«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» – ұлттың идеологиялық құжаты Избранное

Среда, 13 Апрель 2022 03:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1520 раз

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылып жатқанына 5 жыл толды. Осыдан тура бес жыл бұрын – 2017 жылдың 12 сәуірі күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бағдарламаны мақала ретінде жариялаған болатын. Осыған орай Шымкентте бағдарламаның жүзеге асырылуына атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

154

 

«Әл-Фараби» атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өткен жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов, басқармаға қарасты «Рухани жаңғыру» бөлімінің жетекшісі Зәуре Оралбаева, зиялы қауым өкілдері мен түрлі басқармалардың, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, оқушылар қатысты.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аты айтып тұрғандай, ең алдымен, отандастарымыздың рухани дамуына бағыт беріп, ел өмірінің мәдени саласын дамытуға үлкен сеп болды. Дегенмен, бағдарлама бұл бағыттармен шектеліп қалмай, Қазақстанның дамуының барлық саласын қамтыды деп сеніммен айта аламыз. Себебі, рухани тұрғыдан дамып, жан-жақты жетілген адам өз ісінің маманы атанып, жауапкершілігі артатыны белгілі.

Бағдарламаның жүзеге асуында жұмыс атқарып жатқан баршаңызға алғыс айтамыз. Биыл қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қадағалуымен бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады, – деді басқарма басшысы Мұратжан Шотанов.
Жиынға қатысушылар осынау бес жылдықта көп жұмыс атқарылғанын, әр өңірде нақты жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асыруда қазақстандық бизнес өкілдерінің да үлесі мол. Меценаттық, демеушілік көрсету, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесу, туған жеріне, ауылдарына көмектесу кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын білдіреді. Әсіресе, пандемия кезінде мыңдаған отбасыларды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтуда азаматтық танытқандар көп болды.
Мұндай ізгі істерге еріктілер де қосылды. Бағдарлама аясында әр жылы кезең-кезеңімен өтетін «Жомарт жүрек» номинациясы байқауына қатысуға ниет ететіндер, қызығушылық танытатындар жылдан-жылға көбейіп отыр. 2020 және 2021 жылдары Шымкент қаласынан республикалық байқау номинациясында барлығы 6 меценат жеңімпаз атанған.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл кез келген азаматтың санасының ашықтығы. Азаматтардың бәсекеге қабілетті болуы, білімнің салтанат құруы. Білімдар қоғамды қалыптастыруға ұйытқы болатын бағдарламада үш бағыт бойынша 17 арнайы жоба жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – тұлғалық даму. Ол білімнің салтанат құруы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы секілді принциптерді қамтиды. Екінші бағыт – ұлттық бірегейлік және халықаралық позициялау. Үшінші бағыт – мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы, яғни, мемлекеттің революциялық емес, эволюциялық дамуы. Оның ішінде халықтың құқықтық мәдениетін арттырудан бастап цифрлық сауатты дамытудан коммуналды шаруашылықты дамытуға дейінгі түрлі салалар қамтылады. Мысалы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын 9 күндік іс-шарамен өткізуді де «Рухани жаңғыру» кеңсесі ұсынды. Ал Шымкенттегі тарихи орындарға апаратын жолды жөндеу, нұсқаулықтарды орнату, саяхатшыларға сол орындарды тез табуға жағдай жасау да осы «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында жүзеге асты. Коммуналды шаруашылық саласын да қамту деген – осы. Осылайша әрі Шымкенттің туристік әлеуеті дамиды, әрі тарихи орындарға назар аударылады. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген іс-шараларды халықтық сипатқа бейімдеуді көздейді. Біз түрлі басқармалардағы жауапты мамандарға семинар, іс-шараларды жаңаша сипатта өткізуге ұсыныстар береміз. Жалпы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты – ұлтты ұйыстыру, қазақстандықтардың бірлігін арттырып, қоғамның ескіден арылып, жаһандық үдерісте ұлттың кескін-келбетін сақтау, – деді Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева.
Бағдарламаның жобалары мен бағыттарына тоқталсақ, 2019 жылы Шымкент қаласында меценаттар мен демеушілер есебінен құны 3 миллиард 358 миллион теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды. Олардың арасында коррекциялық екі балабақша, жаңадан қосылған елді мекендерде ашылған 3 бөбекжай-балабақша, екі мектеп, заманауи автотұрақ, мектеп жанынан ашылған ерекше балаларға арналған орталық бар.
2020 жылы демеушілік, меценаттық бойынша жалпы сомасы 2 501 900 000 теңгеге әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу және қайырымдылық шаралары іске асырылды. Салынған, жөнделген әлеуметтік маңызы бар нысандар арасында көп қабатты үйлер, аулалардағы балалар алаңшалары, Сүгір баба ескерткіші, ҰОС ардагерлері мен батырларын еске алуға арналған ескерткіш, спорт алаңшалары, сонымен қатар, пандемия кезінде тұрмысы төмен отбасыларына, аз қамтылған жекелеген азаматтарға қаржылай, азық-түлік, дәрі-дәрмек түріндегі көмек көрсету шаралары бар.
Ал 2021 жылы қаламызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 534 іс-шара өткізіліп, онда жалпы саны 412 мыңдай астам адам қамтылды. 64 пайызы – оффлайн, 36 пайызы онлайн форматта өткен іс-шаралар негізінен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Сондай-ақ, «Қайырымды істер марафоны» акциясы аясындағы іс-шаралар жүйелі жалғасты.
– Біз республикалық үздік жобалар жинағына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкентте жүзеге асырылған бірнеше жоба енгенін қуанышпен айта аламыз. Олар – қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының Абайдың 175 жылдығына арнаған «Абай даналығы – халық мұрасы» композициялық кеші, «Экосана» тазалық жобасы және «Шымкент жастар лигасы» жобасы. Жастарымыз осы бастама арқылы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына үн қосты, тазалықтың тек көктемде емес, күнделікті маңызды екеніне назар аударды. Мұндағы мақсат тазалық ойдан, санадан басталса, қоршаған орта да жақсара түсер еді деген тәмсілді меңзейді. Бағдарлама аясында қалада биыл да көптеген іс-шара жүзеге асырылуда. Мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз айларында Шымкентте «Кітап оқитын мектеп», «Әдеп және эстетика негіздері», «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберіндегі іс-шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, ақпанда қала мектептерінде «Шымкент жастар лигасы» жобасы басталды. Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Оқушылар мен студент жастардың пікірсайыс қозғалысы» жалпы ұлттық мәдени-білім беру жобасы аясында дебаттық турнирлер басталды. Жыл басынан бері түрлі бағытта ұйымдастырылып жатқан шараларда 46 мыңнан астам адам қамтылған, – деді Зәуре Әбдіхамитқызы.
Жиын соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына үлес қосып келе жатқан түрлі басқармалар, оқу орындары мен мекемелердің өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, биыл ҚР Премьер-министрінің өкімімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022–2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Құжат негізінде Шымкент қаласында бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған 2022-2024 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспары бекітілді. Қоғамдық маңызы бар іс-шаралар 3 бағытты қамтиды және ақпараттық қолдау іске асырылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.