ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІНЕ АЙНАЛА АЛА МА? Избранное

Среда, 13 Апрель 2022 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1548 раз

Мемлекеттің қуаты да, дамудың қозғаушы күші де – адамдар. Иә, Сіз бен біз елдің байлығымыз. Сіздің адалдығыңыз, еңбекқорлығыңыз, белсенділігіңіз, біліміңіз бен біліктілігіңіз, жақыныңызға жасаған қамқорлығыңыз бен айналаңызға төккен мейіріміңіз, ал, ең бастысы, Сіздің өзіңізге, жақсылыққа және болашаққа деген сеніміңіз – Қазақ-станның нағыз байлығы осылар. Көптің бойындағы осындай ізгі қасиеттер топтаса келіп кәдімгі алып күшке, сарқылмайтын мол энергияға айналады. Егер осының бәрі болмаса, Қазақстанның қазба байлықтарының да, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің де мәні болмайды.

160

 

Соңғы жылдары сондай белсенді азаматтардың арқасында елімізде азаматтық қоғам қалыптасып, ол көптеген проблемалардың шешілуіне ықпал етіп, ел дамуының бастауына айналып келеді. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтай құрылып, оның жергілікті жердегі құрылымы ретінде қоғамдық кеңестердің рөлінің артуы елдегі азаматтық қоғамның дамуын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Қазір Президенттің бастамасымен халқымыз жаңа Қазақ-станды құруды қолға алып жатыр. Елде түбегейлі өзгерістер жасап, ашық әрі әділетті қоғам орнату үшін биліктің халықпен, азаматтық қоғаммен қарым-қатынасы өзара сенімге негізделуі тиіс деп ойлаймыз. Осы орайда, қоғамдық кеңестердің маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Қоғамдық пікір көшбасшыларынан, белсенді азаматтық ұстанымға ие тұлғалардан құралған бұл инстиут тұрғындарды мазалайтын мәселелерді, жергілікті жердегі кезек күттірмейтін проблемаларды биліктің назарына салып отырады. Сол арқылы халықтың жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуге, маңызды шешімдер қабылдау процесіне ықпалын арттырады. Яғни, қоғамдық кеңес елімізді одан әрі демократияландыру мен әлеуметтік әділеттілік орнатуға қомақты үлес қоса алады деген сөз.
Жақында Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жасақталғаны белгілі. Оның құрамында қоғамның әртүрлі топтарының өкілдері, жасы үлкен, тәжірибелі азаматтар да, орта буын өкілдері де, белсенді жастар мен әйелдер де бар. Оған қоса бұл жолы Қоғамдық кеңестің құрамын жасақтауда бірқатар ерекшеліктер болғанын айта кеткен жөн.
Біріншіден, заң бойынша қала әкімінің қоғамдық кеңестің құрамына 7-8 адам ұсынуға құқығы бар еді. Әкім бұл өкілеттілігінен бас тартты. Екіншіден, әдетте қоғамдық кеңестің құрамына мәслихат депутаттары енетін еді. Бұл жолы мәслихат та одан бас тартып отыр.
Біздіңше, бұл – өте орынды шешімдер. Себебі, осының арқасында қоғамдық кеңес жергілікті атқарушы және өкілетті биліктен мейлінше тәуелсіз, дербес институт ретінде қалыптасты деуге болады. Бұл оның ашықтық пен жариялылық қағидаларын басшылыққа алуына, нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал етері сөзсіз.

