ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗОБАЛАҢЫН ҰРПАҚТАР ЕСКЕ АЛАДЫ Избранное

Среда, 02 Июнь 2021 03:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1848 раз

31 мамыр. Жаралы жүректің шемен шері тарқатылып, көкдөнен көңілдің бір құлазып, мұңайып, аласапыран күй кешетін күні. Тағылымды тарих беттерінен қазақ үшін қасық қанын қиған тұлғалардың көрген қиындығын оқысаң жаның түршігеді. Еске алып, елестетудің өзі қорқынышты. Қылышынан қан тамған Кеңестік режимнің кесірінен қынадай қырылған ұлт зиялыларын аза тұтатын, тағзым ететін мезетте Шымкент қаласында бірқатар іс-шаралар өтті.

913

 

«ҚАРАША ҚАЗДАР ҚАЙТҚАНДА...»

28 мамыр күні Қазақстан бойынша тұңғыш ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде ұлт ардақтыларының ұрпақтарымен кездесу өтті. Асылдың сынығы, жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымыздың ұрпақтарының қатары күн өткен сайын сиреп бара жатқанға ұқсайды. Музейге ат басын бұрған ұрпақтардың ішінде Назира Жайшыбекова, Әзім Мақұлбеков, Флора Құлетова, Халида Маханова, Сейдехан Нұрмаханұлы, Қайрат Бураханов, т.б. бар.
Одан соң Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры сахналаған белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» қойылымын тамашалады. Тарихи драманың режиссері Мақсат Айтжанов жүрегі қазақ деп деп соғып, сол жолда жанын пида еткен алаш зиялыларын Тәуелсіздіктің аясында өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақ, біздер дәріптеуге міндетті екенімізді айтады. Бір ғана алтын сағаттың айналасында өрбитін бұл шығармада – ұлттық болмысымыз бен намысымыздың, құндылықтарымыз бен тәуелсіздігіміздің қаншалықты маңызды екені бүгінгі бақытты ұрпаққа ой салады. 13 жылдық тарихы бар сатира жанрындағы еліміздегі жалғыз Сатира театры репертуарының 90 пайызы комедия жанрындағы спектакльдерден тұрады. Тарихи драма аталған өнер ордасында бірінші рет қойылып отыр. Тарихи қойылым кәсіби театрлар додасына қатысып, бірінші дәрежелі лауреат атаныпты.
Қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран аяттары бағышталған күні қалалық сатира театрында туған жерін қимай сап түзеп қараша қаздар қайтып барады екен. «Ендігі жерде беймезгіл атылған мылтықтың даусы естілмегей! Еліміз аман болғай!» деген игі тілекпен ұрпақтар үйді-үйге тарасты.

914

 

«ҚАСІРЕТ» МЕМОРИАЛЫНДАҒЫ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ

Жыл сайын мамырдың 31 жұлдызында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Биыл қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов пен «Nur Otan» Партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева бастаған зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары алдымен «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Қасірет» мемориалына жиналған қауым нәубет жылдары қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ел арасында «Албастысай» аталып кеткен жерде сүйегі жатқан әруақтарға арнап құран бағыштады.
Мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы өз сөзінде қасіретті жылдары өңірімізде құрбан болғандардың саны мен талайлы тағдырына тоқталды.
–Қазақ елінің қасіретті жылдары көз алдымызға келгендей құлазып тұрмыз. Қуғын-сүргін құрбандарының саны зерттеп, зерделене түскен сайын тарих беттерінен жаңа сандар мен дәйектер ашылып жатыр. Еліміз бойынша 113 мыңнан астам адам зұлмат тырнағына іліксе, оның 25 мыңнан астамы жазықсыз атылып кетті. «Халық жауы» деп нақақтан-нақақ атылған ұлтымыздың қаймақтары мен Алаш арыстарының рухына тағзым етіп, алапат заманнан аман қалған асылдардың тұяғы, ұрпақтарымен тілдестік. Қасіретті жылдардың қадірін ұқтырған бүгінгі күнімізге тәубек дестік, - деді Б. Мәдәліұлы.
Іс-шара барысында жиналған қауым театрландырылған инсталяцияны тамашалады.

«ҚУҒЫНҒА ҰШЫРАҒАНДАР ТОЛЫҚ АҚТАЛУЫ ТИІС»

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай арнайы конференция өтті.

