Отанға адал қызмет етуден асқан абырой да, бақыт та жоқ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1376 раз

Бүгінде елімізде кездесетін көптеген проблемаларды шешу – азаматтық қоғамның даму деңгейіне, жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, жас ұрпақтың бойындағы Қазақстанға деген мақтаныш сезімінің болуына, Отанды қорғау дейтін азаматтық борышты орындауға дайын ұрпақ тәрбиелеуге байланысты болып тұр. Жастардың бойында патриоттық сананы қалыптастыру балабақша мен мектеп қабырғасынан бастап оқу-тәрбие процесінің ең өзектісі, ең маңыздысы болып белгіленуі қажет. Себебі, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру – ұлттық қауіпсіздіктің рухани тірегі бола отырып, қоғамның дамуына, азаматтың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, жастардың әскери іске қызығушылығын арттыруға негіздейтін маңызды бағыттардың бірі.

200

 

Осы орайда Шымкент қаласында өткен «Жас сарбаз» сыныптарының арасындағы «Жас патриот – 2022» атты бірінші әскери-патриоттық жиынның маңызы зор болды деп есептейміз. Екі күн бойы жалғасқан іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және қалалық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені, ол тек әскери тәртіпке ғана емес, білімге, достық пен адалдыққа және тапқырлыққа жетелейтіні мәлім. Ал, бүгінгі жиынның мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ел мен жер болашағына деген жауапкершілікті сезіндіру, – деді айтулы жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
Сонымен қатар жиынның ашылу салтанатында «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Онбаев та сөз алып, Отанға қызмет ету – әрбір азамат үшін өмірлік маңызды міндет, қасиетті борыш екенін жас жеткіншектерге жеткізді.
– Көршілес Жамбыл облысында Жуалы деп аталатын аудан бар. Орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы. Бұл ауылда 12 мыңнан астам адам тұрады. Сол жерден 2 азамат социалистік Еңбек Ері атанса, одан бөлек 13 генерал шыққан. Оның ішінде Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та бар. Аядай ауылдан мықты азаматтардың осыншама көптеп шығуының себебі неде?! Мұның бір ғана себебі бар, ол ауылдың балалары Бауыржан аталарының тұлғасына қарап бой түзеп, бала күнінен бастап ержүрек офицер болуды армандап өскен. Міне, әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы қайда жатыр?! Балаларға Отаншылдық тәрбиені дұрыс бере білсек, күні ертең олардың арасынан елдің арқа сүйейтін атпал азаматтары көптеп шығады, – деді Серікбай Мейірбайұлы. –Сол Бауыржан Момышұлының «Армансыз адам – тамыры қураған ағашпен тең» дейтін сөзі бар. Тамыры қураған ағаштың жапырағы жайқалмайды, жеміс те бермейді. Ол тек отын болуға жарайды. Қадірлі, жас өрендер, ешқашан армандарыңыз таусылмасын. Армандағанда тек жеке басты ғана емес, Отан қорғайтын, бүкіл елге қызмет ететін мықты азамат болуды армандаңыздар. Себебі, адамның өмірінде Отанға адал қызмет етуден асқан мәртебе де, абырой да, бақыт та жоқ. Ал, сол асқақ арманға жету үшін ізденіс, еңбек пен білім қажет.

201


Мұнан кейін республикалық «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев сөз алып, осы ойды ары қарай сабақтай түсті.
– Бүгін шежіреге толы, берекелі әрі бай өлке – шырайлы Шымкент шаһарында Сіздермен кездесіп тұрғаным үшін қуаныштымын. Біздің табиғатымыз – сұлу, жеріміз – қасиетті, еліміз – берекелі. Осындай байтақ жеріміз, туған өлкеміз барда ел игілігі жолында аянбай еңбек ету – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Бұл елдің болашағы Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әрқайсыңыз тәні шымыр, дені сау әрі саламатты, ақылы кең, ой-өресі биік әрі парасатты азамат болып өсуге ұмтылуларыңыз керек. Бүгін Сіздер еліміздің ең белсенді, болашағынан үміт күттіретін жастары ретінде бас қосып жас сарбаздар арасындағы бірінші «Жас патриот – 2022» оқу-жаттығу жиынына қатысып жатырсыздар. Бүгін бар күштеріңізді салып, намысқа тырысып, өз мектептеріңіздің абыройын асқақтатуға ұмтылыңыздар. Егер бүгін өз мектебіңіздің намысын қолдан бермесеңіз, күні ертең қасиетті Қазақ елінің де намысы үшін жанпида ететін өр рухты азамат болатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Мейірбек Оразұлы.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ринат Мадияров сөз сөйлеп, жиынға қатысушы жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Ашылу салтанатынан кейін қатысушыларға арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Биыл 18-24 маусым күндері Қарағанды қаласының маңындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында VIII республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өткен болатын. Сол жиынға Шымкент қаласынан 3 жас сарбаздар командаса қатысқан. Соның ішінде Әлия Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектептің «Болашақ» атты командасы республиканың түпкір-түпкірінен 40-тан астам команда қатысқан жиында жүлделі бірінші орынды жеңіп алған.
– Бабаларымыз туған жердің топырағын да қасиетті деп санап, оны мойнына тұмар етіп тағып алатын болған. Алыста сағынып жеткенде бір уыс топырақты алып иіскеп мауқын басқан. Олай болса, Тәуелсіз еліміздің, қасиетті әрі байтақ жеріміздің асты-үстіндегі байлығы тұрмақ, бір уыс топырағын да жатқа беруге біздің хақымыз жоқ. Туған жерді сүю – мідетіміз, Отанды қорғау – парызымыз. Сондықтан қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың жолын жалғап болашақта әскери адам болғым келеді. Яғни, бүгінгі іс-шара мені осынау өмірлік арманыма тағы бір қадам жақындата түсті, – дейді республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынының жеңімпазы, Әлия Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Асылмаржан Бауыржан.
Иә, айтулы жиыннан артымызда осындай өр рухты, Отаншыл ұрпақ өсіп келе жатқанына көз жеткізіп, қуанышқа бөленіп қайттық.
Айта кетейік, бұл жиынға Шымкент қаласындағы 25 орта мектептен 100-ге жуық оқушы қатысты. Оқушылар екі күн бойына кермеге тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, пневматикалық винтовкамен ату, қорғаныс және әскери киімдерді жылдам кию, 100 метрге жүгіру және әскериленген эстафета бойынша бақ сынады.