да биік еді. Содан болар, Алматыдағы С. Киров (қазіргі Әл-Фараби атындағы) атындағы мемлекеттік университеттің экономика факультетіне құжат тапсырып, көп қатарластары емтиханнан құлап қалып жатқанда, оқуға еш қиналыссыз түсіп кетті. Сөйтіп, білімге құштар жігерлі жігіт Қуанышбек жоғары оқу орнындада жақсы оқыды, оқытушылардың сенімінен шықты, үздіктер қатарында болып, оны қызыл дипломмен бітіреді. Ол уақытта ҚазМУ-ды, оның ішінде экономика факультетін қызыл дипломмен бітіру екінің біріне бұйыра бермес бақ әрі ел таң қаларлық зор оқиға саналатын. Әсіресе, орталықтан алыс жатқан шалғай ауданда мектеп бітірген ауыл баласы үшін бұл бір үлкен жетістік еді. Енді оны кезекті жеңіс тұғыры күтіп тұрған болатын. Алайда, адамның өмір сапары әрдайым сәттіліктерден тұра бере ме?! Бір өкініштісі, жалындап тұрған жас талап, қолына тиген қызыл дипломға сәйкес, еш кідіріссіз жақсы маман іздеп отырған биік орындарға бара алмағаны тағы бар. Амал қанша, күтпеген жерден кимелеген өз қара шаңырағындағы бел қайыстырар бір қиыншылығы еді. Өкінішке қарай, сол уақытта анасы Күлия апамыз кенеттен қайтыс болып, әкесі Тойшыбек қария ауылда қара шаңырақта жалғыз қалғаны жанына батты. Сосын перзенттік парызды жоғары қоя отырып, білімді жас ауылға қайтады. Әйтпесе, Қуанышбек ағамыздың алдында қаншама асқақ армандар мен білімін шыңдай түсетін даңғыл жол күтіп тұрған еді. Ата мен ананың тәрбиесін көріп өскен, қазақы ұлттық әдеп пен салтты жетік түсінетін, перзенттік парызын бірінші кезекке қоя білген саналы азамат еңбек көрігін ауылда да қыздырып, өз арманын жүзеге асыруға болатынын іштей бағамдады.
Алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы дайындау (заготконтора) мекемесінде есепшіліктен бастайды. Әрине, өзі кітапты көп оқитын, барынша ізденімпаз жас аудандағы мекеме басшыларына да тірлігінің тиянақтылығымен, барынша іскерлігін, өз ісіне жауаптылығымен қатты ұнады. Жақсы маман бола алатынын әп дегеннен байқатты. Көп уақыт өтпей жатып-ақ, аудандық тұтынушылар одағының басшылары өздеріне бас есепшінің орынбасары қызметіне шақырады. Ал, кішкене тәжірибе жинап алған соң, Қуанышбек ағамызды аудандық тұтынушылар одағының басшылар Созақ совхозына қарасты жұмысшылар кооперациясына бас есепші етіп жібереді. Барған жерінде таза, әділ, кіріс пен шығысты, есеп шотты көзді жұмып тұрып-ақ, жаңғақша шағатын азамат елдің назарына іліге бастайды. Жақсы кадрды кім іздемесін, кейінірек ол аудан орталығы – Шолаққорған селосындағы жұмысшылар кооперациясына бас есепші, сосын Жартытөбе ауылындағы жұмысшылар кооперациясына бас есепші болып, ұзақ жылға жұмысын жалғастырды. Қай жерде жұмыс ақсап, шаруа шайқала бастаған кезде – іске мығым, ел аузын іліккен майталман маманды жіберу үрдісі ол уақытта да бар еді. Сосын да Қуанышбек ағамыз жұмысын жиі-жиі ауыстырып жатты, талай кооперациялардың жұмысын жандандырып, кемшін тұстарды түзетуге атсалысты.
Белсенді де таза, білімді де білікті ісінің арқасында әрдайым абырой биігінде жарқырап көрінгенін айту ләзім. Соның дәлелі – ағамыздың кеудесінде «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырап, оған қоса аудандық және облыстық тұтынушылар одағы басқармасының Мақтау қағаздары мен алғыс хаттары табысталып, беделі жыл санап биіктей түсіпті. 1972 жылы Созақ аудандық тұтынушылар одағына бас есепші болып тағайындалады. Бұл қызмет ол кезде биік сенім мен жауапкершілікке толы қызмет болатын. Есімі облыстан асып, республикаға іліне бастайды. Оның куәсі – сол жылы «Қазақ ССР-нің үздік есепшісі» деген мәртебелі атаққа ие болып, кеудесіне төсбелгіні тағынуы. Оған қоса, ел құрметінің белгісі ретінде швейцариялық жаңа үлгідегі алтын сағатты республикалық тұтынушылар одағының атынан аудандық тұтынушылар одағының басшысы, ұстазы Ерман Ембергенов өз қолымен қолына тағады.
Ағамыздың есімі елге кең жайылғаны соншалық, 1978 жылы Жамбыл облыстық тұтынушылар одағы басқармасына бас бухгалтерлік қызметке шақырып, ұсыныс білдіреді. Алайда Қуанышбек ағамыз өз жағдайын жасырмай «Мұнда елім бар, ағайыным бар, оның үстіне жас емеспін, отбасылы жанмын, жеті балам бар. Оларды шұбыртып несіне әуре етейін. Сенім артқандарыңызға рахмет!» деп бұл ұсыныстан бас тартса керек. Бұл ғана емес, біршама уақыттан соң ағамызды сол уақыттағы бас қала – Алматыдан хабарласып, Қазақстан тұтынушылар одағына қызметке шақырады. Ол уақытта кадрлық резерв, кадрлық саясат деген ұғым үлкен мәнге ие болатын. Білімді, білікті мамандар жоғары басшылықтың назарында жіті бақылауда тұратын. Оларды кадр резервіне есепке алып қоятын. Алматыға да сондай ыждағатты себептермен шақырса керек. Оған да отбасы жағдайын айта отырып, бара алмайтынын мәдениетті түрде жеткізіп, бас тартады.
