Беліңнің мықтысы бір басыңа, еліңнің мықтысы бір ғасырға Избранное

Пятница, 20 Август 2021 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2704 раз

shymkent-isxakov 4

Үшінші мегаполисте инфрақұрылымды дамыту қала басшылығының күн тәртібінен түскен емес. Шымкентте халықтың саны көбейген сайын барлық салада жұмыс қарқыны арта бермек. Әсіресе, шаһар басшысының орынбасары Мақсұт Исахов жетекшілік ететін спорт, туризм, жол құрылысы, транспорт, цифрландыру, қала орта сапасы мен оны бақылау және еңбек инспекциясы салаларында тың өзгерістер байқалады. Оған біз БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында қанықтық.

 

Тойхананы спорт кешеніне айналдыруға мүмкіндік бар

Шаһар басшысының орынбасары Мақсұт Пернебайұлы бастаған топ алдымен  мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыру жобасына қамтылған бірқатар жекеменшік спорттық нысандарды аралады. БАҚ өкілдері, ең әуелі іріктеуден өткен білікті өнім берушілердің бірі «Эталон Клининг» ЖШС-де болды.

Кәсіпкер «STRONG» фитнес орталығын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуде. Спорт кешенінің жалпы ауданы 950 шаршы метрді құрайды. Кәсіпкер бокс және таэквондо спорт түрінен 160 балаға өтінім жолдап, осы жылдың 3 шілдесінен бастап мемлекеттік қолдау аясында балаларды жаттықтыруды бастаған. Қазіргі таңда 150 ата-анадан өтінім түсіп, келісімшарт жасалған.

– Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың мамыр айында «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға  artsport.edu.kz мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады. Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез келген спорт секциясына тегін бара алады, – деді М.Исахов.

Жаңа жобаға сәйкес ата-аналардан спорттың 71 түрі бойынша өтініштер қабылданады. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 25 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 20 кәсіпкер біліктілік іріктеуінен өтіп, оң шешім берілді. Бір кәсіпкердің өтінімі қаралуда, 4 кәсіпкердің өтінімі талапқа сай келмегендіктен кері қайтарылған. Қазір спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу спорты, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 3347 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биыл 339,8 млн теңге қаралып, 4096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндіктері бар.

Мақсұт Пернебайұлы ел президентінің балалар спортын дамыту бойынша берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отырған жобаға тойхана иелерін тартуды көздеп отыр. Кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп, құжаттарды талапқа сай қайта рәсімдеп аз-кем құрылыс жұмыстарын жүргізсе, мемлекет қолдауына ие болмақ. «Бұл ретте пандемия салдарынан қаңырап бос тұрған тойханалардың жұмысы қайта жанданар еді» дейді.

 

Жол құрылысы межелі уақытта аяқталады

Бұдан кейін баспасөз туры Терешкова көшесінен Бөгет кешесіне дейінгі аралықта жүріп жатқан құрылыс орнында жалғасты. Онда журналистерге Мақсұт Исахов  Қонаев даңғылы жалғасының құрылыс барысымен таныстырды. Аталған көше бойынша жөндеу жұмыстары 2020 жылдың қазан айында басталған. Шымкент қаласының маңызды көшесі саналатын бұл даңғылдың құрылыс жұмыстары «КазахДорСтрой» ЖШС-не жүктелген.

shymkent-isxakov 5

Үшінші кезеңнің жалпы ұзындығы 6 жолақты 0,561 шақырымды құрайды. Ал жолдың ені – 42 метр. Бүгінгі таңда 700 метр екі бағытты айналма темір жолын, 948 метр кәріз құбырын салу, 3,4 шақырым кабель желілері, 24 темір жол электр бағаналарын және 2 дана жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, темір жол өткелінің 24 дана свай құю, 60000м3 жер жұмыстары және 4 дана темір жол көпірінің негізін құю және 4 дана теміржол балкаларын орнату жұмыстары орындалған.

Қазіргі уақытта тіреу қабырғаларын құю мен инженерлік желілердің орнын ауыстыру, мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру сынды жұмыстар атқарылуда. Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысын журналистерге таныстырған қала әкімінің орынбасары М.Исахов Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сонымен бірге мұндағы жұмысшылардың қауіпсіздігі мен құрылыстың сапасы басты назарда екенін жеткізді. Ал жалпы бес кезең бойынша жол салу жұмыстарын келер жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

 

Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл серіктестік жасыл желектерді күтіп ұстау мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындарының бірі. Мұнда бас-аяғы 200-ге жуық жұмыскер еңбек етеді. Ұжымның Мақсұт Исаховпен кездесуінде еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайлардың алдын алу туралы ескерту берілді.

shymkent-isxakov 3

Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитарлық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені айтылды.

Баспасөз туры барысында төртінші билік өкілдері көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылатын жеделсатыны басқарма тарапынан сынақтан өткізіп есепке алу, мемлекеттік көрсетілетін қызметінің жұмысымен танысты. Бұл ретте журналистерге Тұран-2 шағынауданында орналасқан №7 үй лифтіне сынақ жұмыстарын жүргізу барысы көрсетілді. Мамандардың айтуынша, сынақ екі түрден тұрады. Ең бірінші статикалық кезеңінде жеделсатының орналасқан шахтасы, басқару орталығы, кабинаның техникалық сипаттамасы тексеріледі. Ал динамикалық кезеңде сынақ жұмыстары толық сатымен өтілгеннен кейін, жүк көтергіш механизмдері тексеріледі.

