ТҮЙМЕДЕН ТАБЫС ТАПҚАН КЕЛІНШЕК

Пятница, 10 Апрель 2020 04:13

түйме

Түйме. Иә, кішкентай болса да, керек нәрсе. Сол кішкентай нәрседен қомақты табыс табуға болады десе, сенесіз бе? Шымкент қаласында «Казпласт» атты компания бар. 2006 жылы негізі қаланып, нарықта 8 млн теңгемен кәсіп бастаған. Иә, шағын ғана нәрсеге сонша қаржы жұмсау қажет пе еді? Жалпы, бұл өндірістен пайда табуға бола ма? Біз «Казпласттың» негізін қалаушы әрі директоры Дана Жұмабаевамен әңгімелесу барысында жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзіміз біле бермейтін құпияларға қанықтық.

Дана Әсембекқызы еңбек жолын 2003 жылы «Сәуле» тігін фабрикасынан бастайды. Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы киім тігеді. Сол кезде түймеге сұраныстың көптігін және бізде түйменің өте тапшы екенін, онда да Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамының Оқыту-өндірістік кәсіпорны ғана шығаратынын біледі. «Олардың жұмыс кестесі өте тығыз, тапсырыстары көп, сондықтан үнемі ұзын-сонар кезекте тұрып, аз мөлшерде ғана ала аласың. Ақ түймеге тапсырыс берсең, сарғыштау етіп жасап береді. Түсінің сәйкессіздігі жиі орын алатын. Ал ақшасын алдын ала сұрайды. Онсыз да матаға қаржы жеткізе алмай әлек болып жатқанда бұл мәселе бізді кәдімгідей тығырыққа тірейтін еді», – дейді кәсіпкер.
Қазақ ежелден жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған халық. Бүгінгі заманда түйме пластмассадан жасалып жатыр. Түйме өндірісін әбден зерттеген кейіпкеріміз 2006 жылы желтоқсан айында «Казпластты» ашады. Пластмассамен байланысты әрі отандық өнім болғаннан кейін атын «Казпласт» деп қояды. Сол кезде «кішкентай затқа бола атын айқайлатып қойыпты» деп миығынан күлгендерге Дананың «Казпласттың» қандай болатынын әлі-ақ көрсетемін» деп намысын қайрай түскені бар.
Сонымен не керек, өндірістің алғашқы тауары 2007 жылдың 19-шілдесінде шықты.
– Шикізатын Ресей мен Польшадан алдырдық. «Термопласт автоматпен» қалыпқа құю әдісімен кез келген формадағы түймелерді жасап шығардық. Біздің алғашқы ассортиментіміз әскерилердің жейдесі, арнайы киімдерге қажетті түймелер еді», - деп бизнеске басқан алғашқы қадамдарын еске алған Д.Әсембекқызы.

«Кішкентай болса да, керек нәрсе»

«Сәуле» тігін фабрикасын түймемен толықтай қамтамасыз еткеннен кейін «Казпласттың» аясы кеңейеді. Семейден басқа қалалардан тапсырыс түсе бастайды. Ол кезде кәсіпкерлердің көпшілігінде артық ақша жоқ. Сондықтан төлем мерзімін оларға ыңғайлы етіп, барлық фабрикаларға жағдай жасайды. Әрі салығын да өзі төлеп отырады. Осылайша біртіндеп отандық өндірушілерді өзіне қарата бастайды. 2010 жылы «Арай» май зауытымен келісімшартқа отырып, май бөтелкелерінің қақпақтарын жасауға кіріседі. 2012 жылы карабин, ұштық сияқты тігін саласына қажетті фурнитураларды шығарады.
Фурнитура нарығын жан-жақты зерттей келе ғаламтордан Саниплас деген польшалық түйме өндірушімен танысады. Ол Польшада 50 жылдан бері түйме шығарумен айналысады екен. Саниплас: «Сенікі – ескі әдіс. Еуропалық стандарт бойынша түйме басқаша өндіріледі», – деп Дананы кәсіпорнына шақырып, өзінің құрылғысын ұсынады. Ал негізі ең мықты құрылғы Италияның «Ваннеси» фирмасында шығарылады екен. Қытайдың өзі солардың өнімін тұтынатын көрінеді.
– Мен «Ваннесиге» тікелей шығып, ондағы заманауи құрылғыны 2014 жылы елге кіргіздім. Ол үшін несие алуым қиын болды. Көптеген кедергілерге кездестім. «Даму» мен «Сбербанк» әзер дегенде қаржылай қолдады. Себебі, түйменің бағасы – арзан ғой. Ал банктегілер «бұл шығынды қашан ақтайды?» деп ойлайды. Расында, оңай болған жоқ. Еңбек ептілікті сүйеді. Бірінші Алла, екінші серіктестеріміздің арқасында тапсырыс көп болғандықтан бүгінгі күнге әупірімдеп жетіп отырмыз, – дейді Дана. «Құрал-сайман саз болса, машақатың аз болар» дегендей, кейіпкеріміз алдымен құрал-сайманын сайлап алыпты.
Дана Жұмабаева шетелдік құрылғыларды Қазақстанға кіргізгеннен кейін 2015 жылы Елордада өткен «Қазақстанда жасалған» көрмесіне шақырту алады. Сол жолы түймелерінің сан түрін Елбасыға көрсетеді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы оның түймелеріне таңдана қарап: «Кішкентай болса да, керек нәрсе ғой!» деген екен.
Иә, «түймеден не табады?» дейтіндер де жоқ емес. Дегенмен, бұл күнделікті киімге қолданылатын қажетті нәрсе болғандықтан, үлкен сұранысқа ие.
Дана Жұмабаеваның командасы тапсырысқа қарай кез келген үлгідегі түймені шығара береді. Түйме шығарудың дизайнерлік әдістері жетіп артылады. Мысалы, Италияда қымбат киімдерге қымбат түймелер шығарады. Ал бізде ондай қымбат киімдер жоқ. Сондықтан, ең арзан түйме – 2 теңге, ал ең қымбаты – 18,7 теңге.
Түйме өндіру саласында бірінші сатыдан екінші автоматтандырылған жүйеге көтерілген «Казпласт» қазірде басқа да отандық өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр.
– «Азала текстиль» мата, «Саяхат сервис» синтепон, біз фурнитура шығарып, бір-бірімізді сүйреп жатырмыз. Себебі, бір-бірімісіз күн көре алмаймыз. Менің түймем керек жерге синтепон да, мата да қажет. Бәріміздің мақсатымыз – бір, өнімді өткізу. Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындауға отандық өндірушілер бес жылдық келісімшарт, яғни консорциумға отырғанбыз. Тапқан пайдамызды инвестицияға құйып келеміз. Төрт жылын абыроймен алып шықтық. Бірақ, жыл сайын бізге кедергі жасайды. «Қазір консорциум мемлекеттік тапсырыстан алынып тасталған» деп желеулетеді. Бұрынғы жемқорлықтың иісі аңқыған жүйеге апарып, қайтадан тендермен істегісі келеді. Біз ешкімге «ешнәрсе» бермейміз, тапсырысты таза орындауға тырысамыз. «Осы мәселені парламенттік мінберде де көтердім. Егер біз өнімімізді өткізе алмасақ, несіне қаржы құямыз?! - деп Д.Жұмабаева бұл саладағы проблемалардың да бір шетін шығарды.
Бұдан бөлек, қарамағында түйме цехынан басқа тігін фабрикасы да бар «Казпласт» компаниясында 100 адам жұмыспен қамтылып отырса да, әлі күнге жекеменшік ғимараты жоқ екен. Жалға алып отыр. Бұл да бизнес жүргізуде көп қиындық туғызып жатқанға ұқсайды. «Ал Қорғаныс министрлігі егер ғимаратың болмаса, қарамағыңда 100 адам түгіл 1000 адам еңбек етсе де тапсырыс бермейді. Осы әділетті ме? Ал мен салық төлеп жатырмын ғой», – дейді компания директоры.
Шымкенттегі экономикалық немесе индустриалды аймақтан жер алып, ғимарат соғайын десе, 6 пайызбен несие алуға қауқары жоқ. Пайыздық жүктемесін көпсінеді.

