ЖОЛАЙЫРЫҚ – ҚАЛАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ Избранное

Пятница, 28 Май 2021 10:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3953 раз

 

Үшінші мегаполисте құрылыс қарқынды дамып келеді. Көп қабатты үйлер, түрлі ғимараттар мен қоса жол құрылысы бір күнге де тоқтаған емес. Бір жағынан ескі жолдар жөнделіп жатса, бір жағынан жаңа жолдар салынып жатыр. Соның бірі – Қонаев даңғылы ұзартылуда. Жуырда құрылыстың ІІ кезеңі басталды.

Қазір Қонаев даңғылы қайнаған құрылыстың ортасы болып тұр. Қаладағы ірі жолайырық та осында салынуда. Жауапты мамандар Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық толық пайдалануға берілген соң Шымкенттегі алғашқы толыққанды жолайырық болады деп отыр. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов БАҚ өкілдерімен бірге өткізген пресс-тур барысында ірі қалаларда жол жүру қозғалысын дамыту түрлі тәсілдермен ұйымдастырылатынын айтты.

– Миллион тұрғыны бар Шымкент сияқты қалаларда жол жүру қозғалысын ұйымдастыру түрлі компоненттен тұрады. Мысалы, көлік жолын, жаяу жүргіншілерге арналған және веложолдар салу, бағдаршамдарды реттеу, «ақылды» бағдаршам арқылы «ақылды» қиылыстарды ұйымдастыру, автобустарға арналған жолақ салу, қоғамдық көлік құрамын жаңарту секілді түрлі тәсілдер қолданылады. Соның ішінде маңыздыларының бірі – жолайырық салу. Себебі, жол қаланың күретамыры сияқты. Адам ағзасындағы тамырмен қан жүрмей қалса, қиын ғой? Сол үшін қозғалыс еркін жүретіндей етіп жолды да
кеңейтіп отыру керек. Себебі, көлік қозғалысы қиындаса – қала тіршілігінің ырғағы да, мегаполис экономикасының негізі де тұралап қалады, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

М.Исахов

Ірі жолайырық салу – үлкен қалаларға тән құбылыс. Мұндай құрылыс Шымкентте осыдан бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Айтып отырғанымыз – Ақмешіт жанындағы жолайырық. Дегенмен, жауапты мамандар дәл қазір ол жолайырық толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ дейді.

– Қаламызда ең алғаш салынған жолайырық арқылы Ташкентке бет алған бағыт жолдың астымен, ал Түркістанға бағыт жолдың үстімен өткен. Бірақ онда оң жақ өткелдер толық іске қосылған жоқ. Бұған қоса жолайырықта негізінен бағдаршам болмауы керек. Жаяу жүргіншілердің өтуіне қолайлы жағдай жасалмаған. Бұған дейін құрылыстың екі кезеңі жүрді, енді үшінші кезеңде жерасты өткелдерін жобалап жатырмыз. Келесі жылы пайдалануға берсек, бұл жолайырық толық іске қосылған болып есептеледі, – деп түсіндірді Мақсұт Исахов.

Осылайша Қонаев-Рысқұлов жолайырығы қаладағы ең алғаш толық іске қосылған жолайырық болып есептелмек. Алып құрылыс 2020 жылдың күзінде басталған болатын. Аса маңыздылығына байланысты құрылыс мерзімі қысқартылып отыр.

– Негізі, жобалық-сметалық құжатқа сәйкес бұл құрылыстың салыну мерзімі 24 ай болса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен бір жылда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұйыртса, биылғы қазан-қараша айларында жолайырықтан өтуге жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда сол қиылыстағы май құю бекетімен ұзаққа созылған келіссөз аяқталып қалды. Мәселе оң шешілсе, жоспарланған құрылыс кестесін қуып жетеміз деп отырмыз, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Мақсұт Пернебекұлының айтуынша, жалпы, Шымкентте 5 жолайырық салу жоспарда бар. Келесі кезекте Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысынан жолайырық салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жобаның конкурстық рәсімдері өтіп, мердігер анықталған. Құрылыс 2021 жылы басталып, 1,5-2 жылда бітеді деп күтілуде.

