Алманы бізтұмсықтан сақтаңыз

Пятница, 29 Июль 2022 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1253 раз

Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының алма бақтарында зиянкестерді есепке алу және бақылау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зиянкес туралы Шымкент қаласының шаруаларына да біліп жүргені артықтық етпейді.

 

2021-2022 жылдардағы жүргізілген мониторингте белгілі болғандай бақтарда бізтұмсық, ең алдымен ұзын денелі жапырақ бізтұмсығы Phyllobius oblongus көбейгені анықталды. Қоңыздардың бұл түрі жеміс тұқымдары мен сүйекті жемістерінің қауіпті зиянкестеріне жатады. Зиянкестен терек, орман жаңғақтары, емен және басқа да жапырақты ағаштар зардап шегеді. Негізгі қорек нысаны – алма ағашы. Соңғы уақыттарда зиянкестердің бұл түріне аса назар аударылмай, топырақ сынамалары жүргізілмейді. Алайда, бұл зиянкестердің алма бақтарына келтіретін зияны жылдан жылға артып келетінін ескеру қажет.
Зерттеу жүргізген бақтарда осы зиянкестердің санын зерттеу және оларды бақылау мен дер кезінде өңдеу жұмыстарын жүргізуді болжау мақсатында топырақ сынамаларына есептеулер жүргізілмейтіні байқалды. Бақ шаруашылықтарында жүргізілген бақылаулардың нәтижесінде, бізтұмсықтардың саны экономикалық зияндылық шегінен бірнеше рет жоғары болғандығы тіркелді. Бұл барлық бағбандар үшін дабыл.
Қысы жылы және жауын-шашын мөлшері аз болған жылдары бізтұмсықтар саны артып, олардың ағаштарды зақымдау дәрежесі артады. Соңғы екі жылдағы ауа-райы зиянкестердің дамуына қолайлы болуда. Бізтұмсықтар жапырақтар, ағаштар, бұта, кейде шөптесін өсімдіктерді де кеміріп тастайды. Кейде бүршіктері мен жас сабақтарын да зақымдайды. Олар жаппай гүлдеу кезінде зиянын тигізіп, түйіндердің санын азайтады. Дернәсілдер топырақта өмір сүреді және жас қабықтармен қоректенеді. Құрғақшылық кезінде бізтұмсықтардың зияндылығы жоғарылайды, себебі ылғалдылық тапшылығына байланысты қоңыздар өсімдіктің жасыл фитомассасын көбірек пайдаланады. Жапырақтарды зақымдай отырып, олардың фотосинтездеуші жоғарғы бетінің алаңын қысқартады, соның салдарынан ағаштарда қорек жетіспеушілігі туындап, жемістері дамымай қалады. Бұл кішкентай қоңыз зиянсыз болып көрінгенімен, жеміс дақылдарына үлкен зиян келтіретінін ескеру қажет.
Химиялық препараттарды тиімді қолданған жағдайда бізтұмсықтардың көбеюін бақылауға болады. Алғашқы өңдеу жұмыстары «Фитоверм» препаратымен (1 л/га) жеміс бүршіктері ашылғанға дейін жүргізіледі. Бүршіктер ашылғаннан кейін екінші рет «Децис» немесе «Актара» препаратымен (0,3 л/га) өңдеу қажет. Алма ағашының гүлдеу кезеңі аяқталғаннан кейін тұтыну нормасы 0,2 л/га болатын «Кинмикспен» соңғы бүрку жүргізген жөн.
Осы зиянкестерге қарсы жүйелі және жанама әсер етуші препараттармен уақтылы өңдеу жоғары өнім беруге кепілдік береді.

М.ҚОШМАҒАМБЕТОВА,
Ж.Жиембаев атындағы ҚазӨҚжК ҒЗИ өсімдіктерді біріктірілген қорғау бөлімінің кіші ғылыми қызметкері,
А.КЕНЖЕҒАЛИЕВ,
кіші ғылыми қызметкер,
А.САРБАСОВА,
аға ғылыми қызметкер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.