 

25

 

Отандық нарықтың олқы тұстары

Шынтуайтында, жеңіл өнеркәсіп саласындағы жеңіл емес проблемалар жетіп артылады. Түпкілікті тұтынушы мен отандық тауар өндірушілер бәсекеге түсе алмайтын импорт өнімдерінің өте ауқымды көлемінің белең алуы өнеркәсіпке үлкен кесірін тигізуде. Біздің нарыққа 70 % импорт тауарын өткізетін шетелдің жеңіл өнеркәсібі айтарлықтай жетілген, сондықтан олар біздің халыққа күнделікті киімнің анағұрлым сапалы әрі қауіпсіз модельдерін ұсынуда. Ал бұл үдеріс отандық өндіріс пен тауарлардың тұтынушы алдында тартымдылығын жояды, бәсекеге қабілетсіздік орын алады.
Отандық нарықтың негізгі мәселесі – заңсыз тасымалданатын шетелдік тауарлар болып отыр. Осының нәтижесінде Қазақстан нарығын әлеуетті сатып алушы үшін сапасы төмен, бағасы арзан тауарлардың орасан көлемі жаулап алған. Есепке алынбаған, шығу тегі белгісіз, сапасыз мұндай тауарлар ел экономикасының дамуына кері әсер тигізуде.
Соның салдарынан отандық компаниялар шығарып отырған стандартқа сай, дұрыс компоненттерден жасалған сапалы киім үлгілері мен тауарлары сұранысқа ие емес. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер контрафактілі тауарлармен күресуге, бәсекеге түсуге мәжбүр. Мәселен, «Казпласт» түймелері нарықта 8 жыл болса да, ол әлі күнге экспортқа шыға алмай отыр.
Жалғыз шешім – жеңіл өнеркәсіп саласында отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдауды күшейту керек. Тағы бір өзекті мәселе – ірі және орта кәсіпорындардың көбісі ескі жабдықпен әрі көне технологиялармен жұмыс істеуде. Соның салдарынан тауарлар бәсекеге шыдас бермейді. Кәсіпорындарда автоматтандырылған жүйелер жоқ, өндіріс негізінен қол еңбегімен орындалады. Сондықтан шығарылатын тауардың өзіндік құны айтарлықтай қымбатқа түсуде. Жеңіл өнеркәсіптегі жағдай фурнитурамен жабдықтау саласына да байланысты болып отыр. Фурнитураны 25%-дан 39%-ға дейін отандық өндірушілер шығарса, қалғаны импорттық өнім. Нарықтағы түймелердің 60-70%-ы шетелден тасымалданады, әсіресе жейде мен костюмдерге арналған түйме мен әшекей сырттан келеді.
Сондай-ақ, нарыққа Оңтүстік Азия (Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея) елдерінен келетін сапасы төмен, ұсақ-түйек фурнитураның сан алуандығы да кері әсер етіп отыр. Соңғы 3-4 жылда түрік өнімдерінің үлесі артып келеді, бұл өнім түрі де сапалы бола бермейді. Бұл жайт өнім шығаруда жоғары сапа деңгейіне мән берген кәсіпорындарға мата мен фурнитура жеткізушілермен тікелей шарт жасауға мәжбүрлейді.
Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшы мамандарды дайындайтын кәсіби бағдарламалардың жоқтығы да саланы кенжелетіп тұр. Заманауи автоматтық жүйелерді қолданып, технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын болашақ мамандарды дайындайтын территориялық арнайы колледждер жоқ. Тіпті, қатардағы жұмысшылардың тапшылығы да сезіледі – ескі кадрлар еңбек демалысына шығып, жастар аз еңбекақыға жұмыс істеуден бас тартуда. Соның нәтижесінде мемлекеттік тапсырысты орындау үшін отандық маталар өндірісі мен сатып алу 40-50%-ға қысқарды. Осылайша отандық тауар өндірушілер өндіріс көлемін азайтып, мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған қуатты жайдан жай ұстаудан да бас тартуда, өйткені, ол қосымша шығын.
Нарық сарапшыларының пікірінше, жеңіл өнеркәсібінің бөлшек нарығы – азық-түліктік емес тауарлар арасында ерекше маңызы бар нарық болып отыр. Жеңіл өнеркәсібінің 2020 жылға дейін даму стратегиясы бойынша отандық тауар үлесінің ішкі нарықта артуы қарастырылған еді. Алайда, нәтиже көңіл көншітпей отыр.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін оңтайлы жағдай қалыптасқан. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының талаптары жақсарып, нарықтағы жалпы ахуал оң өзгерген. Технологиялық ерекшеліктер, ауыртпалығы мол әрі артта қалған өндіріс салдарынан ірі кәсіпорындар тігін саласында тар бағыттар бойынша, мәселен, тапсырысқа эксклюзивті киім тігу бойынша мамандана алмайды. Мәселен, Қазақстандағы жалғыз түйме шығаратын «Казпласт» компаниясына қаржылай қолдау кем боп тұрған кезде, әрине, нарықта тапшылық сезіледі. Сол үшін отандық түйме өндірісін қолдау қажет-ақ.

ОНЛАЙН – ӨМІР

Среда, 08 Апрель 2020 05:52

52

Онлайн – өмір. Елдегі дәл қазіргі уақыт ауаны осы бір ауыз сөзбен сипатталып тұрғандай. Виртуалдылықтың ізіне түскеннің соңы шын мәнінде желідегі өмірге тап келтірді. Бір-бірімізбен арақашықтықтан араласып, алыстан сыйласып, қашықтан білім алып, қашықтан жұмыс істеп, бүкіл байланыс қашықтан болып кетті. Аты жаман індеттің таралуына жол бермеу мақсатында онлайн-режимдегі түрлі байқаулар, қойылымдар, поэзия сағаттары, челлендж, эстафеталарды желіден тамашалап жүрміз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев басқа елдердің Президенттерімен барлық келіссөздерді телефон арқылы немесе онлайн жүргізіп жатқанын көк жәшіктен күн сайын көріп отырмыз.
Телеарналар да әлдеқашан қашықтық режимге көшті. БАҚ өкілдері жаңалықтарды мүмкіндігінше үйде түсіріп, таратуда.
Жергілікті деңгейдегі өмірдің парақтарын ақтарсақ. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мұрындық болуымен жас ақындар айтысы, «Ақ бата – 2020», «Жырым сенсің, туған жер!» сияқты байқаулар онлайн түрде өтіп жатыр.
Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры 8-сәуір күні Youtube арнасында Р.Отарбаевтың «Бас» драмасын сахналамақ. Бұдан бөлек, қарашаңырақтың актерлері күн құрғатпай көрермендерімен театрдың фэйсбуктегі парақшасында онлайн жүздесіп жатыр.
Осы орайда «Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының» басшысы Анар Жаппарқұлова да барлық мәдениет мекемелері карантин уақытында қала тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану бағытында көптеген онлайн жобалар жасап жатқанын тілге тиек етті.
– Сындарлы сәтте жазба ақындарымыз жүрекжарды ойларын өлеңге арқау етсе, әншілер қауымы өз көрермендеріне онлайн-концерттер ұсынуда. Суырыпсалма айтыс ақындары да көрерменсіз айтыс алаңына шығып, айтыстың тамаша үлгісін көрсетуде. Театр әртістері, цирк өнерпаздары, кітапхана қызметкерлері, музей мамандары, тіл, көрме, салт-дәстүр орталықтарының ізденімпаз мамандары, бір сөзбен айтқанда, мәдениет саласының майталмандары қиыннан қиыстырып жол тауып, жұртшылық көңілін көтерерлік, тағлымды тәрбие берерлік шараларды қала халқына қашықтан ұсынуда. Бұл күн де өтер, ақ таң да жетер, бастысы, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, шектеулер шеңберінен шықпай, өтпелі кезеңнен ел болып есен өтейік! – дейді Анар Абусайылқызы.