161


Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында кеңестің ережесі бекітілді. Жаңа ережеге сәйкес, кеңес төрағасы әр тоқсан сайын ротация тәртібімен ауысып отырады. Алғашқы төрағасы болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тәжірибелі азамат Шалатай Мырзахметов сайланды.
Сонымен бұл институттан не күтуге болады? Елдің жаңаруы мен жаңғыруында бұл кеңес қандай рөл атқармақ? Қоғамдық кеңес жұмысы нәтижелі болуы үшін қандай мәселелерге назар аударғаны жөн? Біз Қоғамдық кеңеске мүше болып сайланған бірқатар белсенді азаматтармен осы сауалдардың төңірегінде пікір алмасқан болатынбыз.
Қоғамдық кеңеске мүше болып сайланғандардың бірі – қаламызға белгілі журналист, қоғам белсендісі Бейсенкүл Нарымбетова. Ол «Серпіліс» атты қоғамдық бірлестіктің жетекшісі.
–Қазақстандық қоғам ел тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын. Қазір азаматтық қоғам институттарының белсенділігі артып, тез дамып келе жатыр. Менің ойымша, оның даму қарқынына биліктің өзі ілесе алмай отыр. Бизнес те, үкіметтік емес ұйымдар да нақты мәселелерді тиімді шешуге, жекелеген салаларды, тіпті елді дамытуға бағытталған жобаларды ұсынып жатыр. Бірақ, солардың көпшілігі билік тарапынан қолдау таппайды, – дейді Б.Нарымбетова. –Бір ғана мысал айтайын, «Білім айнасы» атты республикалық газеттің ұйытқы болуымен балабақшаларға арналған «Шашу» атты бағдарлама әзірленген. Ол баланың танымын әбден зерттеп, оның қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған. Балабақшадағы оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруға, бүлдіршіннің бойына ерте жастан ұлттық және адамгершілік құндылықтарды сіңіруге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама. Білім және ғылыми министрлігінің сараптамасынан өтіп, лицезия берілген. Соған қарамастан өңірлердегі білім басқармалары ол бағдарламаны балабақшаларға енгізуге асықпай отыр. «Білім айнасы» газетінің редакторы
Қуантай Амантайұлы әр өңірге өзі барып, шырылдап жүр. Егер сол бағдарламаны қоғамдық бірлестік емес, министрліктің өзі әзірлеген болса, ол балабақшаларға тез-ақ еніп кетер еді. Айтайын дегенім, көп жағдайда билік азаматтық қоғам институттарымен әріптестік орнатып, тең дәрежеде жұмыс істеуге дайын болмай отыр.
Б.Нарымбетованың айтуынша, қоғамдық кеңестің жұмысы нәтижелі болуы үшін жергілікті билік орынды сынды қабылдап үйренуі тиіс.
–Жергілікті билік бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жарияланған материалдарға, жалпы қоғамда айтылатын пікірлерге тек «позитив» пен «негатив» деп қана қарайды. Иә, кейде адамның жеке басына тіл тигізетін немесе өзінің жеке мүддесін қорғау үшін шу шығаратындар да кездесіп қалады. Ел болған соң көпшіліктің арасыннан ондайлардың да шығуы заңдылық. Бірақ, біздегі билік қоғамдағы өткір проблемаларды ашып айтқан, тұрғындардың жанайқайын жеткізген азаматтардың да пікіріне «негатив» деп қарайтынын байқаймыз. Биліктегілер дүниенің бәрін ақ пен қара деп қана бөлмей, орынды, конструктивті сынды қабылдауға дағдыланса ғана азаматтық қоғам инстиуттары пайдалы болады. Сонда ғана Қоғамдық кеңестің жұмысы нәтижелі болмақ, – дейді ол.
Журналист қоғамдық кеңестің мүшесі атану өзінің мойнына зор жауапкершілік жүктейтінін де жақсы түсінеді. Сол себепті бұл қызметке көбірек уақыт бөліп, өзінің біліктілігі мен тәжірибесіне сүйене отырып қызмет атқаруға әзір. Ол алдағы қызметінде экология мәселелеріне басымдық беруді көздеп отыр.
–Шымкент жылдан жылға үлкен қалаға айналып келеді. Өндіріс орындары да, автокөліктер де көбейіп келеді. Мұндайда ауаның ластануының алдын алу, қоршаған ортаның тазалығын сақтау бірінші кезектегі мәселеге айналуы тиіс. Біздің қалада жыл сайын қаншама ағаш көшеттері егіледі. Оған бюджеттен қыруар ақша жұмсалады. Өкінішке қарай, егілген ағаштың көбі жыл айналмай қурап қалады. Бұл проблема талай жылдан бері айтылғанымен, әлі шешімін таппай келеді. Қазір қала әкімдігі Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастырамыз деп қамданып жатыр. Ертең ол ағаштар да қурап қалып есіл еңбек пен қыруар қаржы желге ұшпауы үшін бұл мәселені біраз зерттеу керек шығар. Проблеманың неде екенін анықтап, оны болдырмаудың әрекетін жасасақ, Шымкентті шын мәніндегі жасыл қалаға айналдыра аламыз, – дейді Б.Нарымбетова.
Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Азат Әміртайдың айтуынша, егер тиімді пайдалана білсе, бұл кеңестің қолында жергілікті биліктің шешімдеріне ықпал ететін күшті тетіктер бар.
–Әкімдіктің кез келген бастамасы, қаулысы немесе басқадай іс-әрекеті заңды болуы үшін оны өкілетті билік, яғни, мәслихат қарап мақұлдау, тиісті шешім шығаруы керек. Ал, сол мәселелер, сол шешімдердің жобасы мәслихаттан бұрын қоғамдық кеңестің қарауына ұсынылады. Егер әкімдіктің өзінің немесе жеке бизнестің, инвесторлардың мүддесіне сай, бірақ, қала тұрғындарының мүддесіне қайшы келетін, қоғамның наразылығын тудыруы мүмкін шешімдер қабылданғалы жатса, қоғамдық кеңес ондай шешімдерді тіпті мәслихаттың қарауы жеткізбей қайтарып жібере алады. Сондай-ақ, кейбір проблемаларды шешу үшін қабылданатын шаралар жеткіліксіз, ол мақсатқа бөлінетін қаржы мен өзге де ресурстар тым аз болуы да ықтимал. Мұндай жағдайда да қоғамдық кеңес тиісті құжатты түзету, толықтыру үшін кері қайтара алады, – дейді ол. –Менің ойымша, қоғамдық кеңестің беделі артып, жұмысы нәтижелі болуы үшін осы құзіретімізді батылырақ, белсендірек қолдануымыз керек. Әрине, бұл әр бастамаға қарсы шығып, кез келген мәселеде шу шығарып, әкімдіктің жұмысын қиындату деген сөз емес. Қоғамның пікірін, тұрғындардың мүддесін басшылыққа ала отырып, объективтіліктен айнымай жұмыс істеуіміз керек.
Азат Әміртай – Шымкент қаласының «I-komek 109» ситуациялық орталығының басшысы. Бұл орталыққа шымкенттіктер күні-түні хабарласып, арыз-шағымдары мен өздерін мазалайтын мәселелерді айтып жатады. Яғни, А.Әміртай қала тұрғындарын қандай мәселелер мазалайтынын ең жақсы білетін азаматтардың бірі десек артық айтқандық емес. Ол өзінің осынау тәжірибесін қоғамдық кеңестегі қызметінде кеңінен пайдалануға ниетті.
–Шымкент қаласының тұрғындарын ең жиі мазалайтын мәселелер жол, ауыз су, электр қуатының сапасыздығы мен көшелерді жарықтандыру секілді мәселелер. Иә, қазіргі таңда әкімдіктің бұл мәселелерді
2025 жылға дейін жүйелі түрде шешуге бағытталған жоспары бар. Біздің міндетіміз сол жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын қадағалау болмақ. Оның сыртында кейде бір шағын аудандағы жолдар 10 жыл бойы жөндеу көрмейді де, бүтін тұрған кейбір жолдарға 2-3 жыл сайын жаңа асфальт төселе береді. Сол қаржыны әбден тозығы жеткен жолдарға жұмсауға не кедергі? Қала тұрғындары бұл мәселені жиі айтып жүр, – дейді кеңес мүшесі.
Оның айтуынша, бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін мұндай мұндай қисынсыздықтар жинақталып-жинақталып келіп халықтың билікке деген сенімінің азаюына, қоғамдағы наразылықтың өршуіне әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай проблемаларға ұсақ-түйек деп қарамай, дер кезінде шешіп отырған жөн.
–Наурыз айында тоқтаусыз жауған жаңбыр Шымкенттегі үлкен проблеманың бетін ашып көрсетті. Бүкіл қаланы қамтитын тұтас ирригациялық жүйе жоқ болғандықтан, көшелерді, аулаларды су басып қалды. Төтенше жағдайлар қызметі арнайы техникамен келіп су сорып, тазалап жүрді. Тұрғындар қашанға дейін әр жаңбырдан кейін төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып отыруы керек? Бұл мәселе бұған дейін неге ескерілмеген? Бір бұл емес, қалада жыл сайын қайталанып тұратын маусымдық проблемалардың тұтас тізбегі бар. Жыл сайын бір проблемаға айналып соға бермей, мәселені жүйелі әрі түпкілікті түрде шешіп тастауға болады ғой. Қоғамдық кеңестің алдағы отырыстарында әкімдіктің алдына осындай нақты мәселелерді қоямыз, – дейді А.Әміртай.
Иә, түптеп келгенде атқарушы биліктің де, өкілетті биліктің де, қоғамдық кеңестің де мақсаты ортақ. Ол – еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі және халықтың қауіпсіз, жайлы әрі бақуатты өмір сүруіне жағдай жасау. Тек сол жұмыстың барысында бұл құрылымдар бірін-бірі толықтырып, артық кеткен кезінде бірін бірі тежеп, ал, сылбыр тарта бастағанда бірін-бірі қамшылап отыруы керек. Сонда ғана ел игілігі үшін атқарылатын бірлескен жұмысы нәтижелі болмақ.