ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДЫҢ ТАБЫ БІРЛІГІМІЗДІ БЕКЕМДЕЙ ТҮСЕДІ

Понедельник, 31 Май 2021 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3265 раз

31 мамыр – ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні – еліміздің қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өміріндегі маңызды дата. Бұл халқымызға қарсы жасалған геноцид пен репрессия құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым ететін күн ғана емес, сонымен қатар тарихтың тауқыметті беттерінен сабақ алып, ендігі жерде мұндай нәубетке ұрынбау үшін не істеуіміз керек, мемлекеттіліктің іргесін қалай бекемдей түсеміз деген сауалдың төңірегінде тағы бір рет ойланатын сәт.

 

886

 

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс» деп атап өтті.

Расында, қарап отырсақ бүгінде 1921-1922 жылдардағы «Ұлы жұт» жайлы көп айтыла бермейді. Зерттеушілер сол жылдары 1,2 миллион қазақтың зардап шеккенін, оның көпшілігі қырғынға ұшырағанын алға тартады. Демек, бұл оқиға жайлы ғылыми тұрғыда жан-жақты негіздеп, оған мемлекеттік деңгейде баға берудің маңызы зор.

Патшалық Ресейдің екі ғасырға жуық жүргізген отарлау саясатын большевиктер шарықтау шегіне жеткізді. Олардың Қазақстанда толық билікке қол жеткізуі 1925 жылы ҚАКСР басшылығына Ф.Голощекинның тағайындалуымен басталғаны белгілі. Ол қазақ халқын біржолата күйрету үшін екі тәсіл қолданды. Оның бірі 1 миллионнан астам қазақтың жат жұртқа үдере көшуіне, тағы 2,1 миллион қандасымыздың қырылуына себеп болған ашаршылықты қолдан ұйымдастыру болса, екіншісі қазақтың зиялы қауымын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын олардың саяси көзқарастарына қарамастан жаппай репрессиялауы болатын.

Иә, Голощекиннің Қазақстанға келуімен қазақ жұрты жанашыр басшысыз қалды. С. Сейфуллин қызметінен төмендетілді. Ә.Бөкейханов 1927 жылы Мәскеуге жер аударылды. Сол жылы С. Сәдуақасов оқуға, ал, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С. Қожановтар қызметке деп Мәскеуге жіберілді.

1930 жылы НКВД «ұлтшыл» деген жаламен 43 зиялы тұлғаны Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне қамады. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов жер аударылды, Міржақып Дулатов «Соловки» лагеріне айдалып, кейін, 1934 жылы сонда қайтыс болды. Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарында оққа ұшып, шәйіт кетті. Ал, Мағжан Жұмабаев Колыма лагеріне жабылды. М. Әуезов пен Ә.Ермековтер 1930-1932 жылдары түрмеге қамалып, тергеуде болды.

1931 жылы қазақ руханиятының алыбы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дүние салды. Сол жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы опат болды. Ал, 1932 жылы Үкілі Ыбырай сынды асылдар оққа ұшып жатты. 1933 жылы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде қайтыс болды.

1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргін И.Сталин құрған жауыз саяси режимнің шынайы бет-бейнесін толықтай ашып берді. Қазақ халқының бетіндегі бар қаймағы сылынып, зиялы атаулысы, саяси ұстанымдарына да қарамастан, шетінен қуғын-сүргінге ұшыратылды. Алаш қозғалысына қатысты

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Хәлел және Жаханша Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, М.Жұмабаевтар құрбан болды. Тіпті, большевизмді қолдаған С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, С.Меңдешов, Т.Жүргенов, Ж.Садуақасов, С.Аспендияров, Б. Майлин мен І. Жансүгіров және басқа да елдің қадірін білген, көкірегі ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетінен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретінде айыпталып, «халық жауы» атанып, аяусыз атылып жатты. Жалпы, сол жылдары Қазақстанда 125 мың адам қуғындалып, оның 25 мыңнан астамы өлім жазасына кесілді.

Бұл тек зиялы қауымға қарсы жасалған қуғын-сүргін емес, тұтас қазақ руханиятына қарсы қолданылған репрессия болатын. Тоталитарлық жүйе ұлт руханиятын жою арқылы қазақтың өзін де тарих сахынасынан біржола түсіріп тастауды көздеді. Тек Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында ғана қазақ халқы өз руханиятын, төл мәдениеті мен ұлттық бітім-болмычсы мен салт-дәстүрін сақтап қалды.

Азаттық жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлт тарихын түгелдеу бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Сондай-ақ, 1997 жыл Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланып, Елбасы Жарлығымен 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Мұның барлығы тәуелсіздік пен азаттық жолында басын бәйгеге тігіп, жазықсыз жапа шекен боздақтар рухының алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы еді.

Шымкент қаласында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Албасты сай» атанып кеткен шатқалдан репрессия жылдары атылған адамдардың сүйегі табылды. Сот-медициналық сараптама мен мұрағаттардан жинақталған құжаттардың негізінде 1586 адамның тізімі анықталып, ол «Азалы кітап» деген атпен жарық көрді. Ал, 199 жылы сол маңда «Қасірет» мемориалды кешені ашылғаны баршаға мәлім.

Сонымен қатар 2002 жылы Шымкент қаласында ашылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде де қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз құрбан болғандарды мәңгі есте сақтау, өскелең ұрпақ санасына тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» себептерін жеткізу және тарихи әділеттікті қалпына келтіру жолында көптеген тағылымды істер атқаылуда.

Бұл жұмыстар бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен одан әрі жалғасын табуда. Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған міндеттердің бірі ұлт тарихының академиялық көптомдығын ұлттық мүддеге сәйкес қайта жазып шығу мәселесі өте өзекті деп есептейміз. Себебі, тарихи жадыны қалыптастыру арқылы ғана ұрпақ санасында сілкініс жасап, рухани жаңғыруды толықтай жүзеге асыра аламыз.

Иә, қазақ халқы ХХ ғасырда небір нәубеттер мен аласапыран замандарды бастан өткізді. Бүгін біз сөз еткен жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің соңы Ұлы Отан соғысына ұласты. Соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру, тың игеру жылдары да халыққа оңай тиген жоқ. Одан кейін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңіде де елдің жағдай күрделі болғаны есімізде. Төл тарихымызға қарап отырсақ, осының барлығын біз елдің ынтымағы, халықтың ауызбірлігінің арқасында жеңіп шыққан екенбіз. Демек, бүгінгі бүкіл әлемді жайлаған пандемияны да біз осы ынтымақ-бірлікке арқа сүйеп қана жеңіп шыға аламыз.

Қорыта айтқанда, Мәңгілік Ел атануды мұрат тұтып, сол жолда қадамын нық басқан Қазақстанның болашағы баянды болары сөзсіз. Еліміз шырқау биікке көтерілген сайын өткеннен сабақ алып, тарихтың тақсыретті беттерін ұмытпаймыз. Сол қиын-қыстау жылдардың санамызда қалдырған табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдей түседі.

 

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,

Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.