Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына бейімділігін күшейтуге ықпал ететіні айқын. Ал бұл - өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуы, дейді зиялы қауым өкілдері.
Жергілікті басқару өкілдерін тағайындауға қатысты өзгерістердің бірі - ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы. Яғни биыл ауыл тұрғындары өз таңдауларын ерікті түрде жасай алады.
–Қазіргі таңда ауыл әкімдерін сайлауға дайындық қызу жүргізілуде. Ауылдардағы сайлаушылардың саны нақтыланып, арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар халықпен кездесіп, заң талаптарын түсіндіруде. Жалпы Түркістан облысы бойынша 181 ауылдық округ болса, биыл 60 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады.
Сайлауға кандидаттар саяси партиялар арқылы, әрі өзін-өзі ұсынғандар қатарынан сайланбақ. Жергілікті халық 200-ден аса сайлау учаскесі арқылы дауыс бере алады. Аталған учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да дауыс беру үшін жағдай жасалады, - дейді Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Ғалымжан Битұрсынов.