Версия для печати

Баласы бақытты елдің бағы баянды Избранное

Среда, 02 Июнь 2021 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3918 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Балалық шақ – адам өміріндегі аса маңызды кезеңдердің бірі. Себебі, дәл сол шақта салауатты, табысты әрі бақытты өмірдің негізі қаланады. Психолог мамандар бүлдіршін кезі қорқыныш пен үрейге, ауыртпалыққа толы болған, мейірімге шөлдеп өскен баланың есейгенде де бақытты болуы, айналасына мейірім шуағын төгуі екіталай екенін алға тартады. Сондықтан балаға қамқорлық танытып, оның тұлға ретінде дамуына жан-жақты қолдау көрсету – қоғамның стратегиялық мақсаты. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында «біздің қоғам осынау стратегиялық мақсаттың үдесінен шығып жүр ме, балаларымыз қаншалықты бақытты?» деген сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

924

 

Соңғы онжылдықта Қазақстан балаларды қорғау бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетті. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің мәліметі бойынша елімізде нәрестелердің өлім-жітімі 2010 жылдан бері қарай 2 еседей азайды. Бұл – республиканың барлық өңірлерінде перинаталдық және неонаталдық күтім мен көмек көрсетудің дамытылуының нәтижесі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, соңғы онжылдықта заңмен байланысқа түскен балалар саны – 53 пайызға, тергеу изоляторына түскен балалар саны – 65 пайызға, ал, сотталған балалар саны 67 пайызға қысқарған.
Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, қазір Қазақстанда кәмелет жасына толмаған 5,7 миллионнан астам бала бар. Бұл халықтың 31 пайызын құрайды. Осы балалардың 3 пайызға жуығы мүгедектігі және арнайы қажеттіліктері бар балалар ретінде тіркелген. Әлемнің көптеген елдерінде бұл көрсеткіш 10 пайыздың төңірегінде екенін ескерсек, бұл тұрғыда елдегі жағдай анағұрлым тәуір. Бұл да соңғы онжылдықта елде балалар медицинасының сапасы мен қолжетімділігінің артуының нәтижесі деп сеніммен айтуға болады.

