Ұланбатыр СҮЛЕЙМЕНОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің проректоры, техника ғылымдарының докторы: ҮКІМЕТТІҢ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ ТҮБІРІМЕН ӨЗГЕРДІ Избранное

Среда, 12 Май 2021 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4219 раз

– Ұланбатыр Сейітқазыұлы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес өткен сәуір айы «Ғылым мен технологиялар» айдарымен өтті. Осыған байланысты университетте атқарылған істерді айтып беріңізші…

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы еліміздің егемендік жылдарында жеткен жетістіктерін дәріптейтін мерекеге ғана емес, сонымен қатар бұл мемлекеттілігіміздің іргесін бекемдей түсетін жалпыұлттық құндылықтарды айқындап алатын тарихи сәт. Еліміз одан әрі көркейе түсу үшін біздің басты құндылықтарымыз қандай болуы керек? Әрине, ең маңызды құндылықтарымыздың қатарында білім мен ғылым болуы шарт. Себебі, ғылым мен инновациялық технологияның дамуы ел экономикасының дамуына, сол арқылы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Міне, осы тұрғыдан қарағанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау барысында тұтас бір айдың ғылым мен технологияларға арналуы өте орынды шешім болды деп айта аламыз.

767

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бұл айға ерекше назар аударып, өте маңызды істер атқарды. Атап айтқанда, университеттің академиялық ғылым департаменті ғылым және технология айының жол картасын әзірледі. Жұмыс жоспарына сәйкес халықаралық ғылыми конференциялар, форумдар мен фестивальдар өткізілді. Соның ішінде ең маңызды дегендеріне тоқталар болсақ, университетте «Әуезов оқулары-19: «Тәуелсіз Қазақстанға – 30 жыл» атты халықаралық конференция өтті. Бұл конференция екінші «Central Asia Nobel Fest Live» фестивалінің ғылыми-ақпараттық платформасы болып саналады. Оған Нобель сыйлығы лауреаттары қатысты. Соның арқасында университетіміздің шәкірттері мен жас ғалымдары 5 күн бойына Нобель лауреаттарының дәрістерін тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, ғылым және технологиялар айының аясында студенттік жұмыстардың республикалық олимпиадасы өткенін де айта кетуге болады. Мұнан бөлек оқу ордасының барлық факультеттері мен жоғары мектептері түрлі ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізген.

– Ғылымның дамуы оны қаржыландыру деңгейіне тікелей байланысты ғой. Қазақстанда 2020 жылы ғылымға бөлінген қаржы жалпыұлттық ішкі өнімнің бар-жоғы 0,17 пайызын (Израильде – 4,6, Жапонияда – 3,4 пайыз) құраған. Университетте бұл мәселе қалай шешілуде? Ғалымдар мен ізденушілердің ғылыми-зерттеулер мен түрлі тәжірибелер жүргізуіне қолайлы жағдай жасалған ба?

– Өкінішке қарай, Сіздің айтып отырғаныңыз шындық. Бүгінгі таңда елімізде ғылым саласында шешімін күткен өте үлкен проблемалар бар. Соның ішінде қаржыландыру мәселесі ғалымдарымызға үнемі қолбайлау болып келе жатқаны да белгілі. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге тағы болмайды. Айталық, қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасы отандық ғылымның әлеуеті жоғары екенін көрсетіп берді. Жалпы, 2020 жылы басталған бүкіләлемдік пандемия мемлекеттің дамуында ғылымның қаншалықты маңызды екенін айқындай түсті ғой деп ойлаймын. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесіне сүйене отырып вакцина жасалмағанда қауіпті вирусты біржола жеңу аса қиын болар еді. Оның үстіне соңғы жылдары Үкіметтің ғылымды қаржыландыруға байланысты көзқарасы түпкілікті өзгерді. Соңғы 2 жылдың ішінде ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру мөлшері шамамен 2 есеге көбейді. Үкімет 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті жалпыұлттық ішкі өнімнің 1 пайызына жеткізуді көздеп отыр.
Соның арқасында ғалымдар үшін бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Мәселен, бұған дейін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет өткізілетін еді. Енді сол конкурстар жыл сайын ұйымдастырылатын болды. Одан бөлек өткен жылдан бастап гранттардың қысқа мерзімді, коллаборация бойынша, жеке, жас ғалымдарға арналған деген секілді жаңа түрлері бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағлымдамадан өтуге жолданады. «Жас ғалым» жобасының аясында 1 мың грант бөлініп отыр. Осының барлығы ғалымдарымыздың өз зерттеулерін алаңсыз жүргізуіне мүмкіндік беретін қадамдар болып отыр.
Енді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне тоқталар болсақ, біздің жоғарғы оқу орнының 80 жылға жуық бай тарихы бар. Оқу ордасы өзінің маман даярлау мен ғылым бағытындағы жетістіктерінің арқасында QS World University Rankings рейтингі бойынша әлемнің топ-500 университетінің қатарына қосылып отыр. 2018-2020 жылдары университетте жалпы құны 2 миллиард теңгенің ғылыми жобаларын жүзеге асырды. Соның ішінде 2020 жылы біздің ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз 776 млн теңгенің 48 жобасын орындап шықты. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында 464 млн. теңгенің 10 жобаны иеленіп, жүзеге асырудамыз. Мұнан бөлек қаржы көлемі 747 млн. теңгені құрайтын тағы 5 үлкен жоба дайындалуда. Сонымен қатар Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы жариялаған инновациялық жобалар конкурсына да 6 жоба дайындап, осы күндері құжаттарды тапсырып жатырмыз.

–Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылудың негізгі алғышарттарының бірі – ғылымға негізделген экономика құру. Біздің елде ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін комерцияландыру дейтін бағыттарда көптеген қиындықтар бар екені белгілі. Осы проблемаларды еңсеруге М.Әуезов атындағы университет қандайда бір үлес қоса алып отыр ма?

– Қазіргі уақытта қандай ел болса да ғылымда қол жеткізген жетістіктерін жаңа инновациялық технологиялары арқылы паш етеді. Ғылым өзінің жаңа табыстары арқылы өндірісті қуаттап, жетілдіріп отырса ғана ол әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алады. Батыста мұны Scientific support (ғылыми демеу, қуаттау) деп атайды. Өйткені, өз еліңнің ғылымы мықты болмаса, қанша жерден жаңа технологияны сатып алсаң да ол 4-5 жылдан кейін-ақ ескіріп, бәсекеге қабілетті болудан қалады. Сол себепті Сіз айтып отырған ғылым мен өндірістің өзара байланысы өте маңызды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, қазір университет ғалымдары жасаған технологиялар бойынша жұмыс істейтін 6 кәсіпорын бар. Бұл жобалар «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен және жеке инвесторлардың қатысуымен жұмыс істеуде. Мәселен, Б.Омаров жасаған технологияның негізінде жердің құнарын жақсартып, өнімділікті арттыра түсетін экологиялық тұрғыда таза биологиялық тыңайтқыш өндірілуде. Бұл жобаға «Ғылым қоры» арқылы 306 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл тыңайтқыштың артықшылығы оның құрамын топырақтың сапасына қарай өзгертіп отыруға болады. Мәселен, шаруа қожалығы алдын ала тапсырыс берсе, мамандар сол жердің топырағын алып зерттейді. Сөйтіп, бұл топырақтың құрамында қандай элемент тапшы екенін анықтап, сәйкесінше соған лайықталған тыңайтқыш өндіріп береді.
Мұнан өзге университет ғалымдарының жасаған күрделі конфигурациялы металл бұйымдар жасау, экологиялық тұрғыда таза жеміс шырынын өндіру секілді инновациялық технологиялар өндірісте қолданылуда. Қазір Түркістан облысының Жетісай ауданында мақта тасуға арналған 2ПТСХ-10-45 сериялы трактор тіркемесін өндіретін кәсіпорын салынды. Жақында ол өзінің алғашқы тіркемелерін шығара бастайды. Жәй тіркемелерге әрі кетсе 3 тоннаға дейін шитті мақта артуға болса, біздің университеттің ғалымы Б.Қалымбетов жасап шыққан технология бойынша өндірілетін бұл тіркемелердің сыйымдылығы 8-10 тоннаға дейін жетеді. Ең бастысы оны жергілікті диқандар кеңінен қолданатын қарапайым тракторлармен сүйреп тасымалдауға болады.
Бұл өндіріске енгізіліп жатқан жобалар. Бұдан бөлек өз ғалымдарымыз әзірлеген технология бойынша зертханалық деңгейде өндіріліп жатқан тауарларымыз да бар. Солардың бірі ретінде қазіргі кезеңде сұранысқа ие болып отырған антисептикалық құралдар мен тұрмыстық химия өнімдерін айтуға болады. Ғалымдарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қазір университет бұл заттарды қаржы бөліп сырттан сатып алмай, өз зертханасында қажетті мөлшерде өндіріп алып отыр. Біздің ғалымдардың жасаған антисептиктерінің басты артықшылығы оның өзіндік құны нарықтағы өзге өнімдерден едәуір арзан болуында. Егер қызығушылық танытатын инвестор болса, бұл технологияны да өндіріске кеңінен өндіруге болады. Оған қоса өткен оқу жылында университеттің 3 студенті мен 2 жас ғалымы жасаған стартап жобалары жалпы 14.4 миллион теңгенің гранттарын жеңіп алғанын да айта кеткен жөн.