 

unnamed


Расымен, Шымкенттегі қайсыбір мәдениет мекемелерінің барлығы үйден шыға алмай отырған карантиндегі көрерменнің көңілін көтеруге атсалысуда. Мәселен, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұжымы 5 сәуір күні «Керқұла атты Кендебай» ертегісін онлайн режимде көрсетті. Қалалық әзіл-сықақ және сатира театры да әлдеқашан «Өгізбайдың отбасы», «Ұстазым менің» қойылымдарының көрсетілімдерін бастап кеткен. Әрі әртістерімен онлайн жүздесулер ұйымдастыруда.
«Қазына» би ансамблі де бейтарап қалмай, биден шеберлік сағатын өткізуде. Еліміздің дәулескер күйшілері бір мезетте эфирге шығып, таңдаулы туындыларды домбырада сөйлеткенде, ол талпыныстарының сәтті шыққанын көріп, көңіл қуанады екен.
Жезтаңдай эстрада әншілері де халық арасында кең танылған әндерді Қазақстанның әр түкпірінде үйінде отырып тікелей эфирде бірлесе шырқағанда, «Ее, осылай да ән шырқауға болады екен ғой!» деп тамсанып қалдық.
Туған күндер, қуанышты сәттер де онлайн өтуде. Күні кеше инстаграм желісінде белгілі әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина өзінің туған күнін онлайн тойлағанын жазды. «Туған күнді онлайн тойлау дегенді де көрдік-ау. Бұл жерде ең бастысы ниет екен. Мақпал, Нұржамал, Бағдат, Жанар, Жеңіс апаларымыз бастаған өнердегі әріптес, достармен құрған ортақ чатымыз бар. Бүгін сол жерде қаншама әдемі тілектер айтылды. Гүлдерін, торттарын онлайн жіберді», - деп қуанышты күніндегі әсерімен бөлісті.
Мұндай мысалдар өте көп. Танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлы өзінің жақында дүние есігін ашқан кенже ұлының қырқынан шығарылғаны туралы фэйсбукте «Карантиндегі қырқынан шығару» деген жазба қалдырды. «Кеше ұлды карантин жағдайында виртуал һәм онлайн түрде қырқынан шығардық. Сақтаған сыбағадан жарым, үлкен қызым үшеуміз ниет етіп, Құран оқып, дәм таттық. Ауылдағы, алыстағы ата-әжелерінен онлайн бата алдық», - дейді ағынан жарылған әріптесіміз.
Президент Қ.Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар бойынша жиында сөйлеген сөзінде: «Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіндік» деп еді. Елімізде КВИ-ге қарсы карантин, мұнай дағдарысы, экономикадағы пандемиялық ахуал да тайғанақтап тұрған осы бір өтпелі кезең бізге онлайн өмірге, бейімделуге үлкен мүмкіндік бергендей. Және оған аздап кедергілер болса да, бір кісідей бой үйретіп келе жатқандаймыз. Ертең бұл күндер де тарих қойнауына енген кезде «Қазақстанның біржолата онлайн өмірге өткен алғашқы кезеңі» деп жазылатыны сөзсіз. Не болса да, қайырлы болғай!

 

1528869898 c8c6e07a-4f15-45a9-8b17-3013775eb937

Аты жаман аурудың таралуына байланысты соңғы кездері елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінде көптеген оқиғалар болып жатыр. Кәсіпкерлік саласында да дүйім елді алаңдатқан мәселелер көп.

Мемлекеттен несие алып, шағын немесе орта кәсіп ашып, жалға алған ғимараттың ақысын төлеп, қарамағындағы қызметкерлеріне жалақы беріп отырған кәсіпкерлерге бұл індеттің салдары оңай тиіп жатқан жоқ. Оның үстіне шекара жабылды, тұтынушылар азайды.
Осы орайда «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темір өзінің facebook-тегі парақшасында онлайн-брифинг өткізіп, «Атамекен» және жергілікті әкімдіктер жалға алушылар мен жалға берушілер арасындағы дауларда медиатор қызметін атқаратынын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда елімізде ТЖ енгізілгелі бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына республика көлемінде 11 мыңға жуық кәсіпкер хабарласқан. Хабарласқандардың 86% – шағын, 12% – орта, 2% – ірі кәсіпкерлікпен айналысатындар. Жалпы алғанда олар қызмет көрсету саласының (62%), сауда (22%), өндіріс саласының (15%) өкілдері.

Спикердің сөзінен байқасақ, зардап шегіп отырған көбіне шағын кәсіп иелері. Оларға қандай көмек болмақ? Бұл туралы сәл кейінірек.
Кәсіпкерлердің 58% енгізілген шектеулерге байланысты келісімшарттағы міндеттемелерін уақытша бұзуға тура келгенін айтады.
54% -ы қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа немесе жартылай жұмыс күніне ауыстырып жатқанын мәлімдеген.
19%-ы өз қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр.
59%-ында жалгерлік төлеммен мәселелер туындаған.
22% жалақы төлеуге қиналуда.
5% -ында коммуналды қызметтерді төлеу кезінде қиындықтар туындаған.

Бұл сандардың артында қаншама адамның тағдыры тұр. Жұмыс беретін кәсіпкер де, жұмысшы да зардап шекпес үшін не істемек керек? Бұл ретте Шыңғыс Темір ҰКП екі аптадан бері жедел штабтың жұмыс істеп жатқанын және жалға беруші мен алушының мәселелерін бітімгерлік жолымен шешуді реттейтінін айтады.
–Мемлекет немесе квазимемлекеттік сектордан мүлікті жалға алу мәселесі кәсіпкер пайдасына шешілді. 20 наурыздан бастап мемлекет мүлігін жалға алушы кәсіпкерлер жалға алу құнын төлеуден 3 айға босатылды. Ал бизнес орынжайды бизнестен жалға алған болса, онда мәселе шешімін тапқан жоқ. Сондықтан даулар өңірлік кәсіпкерлер палаталары және жергілікті атқарушы органдардың медиаторлық көмегімен жекелеген тәртіпте шешілуде, - деді ол.
Иә, мемлекеттік комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл мәселеге орай 20 наурыздан бастап алдағы үш айға бизнес өкілдері мемлекеттік мүліктерді жалгерлік төлемінен босатылсын деп жергілікті әкімдіктерге тапсырма берген болатын. Ал кәсіпкерлер жалгерлік төлемнен босатылу үшін қайтпек керек? Мемлекеттік мүлік порталының www.gosreestr.kz сайтында ЭЦҚ арқылы келісімшартқа қосымша құжаттарды толтыру қажет. Осы қосымша келісімге орай кәсіпкер жалгерлік төлемнен үш айға босатылады.

Коммерциялық жылжымайтын мүлікке қатысты айтар болсақ, онда мәселе сәл күрделілеу. Өйткені, олардың үшінші тұлғаларға, коммуналдық қызметшілерге, мемлекеттік бюджетке, банктерге берешегі көп. Жалға алушылардың жұмысы тоқтап немесе қызметі шектелді. Себебі, карантин басталды, шекара жабылды.Тұтынушылар азайды да, табыс кеміді. Алайда, жалгерлік төлемді төлеуге тура келеді. Осындай жағдайда кәсіпкерлерге жергілікті кәсіпкерлер палатасына немесе 1432 нөміріне қоңырау шалуына болады. Сонда жалгерлік бойынша тиісті мамандармен байланыстырады. Яғни, «Атамекен» жалға алушы мен берушілерді бір алаңға жинап, мәселені медиация жолымен шешкісі келеді.

