ЖАҢАРТЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БАСТАУЫ Избранное

Пятница, 10 Июнь 2022 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2898 раз

Тәуелсіз Қазақстан тарихында жалпыхалықтық референдум үшінші рет жүзеге асты. Соңғысы күні кеше 5 маусымда жоғарғы деңгейде өтті.

714

 

Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдау бойынша халық пікірімен санасу үшін өткізілетін референдумның маңызын түсіндіруде AMANAT партиясы Президенттің Конституциялық реформа жасау жөніндегі бастамасының қоғамдық тірегі ретінде зор белсенділік танытты.
Партия төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен өңірлерде жалпыхалықтық референдум өткізудің маңызын халыққа ұғынықты тілде жеткізетін үгіт-насихат тобы құрылды. Олардың құрамында қоғам белсенділерімен қатар депутаттар да болды. Өңірлерде құрылған жұмыс тобы арнайы ұйымдастырылған кездесулерде Конституциялық реформа нәтижесінде қоғамда қандай серпілістің болатынын тарқатып түсіндірді. Ұйымдастырылған кездесулер еркін, ашық форматта өткізілді.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясының мүшесі ретінде түсіндіру жұмыстарының бел ортасында жүрдім. Мәслихаттағы әріптестеріммен бірге білім мекемелері ұстаздары, өндіріс орындарының жұмысшылары және жергілікті тұрғындарға жалпыхалықтық референдумға қатысып, дауыс беріп, оларды Конституциялық реформаның жасалуына тікелей қатысуға шақырдым. Түсіндіру жұмыстары кезінде Ата заңның үштен бір бөлігі өзгеретінін, бұл өзгеріс қоғамда қандай қозғаушы күшке ие болатынын түгесіп түсіндірдік. Мақсат – жергілікті тұрғындарға референдумның саяси салмағын түсіндіру, оған қатысып, дауыс беруіне ықпал ету еді. Меже нәтижелі орындалды. Халықтың басым көпшілігі реформаны қолдады.
Референдум өткеннен кейін, 6 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы туралы Үндеу жасады. Үндеуінің әлқиссасында Президент өзгерістің орнауына қолдау білдіріп, сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруде жоғары белсенділік көрсеткені үшін халыққа ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, елімізде сайлаушылардың саны 12 миллионға жуықтайды. Кешегі референдумда сол дауыс беруге құқылы азаматтардың 8 миллионға жуығы сайлау учаскелеріне барған. Бұл дауыс беруге құқылы 12 миллиондай адамның 68 пайызын құрайды. Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан
Әбдіров дауыс беруге қатысқан тұрғындардың 77,18 пайызы немесе 6 млн 163 мың 516 адам Ата заңға өзгерістердің енгізілуін жақтаған. Ал 18,66 пайызы немесе 1 490 470 адам негізгі заңның өзгеруіне қарсы дауыс бергенін жеткізді.
Президент үшінші рет халықтың қалауы ескеріліп жасалған референдум қандай жұмыстардың бастау қайнары болатынын түсіндірді. Соларға тоқталып өтсек.
Ең әуелі елімізде ауыл шаруашылығы саласы шатқаяқтамас үшін тиісті тетіктердің барлығы қаралады. Мұның өзіндік себебі бар. Халықтың тіршілігін қамтамасыз етуде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің әрдайым дүкен сөрелерден табылып, қоймаларда сақталып тұруы тап осы салаға көп байланысты. Көлік-логистика жүйесі дами түседі. Мықты экономика формуласы – еңбек, білім және азаматтық белсенділік. Сондықтан да ел тұрғындарының әрбірі сергек болып, қабылданған шешімдер, болып жатқан өзгерістер ағымына сай болуы қажет. Мемлекеттік қызмет саласында құрғақ шөппен ауыз сүртетіндердің дәурені келмеске кетеді.
Қолданыстағы заңнамаларға жасалатын реформалар нәтижесінде қолдан жасалған монополиялар түбегейлі жойылып, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін қажетті шаралар қолға алынады. Жаңартылған Конституцияда мемлекет аппарат жұмысының халық, бизнес және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуі жолға қойылады.
Бүкіл құқық саласында сең қозғалып, азаматтардың құқын қорғаудың тиімді тәсілдері қолға алынады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Ата заңымызда заман ағымынан қалып кеткен немесе күмән туғызатын заң нормаларының барлығы алынып тасталады. Соның бірі елдегі экономикалық ресурстардың шағын ғана топтың қолында болуына мүмкіндік берген заң нормасы.
Референдумнан соң ең бірінші болып қолға алынуы тиіс мәселелерді алға тартқан Мемлекет басшысы халықтың алдағы өзгеріске бетбұрыс жасағанын нық сеніммен айтты. Мұның жарқын мысалы жалпыхалықтық референдум кезінде дауыс беруге келген халықтың қалың болғаны екенін атап өтті.
Президент Жаңа Қазақстанды құру үшін жасаған бұл нақты әрі әділ қадамдарды жүзеге асыруда халықтың бірлігі аса қажет екенін тілге тиек етті. Расымен де «саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» сынды, жалпыхалықтық референдумдағы жалпыға ортақ мақсат – Жаңа Қазақстанды құруда бізге бірлікті ту етудің маңызы зор.

Талғат БАЛТАБАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, AMANAT партиясының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.