ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ – МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗҒА ИЕ МІНДЕТ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1245 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпанда өткен V отырысында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қорғау мәселесіне ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Бұл орайда әлемдік үрдістерді басшылыққа алуымыз қажет. Қазір еңбек қауіпсіздігін қорғау кезінде алдын алу шараларына басымдық беріледі. Бұл – халықаралық тәжірибе. Әсіресе, кәсіптік қатерлерді бағалау және оларды реттеудің тиімді жүйесін құру – айрықша назарда. Еңбек қауіпсіздігін қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту барысында осы қағидаттарды негізге алу керек. Қауіп-қатерді анықтап, оның алдын алу тәсілдерін енгізуіміз қажет. Бұл – жұмысшылардың денсаулығына зардабын тигізетін өндірістік түйткілдерді барынша азайту деген сөз. Өкінішке қарай, біз қазір мұндай мәселеге әбден кеш мән береміз» деген болатын.

218

 

Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжатты Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақ өкілдері бірлесе дайындап шықты. Онда ірі және орта кәсіпорындардың иелері мен басшыларын жұмысшылардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік талаптарын назарда ұстауға міндеттейтін тетіктерді заңнамалық тұрғыда енгізу шаралары қамтылған.
Иә, Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Дегенмен, мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар да нәтижесіз емес. Оған мынадай ресми деректерге сүйене отырып көз жеткізуге болады: Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам еңбек жарақаты жағдайы тіркеледі екен. Алайда, соңғы 3 жылда олардың саны 21 пайызға азайған. Ал, соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 10 пайызға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16 пайызға азайыпты. Ал, жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициенті 1 000 жұмысшыға 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендеген.
Ал, Шымкент қаласына келер болсақ, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметі бойынша, биылғы жылдың бірінші жартысында шаһардағы кәсіпорындар мен мекемелерде 12 жазатайым оқиға орын алған.
—Биылғы жылдың бірінші жартысында қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерде 12 жазатайым оқиға орын алған. Оның ішінде 2 топтық жазатайым жағдай болды. Жалпы 23 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 6 адам қайтыс болды. Ауыр жарақат алғандардың саны 13 адам болса, 4 жұмысшы жеңіл жарақат алған. Тергеу материалдары іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, - деді Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.
Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген. Бүгінгі күнге Шымкент қаласындағы 18 кәсіпорын осы жобаны енгізіп, еңбеккерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қоғамдық бақылау орнатылған. Сондай-ақ, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero - Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға Шымкенттегі 140 кәсіпорын қосылған.
—Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге Шымкенттегі 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңес жұмыс істеп жатқан болса, жыл басынан бері зиянды және қауіпті 43 жұмыс орынына еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, қаламыздағы 112 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген, — деді Б.Қалжанов.
Сонымен қатар, басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңіріміздегі 3 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған.
ҚР Еңбек Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты 2020 жылдан бастап, Қазақстанда «электрондық еңбек шарты» дейтін ұғым пайда болған. Басқарма басшысының айтуынша, бұл – бірегей жоба. Себебі, қағаздан жасалған еңбек келісімшарттары Кеңес одағынан бері бар және кейбіреу бұл келісімшартты жоғалтып алса, енді бірі дұрыс рәсімдемеген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мұрағаттан анықтама алуға тура келеді. Осыған байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тұжырымдама жасап, онда әр жұмыс берушіні өз қызметкерлерінің еңбек шарттарын тіркеуге міндеттеген.