 

12ae0e8945668fb6db259afa33a1eac6-small71559715 2320285471617739 2208801062133956608 n


Қазір мемлекет кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бірқатар шешімдер қабылдады. Жалға берушілерге де оңай соғып тұрған жоқ. Осы орайда мемлекет жекелеген салық түрлерінен босату, несие төлемдерін кейінге шегеру, қызметкерлерге ең төменгі жалақы төлеу, коммуналдық қызмет төлемдерін кейінге қалдыру сияқты қажетті механизмдерді қарастыруда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бизнесті нығайтудың ірі ошағы.
– Егер кәсіпкерлерде банкпен мәселе туындаса, біз банкке барып жағдайын шешуге тырысамыз. Егер де салық органында туындап жатқан сұрағы болса, оны да шешуге әзірміз. Егер қызметкерлерін ақысыз демалысқа шығарып, ең төменгі жалақы алғанын қаласа, онда да көмектесуге дайынбыз. Кәсіп иелері қандай мәселеге тап келсе де, біз қол ұшын созамыз, - дейді Кәсіпкерлерді қорғау департаментінің директоры Ш.Темір.
Кәсіпкерлік саласындағы жедел штабтың жұмысы осындай. Ал Шымкенттегі Кәсіпкерлер палатасы не істеп жатыр? Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қабіштаев Шымкент қалалық әкімдігі мен прокуратура өкілдерінен, «Нұротан» мүшелері, қоғам қайраткерлерінен жұмыс тобы құрылғанын айтады.
–Шымқалада 2 мың шаршы метрден асатын 35-ке жуық сауда орталықтары бар. 20 кәсіпкермен келіссөз жүргіздік. Соның 8-і өзінің жалға алушыларына жеңілдік жасау немесе жалгерлік төлемнен толығымен босатуды мақұлдап отыр. Қазіргі таңда ірі сауда-саттық орындары толығымен жабылған. Тек сауда дүкендері бетперде режимінде жұмыс істеуде. Әр мәселені жекелей қарастыруымыз керек, - дейді Нұрлан Орынбасарұлы.
Палата директордың сөзінен ұққанымыз, екінші деңгейлі банктердің шарттарын орындау бойынша қиындықтар туындап жатқан көрінеді. Үкімет жариялаған бірінші антидағдарыстық пакетте төлемдерден 3 айға дейін босатылатыны барлық кәсіпорынның мәселесін шешпейді. Екінші деңгейлі банктермен жиналыс өткізілген. Біршама банктер несие беруді үзілді-кесілді тоқтатып отырған жоқ. Келіссөзге келуді ойластырып жатыр. Егер де қандай да бір сұрақтар туындаса, 39-49-77 байланыс орталығына хабарласуға болады. Бұлардан бөлек, өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардың қызметкерлерін блок-бекеттерден кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз етіпті.
Мәселен, Палата «Шымкентмай» АҚ-на мақта майының экспортына көмектесіпті. «Қазақстан Темір Жолының» да мәселелері шешімін тапқан. «Балтекстиль жұмыстан босаған қызметкерлеріне 42 500 теңгені алуға көмектескен.
Доллар бағасы аспандап, мұнай бағасы құлдырап бара жатқан аумалы-төкпелі кезде, пандемия алқымнан алған қиын жағдайда отандық кәсіп иелерін қолдау өте маңызды. Себебі, нарықтағы ішкі сұранысты солар қанағаттандырады әрі жұмыс орындарын ұсынып, азаматтарды жұмыссыздықтан құтқарады. Сондықтан, «Атамекеннің» барлық кәсіпкерлерге тең құқықты дәрежеде қарап, жағдай жасауы қай жағынан да құптарлық.

 

Дүрлігуге негіз жоқ

Пятница, 20 Март 2020 18:59

Қазақстан Республикасы аумағында Төтенше жағдай режимі енгізіліп, ҚР Президенті тапсырмаларының орындалуына байланысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту, еңбек және экономикалық тұрақтылық жөнінде баспасөз брифингі өтті.

–Қазір әлемдік экономикада біраз қиындықтар туындауда. Оның біздің мемлекетімізге де әсері тиюі ықтимал. Соған байланысты Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, – деді Ербол Әбілхайырұлы.
Спикердің айтуынша, Шымкентте коронавирус дерегі тіркелмеген. 69 адам карантинге жатып шыққан. Бірінші кезекте халықты азық-түлікпен қамту мәселесі тұр. Сауда орындарында баға тұрақты, азық-түлік қоры жеткілікті.
Медициналық тұрғыдағы дайындыққа келсек, дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті. Арнайы бригадалар жасақталған. Қалада барлық талаптарға сай келетін 170 орын, 680 провизорлық жатын-орынмен жабдықталған денсаулық сақтау нысандары, 500-ден аса реанимациялық тыныс алу аппараттары дайындалған. 750 орындық аурухананы дәрі-дәрмекпен ұстап тұруға, 90 мың ғимаратты дезинфекция жасауға мүмкіндік бар. Жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлер мен медбикелерден бөлек 4300 медицина қызметкері дайындық жұмыстарына резерв ретінде қатарда тұр. Сонымен қатар, резервте 650 мыңнан аса бетперде бар.
Маска демекші, Шымкентте маска мәселесі шешімін табуда. «Гаухар» тігін фабрикасы мен №5 колледж күніне 500 мың данаға дейін көп қолданыстағы маскаларды тігуге қызу кіріскен. Жақын күндері қала дәріханаларына сатылымға шығатын маскалар бір реттік емес. Оларды жуып, үтіктеп қайта пайдалануға болады. Бағасы сапасына қарай, яғни, дәке мен бөзден тігілген 4 қабатты маска – 110 теңге, 8 қабатты маска – 130 теңге, 16 қабатты маска – 200 теңгеден сатылымға шығады. Қала әкімдігі кәсіпкерлермен келісе отырып антисептиктердің бағасын 420 теңгеден белгілепті. Жалпы дезинфекция мәселесіне келгенде сақтық шараларын әр адам өзінен бастауы керек. Сол сияқты қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторларына да көлікті дезинфекциялап отыруға тапсырма берілген. Қаладағы 1500 қоғамдық көлік тасымалдаушысы тазалық шараларына тікелей жауапты.

 

IMG 20200303 122025

Шымкент қаласынан бес шақырымдай жердегі Қасымбек Датқа ауылының тұсынан өтіп бара жатып жиырмаға жуық ойсылқара тұқымын алдына салып бағып жүрген апаны көзіміз шалды. Жақындап барсақ ашаң жүзді, кең маңдайлы, жылы шырайлы жан екен. Амандасып, жөн сұрасқан соң Несібелді Мұханқожаевамен әңгімеміз оның шаруа қожалығында жалғасты.

Апамыз шаруа баққан ширақ адам екені бірден аңғарылды. Алдымен өркешті ірі қараларды қораға қотандады. Қора жайына кіргеннен түйелеріне жем салып, суын беріп, олардың әрқайсымен күбірлеп сөйлесіп, тайлақтары мен боталарын қолынан азықтандырып жүр. Отағасы мен балаларының қолы босамаған кездерде қара малды өзі-ақ көкке шығарып келе береді екен. Біз барғаннан жарты сағат бұрын аруаналары мен биелерін сауып, малдарын жайылымға шығарған беті көрінеді. Қожалықта 25-ке тарта қоңды түйеден бөлек құйрық-жалы төгілген 20 шақты жылқы да көзімізге оттай басылды.

– Апа, жасыңыз қаншада? - дейміз үлкен кісінің өндірімді тірліктеріне тамсанып.

– Ее, қарағым, наурыздың 22-сіне 65-ке толамын, бұйыртса. Үйдегі атаңмен бірге 31 жылдан бері осы өзіміз құрған шаруа қожалығында қайнап өстік. Бір сәт те еңбексіз отырғанымыз жоқ. 1989 жылы 12 түйеден бастап едік, қазір олардың саны әжептәуір көбейді. Күніне 60-70 литрдей сүт сауамын, балам, - дегенінде таңданып та, тамсанып та қалдық.
– Бұл жерге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданынан қоныс аудардық.
«Экологиялық аймақта балалардың болашағы қалай болады?» деген оймен сондағы бар қызмет, игілікті ісіміздітастап кете бардық, - деді үйіне қарай бастаған түйекеш кейіпкерім. Несібелді Шәріпбайқызының бал қымызынан дәм тата отырып әңгімеміз өз желісін тапты. Байқаймын, басымнан базарым өтті деп отырған кейуана көрінбейді. Түйе шаруашылығын алтын қазығына балаған ол бұл іске аса ыждаһаттылықпен бел шеше кіріскен.

– Сондағы бар қызметті тастап келдік дейсіз. Қандай жұмыс еді?

– Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозында отырғанда жағдайымыз өте жақсы еді. Ол кезде жұрт ақшасы барларды миллиардер деп айтуға именетін. Көкең – ауылда кассир, мен совхоздың сельсоветінде бухгалтер болдым. Кейіннен – дүкен сатушысы болдым. Сол кезеңдерде ішіп-жемнен бастап киім-кешек, тұрмысқа қажет заттардың бәрі тапшы еді ғой. Оның үстіне бүткіл ауылға бір ғана дүкен. Сатуға түскен заттың бәрін әділ үйлестіретінімнен деп ойлаймын, ауылдастарыммен әңгімем жақсы жарасатын еді. Сөйтіп жүргенде декреттік демалысқа кеттім. Сонда бас бухгалтер басшыға «Мұханқожаеваның орнына басқа адамды жұмысқа алайық» дегенінде ол кісі келіспепті. – «Не, оны шешесі дүкеннің ішінде туып па?» деген көрінеді есепші. Құдайға шүкір, мені кеудемнен итерген адамдар болған жоқ. Ауылда еркелетіп Нестай деп айтатын. «Ұлым – Әбекеңдей, келінім – Нестайдай болсын!» деп жаңа түскен келіндердің басына орамал салдыратын. Кейіннен екі рет ауылдық кеңестің депутаты болдым.