925


Алайда, өкінішке қарай, балаларға қарсы жасалатын қылмыстар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші жоғары болып отыр. Мәселен, 2020 жылы елімізде кәмелетке толмағандарды зорлау фактісі бойынша 128 қылмыстық іс тіркелсе, соның 72-сін зорлық көрген балалардың ата-аналары, туыстары, заңды өкілдері немесе мұғалімдері жасаған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы қараша айында балаларға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс жасағандарға қолданылатын жаза күшейтілді. Ендігі жерде мұндай азғындыққа барғандар кемінде 20 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес бұл қылмысты жасағандар ешқашан да рақымшылыққа ілінбейді және мерзімінен бұрын босатылмайды. Педофилия фактісін біле тұра жасырған, әрекетсіздік танытқан адамдарда 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Мамандар жазаның қатаңдатылуы мен профилактикалық жұмыстардың күшейтілуі жақын келешекте нәтижесін бере бастайтынына сенімді.
Бүгінде Шымкент қаласында да балалардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Шымкент қаласы бойынша білім сапасын қамтамасыз ету департаменті балалардың құқығын қорғау бойынша арнайы сенім телефонын ұйымдастырған. Сондай-ақ, ата-аналар мен балалар департаменттің әлеуметтік желідегі парақшаларына да жүгіне алады. Сондай-ақ, телеграмм мессенджерінде арнайы чат ашылыпты. Оған жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам тіркеліп, әртүрлі сипаттағы 100-ден астам арыз-шағымдар мен өтініштер келіп түсіпті.
Бала тақырыбы қозғалғанда айтылатын ең маңызды мәселенің бірі – бүлдіршіндердің әлеуметтік қорғалуы. Қазақстанда 2,6 миллион кедей азамат болса, соның 1 миллионға жуығы балалар. Кедейлік балалар өмірінің барлық қырларына әсер етері сөзсіз: оның жылы киінбеу мен тойып тамақтанбаудан бастап, нашар санитарлық ортада өсу мен сапалы білім ала алмауы секілді салдары бала дамуына орасан зор зиянын тигізетіні айқын.
Иә, Қазақстанда соңғы жылдары балаларды әлеуметтік тұрғыда қорғау мәселесінде біршама ілгерілеу бар. Басқасын айтпағанда, 2020 жылдың басынан бастап көп балалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беріле бастады. Ресми деректер өткен жылы республикалық бюджеттен баланың туылуына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақыға 50 миллиардқа жуық, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыларға тағы сонша қаржы жұмсалған көрсетеді. Мұнан бөлек мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға төленетін жәрдемақыға 63 миллиард теңге бөлінген.
Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Айжан Сқақова елдегі әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін жойып, орнына бір ғана әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынды. Халық қалаулысының айтуынша, мұндай жәрдемақы 18 жасқа толмаған барлық балаларға төленуі және оның мөлшері республикадағы орташа жалақы мөлшеріне (230 829 теңге) тең болуы тиіс. Елдегі 5 миллион 700 мың балаға ай сайын сонша қаржыны қайдан тауып беруге болатынын депутат ашып айтпады. Қазір онсыз да ел бюджетінің 27,5 пайызы әлеуметтік блокқа жұмсалып отырғанын ескерсек, мұндай ұсыныстар құлаққа қанша жағымды болғанымен, олардың іске асырылуы екіталай.
Дегенмен, А.Сқақова айтқандай жәрдемақы мөлшерін бірден 20 есе өсірмесе де оның мөлшерін көбейту керектігі анық. Мәселен, жұмыс істемейтін әйелдер үшін 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бірінші бала үшін небары 16 802 теңге болса, төртінші және одан да көп баласын дүниеге әкелген ана 25 961 теңге алады. Яғни, күніне 865 теңгеден түседі екен. Әлеуметтанушы мамандар нәрестенің тек дұрыс тамақтануына күніне кемінде 1 018 теңге қажет екенін айтады. Олай болса жәрдемақы баланың басқа шығындарын айтпағанда тамақтануына да жетпейді. Жәрдемақыда баланың анасына ақша мүлде қарастырылмаған.
Сондай-ақ, А.Сқақованың бала күтімі кезеңін 3 жасқа дейін ұзарту, көп балалы және аз қамтылған отбасларға бастапқы төлемсіз және пайызсыз тұрғын үй несесін беру, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға баспананы біртіндеп сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламасын қалпына келтіру секілді ұсыныстары қолдауға тұрарлық.
Жәрдемақы мөлшері аздау болғанына қарамастан Қазақстанда балалардың жағдайы тым нашар деп айтуға болмайды. Өйткені, бүгінгі қазақ бұрынғыдан әлдеқайда балажан болғанын аңғару қиын емес. Бар жақсыны балаларға арнау біздің қоғамның игі дәстүрі ретінде қалыптасқан. Бірақ, мамандар кейбір ата-аналардың балаларға қамқорлық көрсетемін деп оларды таңдау жасау мен шешім қабылдау еркіндігінен айыратынын алға тартады. Ал, ХХІ ғасырдың Z ұрпағы үшін еркіндік – бақытты балалық шақтың басты алғы шарты.
—Z ұрпағының қолындағы мүмкіндіктерге шектеу қоймай, оны өзінің құндылықтары арқылы қабылдамасаңыздар жаңа буынмен тіл табыса алмайсыздар. Бұл ұрпақ кім десеңіз, ғаламтордың шынайы досы, виртуалды өмірде көп уақытын өткізеді. Ешқандай ережені қабылдамайды. Яғни, әкімшіл-әміршіл жүйе бұл балаға жүрмейді. Керісінше жаңа ұрпақ әрдайым өзімен санасуды талап етеді. Бұлар бір уақытта көп міндетті атқара алатын ең ақылды ұрпақ.Сансыз ақпаратты миынды қорыта алатын буын осы. Осындай ең креативті буынды дұрыс тәрбиелеу үшін алдымен оны танып, түсіну қажет, – дейді «Білім-инновация» қоғамдық қорының президенті, тәжірибелі педагог Дархан Өте.
Мұны айтып отырған себебіміз «Немолчи» қоғамдық қоры жүргізген зерттеулер Қазақстандағы ата-аналардың 60 пайыздан астамының «баланы тәрбиелеу мақсатында ауық-ауық қол жұмсаудың еш сөкеттігі жоқ» деп есептейтінін көрсеткен. Бірақ, олардың балалық шағы бақытты өтсін әрі күні ертең табысты азамат болсын десеңіз, балаға қол көтеру мен жазалауды доғарып, оған өз пікіріңіз бен көзқарасыңызды таңудан бас тартып, оған еркіндік пен ашықтық сыйлауыңыз керек.