Жүкті әйелдер босанғанға дейін нені білу керек?

Пятница, 29 Июль 2022 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1271 раз

Жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде азаматтардың жеңілдікке ие санаты ретінде сақтандырылғандықтан, қымбат диагностикалық зерттеулер мен тегін медициналық көмектің толық пакетін алуға құқылы. Жүкті әйелдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық қызмет алу үшін жүктіліктің он екі аптасына дейін өзі тіркелген емханаға медициналық есепке тұруға міндетті.

 

Аяғы ауыр әйел жүктілігін сақтағысы келіп, емханаға бірінші рет жүгінген кезде дәрігер акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының аймақтық дәрігері:
1) анамнезді жинайды, жүкті әйелде және туыстарында аурулардың (қант диабеті, артериялық гипертензия, туберкулез, психикалық бұзылулар, онкологиялық аурулар және т. б.) болуын, туа біткен даму кемістіктері және тұқым қуалайтын аурулары бар балалардың тууын анықтайды;
2) бала кезінде және ересек жаста болған ауруларға (соматикалық және гинекологиялық), операцияларға, қан мен оның компоненттерін құюға назар аударады;
3) анамнезді жинау кезінде «Медициналық генетика» мамандығы бойынша дәрігерге жіберу үшін туа біткен және тұқым қуалайтын патология бойынша (ультрадыбыстық скринингсіз және аналық сарысу маркерлерін талдаусыз) мынадай айғақтарға сәйкес «қатер» тобын анықтайды: жүкті әйелдің жасы 37-де және одан асса, анамнезінде генетикалық айғақтар бойынша жүктілікті үзу және/немесе ДПР немесе хромосомалық патологиясы бар баланың тууы, моногенді тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан баланың тууы, хромосомалық немесе гендік мутацияның тұқым қуалауы, ауыр акушерлік анамнез (өлі туу, әдеттегі түсік түсіру және басқалар);
4) жүктіліктің бірінші үш айлығында аналық сарысу маркерлерін талдау үшін жүкті әйелдерді қан алуға жібереді және жүктіліктің бірінші, екінші және үшінші айлықтарында ультрадыбыстық скринингті тағайындайды;
5) ұрпақты болу функциясының ерекшеліктерін зерделейді;
6) жұбайының денсаулық жағдайын, қан тобын және резус тиістілігін нақтылайды;
7) ерлі-зайыптылар жұмыс істейтін өндірістің сипатын, зиянды әдеттерді зерделейді;
8) уақтылы зерттеп-қарау үшін жүкті әйелдерді 12 аптаға дейін ерте есепке қоюды және жүктілік анықталған күні тіркеуді жүзеге асырады;
9) жүктілікті көтеруге қарсы көрсетілімдердің болуын анықтайды;
10) жүкті әйелдер тіркелімінен және ФЖӘ-дің алдыңғы жүктіліктің барысы және бұрын анықталған соматикалық аурулар туралы ақпарат алу мүмкіндігін пайдаланады.
11) анықталған факторларды ескере отырып, жүктілікті жүргізудің алдын ала жоспарын жасайды.
Жүкті әйелді босанғанға дейін бақылау бағдарламасы қалыпты жағдайда (физиологиялық) 7 рет келуді қамтиды.
Екінші рет қаралу, әдетте, жүктіліктің 16-20 аптасында тағайындалады.
24-25 апта мерзімі ішінде жүкті әйел зертханалық зерттеулерге жіберіледі (ақуызға зәр анализі, қанның резус-теріс факторы бар антиденелер), алдын алу шараларын тағайындайды.
30-32 апта мерзімі ішінде акушер-гинеколог жүкті әйел мен ұрықтың жалпы жағдайын бағалайды. Осы уақытта пациент Вассерман реакциясын, ЖИТС-ке ИФТ, ақуызға зәр анализі және жалпы қан анализін тапсырады. Осы кезеңде босанғанға дейінгі демалыс беріледі.
Жүкті әйелдің келесі келуі 36 апта ішінде тағайындалады. Акушер-гинеколог жүкті әйелдің және ұрықтың жалпы жағдайын бағалайды. Босанудың болжамды мерзімі нақтыланады. Келесі кеңес әдетте босанғанға дейін 38-40 аптада жасалады.
МӘМС туралы Заңның 26-бабына сәйкес жұмыс істемейтін жүкті әйелдер де жарналарды төлеуден босатылады. Бұл тұлғаларға жеңілдік мәртебесі ҚР ДСМ ОР есепке қойылғаннан кейін беріледі.
Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 81-бабымен айқындалады.

Мадина КЕНЖЕБАЕВА,
Шымкент қалалық перзентханасының бас дәрігері,

С. ҚҰРАЛБЕК,
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.