915


Жиынға Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы, сондай-ақ тарихшылар, саясаткерлер мен заңгерлер қатысты.
–Ақтау жұмыстары не үшін керек? Мысалы ашаршылық тақырыбын алатын болсақ, Кеңес үкіметі кезінде аштықтан халқы ең көп қырылып кеткен ел – Украина. Содан кейін украиндық тарихшылар сол тақырыпты тереңдете зерттеді. Қазір де Украинада аштықтан қаза тапқан адамдардың аты-жөні құжатында қай күні қай жерде, қандай себеппен өлгені барлығы жазылған. Ал бізде ондай деректер жоқ. Сол сияқты қуғын-сүргін құрбандарына келетін болсақ, құжаттар бізде бар, бірақ нақтыланбаған. Дәл қазір бізде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының архивтері араласып жатыр. Облыстың керек құжаттары қалада, қаланыкі облыста дегендей. Ғалымдар мен тарихшылармен кеңесіп, Түркістан облысының архивіне хатпен шығуға әзірміз. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау кезінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының комиссия мүшелері бірлесе жұмыс істесе, нәтижелі болар еді, - деді қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди
Манатбекұлы.
Конференция барысында баяндамашылар 1926 жылдан бастап қуғынға ұшыраған, ашаршылықтан ажал құшқан құрбандар туралы тың деректерді ортаға салып, оларды ақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
–Қазақстанда «халық жауының» әйелдеріне арналған АЛЖИР (орысша – Акмолинский Лагерь Жен Изменников Родины) 1937 жылы ІІХК арнайы бұйрығымен Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері болып ашылды, кейін халықтың аузында АЛЖИР аталып кетті. «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген зиялылар мен танымал қайраткерлердің әйелдері РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 17-ші тармағымен сотталды, яғни, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Ал лагерьде «жазаларын» өтеп жүргендердің әйелдері 3-5 жыл мерзімге сотталған. Оңтүстік Қазақстан бойынша Карлаг, АЛЖИР-де отырған әйелдер: Алтынбаева Хабиба Музафаровна, Алдабергенова Албусина, Алтыбаева Балақыз, Ахметова Кульжан, Бағызбаева Сұлухан, Бобаева Ханай, т.б.
Алжирде отырған аналар көп қиындық көрді. Олар мал бақты, фабрика салды, қамыс орды, жер қазды, бау-бақша екті, сиыр сауды, т.б. Лагерьдегі қиындықтарға шыдамай көп аналар жынданып кеткен. 1938 жылы АЛЖИР-ге келген 2103 әйелдің 655-інің аяғы ауыр немесе кішкентай сәбиі болған. Аяғы ауыр әйелдердің барлығы лагерьде босанған. Алжирде 1507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. Лагерьдегі екі жасқа дейінгі нәрестелер «балалар комбинатында» ұсталған. АЛЖИР-дегі төрт жасқа толған балаларды Осакаров балалар үйіне жіберетін болған. Сәбилерді аналарынан тартып алу түнгі уақытта жүзеге асырылған. Аналар балаларынан айырылғанда қатты күйзеліп, жан азабын тартып, тіпті, жынданып кеткендер де болған, - деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Баршагүл Исабек.
Б.Қашқынқызы келтірген деректерге сәйкес, Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам лагерьде ұлы Аян қайтыс болғанда оны үш күн бойы құшақтап отырған екен. Жақып Ақбаевтың қарындасы, Нығмет Нұрмақовтың жұбайы Зұпнұн өмірінің 10 жылын түрмеде, лагерьде өткізген, ал қызы Тамара балалар үйінде қайтыс болады.
Күйеулері айдалғанда аштыққа да, азапқа да шыдап, балаларын аман сақтай жүріп, күйеулерінің соңынан іздеп барған қазақ әйелдерінің ерліктерін де атап өткен жөн.
Қуғын-сүргінге ұшыраған, соның ішінде атылған, еңбекпен түзету лагерьлері (ЕТЛ) мен түрмелерде отырған әйелдердің саны туралы нақты мәлімет жоқ.
«Әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген жай сөз ғана. Шындыққа жүгінер болсақ, ері үшін жауап берген әйелдер, әкесі үшін жауап берген балалар толып жатыр.
1925 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары қарқынды деңгейде жүргізілген саяси қуғын-сүргінге әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан әйелдер жаппай ұшыраған.
Жантүршігерлік деректерді естіген соң М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры, Тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібектің мәліметтеріне де құлақ түрдік.
– Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау туралы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның Шымкенттегі өкілдері бірқатар жұмыстар атқаруда. Олар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының архивтеріндегі құжаттарды зерттеп жатыр. Онда қазір 538 іс қаралуда. Оның ішінде «Созақ көтерілісіне» қатысқандар, Түркістан легионында болғандар, қуғынға ұшырағандар, тағы басқа да босқындар бар. Біз өз өңірімізде қуғынға ұшырағандарды тарих тұрғысынан да, заңды түрде де толық ақтауымыз керек, - деді Сейдехан Нұрмаханұлы.
Сондықтан кез келген ғылыми ізденістің нәтижесі зерттеу жұмысының соңғы кезеңінде айқындалатындығына байланысты, қазіргі кезеңде Шымкент жұмысшы тобының алдына қойылып отырған міндеттемелік тапсырмалық нәтижені беру мүмкін еместігіне басқарушы-реттеуші мекемелердің назарын аударғым келеді», - деді.
Жалпы, Шымкент қаласында құрылған комиссия құрамында 27 тарихшы бар. Олар - 1921-1954 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды зерттеп жүрген арнайы мамандар. Зерттеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюжеттен арнайы қаржы қаралған. Зерттеу барысында тарихшылардың Иранға, Өзбекстанға, Орталық Азия елдеріне іссапарлары жоспарланған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты жариялаған үндеуінде қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін құрылған Мемлекеттік солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс екенін атап өтті. Иә, «бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз».

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.