Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі өсті

Среда, 18 Август 2021 08:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1492 раз

auyl-sharuashylygy

Шымкенттік шаруалар жыл басынан бері  17,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 млрд. теңгеге артық.  Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі де былтырғыға қарағанда 14,5 млн. АҚШ доллары көлемінде артық табыс әкелді. Яғни, биыл 6 айда экспорттық көрсеткіш 70 млн. долларға жетті.

Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлады. Бүгінгі таңда мегаполистің агроөнеркәсіп саласында 6,6 мың адам жұмыс істеуде. Бір жұмысшының еңбек өнімділігі 2 млн. 12 мың теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығының бөлшек саудасынан түскен табыс 198,5 млрд. теңгеге жеткен.

Ал егін және мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласы мен инвестициялық субсидияны қаржыландыруға бөлінген 1358,8 млн. теңге қаражат 7 ай мерзімде толығымен игерілген. Мемлекет тарапынан төрт түлік малды, техника мен керекті жабдықтарды сатып алуға және лизингтік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 118 млн. теңге қарастырылған.

— Биыл 28,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 12,9 мың гектары дәнді дақыл, 3,8 мың гектары майлы дақыл, 8,9 мың гектары мал азығы, 3 мың гектары көкөніс пен бақша дақылдары және 0,1 мың гектары картоп. Жиын-терім барысында 11,2 мың тонна дәнді дақыл, 0,8 мың тонна майлы дақыл, 33,2 мың тонна көкөніс, 3,1 мың тонна картоп, 12 мың тонна мал азықтық дақылдар жиналды. Барлығын қосқанда жиналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 60,3 мың тоннаға жетті, - деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров.

Шымкентте 82,8 мың ірі қара, 113 мың қой мен ешкі, 14,8 мың жылқы, 975,6 мың құс бар. Есепті кезеңде 8,7 мың тонна ет, 26,3 мың тонна сүт, 77,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді, деп атап өтті жауапты басшы.
Биыл мегаполисте құны 9 млрд. теңгеге 1500 жаңа жұмыс орнын қамтитын, 25 жобаны іске қосу жоспарланған. Басқарма өкілінің айтуынша, солардың ішінде 14 жоба нақты қолға алыныпты. Соның нәтижесінде қала экономикасына 5,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 208 жаңа жұмыс орны ашылған. Аталған жобалар толық іске қосылған жағдайда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37 млрд. теңгеге артып, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші 3 млн. теңгеге артатын болады.

— Азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында қаладағы бірқатар ірі сауда дүкендері желісімен, азық-түлік базарлары және жергілікті тауар өндірушілермен екі жақты ортақ 25 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, бағаны тұрақты ұстау үшін «Magnum Cash&Carry» ЖШС-мен 1 млрд., «Грамад» сауда желісімен 800 млн., «Фиркан» сауда үйімен 300 млн., және «Hermes» ЖШС-мен 128 млн. теңгеге келісімшарттар түзіліп, айналымға тиісті қаражат берілді. Сонымен бірге бірінші сұрыпты ұн мен қалыпты бөлке нан бағаларының қымбаттап кетуіне жол бермеу мақсатында «TURAR» ЖШС-мен 505 млн., шекерге қатысты «Юпекс» ЖШС-мен 500 млн. және жұмыртқаға байланысты «Шымкент құс» ЖШС-мен 200 млн.теңгеге келісімшарттар жасалды, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан жеке кәсіпкер Момбетшеевке 200 млн. теңге көлемінде айналым қаражаты берілді. Ол бұл қаржыға қаланың сауда нүктелерін құны базар нарқынан төмен күнбағыс майымен қамтамасыз ететін болады. Өйткені ішкі нарықта күнбағыс майынының бағасы өсіп отыр. Бұған күнбағыс майын өндіруге қажетті шикізат бағасының қымбаттауы себеп деп түсіндіреді мамандар.

Бүгінгі таңда Президент тапсырмасымен қолға алынған «Егіс даласынан дүкен сөресіне дейін» жобасы аясында қалада 3 әлеуметтік дүкен ашылды. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәлімдеуінше биыл жыл соңына дейін қаладағы әлеуметтік дүкендер санын онға жеткізу жоспарда тұр.