Ол кісі өз отбасын ерекше сүйіп, балаларының жоғары білім алуына аса ынталылық танытты. Алматыға оқуға түсуге барған өз балаларымен қабат өзге де талапты жастардың басынан сипап, жақсы мамандық алып шыққанын мейлінше тіледі.
Міне, біз мұның бәрін асыл азаматтың елге барынша қадірлі әрі керекті маман бола алғанын білдіру үшін тәптіштеп айтып отырмыз. Өзі ғұмыр кешкен саналы жылдар ішінде есепшілік салада қаншама өнегелі ұстаздары болса, өзі де сансыз шәкірттерді Уксекбаев Төлеу, Асанов Бейсен, Шойынбетов Әмірхан, Мырзабеков Бақыт және т.б. тәрбиелеп, шыңдап, қайрап шығарады. Олар еліміздің сан тарау салаларында «Қуанышбектің шәкірттері» деген ардақты атқа дақ түсірмей, елге елеулі қызмет ете білді.
КСРО тарап, егеменді ел болуға ұмтылып жатқан жылдары мемлекеттік сауда орындары жабыла бастағанын бәріміз де білеміз. Қуанышбек аға сондай жағдайда да керек кадр ретінде аудан басшылары тарапынан шақырту алып, аудан орталығындағы нан зауытына бас есепші қызметіне жіберілді. Осы қызметінде де абыройлы жұмыс жасап, зейнет демалысына шығады.
Ол кісі менмендігі жоқ, тұйық мінезді адам болды. Артық сөзге бармайтын. Кісіні қадірлей білді. Жұбайы Уызбаева Марусяның бір үйдің жалғыз перзенті екенін білгендіктен оның қас-қабағына қарап жүреді екен. 1978 жылы үлкен қызы мектеп бітірген соң ҚазМУ-ға оқуға түсіп, енесі мен баласы ғана шошайып бір үйде қалады. Соны пайымдаған Қуанышбек көкеміз енесі мен баласын өз қолдарына алып, өмір бойы құрмет тұтып өткенін бүкіл ел жақсы біледі. Бұл, әрине, Қуанышбек ағамыздың парасатты да пайымды, текті жан екенін көрсете алады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Ұлы Абай өсиетін бойына сіңіргенінің белгісі десе де болғандай.
Сексенге иек артса да, сергек жады мен есепке жүйріктігіне іштей қатты таңданатын едім. Қуанышбек көкеміз тек білікті есепші ғана емес, спорттың көптеген түрлерінде жанындай жақсы көрді. Ол шахмат, дойбы ойындарын ойнағанда алдына жан салмайтын жан еді. Өзі математик болғандықтан бұл есепке құрылған логикалық ойындарды әрдайым жанына серік етіп жүретін. Сол себепті Қуанышбек ағаны болашақты саралап, бәрін де ақыл безбеніне сала отырып, болжай білетін, ой мен сананың жетік иесі ғойдеп, көп реттеқызыға қараушы едік.
Ол кісінің бауырмалдығы да ерекше еді, ағайын-туғанмен, дос-жаранмен, үлкен-кішімен ізгі қарым-қатынастың, сыйластықтың үлгісін көрсеткенін де айта кеткен орынды. Бір ғана мысал: ағамыз елде, Алматыда бауыр басқан Әмірхан жезде, Анар апай, Жамалбек ағай, Тұрлыбек көке, Ханым жеңгей секілді сыйлы азаматтармен әсте байланысын үзбей, аралас-құралас болып, жақсы қарым-қатынаста болды. Олармен үнемі туыстай байланыс жасады, хабарын біліп отырды. Қызметімен бірге күнделікті тұрмыста да ұстамды, шыдамды, сабырлы жан болып, үлкен адамға тән даналықтың өнегелі жолын көрсете білді.
Елге сыйлы азамат өнегелі ғұмыр кешіп, ел ағасы атанып, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында, 81 жасында өмірден озды. Ағайын-туыстары арулап жуып, жер қойнына берді. Қуанышбек ағамыз бен Маруся апамыздан Сәуле, Ерұлан, Жанар, Мұхит, Шынар, Айдос, Марал атты жеті ұл-қызы дүниеге келіп, жақсы әулеттің өрісін кеңейте түсті. Олардың алды бүгінде немере сүйіп отыр. Бәрі де тәуелсіз еліміздің әлеуетін дамытуға үлесін қосып жүрген азаматтар.
«Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді» деген аталы сөз бар. Адалдық, сабырлылық, байыптылық һәм кітап арқылы қалыптасқан ой-өрісінің биік деңгейі – біздерге, келешек ұрпаққа ұмытылмас үлгі, аса қымбат, өшпес асыл мұра.
Өз ісіне аса жауапкершілікпен қараған ерекше бітімді ағамыз өмірден озса да, оның жақсы істері мен өнегелі жолы әрдайым жаңғырып, ұрпақтары үшін де, басқалар үшін де ұлым ұратқа жетелей бермекші!
Мен бүгін білуге құштар, білімге ынталы әрі кітапқа ынтызар аға туралы көптен ойымда жүрген осындай мөлтек сырларымның бір парасын алдарыңызға тартып отырмын, ағайын! Қуанышбек аға бейнесі менің кеудемде ұзақ сақталарына бек сенімдімін!

Бердібек ҚУАНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.