Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
– Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал сол қоғамның дамуы отбасының өміршеңдігіне, әл-ауқаты мен дұрыс қалыптасуына байланысты. Азаматтарды отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық деректері туралы уақтылы хабарлауға және басқа адамдардың мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын, – дейді Абай ПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы полиция майоры Гүлвира Бектемісова.
Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен жұмыс істейтін инспекторлар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болатынын атап өтті.