Версия для печати

#24 Шымкент – отандық фармацевтиканың тірегі

Среда, 06 Октябрь 2021 05:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3836 раз
Оцените материал
(0 голосов)

otandyk-farmaseftika

Мемлекеттің толық егемендікке ие болуында экономикалық тәуелсіздіктің маңызы зор. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнбеуі үшін отын мен жанар-жағармайдың, жалпы, энергияның кемінде 70 пайызы, азық-түліктің 50 пайызы және жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен дәрі-дәрмектің 30 пайызы өз елімізде өндірілуі шарт. Демек, фармацевтика – экономикадағы стратегиялық маңызға ие сектордың бірі. Бұған коронавирус пандемиясы кезінде тағы бір рет көз жеткіздік. Әлемдегі дәрі-дәрмек жасауға қажет шикізаттың 90 пайызын шығаратын екі мемлекет – Қытай мен Үндістан шекараларын жауып, ішкі қажеттілігін өтеу үшін аса зәру препараттардың экспортына тыйым салған кезде бүкіл дүниежүзінің фармацевтика өнеркәсібі қиын жағдайға тап болды.

Қазақстан фармацевтикасы – салыстырмалы түрде жас сала. Шымкентте «Химфарм» кәсіпорны кеңестік кезеңнен бері бар дегенімізбен, 2010 жылға дейін бұл сектордағы өндіріс көлемі өте мардымсыз болатын.

guldaria– 2010 жылы Үкімет Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдап, онда фармацевтика басымдыққа ие салалардың бірі ретінде белгіленді. Ол кезде елімізде бар-жоғы 8-10 миллион АҚШ долларының дәрі-дәрмегі өндірілетін еді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылы бұл көрсеткіш 225 миллион АҚШ долларына (шамамен 100 миллиард теңгеге жуық) жетті. Республика бойынша фармацевтика өнеркәсібінде 168 кәсіпорын бар. Оның үшеуі ірі кәсіпорын. Олар: «Химфарм», «Абди Ибрахим Глобал фарм» және «Нобел АФФ» компаниялары. Мұнан бөлек 11 орта және 154 шағын кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындарда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді, – дейді «ФармМед Индустрия» қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева.

Айта кетейік, отандық фармацевтика нарығының сұранысы 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына тең. Басқаша айтсақ, Қазақстан халқы жыл сайын осынша ақшасын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға жұмсайды. Жоғарыда айтылған 168 кәсіпорын бүгінде соның 15 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қалған 85 пайызы шет мемлекеттерден импортталады. Отандық фармацевтика өнеркәсібіндегі компаниялардың алдында осы көрсеткішті 30 пайыздан асыру міндеті тұр. Осынау асқақ мақсатқа жылдан жылға жақындап келе жатырмыз әрі бұған шымкенттік компаниялардың үлесі зор.

Атап айтқанда, Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамының бір өзі бүкіл республикада шығарылатын дәрі-дәрмектің 45 пайыздан астамын өндіреді. Яғни, шымкенттік кәсіпорын – республика нарығындағы талассыз көшбасшы. Тарихы 140 жылға таяп қалған көне кәсіпорынның жаңа тарихы 2011 жылы басталды десек, қателеспейміз. Себебі, сол жылы Шымкентке «Polpharma» компаниясы инвестор ретінде келді. 2011-2013 жылдары тартылған инвестицияның есебінен фабриканың инфрақұрылымы жетілдіріліп, электрлі жүйелері жаңартылды, жаңа қазандық салынған. Одан кейінгі 2 жылдың ішінде микробиологиялық зертхана мен ампулдық-инфузиондық цех жаңғыртылып, жаңадан қосымша ампулдық цех салынды. Ал 2016-2018 жылдары ұнтақты антибиотиктерге арналған асептикалық қоспалар цехы, жаңа инфузиондық желі, қатты және сұйық преоралдық дәрілік заттар цехтары мен жаңа қойма салынды. Бұл цехтар мен зертханалардың барлығы GMP халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Айта кетейік, жоғарыда айтылған жобаларға «Polpharma» компаниялар тобы 108 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған.

Бүгінде «Santo» сауда белгісімен танылған кәсіпорын жыл сайын 193,8 млн инъекциялық ампула, 2,6 млн инфузиялық флакон, стерильденбеген сұйық пероралды дәрілік заттардың 7,7 млн флаконын, цефалоспортин қатарындағы антибиотиктердің 35,4 млн флаконын, пенема/мицин қатарындағы антибиотиктердің 14 млн флаконын, тікелей престеу әдісімен жасалған 518 млн таблетка және ылғалды түйіршіктеу әдісімен 135 тонна таблетка өндіреді. Компанияның өндірістік портфелінде терапияның әртүрлі салаларында ауруларды емдеуге арналған 12 фармакотерапиялық топтағы 240-тан астам препарат бар.

