Ангоманың жанайқайы

Среда, 25 Май 2022 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2209 раз

Жақында шымкенттік ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Нұрхан Сұлтанбайұлы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қабылдауында болып, бірқатар мәселелерді қозғады. Соның ішінде соғыс пен тұрақсыздық жайлаған Ауғанстаннан этникалық қазақтарды елге көшіріп әкелу мәселесінің маңызы зор.

 

–Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Қазақстанға миллионнан астам қандасымыз ат басын тіреді. Олар елге ұлттық дәстүр мен салт-сананы, құнарлы, шұрайлы тілімізді ала келді. Қандастар елдің қайта қазақылануына ғана үлес қосқан жоқ, олар ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің және экономиканың дамуына да лайықты еңбек сіңірді. Мемлекетке қолын жайып көмек сұрап отырмай, әрқайсысы өзінің шаруасымен, кәсібімен айналысып, отбасын асырап, елгі пайдасын тигізіп отыр, – дейді Нұрхан Сұлтанбайұлы.
Ақын бүгінде «Атажұрт» қоғамдық ұйымының мүшесі, сол ұйымның қадірлі ақсақалдарының бірі, қоғам белсендісі ретінде танылып жүр. Ол Жаңа Қазақстанның іргесі берік, қуатты мемлекет болуы үшін шет елдердегі қазақтарды атамекенге көшіріп әкелу шарт деп есептейді.
–Қилы замандарда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тарыдай шашырап кеткен миллиондаған қазақтар қазір әлемнің 40-қа тарта мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын халыққа толтырып, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, Тәуелсіздіктің іргесін бекемдеу үшін сол қандастарымызды елге көшіруді қазірден бастап қолға алуымыз керек, – дейді ол.
Н.Сұлтанбайұлы осы істің бастауы болсын деген ниетпен туған-туысқандарын Ауғанстаннан көшіріп әкелуге көмек сұрап жүрген Ангома Мұхамедсадыққызының мәселесін айтып қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қабылдауында болды.
–Ангома – Ауғанстанда туған қазақ қызы. Сол елдің әйгілі әншісінің атын қоған екен. Әкесінің аты – Мұхамедсадық. Қазақстанға оқуға келіп, осында қалған. Қазір Шымкент қаласында өмір сүріп жатыр. Осы қаршадай қыз Ауғанстанда соғыс өрті қайта тұтанып, тәліптер күш алып, билікке келгелі бері туған-туыстарын Қазақстанға көшіріп әкелуге көмек сұрап, шырылдап жүр. Бір жылдан бері бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сыртқы істер министрлігінің Ауғанстан мәселесіне жауапты маманымен сөйлескен болатынбыз. Бірақ, нәтиже жоқ. Ауғанстандағы Қазақстанның консулдығы да мардымды жауап бермеген. Сондықтан Шыңғыс Жұмабекұлының қабылдауында болып, мәселемізді айттық. Тиісті орындарға жеткізіп, мәселенің оң шешілуіне көмектесетінін айтты, – дейді
Н.Сұлтанбайұлы.
Ангоманың туған-туыстары барлығы 7 отбасында 30-дан астам адам екен. «Елге ел қосылса құт» дегендей, бұл мәселе оң шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Сондай-ақ, ақын қала әкімінің бірінші орынбасарының қабылдауында болған кезде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктер мен аялдамаларға қазақ әуендерін орнату жөнінде де ұсыныс айтқан. Бұл ұлттық мәдениет пен өнерімізді насихаттауға және жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді.