ТІРКЕУ ҚЫЗМЕТІ ОҢТАЙЛАНЫП КЕЛЕДІ

Среда, 10 Август 2022 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 724 раз

   Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Әділет органдарының қызметкерлері жыл сайын 30 қыркүйекте өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл күн алғаш рет ресми түрде 2012 жылы аталып өтті. Биыл еліміздің Әділет органдарының құрылғанына 30 жыл толады. Қазақстанның әділет органдары тәуелсіздіктің барлық кезеңінде мемлекеттіліктің дамуы мен нығаюына, заңнаманы жетілдіруге, әділеттілік қағидаттарын бекітуге, азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру мен қорғауға белсенді түрде ықпал етуде. Осы уақыт аралығында салада уақыт талабы ескеріліп, түрлі өзгерістер орын алды. Соның ішінде Әділет органдарындағы тіркеу қызметінде де жаңашылдықтар көбейді.

 

 

     Тіркеу қызметі әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімі заңды тұлғаларды тіркеу (коммерциялық емес), апостиль қою, жылжымайтын мүлікке құқықтардың тіркеуін және азаматтық хал актілерінің тіркеуін бақылау қадағалауды атқарады.

Айта кетейік, Әділет органдары заңды тұлғаларды тіркеу 1995 жылдан, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу 2007 жылдан, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі 1998 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетуде. Цифрландыру дәуірінде Әділет органдарында мемлекеттік қызметті автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып, бұл бағыттағы шаралар ел  игілігіне жарап отырғаны белгілі. Мәселен, заңды тұлғаларды тіркеу процедурасын максималды жеңілдету мақсатында концептуалды шараларды қолдану жолға қойылды. Бұл  «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» заңына енгізілген түзетулердің жемісі. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеудің хабарлама жіберу тәртібі еңгізілді. Хабарлама жіберу тәртібі өтінішті «электронды үкіметтің» веб-порталында беруді және осы өтініштің әділет, статистика және салық органдарының ақпараттық жүйелерінде автоматты түрде өңделуін көздейді. Өңдеуден кейін заңды тұлғаны тіркеу туралы электронды анықтама бизнес- сәйкестендіру нөмерімен қоса беріледі. Аталған процедура небәрі бір сағат көлемінде жүзеге асырылады. Заңды тұлға ашудың хабарлама жіберу процедурасы мемлекеттік органдармен келісуді қажет етпейді, яғни, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуден бас тарту мүмкіндігі жоқ.  Жалпы алғанда, бар бизнес секторы үшін келесідей жаңашылықтар енгізілді.

         Кәсіпкерлік субъектілері үшін тіркеу мерзімдері 1 жұмыс қүніне дейін қысқартылып бірізділенді. Бұл процестің мерзімі бұрын 3  жұмыс күнінен 7 күнге дейін қамтылған. Сондай-ақ, 3 құжаттық, жарғы, заңды тұлғаның орналасқан жерін растайтын құжат, салық органдарынан анықтама ( басқа заңды тұлға кәсіпорын құратын болса ) ұсыну талабы алынып тасталынды.

      Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті электронды форматқа ауыстыру үшін әділет органдары қызметті электронды түрде көрсетеді. Мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру, ең алдымен  қызметтің көрсету уақытын қысқартуға, азаматтардан талап етілетін құжаттар тізімін оңтайландыруға және ең бастысы жемқорлық факторларын болдырмау мақсатында халықтың мемлекеттік қызметкерлермен қарым-қатынасқа түспеуіне мүмкіндік береді.

         «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылы 14 шілдеде қабылданған Заңға сай, қазіргі таңда, тек кәсіпкерлік субьектілері ғана емес саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдарды да «электронды үкімет» веп-порталы арқылы тіркеу қолға алынуда.

Сонымен бірге қазір әділет органдарының құзыретінде нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтық хал актілерін тіркеуді бақылау және тиісті дерекқорлардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар қалған.

Бүгінгі таңда АХАТ органдары негізгі міндеттерімен қатар, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізеді және оларды қалпына келтіру және жою жұмыстарымен айналысады. Жыл сайын АХАТ органдарында тіркелетін акт жазбаларының саны өсуде.

Бүгінгі таңда азаматтық хал актілерін электронды тіркеудің тиімділігі артты. Қазір бұрынғыдай бір жапырақ қағаз үшін ұзын-сонар кезекте тұру, алыс ауылдардан арылтып арнайы келу қажеттігі жоқ. Себебі, заман ағымына қарай барлығы электронды үкімет порталы арқылы әп-сәтте жүзеге асырылып жатыр. Бұл тәсілдің тағы бір тиімді тұсы, азаматтар өздерінің жазған ұсыныс-өтініштері мен арыз шағымдарын үйде отырып-ақ қадағалай алатын болды.

Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жергілікті атқарушы органдар электронды түрде «Азаматтық хал актілері жазбалары» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі –АХАЖ ТП) арқылы жүргізеді.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы негізгі жұмыс бағытының бірі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін барынша электронды түрде жүргізу. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметті көрсету процестерін барынша автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізу қажет. Қызмет алушылардың құжаттарын қабылдауын электронды түрде жүзеге асыру болып табылады.

Мемлекет саясаты мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді толығымен автоматтандыруға бағытталған. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тарапынан АХАТ саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды нысанда көрсетуде.

      Сондай-ақ, тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімімен «Әділет органдарынан және өзге мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылды. Осылайша қызмет көрсетудің бизнес-процесі жеңілдетілді.

      Апостиль қою мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процесі айтарлықтай жеңілдетілді.

      Жаңа жүйенің негізінде Е-Апостиль сервистік бағдарламалық өнімі шеңберінде электрондық апостиль алуға өтініштер қабылдау, электрондық өтініштерді өңдеу және электрондық апостиль қалыптастыру жүзеге асырылады.

      Бұл өтініш берушілерге елімізден тыс жерлерде онлайн режимде өтініш беруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба(ЭЦҚ) болуы қажет.

      Азаматтар бұл мемлекеттік қызметті «Электрондық Үкіметтің» веб порталы арқылы жүзеге асыра алады. Портал арқылы жіберілген электрондық өтінішке сканерленген құжаттары (PDF файылында) Е-Апостиль сервистік бағдарламалық өнімі жүйесінде тіркеледі. Келіп түскен құжаттарды қабылдауды, өңдеуді, тексеруді және дайын құжаттарды беруді уәкілетті органның қызметкері онлайн режимінде жүзеге асырады.

      Уәкілетті органның лауазымды тұлғасы Е-Апостиль ақпараттық жүйесі арқылы апостильдеуге жататын электрондық құжатта электрондық апостиль қалыптастырады.

      Уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ қойылған мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін Электронды Үкімет Портал өтініш берушінің «жеке кабинетіне» жібереді.

      Электрондық апостильдің нәтижесі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамның немесе оны алмастыратын адамның ЭЦҚ-сы қойылған ресми құжаттың сканерленген көшірмесімен бірге апостиль бар PDF файлы түріндегі электрондық форматта қалыптастырылады.

      Электрондық апостиль Электронды Үкімет Порталы арқылы уәкілетті мемлекеттік орган өтініш берген кезде қорғау кодын қолдана отырып, апостильді жүктеу арқылы беріледі.

      Электрондық апостиль мөртабанының астында электрондық беттің мекенжайында сілтеме көрсетіледі.

      Шет мемлекеттің уәкілетті органы көрсетілген электрондық мекенжайда екі қорғау кодын енгізу арқылы электрондық апостиль мөртабаны бар ресми құжатты тексеруді жүзеге асырады.

      Осыған байланысты апостиль қоюдың осы автоматтандырылған рәсімі азаматтарға мемлекеттік қызметті онлайн режимінде алуға мүмкіндік береді және көрсетілетін қызметті алушы өтінішті портал арқылы тапсырған кезде «Жеке кабинетіне» өтініш түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметке сұрау салуды қабылдау туралы мәртебесі жіберіледі.

      Электронды апостильдеудің артықшылықтары көп. Азаматтар апостиль шығаруға және оның түпнұсқалығын белгілеуде уақыт үнемдейді.  

      Электрондық апостиль-апостильді қою, жазу және тексеру үшін жылдам, қауіпсіз және қағазсыз процедураны енгізеді.

      Сондай-ақ, апостильдің мерзімі шектелмеген, алайда құжаттың мерзіміне шектеу қойылуы мүмкін.

   Жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесін одан әрі жетілдіруге, жылжымайтын мүлік нарығына қатысушылардың азаматтық құқықтары мен заңды мүдделерін неғұрлым толық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Меншік құқықтарын тіркеу жүйесін серпінді дамыту және жетілдіру азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін белсенді қорғауға және азаматтық құқықтық қатынастар субъектілерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бойынша мемлекет өкілеттік берген органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге ықпал етеді.

Заңды қабылдаған сәттен бастап, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жүйесін айтарлықтай жақсартқан, рәсімдерін оңайлатқан және жылжымайтын мүлікке құқықтарды рәсімдеуге байланысты азаматтардың қаржылық шығындарын азайтқан.

Сонымен қатар азаматтардың ыңғайлылығы үшін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласында ақпараттық қызметтердің түрлері іске асырылды және шет елдердің тәжірибесі бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды электрондық тіркеу мүмкіндігі енгізілді.

Қазақстан Республикасы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына 2018 жылы 24 мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциялары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-на берілуіне байланысты ОҚО Әділет департаменінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ ОҚО бойынша филиалына штат бірлігімен қоса берілді.

Осыған орай, Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы тіркеуші органның қызметіне мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес уәкілетті орган яғни әділет органдары жүзеге асырады.

Дина БОТАН,

Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.