– Келінтөбеде сіздерді басына көтеріп қадірлеген екен. Шымкентке тұз-дәм қалай тартты?

– Жақсы ортаны, жақсы жұмыстың бәрін тастап келгендегі түпкі мақсатымыз – балалардың келешегі еді. Шаң-тозаң, қарасора. Жел тұрса қасыңдағы адамды көре алмайсың. Айнала батпақ. Өзім Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде дүниеге келгенмін. Ол кісі менің нағашым болып келеді. Бір әке-шешеден екі ұл, үш қыз өсіп-өндік. Анам 27 жасында бала үстінде дүниеден өтіп кеткен екен. Ал мен ол кезде бар болғаны сегіз жаста екенмін. Әкем мені Алматыдағы эксперименталды мектеп-интернатында оқытты. Мектеп бітірген соң Талғардағы Ауылшаруашылық техникумында білім алдым. Әбекең екеуміз сол кезде таныстық. Оқу бітірер жылы Келінтөбеге келін боп келдім. Шыны керек, пойыздан түскенде «қай жерге келдім» деп шошыдым. Бесарық деген жерден түсіп паромға бардық. Паромнан ары қарай екі сағат көлік күтіп қара шаңыраққа әзер дегенде жеттік. Ата-енем өмірден өтіп кетіпті. Екі жарым жыл үлкен абысынымның қолында тәрбиелендім. «Бөлек шығыңдар» десе, «Жоқ, менің әлі үйренбеген нәрсем көп» деп айтады екенмін. Себебі, сиыр саусам шала сауылатын сияқты. Күбі піссем, майы түспей қалатындай көрініп тұратын, - дейді.
Бүгінде қайрақтай шарланған қайратты Несіп ана титтейінен еңбек етіп, жұмыспен шыныққандықтан, осындай дәрежеге жетіп отыр. Мұнда келгелі қазығына қара байланып, шаруашылыққа кірісіп кеткен. Совхозда кооператив ашып, отағасы Әбілқасым Мұстафаев Түркменстаннан алғашында жүк көлігімен 12 түйе әкеледі. Сөйтіп қатарынан 3 жыл сол жақтан ірі қараларды жеткізіп отырады. «Бозінген» атты шаруа қожалығын ашады. Нарынқолдың ақсаусақ Несібелдісі түйе саумақ былай тұрсын ол кезде бұл жануардың суретін де көрмеген жас келіншек қой. Өкімет шаруашылыққа деп 30 гектар жер береді.
– Ешкім іштен оқып тумайды ғой. Өмір өзі тәрбиелейді екен, балам.
Күнде таң алагеуімде, сағат 6-да ұйқымнан оянамын. Намазымды оқып, сағат 8-де келушілерге сүтімді дайындап тұрамын. Соңғы 7-8 жылдың шамасында ел түйе сүтінің қасиетін ұғынып, жаппай емге ішіп жатыр. Қарабұлақ, Сайрам, Леңгір, Темірлан жақтардан келіп жылы күйінде ішеді. Күніне 20 адамдай қабылдаймыз. Сүт мол болса, артылып қалғанын қымыран қып ашытамыз. Балалай аруаналарды да, сауын биелерімді де үш мезгіл сауамын. Уақыттың қалай өте шыққанын байқамай да қаламыз. Қорадағылар қолбала түйелер, бота кезінен мәпелеп өсірген жануарларым ғой. Түйені сатып аларда малдың мінезін әбден зерттеп, үш литрден жоғары сүт беретінін аламыз. Бізге басы емес, сүті керек. Бағымыздағы әбден екшеліп әкелінген түйелер.

– Қазір бір түйе қаншаға бағаланады? Ал оның сүті ше?

– Қазір шұбаттың 1 литрінің бағасы – 1000 теңге. Ал 3 литрге дейін сүт беретін түйе 1,5 миллион теңгеге саудаланады.

– Түйе баққан оңай ма, жылқы баққан ба?

– Жер кең, шөбі шүйгін болса түйе баққан оңай ғой. Бір сиырды сауып болғанша үш түйе сауасың. Оны сауғанда тізерлеп отырмайсың. Түрегеп сауып ала бересің.
Осы кезде қазақтың халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының:
– «Көштің көркі түйе еді,
Шыңырауға қауға байлап бақ.
Жетекші келер жылқы мал,
Семізін мініп айдап бақ.
Қой деген мал береке,
Қолайлы қоныс жайлатпақ.
Сиыр, өгіз тоқ қылар,
Түнеген жері айбатпақ.
Шаруа болсаң, мәнісін
Әрқайсысының ойлан тап», - деген өлең шумағы ойыма оралды. Бұл жерде «түйені шыңырауға қауға байлап бақ» дегені, көнтеріден жасалған шелегіңді тастама деп ұғындырғысы келгені. Яғни, қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен бабаларымыз ХІХ ғасырда-ақ түйенің, оның сүтінің пайдасы көл-көсір екенін меңзеп тұр.
Ресейліктер хайуанаттың барлық түрін жинап, лазер сәулесіне жатқызып, тәжірибеден өткізіпті. Сонда тек түйе ғана тірі қалыпты. Тексере келе, оның өркешінде, майында, жүнінде радиация өткізбейтін ақуыз бар екені анықталыпты. Орыстар сол кезде осы құпияны білген, бірақ жасырын ұстаған. Қазірде түйе жүнін бойынан ешқандай сәуле өткізбейтіні үшін ғарышкерлердің киіміне пайдаланады деседі.
– Өзім түйенің жүнінен көрпе тігемін, белбау тоқимын. 65 жастамын десем, ешкім сенбейді. Денсаулығыма ешқандай шағымым жоқ. Таңғы 6-да тұрып, түнгі 12-де басым жастыққа тиеді. Жасыратыны жоқ, кейбір кездері шаршаңқырайтын кезім болады. Балалар да «көп шабыла бермеңіз!» деп шырқырайды. Көкеңе: «Шаршадым» деген сөзді айтпайықшы. Құдай шаршатпасын!» - деп айтып отырамын.
Әдепкіде жұрт біздің кейіпкерімізге «түйеші» деп менсініңкіремей миығынан күле қараған екен. Осы кәсіпті ашқалы жергілікті тұрғындардан түрткі көргенін де жасырмады. Бос жатқан жайылымдық жерді қызғанатын көрінеді. Не өзі қарекет етпейтін, еңбектенген адамды көре алмайтын пенделік-ай десеңші! Әйтпесе, Әбілқасым көкеге қора жұмысына, Несіп апаға түйе саууға қолғабыс ететін малшы, сауыншылар ауадай қажет-ақ. Олар өз ауылдарына хабарлама да беріпті. Бірақ, қара жұмыс істеуге ешкім құлық таныта қоймапты.
Ресми атауы Қасымбек Датқа болғанымен, Несібелді апаның түйесіне бола бұл ауыл Түйелі аталып кеткен екен. Қалаға қайтып келе жатып: «Өкіметке қол жайып, бала туғанын міндет етіп, үйде бекер отырған кейбір әйелдер жасы 70-ке қарай қадам басқан Несібелді ападан үлгі алса еді. Сауыншылыққа шақырса, шіреніп бармайтын келіншектер нәсіп түбі еңбек екенін ұқпай ма екен» деп ойландым.
Шынында 31 жылдан бері түйе шаруашылығын кәсіп етіп, халыққа табиғи ұлттық сусын ұсынып келе жатқан Әбілқасым мен Несібелдідей еңбекқор жандардан үйренеріміз көп. Соны білген әйгілі британдық Би-би-си арнасының тілшілері былтыр арнайы келіп кейіпкерімізді бейнетаспаға түсіріп, репортаж жасапты.
Адам еңбегімен бағалы деген рас қой.