– Үшінші жолайырық, жоспар бойынша, Бәйдібек би және Назарбеков көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысынан салынады. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды, жылдың соңында конкурс өтеді. Одан кейін Төлеметов көшесі мен Бәйдібек би даңғылының қиылысынан тағы бір жолайырық салынады. Оның да жобалық-сметалық құжаттары аяқталып қалды, жақын арада мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Ал бесінші құрылыс – Жібек жолы мен Сайрам көшесінің қиылысы. «Кабиско» аталып кеткен жерде. Оның да жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, жуырда мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Жазда конкурс жарияланып, күзде мердігер анықталса, құрылыс басталады, – деді Мақсұт Пернебекұлы.

jolairyk 1

Жауапты мамандар ол жолайырықтарды салуда Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы құрылыс тәжірибесін қолданамыз деп отыр. Мысалы, жолдың бір жағы жабылып, екінші жағымен мүмкіндігінше көлік жүре береді. Осылайша құрылыс кезең-кезегімен іске асырылмақ.

Әкім орынбасарының айтуынша, жолайырық салу барысында сол маңдағы ағаштарды алуға тура келген. Бұл мәселе туралы әлеуметтік желі қолданушылары да жазып, көпшіліктің талқысына түскен болатын.

– Өкінішке қарай, ірі құрылыс барысында онсыз болмайды. Дегенмен, жолайырықтың жобалық-сметалық құжаттары бойынша мердігердің алынған әр 1 ағаштың орнына 10 ағаш егу міндеттемесі бар. Оған қоса сол ағаштардың жарамдыларының барлығы дендросаябаққа және қаламыздың басқа жеріне егілді. Ол жұмыстар қалалық табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандарымен бірге атқарылуда, – деп түсіндірді Мақсұт Пернебекұлы.

Жолайырық құрылысы аяқталса, осы қиылыстағы көлік қозғалысы, есеп бойынша 2,5 есеге артпақ. Қазір мұндағы жұмыс, жоспарға сай жүруде дейді құрылысшылар.

 

Goremikyn

 

– Бұл жолайырықтың құрылысы типтік емес, жеке жоспарланған. Себебі, бұған дейін сол маңда тұрған қала құрылысына кіріктіріліп отыр. Құрылыс тығыз жағдайда жүруде. Рысқұлов көшесін толық жабу мүмкіндігі жоқ. Өздеріңізге белгілі, Қонаев даңғылындағы қозғалыс та толық жабылған жоқ, кезең-кезеңімен өзгертілді, – дейді «Bazis Construction» ЖШС нысанының атқарушы директоры Владислав Горемикын.

Десе дегендей, мұндағы құрылыс бастала салысымен алдымен инженерлік желілер, яғни, су, газ, электр жарығы, байланыс желілері ауыстырылды. Қала басшылығының тапсырмасымен тұрғындарға барынша қолайсыздық туғызбау мақсатында құрылысшылар алдымен жаңа инженерлік желілерді соғып алып, ескі желіден ажырататын орнын ғана қалдырған. Содан кейін тездетіп өшіріп, жалғап, қайта іске қосып жатыр.

– Құрылыс барысындағы шешім бойынша Қонаев даңғылы ашық тоннель арқылы жердің астымен өтеді. Оң жақ өткелдері нөлдік деңгейде қалады. Ал Рысқұлов көшесіндегі қозғалыс тоннелдің үстіндегі айналма шеңбер арқылы өтеді. Ол көшенің деңгейі де биіктемейді, төмендемейді, сол күйі қалады. Қазір кестемен келе жатырмыз. Демонтаж, монтаж секілді жұмыстар қатар жүруде. Жоспар бойынша жолайырықтағы Рысқұлов көшесінің бойында тоннельге 20 метр жетпей жасыл алаң болады. Құрылысшылар алдымен тоннель арқылы қозғалыс ашылған соң Рысқұлов көшесіндегі айналымды аяқтауға кірісеміз, – дейді Владислав Юрьевич.

Ресми статистика бойынша Шымкент тұрғындары миллионнан асады. Бұған қоса күн сайын қалаға жақын елдімекендерден 100-200 мың адам қатынайды дейді мамандар. Сондықтан, мегаполис үшін жолайырықтар ауадай қажет. «Жүргенге жөргем ілінер» дегендей, қаланың күретамыры саналатын жолдар дамыса, қала тіршілігі де жандана түседі.

Последнее изменение Четверг, 03 Июнь 2021 07:37
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.