Тоғыста жайлы өмірге қажеттінің бәрі бар

Пятница, 15 Июль 2022 06:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 932 раз

togys 1

Жұмысыңыз, кәсібіңіз бен балаларыңыздың оқуы қалада, бірақ, өзіңіз бала күндегі ауылдың мамыражай тіршілігін, мегаполистің у-шуынан жырақтағы тыныш кештерді аңсап тұрасыз ба?! Шымкенттің іргесінде қаланың қарбаласы мен ауылдың арқайын атмосферасын қатар сезініп өмір сүруге мүмкіндік беретін тамаша шағын аудандар мен тұрғын алаптар бар. Соның бірі де бірегейі – Тоғыс тұрғын алабы.

Кеңестік кезеңде бұл ауылда Оңтүстік Қазақстан мұнай барлаушылар экспедициясының кеңсесі орналасып, қала типтес поселкі бой көтерген. Сөйтіп, дәурені жүріп тұрған шақта мұнда 24 көпқабатты тұрғын үй, үлкен мәдениет үйі, балабақша, емхана мен стадион салынған. Кейін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңде экспедиция жұмысын тоқтатып, гүлденген ауыл аз жылда тоз-тозы шығып еді. Жалпы, бұл жер 2014 жылға дейін Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты болып келген. Сол жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының аумағына қосылып, Тоғыстың жаңа тынысы ашылды.

togys-turgini 2Шымқаланың бір бөлшегіне айналған Тоғыстың ажары ашылып, реңі кіре бастады. Жеті мыңнан астам тұрғынға қолайлы жағдай жасап, оларға қалалық өмірдің игіліктерін ұсыну мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы бізге Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Данай Шуылдақ әңгімелеп берді.

– Қалаға жаңадан қосылған барлық елді мекендердегі негізгі мәселелер – жол, инженерлік жүйелер мен қоғамдық көлік. Нақты Сіз сұрап отырған Тоғыс тұрғын алабына келер болсақ, мұнда 2016-2021 жылдары 10 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабыны жаңартылып, аяқжол салынды. Тағы 2 көшеге шағал тас төселді. Мұндағы тұрғындарды мазалайтын мәселенің бірі – Бадам өзенінің үстінен өтетін көпірдің жағдайы болатын. 2020 жылы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы 151 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 41 метрлік көпір күрделі жөндеуден өтіп, ені кеңейтілді, – дейді ол.

Бадам демекші, Тоғыс тұрғын алабынның ортасынан ағып өтетін бұл өзеннің жағалауы жазда жергілікті тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағы болғанымен, кей жылдары көктемде қауіп-қатердің де көзіне айналатыны жасырын емес. Сондықтан тоғыстықтар көп жылдардан бері өзеннің жағалауын бекіту туралы жергілікті билікке өтініш айтып келген. 2019 жылы осы істің сәті түсіп, мердігер компания – «Гидроқұлыс» ЖШС-і Бадам өзенінің жағалауындағы дамбада жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Данай Абдуллаұлының айтуынша, Тоғыстағы күрделі мәселенің бірі кәріз жүйесі болған. 2017 жылы бюджеттен 226 миллион теңге қаржы бөлініп барлығы 485 абонентті қамтитын кәріз жүйелері күрделі жөндеуден өткізілген. Одан кейін кәріз мәселесін біржола шешу мақсатында Тоғыс, Маятас, Айнатас және Елтай тұрғын алаптарын толығымен қамтитын ұзындығы 12 шақырымдық магистральды кәріз коллекторының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бұл нысанның құрылысы аяқталған кезде Тоғыстағы көпқабатты тұрғын үйлер ғана емес, жеке сектордағы барлық тұрғындар да кәрізді пайдалана алады.

– Бауыржан Момышұлы атындағы №120 жалпы орта мектептің күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан 300 орындық қосымша ғимарттың және спорт алаңдарының салынғаны бізді қуанышқа бөледі. Осының арқасында мектептегі орын тапшылығы мәселесі толығымен шешілді. Балаларымыз кең, жайлы мектептерде білім алатын болды. Жалпы Тоғыста мектептен бөлек жаңадан салынған, барлық қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі мен 3 балабақша жұмыс істейді. Қаланың шетінде, шалғай елді мекенде тұрып жатсақ та сапалы білім мен медициналық қызмет қолжетімді болғаны қандай жақсы?! - дейді Тоғыс тұрғын алабының тұрғыны Нұрбибі Әшірбаева.

togys 2

Мұнан бөлек, 2018 жылы Тоғыста халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 285 миллион теңгеге барлық электр желілері мен бағандары және трансформаторлар жаңартылыпты. Енді тұрғындар «жарық қашан сөніп қалар екен» деп алаңдамайды. Сондай-ақ, мұндағы ауыз су және ирригация жүйлері жаңартылып, көше бойлары мен аулалар толық абаттандырылып көгалдандырылған.

– Мұнайбарлаушылар көшесінде ескі стадион болатын. Көп жылдан бері қараусыз қалып, ішін шөп басып жатушы еді. 2019 жылы сол жерге осындағы 24 көпқабатты үйге арнап балалар ойын кешенін, 1 баскетбол, 2 футбол алаңын салып берді. Оған қоса тренажер, стрит-воркаут алаңшалары, жүгіру жолағы тағы бар. Бастырмалар мен орындықтардың орнатылғаны да адамдарға өте ыңғайлы. Осындай футбол, баскетбол, стрит-воркаут, тренажер, балалар ойын алаңшалары Шұғыла көшесіне де салыныпты. Ауламыздың ажары ашылып, заманауи кейіпке бөленгені үшін қуаныштымыз, – дейді Н.Әшірбаева.

Мұнан бөлек биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «АВМ Билдинг» ЖШС-і Мұнайбарлаушылар көшесі бойындағы балалар ойын алаңшасына 6 жарық шам орнатып, қазіргі таңда 24 көпқабатты үй аулаларын жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде.

Иә, шалғайда орналасқанына қарамастан бүгінде Тоғыста өмірге қажеттінің барлығы бар: тегіс жол, таза ауыз су, сапалы электр қуаты, кәріз бен табиғи газ, уақтылы жүріп тұратын қоғамдық көлік, жаңа мектеп, балабақшалар мен амбулатория, балалар және спорт алаңдары. Оған кешқұрым таудан жақтан соғатын самал жел мен Тоғыстың дәмі балдай қымызын қоссаңыз... Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл жердің халқы курортты аймақта өмір сүріп жатқандай. Әрі Шымкенттің республикалық мәртебеге ие болып, мегаполис атануының игілігін ең көп көргендердің қатарында тоғыстықтар да бар. Ал, ең бастысы Шымкент қаласы әкімдігі шаһардағы әрбір шағын аудан мен тұрғын алапқа осындай қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.