Шымкент қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінде орнатылған лифттердің саны бүгінгі таңда 401-ді құрайды. Оның 397-сі жұмыс істеп тұрса, қалған төртеуі істен шыққан. Яғни,  Тәуке хан көшесінде орналасқан
№29 үйдің 6 жеделсатысының 3-і, Ғ.Иляев бойындағы № 37 үйдің 2 лифттің біреуі істемейді. Ал, істеп тұрған 397 лифтінің  26-ның пайдалану мерзімі ұзартылған. Ол 3 жылға жарамды. Бұдан бөлек, қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде  66 лифт, білім беру басқармасына қарасты мектептерде 23 лифт, қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қонақ үйлерде 58 лифт жұмыс істейді.

 

Сапалы интернет 35 мың тұрғынға қолжетімді

Журналистер барған кезекті нысан Ақжайық шағынауданы болды. Онда БАҚ өкілдеріне «i-LinkNet» мекемесінің жоғарғы жылдамдықты талшықты оптика желісін тарту бойынша атқарылған жұмыстары баяндалды. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель жүргізілген. Ондағы өтініш қалдырған 500-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізіпті.

shymkent-isxakov 1

Сонымен қатар, инвестор компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартқаны айтылды. Басқарма басшысы Әсет Әбдірахановтың айтуынша, бүгінде аталған елдімекенде 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді. Аталған шағынауданның өтініш білдірген алғашқы 100 үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініштер қабылдану үстінде.

Тұрғындар тарапынан кеңжолақты интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер берілген жағдайда, компания тарапы шағынауданды толыққанды талшықты оптика желісімен қамтамасыз етпек. Алдағы уақытта «i-LinkNet» компаниясы  Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандарын талшықты оптика желісімен қамтылады.

 

Өнерлі әулеттің табысты бизнесі

Өзі жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ өкілдеріне таныстырған  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы мегаполистің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды да көрсетті. Журналистер баспасөз туры аясында «Алтын Орда» көркемсурет галереясын және Бейісбековтер әулетінің туындыларын тамашалауға арнайы барды.

shymkent-isxakov 2

Қазақ халқының қолөнері сонау ықылым заманнан бері, күнделікті жаңғырып, түрленіп жатқан өте бай қазына. Сол құндылықтың тамырын кең жайып, маңызын жоғалтпай дәріптеп келе жатқан жанұяның бірі – Бейісбековтер әулеті. Қолданбалы өнердің бірнеше түрін меңгерген Болат Бейісбеков бұл салада 30 жылдан аса еңбек етуде. Бүгінде шебер сүйген ісін кәсібіне айналдырып, жеке отандық брэнд қалыптастырып отыр. Ата кәсіптің негізін қалаған Болат Бейісбековтің жұбайы мен балалары да дәл осы сала иелері. Бір отбасындағы 7 жан киізден түрлі жасау жасап, түскиіз тоқып сонымен қатар ер-тұрман жасайды. Бұл орталық Шымкентке келуші отандық және шетелдік туристер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие.

Қиялы ұшқыр шебер отбасының туындылары қазақы салт- дәстүрді ұштастыра отырып жаңғыртуымен ерекшеленеді. Шеберлер отбасының қолынан шыққан ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлары қала тұрғындары һәм шаһар қонақтары тарапынан сұраныс жоғары. Ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп қалған қолданбалы өнерді насихаттаушы жандар журналистер қауымына көне бұйымдардың жасалу тәсілін  үйретіп, шеберлік сағатын да ұйымдастырды.

Болат Бейісбеков – халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері. Ол жасаған бұйымдар бүгінде Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінің көрме орталықтарында кеңінен танылып жүр. Қолынан іс келетін белгілі өнер иесі бойымыздағы қасиетімізді жастарға үйретіп кетсек деп отыр. Өнердің сан түрін меңгерген шеберлер отбасы ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлар көрмелеріне қатысып, бірнеше елдерді аралап келгенін айтады. «Жыл сайын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, өнерімізді дамытып отырамыз. Мемлекеттен қолдау болса, ісімізді одан әрі дамытатын едік» – дейді өнер иесі.
– Біз он жылдан бері осы орталық арқылы отбасылық кәсібімізді дамытып отырмыз. Бұл тек көркемсурет галлереясы ғана емес,  нағыз шығармашылық шабыттың бастау алатын ордасы деп айтқан болар едім. Мегаполистің туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Бұл ретте біз секілді қолөнершілер мен суретшілердің идеяларын да бір жоба ретінде қабылдаса болады. Алға қойған жоспарларымыздың бірі үлкен өнер үйін салу, – дейді Б. Бейісбеков.

БАҚ өкілдері аралаған соңғы нысан «Арбат» демалыс орыны болды. Онда журналистерге Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров туристік полиция бекетінің жұмысымен таныстырды. Бұл бекет жан-жақтан келген туристерге қала туралы ақпарат беріп, бағыт бағдар көрсететін ақпарат орталық десек те болады.