Халық санағына 18 күн қалды

Пятница, 13 Август 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1508 раз

xalyk-sanak

Елімізде халық санағының алғашқы – дайындық кезеңі маусым айында өтті. Онда санақшылар ресми санақ жүргізетін аумақты, тұрғын алаптарды есепке алды. Осылайша негізгі кезеңде санақ жүргізетін аумақтың көлемі анықталды.  Енді санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында болады.

Ал 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қала тұрғындары мен қонақтары, респонденттер өзі және отбасы мүшелері үшін Интернет желісі арқылы онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырып, барлық сұрақтарға жауап бере алады.

– Санақ парақтарына көрсеткіштерді енгізу үшін 2020 жылғы раундта халық санағы мен тұрғын үй қорын жүргізу жөніндегі Еуропалық статистердің конференциясының ұсыныстары негізге алынды. Сондай-ақ ТМД және ЕАЭО кеңістіктерінде 2020 жылғы раундтағы халықтың ұлттық санақтарын өткізу кезіндегі көрсеткіштерді айқындау тәсілдерін салыстыру мақсатында ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің әдіснамалық материалдары пайдаланылды, – дейді Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Меруерт Жаңабаева. – 2009 жылғы халық санағына қарағанда тілдерді меңгеру, неке жағдайы, бала туу және жұмыспен қамту сұрақтары кеңейтілді. Сондай-ақ, Вашингтондағы БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы бойынша жаңа сұрақтар енгізілді.

Мысалы, «Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі», «Тұрғын үй жағдайлары» сұрақтары бойынша санақ парақтары отбасының барлық мүшесіне толтырылады.  Яғни «Тұратындар және келушілер тізімі» дегенге елде тұрақты тұратын, уақытша болмағандар мен уақытша тұратындар және келушілерді қоса үй шаруашылығының құрамына кіретін респонденттер енгізіледі. Сондай-ақ шетелде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша 12 айдан кем жүрген респонденттер.

Ал, «Тұрғын үй жағдайлары» сұрағына әр үй шаруашылығының тұрғын үй жағдайларын сипаттайды. «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер» (шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары) шетелде тұрақты тұратын, бірақ уақытша еліміздің аумағында жүрген әр респондентке толтырылады.     
«Жеке» негізгі санақ парағы 9 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, жалпы сипаттамалар; этномәдени сипаттамалар; білім және сауаттылық; көші-қон; некелік жағдай; туу; жұмыспен қамтылу; күнкөріс көздері; тіршілік қызметінің шектеулері.

Санақ персоналы «Мемлекеттік статистикалық қызмет және сауда қызметін реттеу салаларындағы ұйымдардың басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР ҰЭМ министрінің бұйрығына сәйкес тартылады.

–Халық санағының 2-кезеңін өткізу кезінде Шымкент қаласы бойынша уақытша жұмысқа 1500-ге жуық адам жұмысқа тартылады. Ол үшін  жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар (жалпы орта білімі бар болуы жеткілікті) қойылмайды, планшетпен жұмыс жасай алатын болуы керек,- дейді М. Жаңабаева.

Үйіңізге санақшымын деп келген интервьюерде өзімен бірге мына заттардың болуына мән беріңіз: аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьеюр куәлігі болуы міндетті.

Сонымен бірге Халық санағының символикасы бар көк түсті мойын орағышы, Халық санағының символикасы бар көк түсті сөмкесі болуы шарт. 

Айта кету керек, бір интервьюерге орташа 833 адамды санаққа алу жүктеліп отыр. Уақытша жұмысқа ақылы негізде санақшы-интервьюерлер, аға-нұсқаушылар керек. Ол үшін Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментіне хабарласу қажет.

Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.