Кермаралдай Құралай

Пятница, 06 Март 2020 04:05

Мына бейдауа дүниені бір сәт әдемі әуенге алмастыра тұрасыз ба?! Сан иірімді нота толқынымен баурап алатын «Елге сапар», «Алтынай», «Әппақ гүлдер», «Сені көргім келеді» дейтін әуезді әндермен санамызға серпіліс, көңілімізге кең тыныс беріп, сезім шабытын шалқытып, өмірдің сұлу сәттеріне балқытып тұратын Құралайдың құпиясын білгіңіз келе ме?

a400b598-62b8-4075-966a-4a5ec8246d7c

«Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам,
Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа».

Оның да, сіздің де, бәріміздің жүрегімізді тербеген, жанымызға жақын сырлы көріністі көз алдымызға келтіретін «Елге сапар» әнімен бірге белгілі сазгер Құралай Сәтмұхамбетованың әлеміне еніп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық.

...Оның өнерге махаббатын оятқан өзі өскен Семей өңірі, Абайдың әндері. Ол аз болса, ата-анасы да өнерден құралақан емес еді.

– Абай әндері біздің ауылдың адамдары үшін гимн сияқты болатын. Кез келген отырыс, той, алтыбақан Абай әндерінсіз өтпейтін. Осыған байланысты балалық шағымдағы естен кетпес бір эпизодты айта өтейін. Күздің соңғы айларының бірі болатын. Біздің үй жылқы сойып, соғымнан ауыз тиюге туыс-жекжат, көршілерді қонаққа шақырды. Бір-бірін көптен көрмеген жақын жандар қауқылдасып, әңгіме тиегін ағытып, көңілді отырды.

Ет желініп, сорпа, қымыз ішіліп болған соң шайға дейінгі үзілісте әдеттегі үрдіс бойынша ән айтылуы керек. Ауылдың алтыауызын әкем Шайзада бастады. Домбырасын шерте отырып, арасында әзілімен жұртты бір күлдіріп алып, әнге басады, шертпе күйден шертеді. Әкем Естайдың «Қорланын» сүйіп айтатын. Тәттімбеттің «Сылқылдағын», Дайрабайдың «Дайрабайын», «Қосбасардың» екі түрін шертетін. Менің де тұңғыш рет домбыраға салып үйренгенім «Қорлан» әні болатын.

Содан қонақкәдеге кезек келгенде Абайдың әндері басталады. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Айттым сәлем, Қаламқас»... Үлкен-кіші, ер мен әйелдің дауыстары түгел қосылып «унисон» айтқан кезде, сол әнмен бірге қалықтап, бірге тербеліп, өз-өзіңді ұмытып, басқа бір кеңістікке көтерілгендей ғажап күй кешесің. Абай әндерінің құдыреті менің де кішкентай жүрегімді тербеп, көзіме жас ала отырып, әуенге қосыла кеттім. Менің жан тебіренісімді сырттай бақылап отырған әкем «Сен не біліп, неге толқып отырсың, көкем-ау!» деп маңдайымнан сүйгені әлі есімде. Сол бір ерекше сәт маған өнер деген ғаламат әлемнің есігін ашып, музыка құдіретін көкірегіме көктеткен сәт болса керек...

«Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың: «Менің білетінім: ән – адал жүректен туады... Ән жарқын болашаққа деген сенімді паш етеді. Асқақтата салған ән... Сені әлдеқайда алысқа, қиыр шетке, сонау төскейде көрінген қырат басына жетелейді. Сол қыратта қыран отырар. Анда-санда қанатын қомдап-қомдап, бар даусымен шаңқ еткенде, ол да енді қайтып ешқашан қайталанбайтын ерекше ән ғой... Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Қыранның көзін шетсіз-шексіз жатқан кер дала ашты. Дала оның көңілін оятты... Жүрегін тербеді... Қыран бұлбұл секілді сұңқылдай бермейді. Ол өзінің ең ғажап, ең айбынды әнін анда-санда бір-ақ рет айтады.

Ол ән дала төсін аралап ұзаққа кетеді. Естіген құлақты ерлікке шақырады. Іркілген жүрекке жігердің жалынды отын жағады. Қыран әні осы» деген екен. Ұлы сазгердің осы ойынан нағыз әннің табиғатын табамыз.

Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Түркістан облысы Композиторлар қауымдастығының төрайымы, Қазақстан Авторлар Қоғамының басқарма мүшесі, композитор, әнші, Құралай Шайзадақызын егжей-тегжейлі таныстырып жату артық қой деп ойлаймыз. Себебі, ол 150-ге тарта музыкалық шығармалардың авторы. Солардың ішінде халық арасында кеңінен таралған, 25 жылға таяу сахнадан түспей орындалып жүрген «Алтынай», «Аппақ гүлдер», «О, Гитара!» және «Сені көргім келеді», «Елім аман» , «Ару Ана», қазіргі таңда хит болып жүрген «Елге сапар», яғни, «Ауылға барам» әндерін байтағымызда білмейтін жан кемде-кем шығар.

Ал осындай ғажап әндерімен бар қазақты баурап алған белгілі композитор Құралайдың таланты қалай бағаланып жүр?

– Атаққұмар емеспін. Жиырма шақты медалім қобдишамда сақтаулы. Тағып жүре алмаймын. Ал, өмірін өнерге арнаған өнерлі жандарға тиесілі «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағын бір кездердегі мәдениетті басқарған басшылар бір-бірден бөлісіп алған сияқты. Сондай атақ алмаған басшы жоқтың қасы. Шынтуайтында оның басшыларға түкке де қажеті жоқ. Ол сахнаға шығып жүрген өнерпазға тиесілі атақ. Лауреаттық атақтарым баршылық.

Әйтсе де мен бұл атақты өзім үшін емес, өнердегі өзім тұғырлас таланттардың тасада қалған еңбектерінің обалы үшін айтып отырмын, - дейді сазгер. Ал біз ешкімге жарамсақтанбайтын, өмірінің өлшемін «өнерім» деп қана бағалайтын, алдағы жылы 70-тің желкенін кергелі отырған кермарал композитор Сәтмұхамбетованың «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағына әлдеқашан лайық екенін айтқымыз келеді.

– Сізге шабыт қай уақытта келеді? – дейміз әңгімеміздің желісін одан әрмен жалғай түсіп.

–Шабыт уақыт талғамайды. Жолда келе жатып та көмейге ән құйылады. Кейде өлең оқып отырғанда өз-өзінен әуен төгіледі. Ол бір тылсым дүние. Көкірегіңді әуен тербегенде күйсандыққа отырып, бір-екі рет қайталап, жадыңда сақтап қалуға тырысасың. Кейде ұйықтап жатып та ән естіледі. Бірақ, оны жазып ала алмай қаласың. «Қап, әдемі ән кетті-ау!» деп өкінетінің де болады. Кейде қатты қуанғанда немесе ренжігенде де жаның әнмен өрілетін дүние ол, қалқам. Кейде ақындардың жақсы өлеңдерінің өзі ән шақырып тұрады.

– Атақты әндеріңізді қалай толғатып, қалай дүниеге әкелген едіңіз?

– «Аппақ гүлдердің» сөзін жазған Қуаныш Төлеметов нағыз өнердің жанашыры болған азамат еді. Бірде мені кабинетіне шақырып, «жас кезімде жазған өлеңдерімді оқып көрші» деді. Содан «Сезім гүлі» деген өлеңге көзім түсіп, оған ән жаздым. Кейіннен «Аппақ гүлдер» деген атпен халыққа тарап кетті. Ол әнді алғаш рет әпкем Қарлығашпен бірге орындадым. Ал, «Алтынай» Қырғызстанның Мәдениет министрі болған Алтынай Сүлеймановаға белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының арнаған өлеңіне жазылған ән. Ханбибі өлеңін қырғыздың қайраткер қызына арнаса, мен әнімді қазақтың алтындай Алтынайларына арнадым.

Өзім газет-журналдарды көп оқимын. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне Ибрагим Исаның «Елге сапар» деген өлеңі жарияланған екен. Көз жүгіртсем, тура біздің ауылдағы картина. Ол кезде әпкем Қарлығаш екеуміз ауылдан жырақта оқимыз. Каникулға барғанда анам тура әлгі әннің сөзіндегідей шарбаққа сүйеніп тосып тұратын. Содан «Жол жүрем бүгін, қалтамда аздау қаржымен» деген сөздерін «Жүрегім ел деп елжірер» деп аздап өзгерттім.

