Бала күтіміндегі әке... Избранное

Пятница, 19 Август 2022 03:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1039 раз

Бала күтіміндегі әке. Күлкілі естіледі ме? Біздің ұғым бойынша, жүктілікке байланысты демалысқа тек аналар шығады, бала тәрбиесімен тек анасы айналысуы керек деп, оны әйелдің міндетіне жатқызған. Ал, әкенің атқарар қызметі, сол баланы асырап-бағып, қатарынан кем қылмай жетілдіру. Елімізде демалыс алған әкелер жетерлік. Сондай әкенің бірі - Мұрат Сәкенұлы.

351

 

- Мен мемлекеттік мекемеде қызмет атқарамын. Жұбайымның жұмыс істейтін мекемесінде қызметкерлер тапшы болып, әйелімді демалысқа жібермеді. Декреттік демалысқа әкелердің де шығуға болатынын естіп, декретке шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл туралы әуелі басшыма ескерттім. Оған жұбайымның жүктілігі туралы мәлімдеме жасап және оның жұмыс істейтіндігі туралы анықтаманы көрсетіп, декреттік демалыс алуыма арыз жаздым. Жазған арызым қарастырылып, үш жылға демалысқа шықтым. Бар ойым – әйелім мен балама күтім жасап, қамқорлық көрсету болды. Демалыс аяқталғаннан кейін, жұмысқа бір ай бұрын барып, декреттік демалыс біткені туралы хабарлап, ары қарай жұмысымды жалғастыра беремін, - деді бала күтіміндегі әке.
Декреттік демалыс – әкенің немесе жұбайының нәресте дүниеге келгеннен кейін жұмыстан кеткен уақыты. Қазіргі уақытта әкелердің декреттік демалысын қамтитын ұйым жоқ. Сондықтан, жұмыс істейтін мекемеден «ақысыз демалыс» уақытын ала алады. ҚР Еңбек кодексінің 7 тарауы, 100 бабында бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс туралы жазылған. Бұл демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі. Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін немесе бөліп пайдалана алады. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Қазақстанда декреттік демалыс алған ерлердің саны жылдан-жылға артуда. 2008 жылы әрбір бесінші нәрестенің әкесі бұл мүмкіндікті пайдаланса, 2010 жылы әлемде дүниеге келген әрбір төртінші баланың әкесі бұл мүмкіндікті құр жіберген жоқ. Осылайша, 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін өз балаларын тәрбиелеуге көшкен әкелердің үлесі екі есеге өсті. Әкенің бала күтіміне байланысты демалыс алу туралы шешімі әдетте екі ата-ананың да еңбек жағдайына, сондай-ақ олардың материалдық жағдайына байланысты болады.
Бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әкелер мәселесі қоғамда да қызу талқыға түскені рас. Бұл мәселені қолдайтындардың бірі – психолог Зоя Пірниязова.
– Маған келген пациенттердің арасынан ондай әкелер кездескен емес. Дегенмен, олардың декреттік демалысқа шығуын құптаймын. Жұмыстан үзіліс алған әке нәрестесімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа босанған жұбайына эмоционалдық және физикалық қолдау көрсетеді. Жаңа босанған әйелдердің басым көпшілігі күйзелісте жүргендіктен, оларға қолдау керек. Және нәресте үшін де өте маңызды. Әкесінің жанында екенін сезініп, даусын естіп, жылуы мен махаббатын алады. Кейбір отбасында ер адамның жалақысынан қарағанда, әйел адамның табысы көбірек болады. Сондай жағдайларда да ерлер қауымы декреттік демалыс алады. Біздің қоғам бұны еркек атаулыны кемсіту мақсатында емес, оларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге тиіс деп ойлаймын, – дейді психолог.
Дегенмен, бұл мәселе қазақ қоғамы үшін тұрпайы көрінуі мүмкін. Тұрғындардың басым көпшілігі әкелердің декретке шығуын құптамайды. Біріншіден, бұл әрекет менталитетке сай емес екенін, екіншіден ердің орны үйде емес, түзде екенін, үшіншіден, ер адамның жұрт алдындағы сыйы кетеді деп есептейді. Әкелердің декретке шығуы отбасылық өмірге тигізетін артықшылығын мойындағанмен, олардың үйде бала бағып отырғанына қарсы.

Ал, шетелде ше?

Бала күтімі – әйелдің ісі. Десек те, бала күтімімен демалысқа шыққан әкелер қатары шет мемлекетте де біртіндеп артып келеді. Германияда ерлер қауымы әйелдер сияқты үш жылға дейін демалысқа шыға алады. Бала күтімі бойынша бір жылда жалақының 65-67%-ын алуға құқылы. Егер әйелі екеуі де осындай демалысқа шығуды шешсе, оған тағы екі ай қосылады. Бірақ, әкелер бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын болса, қайта жұмыс істейтін орнына қабылданбауы мүмкін. Басшылықпен сөйлесер алдында бала күтімі бойынша жәрдемақыны неміс компанияларында жұмыс істейтін шетелдіктер де ала алады. Сонымен қатар, ол басшылармен сөйлеспес бұрын, ол компания ерлерге арналған декреттік демалысты қолдана ма және бұрыннан бар-жоғын анықтауға кеңес береді.

P.S.

«Ер азамат – түздің адамы, әйел – үйдің адамы» деп бекер айтпаған дана халқымыз. «Еркек тапқан табыста береке болады» деп айтылған сөз де тегін емес. Иә, әйелдің қырық жаны бар. Ер адам істейтін істі ол да жасай алады, отбасын да асырауға шамасы жетеді. Бірақ, «отбасы – шағын мемлекет» деген тәмсілге ұқсас қанатты сөзді ойға алар болсақ, шаңырақтың керегесі мықты болу үшін отбасының тұтастығына жауапты әкелердің мұндай қадамына түсіністікпен қарауға болатын шығар.