Версия для печати

Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың Избранное

Пятница, 24 Сентябрь 2021 04:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1931 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымшаһарда шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Карантин тұсында тұралап қалмай, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелетіп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де бар. Жыл басынан бері қалада жалпы несие сомасы 43,4 млрд теңгені құрайтын 920 жоба субсидияланған. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында айтылды.

Қордың аймақтағы бөлімі директорының орынбасары Мұғасан Қаңлыбаев кәсіпкерлерді қаржылай қолдау нәтижелері туралы баяндады. Спикердің айтуынша, қаладағы бірқатар кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, тауар өңдеу және сауда-саттық саласы басым. Мұғасан Нұрмаханұлы кәсіпкерлердің кредиттерін субсидиялау бойынша сомасы 43,4 млрд теңге болатын 920 жобаға келісімшарт жасалғанын айтты. Ішінара кепілдіктердің де көбеюі байқалады. 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 10,8 млрд теңге болатын 732 жобасы қолдау тапты.

enbek-kozi-01

– Коронавирус пандемиясы барлық салаға, соның ішінде кәсіпкерліктің дамуына біршама кері әсер етті. Үкімет бизнесті қолдау және сақтап қалу бойынша бірқатар шара қабылдады. Төтенше жағдай кезінде «Даму» қоры да жұмыс бағытын біраз өзгертті. Өткен жылдың 16 наурызы мен 2021 жылдың 1 қыркүйегі аралығында «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиеге кепілдік беру, мемлекеттік және жеке бағдарламалар аясында қаржыны шарттасып орналастыру құралдары арқылы шамамен 500-ге жуық кәсіпкерге қолдау көрсетті. Кәсіпкерлердің ішінде жастар мен іскер әйелдердің де үлесі біршама артты, – дейді ол.

 

Қор қаржысы – мектепке демеу

Баспасөз туры аясында бас сұққан алғашқы нысан «Жас-Дарын–2» бастауыш мектебі болды. Тұран шағынауданында ашылған білім ұясы 300 оқушыға лайықталған.

enbek-kozi-02

Жеке кәсіпкер Гүлнара Ендібайқызы қордан алынған 38 млн теңгені мектептің асханасы мен жабық спорт алаңын салуға жұмсағанын айтады. Ал қалған қаржы білім ұясының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жаратылған.

– Үш қабаттан тұратын ғимаратты салу оңайға соқпады. Құрылыс жұмыстары үш жылдай жүргізілді. Қаражат жетпейтін болғандықтан, «Даму» қорына жүгіндік. Сұранысқа сай қаржы бөлінді. Ол ақшаға жабық спорт алаңын салдық. Асханаға қажет жабдықтар алынды. Интерактивті тақталар, компьютерлер сатып алдық. Бұл жаңа оқу жылында жұмысымыздың басталуына үлкен септігін тигізді, – дейді кәсіпкер.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Пернебай Балабекұлының айтуынша, 12 сынып және бір мектепалды дайындық тобында 250 оқушы бар. Оның ішінде 70-ке жуық бала ақылы негізде ұзартылған күн тобымен қамтылған. Жекеменшік мектепте бүгінде 30-ға жуық қызметкер жұмыс істейді.

 

Медицианалық орталыққа кепілдік ұсынды

«Alýa Med» медициналық орталығы «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың нәтижесінде «Сбербанк» АҚ ЕБ-нен инвестициялық мақсатта (құрал-жабдық сатып алуға) жылына 15%-бен несие алған. Оның 9%-ын «Даму» қоры субсидиялауда. Сондай-ақ, «Даму» қоры кепілзат жетпеген кезде өз кепілдігін ұсынған.

enbek-kozi-03

Көпсалалы медициналық орталықта диагностика бөлімшесі (зертхана және сәулелік диагностика), күндізгі және тәуліктік стационар, оперблок пен реанимация, педиатрия, емхана, стоматология жұмыс істейді. Медицина саласының барлық салалық дәрігерлері пациенттерге кеңес беруге дайын. Ал кепілдендірілген тегін көмек пен медициналық сақтандыру пакеттері аясында 4 мыңнан астам тұрғын емханаға тіркелген.

– Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған медициналық орталық ішінде барлық сала бойынша диагностика жүргізіліп, емдеп, аурудың алдын алуды қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қағидаты бойынша құрылған. Клиника әр түрлі бағыттағы кәсіби мамандарды жұмысқа шақырған. Олар медициналық қауымдастық пен пациенттер арасында сенімге ие мамандар. Біздің миссиямыз – сапалы медициналық қызмет көрсету. Бірақ, бұл жаңа технологияларды енгізусіз, заманауи жабдықтарсыз мүмкін емес. Медициналық құрылғыға қол жеткізу үшін біз «Даму» қорына жүгіндік, – деді бас дәрігер Мұрат Тоқмұрзаев.

 

Жаңа цех 1 млн өнім өндіруге қауқарлы

БАҚ өкілдері жылына 10 миллион консерві өнімін шығаратын зауыттың да жұмысымен танысты. «Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны – 350 млн теңге, сондай-ақ мемлекеттен 70 млн теңге субсидия берілген. Мұнда тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады.

enbek-kozi-04

Серіктестік жанында 5 гектар қарқынды жүзім плантациясы мен 1 гектар жылыжай кешені бар. Зауытта шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ, түрлі салаттар сынды басқа да өнімдер шығарылады.

– «Дары Сайрама» ЖШС жұмысын 2015 жылы бастады. Осы уақыт ішінде өзімізде өндіретін консерві түрін көбейттік. Кәсіпорын бүгінде 32 өнім түрін шығарады. «Forte Bank» АҚ-нан 14%-бен несие алдық. Несие «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы аясында субсидияланып, қазір кәсіпорын төлейтін мөлшерлеме 6%-ды құрайды. Бұл қаржының көмегімен 2017 жылы Италия, Түркия, Болгарияда құрастырылған озық қондырғылармен жабдықталған жаңа цехты іске қостық. Жаңа желі сағатына алты мың банка өнім шығара алады. Ыдысты жергілікті шыны өндірушіден сатып аламыз. Қоймадан барлық дайын өнімді көтерме саудагерлер қабылдап алып, бүкіл Қазақстан аумағына жеткізеді. Сұраныс, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінен көп түседі. Пандемия басталғалы жұмысымыз аздап тұралап қалған. Қазір тапсырыстар қайта түсіп, жұмыс қыза түсуде. Өнімдер жергілікті нарықта сұранысқа ие, – дейді зауыт директоры Мамыржан Сарманбайұлы.

«Жақсыны – көрмекке» демекші, осы іс-шара барысында көптеген кәсіпорынның бұл қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Сондай-ақ, өз ісін бастаймын деп жүрген жандар үшін пайдалы тәжірибе болды десек, артық емес. Қай жағынан алып қарасақ та бұл бағдарламалардың ұтымды тұстары баршылық. Тек соны белгіленген заң аясында, үлкен сеніммен, табандылықпен іске асыра білу қажет. Ал ондай іскер адамдардың мегаполистегі саны бүгіннің өзінде аз емес.

Последнее изменение Пятница, 24 Сентябрь 2021 04:53