– Әр адамның өмірінде жұлдызды сәті болады. Сіздің жұлдызды сәтіңіз деп қай кезді айтар едіңіз?

– 1991 жылы Павлодар қаласында Майра Уәлиқызы атындағы композитор қыз-келіншектерге арналған республикалық байқау өтті. Сол өнер додасында «Сырым-ай», «Ардағым» деген екі әнмен бірінші орынды жеңіп, алғаш рет лауреат атанып, шын қуандым. Міне, сол шақты жұлдызды сәтім деп айтқан болар едім.

– Сіздің әндеріңіз халықтық туындыға айналып кеткен. Көп әншілер әндеріңізді алдыңыздан өтпей-ақ өз бетінше айтып жүретін көрінеді. Бір ғана «Елге сапардың» 15-ке тарта орындаушысы бар екен. Бұл сіздік мінездің жұмсақтығынан ба?

– Мінезім аса жұмсақ деп айта алмаймын. Оны шәкірттерімнен сұрасаңыздар, айтады. Жалпы, өмірде барлық нәрсеге түсіністікпен қарауға тырысамын. Ал, музыкаға, әнге байланысты болса, өте қаталмын. Себебі, ән – халықтың дүниесі. Оны қалай болса солай тыңдарманға ұсынуға болмайды. Кейде көмек сұрап келген жас композиторлардың әндерін ғана емес, мәтіндерін де өңдеп беріп отырамын. Ал әнімді орындап жүргендерге ренжімеймін. Тек әуенін бұзбай айтса болғаны.

Сазгер Сәтмұхамбетованың тек жеке шығармашылығымен айналысып, емін-еркін жүрмейтінін осы кездесуде білдім. Ол әлденеге асығып, алаңдап отыр еді. Сөйтсем, Қуыршақ театрының көркемдік кеңесінің мүшесі ретінде сондағы қойылымға асығып отыр екен. Әңгімеміздің соңына тақағанын сезіп, оның отбасылық өмірі туралы білгім келді.

– Отбасымда ұлым, қызым, немерелерім бар. Соңғы кездері менің бастығым – немерелерім. Солардың айтқанын көп тыңдаймын. Арқалаймын, ойнатамын, ат бол десе, ат боламын.. Олар да мәз, мен де мәз. Арасында концерттер, кездесулер, тойлар... Солай өмір жылжып өтіп жатыр.

...Ол өзінің саналы ғұмырында Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде қызмет атқарып келеді. Құралай Шайзадақызы қатысқан, ұйымдастырған мәдени іс-шараларды айта берсек, сан жетпейді. Әлі де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

...Биязы қалпынан, байыпты мінезінен танбай, айналасына арай шашып жүретін, артық сөзге бармайтын бекзат болмысты Құралай әпкемен қоштаса тұрып, еліктің лағы құралай сынды сұлу, нағыз мергеннің көз ұшына ғана ілігетін құралай құс секілді қайталанбас құбылысты өлмес әндерінің қанатына байлаған сазгер асып-тасқан атақ-мансапсыз-ақ өнер көгінде өз жұлдызын тапқан екен деп топшыладық.

Шымқала – мерейлі мерекелер мекені

Пятница, 28 Февраль 2020 03:56

2020 жыл Шымкент үшін бірнеше маңызды мерейтойлардың тоғысқан жылы. «ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылымен қатар Әбу Насыр Әл-Фарабидің – 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының – 175 жылдық, Алтын Орданың – 750, Шәмші Қалдаяқовтың – 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар және тағы басқа іс-шаралар жоспарлануда.

13

«Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» салтанатты ашылу рәсімі 20 наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізілетін болады. Салтанатты іс-шараның концерттік бағдарламасына 800-ге жуық Шымкент қаласының өнерпаздары мен Алматы, Астана қалалары мен ТМД елдерінен 300-ден астам өнерпаз қатысады. Ашылу салтанатын 16 мыңнан астам қала тұрғындары мен сыйлы қонақтар тамашаламақ.

Туристер мен қала тұрғындарының қызығушылығын туғызатын Ескі қалашықтың (Цитадель) құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Шымкент қалашығы» – Ұлы дала елі үшін ерекшеленетін археологиялық объект және мемлекеттік маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген. 19 маусым - қала күнінде Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойын ресми атап, ашық аспан астындағы мұражайдың салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, жыл бойы Шымкент қаласына гастрольдік сапармен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты еліміздің жетекші 27 театры мен филармония ұжымдары келеді деп күтілуде.
Мерейтойларға байланысты 40-қа жуық ауқымды және 900-ға жуық тақырыптық мәдени көпшілік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, ТМД елдерінің ауада жүзу спорты командаларының қатысуымен Әуе шарларының ASHYQ ASPAN III халықаралық фестивалі, «ShymFoodFest» ұлттық тағамдар фестивалі (ТМД елдері халықтарының дәстүрлі тағамдары), ТМД елдері балалар жазушыларының форумы және тағы басқалары мерейлі жылдың жылнамасына жазылып қалатын ең шырайлы шаралар болмақ.

Ал маңызды жылдың жабылу салтанаты қараша айында өткізілмек.

ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атанған Шымкент Халықаралық «Содружество дебютов» премиясын тапсыру рәсімімен қатар «Шымкент-Достастықтың мәдени астанасы» іс-шарасының жабылу салтанатында ТМД елдерінің 2021 жылғы мәдени астанасы атанған Тәжікстанның Душанбе қаласына эстафета тапсырылатын болады.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев өткізген баспасөз брифингінде міне, осы мәліметтер мәлімделді.

Жыл бойы өткізілетін негізгі іс-шаралар

20 наурыз
«Шымкент-Достастықтың мәдени астанасы» іс-шарасының ашылу рәсімі:
Шымкент қаласына «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесін ресми тапсыру салтанаты; ТМД елдері өнер шеберлерінің мерекелік концерті
«Қажымұқан» стадионы

20-22 наурыз
ТМД елдерінің ауада жүзу спорты командаларының қатысуымен Әуе шарларының ASHYQ ASPAN III Халықаралық фестивалі 
Ипподром

9-10 сәуір
ТМД елдерінің «Жібек жолы» қолөнер шеберлерінің көрмесі
Этноауыл (жеке павильондарында)

6-11 сәуір
«Шымкент - қызғалдақтар қаласы» фестивалі ТМД елдері суретшілерінің пленэрі;

13-18 сәуір
ТМД елдері фотосуретшілерінің көрмесі Арбат, бейнелеу өнер музейі

11 сәуір-1 мамыр
ТМД елдерінің «Ұлттар достығы» цирк қойылымдары
Шымкент-Цирк

4-9 мамыр
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ТМД елдерінің театр фестивалі
Шымкент қаласының театрлары

5-9 мамыр
Суретші Сергей Ларенковтың (Санкт-Петербург) Ұлы Отан соғысындағыЖеңістің 75 жылдығына арналған «Бресттен Берлинге дейін» ашық аспан астындағы көрмесі
«Жеңіс» саябағы, «Даңқ» мемориалы, Арбат

13-15 мамыр
Халықаралық «Алтын сақа» анимациялық фильмдердің фестивалі
Жастар ресурстық орталығы

19-23 мамыр
Қазақстандағы ресейлік фильмдердің апталығы аясында КСРО халық артисі В.С. Лановоймен кездесу
Шымкент қаласының кинотеатрлары

20 мамыр-1 маусым
«Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығының фестивалі
Оқу орындары, қалалық саябақтар, гүлзарлар

22-24 мамыр
«Южный ветер» ТМД елдерінің авторлық ән фестивалі
Бадам су қоймасы

4-5 маусым
ТМД елдерінің шығармашыл жоғары оқу орындарының форумы
М.Әуезов атындағы ОҚМУ

16 маусым
Халықаралық күлкі фестивалі
«Түркістан» сарайы

19 маусым
Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған салтанатты іс-шара:
- «Шымкент – 2200 жыл» кітабының презентациясы;
- Шымкент қалашығы цитаделінің салтанатты ашылуы;
- Мерекелік Гала-концерт
«Наурыз» алаңы

