Жалған дипломға сұраныс жоқ болса, ұсыныс та жоқ…

Среда, 16 Июнь 2021 11:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3535 раз

Бүгінгі жарияланымның тақырыбы кездейсоқ пайда болған жоқ. Соңғы 2 жыл ішінде ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген жалған дипломдарды пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеулердің статистикасына қарай отырып: «елде жалған дипломдардың жасырын нарығын жою мүмкін бе?» деген сұрақ ойға еріксіз оралады. Жауабын іздеп көрейік.

217

 

Бүгінде әлеуметтік желілерде бұрынғы ТМД елдерінің көптеген университеттерінің жалған дипломын сатып алу туралы ұсыныстары ешкімді таңдандырмайды. Оның тек арзан бағасы емес, «жалған сатушының» жалған құжаттың сөзсіз сенімділігі мен қауіпсіздігіне иландыратын қабілеті таңдай қақтырады.

Оны жасаушылар мүдделі адамды сендіруде барлық құжаттар ресми бланкілерде басылып, шынайы құжаттарға сәйкес келетініне, ал олардың дипломы тексерулерден кедергісіз өтетінін алға тартады. Сатушының клиентпен кездесуіне мүлдем жол жоқ, алдын ала төлеу жалпы құнынан 50%. Мұның бәрі сатып алушыны сезіктендіруі керек еді, бірақ дипломды маман болу арманы сананы тұмшалайды.

Армандаған қағазын алу үмітімен қанша адамның «қармаққа іліккені» әлі белгісіз. Шынында да, бір қарағанда, бәрі керемет көрінеді. Сіз бірден педагог, заңгер, журналист немесе Құдай сақтасын – дәрігер бола аласыз…

Алайда, осындай «кәсіпқой» жұмысқа орналасқанда, диплом мұқабасы осы бағытта қажет білімнің орнын алмастыра алмайды, салдарынан құқық қорғау органдары анықтайтын жалған дипломдардың саны жыл сайын артып келеді.

Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20-ға жуық жалған дипломды анықтады. Жалған құжаттарды пайдаланған адамдарға қатысты ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі «Көрінеу жалған құжатты пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекске сәйкес мұндай іс-әрекет «теріс қылық» ретінде сараланады, ал «шалыс басқандар» 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі айыппұл не қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазамен ғана құтылады. Сатып алынған дипломдардың бұрынғы иелері әртүрлі салаларда жұмыс істеген. Бұл – «жоғары білікті, арнайы білім алған» педагогтар, ауыл әкімдері, құқық қорғау органдарына кандидаттар, мемлекеттік қызмет басқармаларының бас мамандары. Басқаша айтқанда, біздің балаларымызды тәрбиелейтіндер, тыныштығымызға жауап беретіндер, еліміздің саяси және идеологиялық процестеріне қатысатындар. Олар мұндай қадамға ойланбай, күйбең тірлік жетегінде барды деп айту дұрыс болмас.

Сатып алынған дипломдардың иелерінде қандай да бір жолмен мемлекеттік қызметке орналасу ниеті де байқалып жатады. Олар арнайы тексеру жүргізілетіні, оның ішінде республикамыздың және шет мемлекеттердің ЖОО-да оқу фактісі бойынша тексерілетіні туралы ескертілсе де болмайды. Әрине, сатып алынған дипломдар арнайы тексеруге төтеп бере алмайды.

Мысалы, 2018 жылы Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық компаниялардың біріне кандидат ретінде жоғары білім туралы жалған дипломды пайдалану фактісін анықтады. Бұл маманға жалған дипломмен мансаптық өсудің қанша сатысынан өткенін болжап көріңіз. Атқарып отырған лауазымдарына сәйкес, ол жас қызметкерлер үшін тәлімгер болған шығар, былайша айтқанда, «мамандық пен өмір негіздерін үйреткен». Тек бұл өміріңіздің едәуір бөлігі жұмсалатын мансапты соншалықты бекер аяқтауға тұрмайды.

2019 жылы Қызылорда облысындағы колледждердің бірінің оқытушылары еліміздің кейбір жоғары оқу орындарының жалған дипломдарын дайындағаны және сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Әдетте, сотқа дейінгі тергеу барысында шалыс басқандар өкініп, өз кінәсін толық мойындайды. Кейбіреулер оның салдарынан жоғары оқу орнын бітіре алмаған қиын өмірлік жағдайлары мен туыстарының алдындағы ұят сезімі оларды күмәнді қызмет көрсету түріне жүгінуге итермелегені туралы айтады.

Жалған дипломдарға деген сұраныс өмірдің қиындықтарын еңсеруді қаламайтын немесе білмейтін және өз мәселелерін қылмыстық жолмен шешуге асығатын, осылайша заңсыз бизнесті қолдайтын адамдардың ерекше санатын тудыруы ықтимал.

Бір нәрсе анық, біздің азаматтарымыздың санасы 90-шы жылдардағы қиын кезеңдердің артта қалғаны туралы қарапайым шындықты қабылдауы керек. Қазақстандық қоғам өзгеріп, дамуда. Бүгінде жұмыс берушілерге жай ғана дипломы бар кадрлар емес, заман ағымына ілесе алатын және сапалы білім алған жоғары деңгейлі мамандар қажет. Ұсынылатын мөртабаны бар құжаттың ешқандай заңды күші жоқ екенін түсіну үшін ерекше ақыл иесі болу қажет емес.

Жасырын бизнес әрекетінің тек жүйелі тұрғыда тоқтатуға болады. Әдетте, жұмысқа кандидаттар мемлекеттік қызметке кірген кезде ғана мұқият тексеруден өтеді. Егер жұмыс беруші кандидаттардың сәйкестігіне мұқият сауалнамалар, күрделі тестілеу жүргізсе, онда құжатты сатып алғысы келетіндер де әлдеқайда аз болар еді. Жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін де, оларды дайындағаны үшін де заңды қатайту бизнестің осы түрін жоюды тағы бір қадамға жақындатар еді. Әйтпесе, бізге балаларымызды «жалған оқытушыларға» оқытқызып, сондай дәрігерлерден емделуге тура келеді.

Ал әзірге әр адамның өзіндік санасы мен ар-ожданына, сондай-ақ еркін тыныстап, әшкере болу үрейінсіз ұятына қарай еңбек ету ниетіне сену ғана қалады.

ҚР ҰҚК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.