«Polpharma» компаниялар тобы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Бүгінде 2020-2022 жылдарға арналған жаңа инвестициялық жоба қарқынды жүзеге асып жатыр. Ол «Химфармның» базасындағы барлық зертханаларды модернизациялауды көздейді. Бұл мақсатқа инвесторлар қосымша 38 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсауда.

Компания – Қазақстанның фармацевтикалық индустриясындағы ең ірі жұмыс беруші. Онда 1200-ден астам адам еңбек етуде. Зауыт қызметкерлері Польша және басқа да Еуропа елдерінде біліктілігін арттырып отырады. Яғни, бұл компания Шымкентте халықаралық еңбек нарығының талаптарына сай келетін білікті мамандардың үлкен шоғырын қалыптастырып отыр.

Өткен жылы коронавирус пандемиясы шарықтау шегіне жетіп, адамдар вирусты пневмонияның салдарынан жансақтау бөліміне жиі түсіп жатты. Сол кезде өкпеге жасанды тыныс беру аппараттарын өндіруді қолға алған Шымкенттегі «Қазмедприбор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Бұл – қаламыздағы фармацевтика индустриясының тағы бір ірі өкілі.

kanybek-kanatbekuly

– Медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар өндіру бойынша Қазақстанда біздің компаниямен бәсекелесетін кәсіпорын жоқ десек те болады. Өткен жылдан бері күніне 20-25 ИВЛ аппараттарын жасап шығарудамыз. Сонымен қатар біз турбо қондырғысы бар ИВЛ аппараттарын, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар мен ИВЛ аппараттарын және шприцті насостарды өндіре бастадық. Жалпы, біздің кәсіпорында медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдардың 300-ге тарта түрі өндіріледі. Оның ішінде қарапайым медициналық халаттардан бастап, жоғары технология бойынша жұмыс істейтін жылжымалы рентген аппараты мен УДЗ аппараттарына дейін бар. Бізде жасалатын ультра-дыбыстық зерттеу аппараты бір мезетте үш түрлі міндетті атқарады. Ол адамның жүрегі мен ішкі органдарын диагностикалауға, ананың құрсағында жатқан шарананың жүрек қағысы мен дамуын бақылауға мүмкіндік береді, – дейді «Қазмедприбор» ЖШС директоры Қаныбек Қанатбекұлы.

Оның айтуынша, 2013 жылы іске қосылған кәсіпорынға мемлекет жан-жақты қолдау көрсеткен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өндіріс көлемі 4 есе артқан. Осы күнге дейін «Қазмедприбор» компаниясы 50 мың дана медициналық қондырғы, 150 мың дана медициналық жиһаз жасап, 1 мың жедел жәрдем автокөліктерін құрастырып шықты. Егер сұраныс болып жатса, компания жылына 1 мың жедел жәрдем көлігін шығаруға дайын.

Компанияның өнімдері республиканың барлық облыстары мен қалаларына жөнелтіледі. Қала берді шет мемлекеттерден де тапсырыс берушілер аз емес екен.
Қаныбек Қанатбекұлының айтуынша, жақында ғана Өзбекстан мен Қырғызстанның әрқайсысына 50 дана өкпеге жасанды тыныс беру аппараты жөнелтілген.

DSC 3543

Фармацевтика – жоғары технологиялар мен инновацияның қайнар көзі. Ғалымдар ем тиімді болуы үшін дәрі-дәрмекті жылдан жылға жетілдіріп келе жатыр. Әрі оның ағзаға кері әсерін азайту да маңызды міндет. Осының бәрін ескерсек, фармацевтика – ғылыммен тығыз байланысты, үнемі ғылыми ізденістер мен зерттеулер жүргізуді талап ететін сала. Демек, бұл саланың дамуы отандық ғылымның дамуына, елімізде ғылымға негізделген, ғылымға арқа сүйейтін экономиканың қалыптасуына да ықпал етеді. Өнеркәсіптің осынау маңызды секторының біздің қалада шоғырланып, осында дамуы – Шымкенттің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген үлкен жетістігі. Бұл, тіпті, шырайлы шаһарды елдегі ғылым-білім мен инновацияның, капитал мен өнеркәсіптің маңызды орталығына айналдыратын фактор десек те қателеспейміз.

Последнее изменение Среда, 06 Октябрь 2021 05:25