Негізсіз алаңдауға себеп жоқ

Вторник, 19 Апрель 2022 12:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2020 раз

Желілерде «Неизвестный вирус поражает жителей Шымкента» тақырыбында берілген ақпарат бойынша Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды:

Шымкент қаласында 2022 жылдың ағымдағы мерзімінде жоғарыда аталғандай «белгісіз вирус» тіркелмеген. Бұл маусымдық жіті респираторлы вирустық инфекцияның (ЖРВИ) бір түрі. Сондықтан, қала халқына негізсіз алаңдауға себеп жоқ.

 

Тұмау мен ЖРВИ – ең кең тараған барлық жұқпалы аурулардың 90%-ын құрайтын тыныс алу жолдарын зақымдаумен жүретін аурулар тобы. Бүкіл әлем бойынша жыл сайын әрбір үшінші адам ЖРВИ-мен ауырады.

Қала бойынша өткен жылдармен салыстырғанда ЖРВИ аурушаңдығының біршама өсуі байқалғанымен, қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақталған.

Шымкент қаласында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап ЖРВИ-дің 180783 жағдайы тіркелді, 2019-2020 жылдардағы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда ауру бір деңгейде. Бүкіл республика бойынша Шымкент қаласында сырқаттанушылықтың өсуі эпидемиологиялық кезеңнің басына келеді (2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қаңтарына дейін), осы кезеңде айына 52 мыңға дейін ЖРВИ-мен ауыратын науқастар тіркелген, наурызда ауру 2,6 есе төмендеген, сәуірде аурушаңдық наурыз айымен бір деңгейде.

Сондай-ақ, бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету мекемелерінде ЖРВИ шағымымен көп жүгіну жағдайы жоқ.

2022 жылдың ағымдағы мерзімінде тұмау ауруы тіркелмеген.

ЖРВИ мен тұмау ауруларының бастапқы кезеңінде науқаста мұрын мен тамақтың жыбырлауы, әлсіздік, дімкәстік байқалып, дененің қызуы 39ᵒС-қа дейін көтеріледі. Сонымен қатар, келесі айқын белгілер байқалады:

- бас ауруы, қалтырау;

- жұтынғанда тамақтың ауырсынуы, жөтел (көбінесе құрғақ);

- мұрынның ағуы, бітелуі;

- әлсіздену, ұйқышылдық;

- бүкіл денеде ауырсыну, буын мен бұлшықеттердің қақсауы;

- дененің улану симптомы.

Тұмаумен және ЖРВИ-мен ауырмау үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды: ол үшін дұрыс ұйқы, дәрумендер мен микроэлементтерге бай салауатты тамақтану, физикалық белсенділік, дене шынықтыру және спорт, серуендеу және ашық ауада демалу қажет. Тұмаудан қорғау және басқаларға жұқтырмау үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет:

- тұмауға қарсы дер кезінде егілу;

- суық тию белгілері бар адамдармен қатынастан аулақ болу;

- адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көлікте болу уақытын қысқарту;

- медициналық маска кию, түшкіргенде ауызды беторамалмен немесе шынтақпен бүркеу;

- тұмау және ЖРВИ белгілерін сезінгенде үйде оқшауланып, ауруды таратпау мақсатында медициналық көмекті үйге шақырту;

- қолды сабынмен үнемі және мұқият жуу немесе қолды өңдеуге арналған спиртті құралмен сүрту;

- үй-жайларды ылғалды жинау, желдету және ауаны ылғалдандыру.

Шымкент қаласында халық арасындағы тұмау және ЖРВИ аурушаңдықтарының эпидемиологиялық ахуалы бақылауда.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.