219


Бауыржан Ахметәліұлының айтуынша, бұл жүйенің үш қатысушысы бар. Олар – қызметкер, жұмыс беруші және мемлекет.
–Қазір қызметкерге қағаз түріндегі еңбек кітапшасы қажет емес. Ол әрдайым өзінің электронды үкімет порталындағы, электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинетінде қай жерде, кіммен және қашан жұмыс істегені туралы деректерді ала алады. Құжаттардың жоғалуы оған қауіп төндірмейді және құжатты кез келген уақытта басып шығара аласыз. Егер жұмыс беруші қызметкердің құқығын бұзса, қызметкер мұны әрдайым зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және жұмыс режимінен көре алады. Жұмыс беруші қызметкердің құқығын бұзып, оған еңбек кітапшасын бермей қоятын жағдайлар да кездеседі. Электрондық еңбек шарты мұндай мәселелердің алдын алады. Ең алдымен, бұл - қызметкердің құқығын қорғау, – дейді ол.
Осыған орай 2022 жылға Шымкент қаласында бекітілген жоспарға сәйкес, «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» электронды еңбек шартын енгізу межесі 3 898 мекеме мен кәсіпорында, жалпы 62 506 еңбек шартын енгізілу белгіленген.
–Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқару барысында барлық кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек шарттарының электронды нысанда жасалуы тұрақты бақылауға алынып, түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 1 829 кәсіпорында 37 000 еңбек шарттары арнайы жүйеге енгізіліп, бекітілген жоспардың орындалуы 59 пайызды құрады, – дейді Б.Қалжанов.
Мұнан бөлек Шымкент қаласы бойынша биылғы жылдың бірінші жартысында 1 681 ұжымдық шарт мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мониторингінен өткізілген. Ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлесін (ірі және орта кәсіпорындар арасында) 86,5 пайызға жеткізу жоспарланған болса, бүгінде нақты орындалу деңгейі 98,3 пайызды құрап отыр екен.
Басқарманың деректеріне сүйенсек, ұжымдық шарт қабылдағандардың арасында 558 мемлекеттік мекеме мен 1 126 жеке кәсіпкерлік субъектілері бар. Мемлекеттік мекемелердің ішіндегі ұжымдық шарттың түзілу көрсеткіші мынадай: 65 ірі кәсіпорын мен мекеменің 62-сінде ұжымдық шарт жасалған. Немесе ірі кәсіпорындардың 95,4 пайызында ұжымдық шарт жасалған деген сөз. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы 162 орта және 331 шағын кәсіпорын мен мекемелерде 100 пайыз толығымен ұжымдық шарттар жасалған.
Б.Қалжановтың айтуынша, қаламызда 24 296 заңды тұлға тіркелген болса, оның 3 848 белсенді жұмыс атқарып тұр. Белсенді жұмыс атқаратын заңды тұлғаларға шаққанда түзілген ұжымдық шарттың деңгейі 43,69 пайызды құрайды екен.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметінің басым бағыттарының бірі – еңбек дауларын реттеп, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға атсалысу. Осыған орай басқарма тарапынан Шымкент қаласында жыл басынан бері қарай 6 еңбек дауы тіркеліп, тиісті жұмыстар жүргізу барысында қойылған мәселелер шешіліпті.
–Есепті кезеңде үш жақты комиссияның 7 отырысы өткізіліп, әлеуметтік шиеленістерді, еңбек жанжалдарын болдырмауға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бүгінде 2 кәсіпорында 94 жұмыскерге 16 млн.теңге жалақы қарыз қордаланған. Атап айтқанда, «AN-TRAST SECURITY» ЖШС-інде 21 қызметкер алдында 7,9 млн.теңге және «Rio Med» ЖШС-інде 73 қызметкер алдында 8,1 млн. теңге жалақы қарыздары бар, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.
Оның айтуынша, «AN-TRAST SECURITY» серіктестігі мен «Rio Med» медициналық орталығы уақытша жұмыс істемей тұр. Бірақ, берешекті мәжбүрлі түрде өндіру үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес, іс құжаттары жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына жолданып, сот орындаушылар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бақылауға алынған.
–Жалақыны дер кезінде төлемеу бойынша «AN-TRAST SECURITY» ЖШС-інің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде Шымкент қалалық полиция департаментіне ұсыныс жолданып, аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалыпты. Сондай-ақ, жеке сот орындаушыларымен «AN-TRAST SECURITY» серіктестігіне борышкер «СПИК Аккорд» АҚ-ның мүліктері бұғатталған. Атап айтқанда компанияның бетон төсегіш арнайы техникасы сатылымға шығарылған. Аукцион аяқталуына орай сатылымнан түскен қаражат «AN-TRAST SECURITY» серіктестіктің алашағына бағытталды, сәйкесінше серіктестік жұмыскерлері алдындағы жалақы берешегін өтеуге жұмсалады, – деді басқарма басшысы.
Ал, «Rio Med» медициналық орталығы» ЖШС-інен берешекті өндіру мәселесі үш жақты комиссия отырысында қаралған. Комиссияның анықтағанындай, коронавирус пандемиясы өршіген кезеңде бұл медициналық орталық арнайы рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Құжат болмаған соң орталықтың есепшотына атқарылған жұмыстар үшін қаржы түспей отыр екен. Сөйтіп, қызметкерлердің алдында жалақы қарызы қордаланып жиналып қалған. Осыған байланысты төлем қаржысын шешу жөнінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берілген екен.
Орталық тарапынан Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы» мекемесінен берешекті өндіру бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз беріліп, талап арнайы рұқсат құжатынсыз жұмыс істегендіктен қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шешіміне апелляциялық шағым келтіріліп, сот істі қарауды жалғастырып жатыр екен.
Сондай-ақ, есепті кезеңде Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан өткізілген тексерулер барысында 33 кәсіпорында 1 304 жұмыскердің 213,3 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарыздары мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуымен өтелген.
Қорыта айтқанда, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бағалауы бойынша, бүгінде Шымкент қаласы аумағындағы еңбек ұжымдарында жағдай қалыпты деуге болады.