– Елімізде ғылыми дәреже берудің екі деңгейлі жүйесі жойылып, оның орнына бір ғана PhD докторантура алмастырғанына биыл 10 жыл болды. Қалай ойлайсыз, осы реформа қандай да бір нәтижесін берді ме?

– Білім беру жүйесін ортақтастыру Еуропа елдерінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдардан-ақ бастау алған. Ал әлемдегі озық үлгідегі университеттердің ұлы хартияларының бірі – «Сорбон» декларациясы 1998 жылы 25 мамырда қабылданды. Арада бір жыл өткенде Еуропаның 29 мемлекеті қол қойған «Болон» декларациясы қабылданып, жоғары білім беру жүйесінде Болон процесі деген түсінік қалыптасты.
Жалпы, Болон процесі дегеніміз – жоғары білімнің еуропалық жүйесінің құрылу процесі. Болон үдерісі еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылату, ұлттық білім жүйелерін жақындастыру, көпдәрежелі жоғары білімді енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау және білім алушылар мен оқытушылардың мобильділігін кеңейтуді көздейді. Болон үдерісі жоғары білім беруді бакалавр, магистратура, докторантураға негізделген үш саты бойынша бекітеді.
Қазақстан Болон процесіне 2010 жылдың 11 наурызында Будапеште өткен Білім министрлерінің форумында қосылып, еуропалық ортақ жоғары білім беру жүйесіне енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды. Еуропалық білім беру кеңістігіне толық құқықты қатысушы Қазақстан Болон декларациясына қосылу арқылы отандық білім жүйесін дамытуды көздегені белгілі.
Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы отандық жоғары оқу орындары мен білім алушылар үшін көптеген мүмкіндіктер береді екен. Біріншіден, отандық біліктіліктер мен академиялық дәрежелерді мойындау. Екіншіден, бірлескен білім беретін бағдарламаларды құру. Үшіншіден, отандық білім беру бағдарламаларының оқу жоспарын еуропалық стандартқа сәйкес келтіру. Төртіншіден, білім алушылар мен оқытушылардың академиялық мобильділігін қамтамасыз ету. Бесіншіден, отандық дипломның Еуропа деңгейінде мойындалуы. Сондай-ақ, еліміздің еуропалық үлгідегі бұл үдеріске қосылуы Қазақстандық жас түлектердің әлемнің кез келген елінде қызмет етуіне жол ашқанын айтпай кетуге болмас. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.
Қазіргі таңда үш сатылы оқыту жүйесі бойынша, PhD докторанттарына «Web of Science», «Scopus» рейтингтеріндегі журналдарға мақала жариялау міндеттелген. Ал оқытушылардан республикалық ғылыми жобаларға қатысу үшін де осы сынды мақаланың болуы талап етіледі. Мұндай мақаланы жариялаудың талаптары өте жоғары, ақысы да қомақты.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 2011-2020 жылдар аралығында 129 докторант оқуын аяқтаған, 60 докторант өздерінің диссертациялық жұмыстарын қорғап, соның ішінде 54 докторант PhD доктор дәрежесіне ие болған. 6 докторанттың диссертациялық жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінде қарастырылуда

– Ал, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселесі қалай?

– Университет басшылығы профессорлық-оқытушылық құрамды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту және ынталандыру бойынша жұмыс атқаруда. Студенттермен, магистранттармен жүргізген белсенді ғылыми жұмыстары үшін, импакт-факторы жоғары рейтингтік шетелдік журналдарда мақалалар жариялағаны үшін профессорлық-оқытушылық құрамы үнемі марапатталады. Жыл сайын 12 сәуірде Ғылым күнінде университеттің үздік ғалымдары дипломдармен және құрмет грамоталарымен марапатталады. Қазіргі уақытта университеттің оқытушы-профессорлық құрамы толығымен дерлік (93%) ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қамтылған. Зерттеушілер мен оқытушылар құрамы жүйелі түрде (кемінде 5 жылда бір рет) өз мамандықтарына сәйкес өндірістерде біліктілікті арттырудан өтеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша оқытушының рейтингі және жалақыға үстемеақы мөлшері анықталады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.