27 маусым
«Шымкент - Достастықтың мәдени астанасы» жылы аясында ТМД елдерінің опера жұлдыздары мен симфониялық оркестрінің фестивалі
«Түркістан» сарайы

Маусым
«Посольство Мастерства» жобасы аясында Санкт-Петербург музыка үйінің гастролі
Орыс драма театры

4 шілде
Халықаралық ұлттық би фестивалі «Еуразия аңыздары»
Этноауыл

10 тамыз
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ғылымипрактикалық конференция:
- ТМД елдері мәдениет және өнер қайраткерлері, жазушыларының шығармашылық кездесуі;
- Абай саябағындағы ескерткіштің ашылуы;
- А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы;
- «Шымкентке сыйлыққа – кітап» акциясы
«Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты», Абай саябағы, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы

15 тамыз
Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған Халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауы
«Шәмші әлемі» гүлзары

10-11 қыркүйек
Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Шымкент - қайырымды қала» халықаралық ғылыми-практикалық конференция
«Түркістан» сарайы

17-18 қыркүйек
Ә.Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы
Орыс драма театры

Қыркүйек
«Шымкент – қайырымды қала»
Халықаралық ақындар айтысы
«Түркістан» сарайы

Қыркүйек
«Русская песня – русская душа» фестивалі
«Түркістан» сарайы

20 қыркүйек
«Шымкент – 2200» марафоны
Шымкент қаласының даңғылдарында

23-24 қыркүйек
Халықаралық «Shymkent Invest Forum-2020» инвестициялық форумы
«Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйі

29-30 қыркүйек
ТМД елдерінің футболдан достастық кездесулері
«Қажымұқан» стадионы

9-10 қазан
I халықаралық «Душа Евразии» эстрада әндерін орындаушыларының фестивалі
«Әл-Фараби» алаңы

15-16 қазан
«ShymFoodFest» жәрмеңкесі – ұлттық тағамдар фестивалі (ТМД елдері халықтарының дәстүрлі тағамдары)
Этноауыл

20-23 қазан
ТМД елдері балалар жазушыларының форумы
Шымкент қаласы білім беру мекемелері

22 қазан
Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор каппелласының гастрольдік іссапары
Опера жане балет театры

29 қазан
Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция
«Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйі

5 қараша
«Өнеріміз саған, Қазақстан!» Республикалық фестивалі
«Түркістан» сарайы

27-30 қараша
«Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты жабылуы:
- Халықаралық «Содружество дебютов» премиясын тапсыру рәсімі;
- Мерекелік концерттік бағдарлама
«Түркістан» сарайы

«Тракторист» қалай директор болды?

Пятница, 28 Февраль 2020 03:49

Бір ғана ән оның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. «Тракторист» әніне бейнебаян түсіріліп, халық арасында таралған соң үш күннің ішінде ол мегатанымал  адамға айналды. Елімізді былай қойып, шетелдерде хит болды.

 DSC7511

Тіпті, Америка құрама штаттарынан, басқа да алыс-жақын шетелдерден қоңырау шалып, концерттер мен той-думандарға шақырту алып, аяқ-қолы жерге тимеді. Бір әннің арқасында бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Өзбектер мен қырғыздар бұл әннің көшірмесін шығарды. Бір сөзбен, «Тракторист» әні сол кезде үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Иә, бұл ән – Арман Әлиевтің өнердегі «визиттік карточкасы» іспетті. «Шымкент-Циркке» директор болуына да «Тракторист» әні арқылы үлкен танымалдылыққа ие болғаны әсер еткен болуы мүмкін. Бәлкім, осы әнді орындамағанда Арекең қазір Ішкі істер органдарында жүрер ме еді, кім білсін?!.

...Арман ағамыздың кабинетіне сұхбатқа кіргенде көзіміз бірден шкаф сөресінде тұрған клоундарға түсті. Тартымдылығы жағынан бірінен-бірі өтетін клоун мүсіншелері, кәдесыйлар еріксіз өзіне баурап алады екен. Біздің қызыға әрі таңдана қарап отырғанымызды сезген болуы керек, респондентіміз орнынан тұрып, әлгі көз тартарлық мүсіншелермен таныстыра бастады.

– Жуырда ғана Душанбеге барып келіп ем, мынаны сол жақтан алып келдім, - деп бір қолына қауынын, екінші қолына қарбызын көтерген тәжіктің бейнесінде жасалған мүсіншені көрсетіп жатыр. Арасында Италия, Ресей, Қытайдың Лоянь қаласынан алып келген бұйымдарына да жеке-жеке сипаттама беріп қояды.

– Клоунада – менің хоббиім. Клоун деген ұғымға көп адам жеңіл қарайды. Мен бұған дейін де театрда істегенмін. Театрдағы «менмін» деген актерлерге: «Егер сен мықты актер болсаң, мықты клоун бола біл» деп айтатынмын. Өйткені, клоунда тіл болмайды. Сөйтіп отырып үш жасар балаға да, оның қырықтағы әкесіне де, жетпістегі атасына да не айтқысы келгенін түсіндіреді. Актер «Қош келдіңіз!» десе, клоун соны мимикамен айтады. Клоун образды сырттан іздемейді. Мына тұрған базарлықтың бәрі қоғамдағы адамдардың бет-бейнесі. Ол акробатиканы да меңгеріп, жануарлармен де тіл табысып, иллюзияны да істей алып, сальто да секіре алуы керек. Сол себептен клоунада – цирктегі ең күрделі жанр, - деді клоун сөзінің түп-төркініне үңілген кейіпкеріміз.

121

Арман Әлиевтің өмір жолы мен шығармашылығын жақыннан білмейтін біраз адамдар цирк саласына кездейсоқ келген деп қабылдайды. Оны талай естіп те жүрміз.
Оның негізгі мамандығы – режиссура және актерлік өнер. Еңбек жолын Әбдіхалық Әбдірайымұлының «Шымкент-шоу» театрынан бастаған. Сол театрдың негізін қалаушылардың бірі. Кейіннен Жастар театрында төрт жылдай еңбек етіп, аяулы жары Алтынайды сол жерде жолықтырып, отбасын құрады. Сосын ғайыптан тайып Ішкі істер органдарына қызметке ауысады.

Шені – полиция капитаны. ІІО қызмет ете жүріп, өнер деп соққан жүрегі бір дамыл таппаған кейіпкеріміз жұмыстан кейін өнер азаматтарының жиындарынан қалмайды екен. «Кейде формамен бара салатын күндер болатын. Сөйтіп жүргенде «Тракторист» деген әнді естіп, ұнатып қалдым. Бұл ән мен орындағанға дейін 15 жыл бұрын жарыққа шыққан көше әні. Әнші достарыма орындауға ұсыныс айтып едім, ешқайсысы тырп ете қоймаған соң өзім орындап шықтым», - дейді ол. Әйтпесе, қазір полковник болып отыруы әбден мүмкін бе еді?!

Дегенмен «Алмас қылыш қын түбінде жата ма»?! ІІО-да тәрбие және мамандар бөлімінде тәрбие жұмыстары жөніндегі аға нұсқаушы болып істеген Арман Әлиев форма кие жүріп күндердің күнінде өнерге оралуға шешім қабылдайды.

– Одан кейін бірқатар білім ордаларында режиссурадан, сахна қозғалысынан дәріс оқыдым. Біраз шәкірт тәрбиеледім. Сөйтіп жүргенде Цирк ашылды. Сұлтан Сраилов дейтін азамат директор болып тағайындалды. Циркке жұмысқа шақырылып, әуелі әртіс ретінде бастадым. Клоун боп ойнадым. Алдағы уақытта манежден көріп қалуларыңыз әбден мүмкін. Кейін режиссер, одан соң Халықаралық байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым.

Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрға директордың орынбасары болып қызмет ауыстырдым. Сол жақта жүргенде Циркке директор болуға ұсыныс түсіп, қайтадан Шымкентке ауыстым. Содан бері бес жыл, бес ай зу етіп өте шығыпты, - деген жауабы көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдың нүктесін қойғандай болды.

Сәуір айы туғанда, той болмақшы Циркте!..

9889

– Арман-тракторист «Шымкент-Циркті» осы уақыт аралығында қандай деңгейге көтерді? – дейміз ғой төтесінен.

Ағамыз жақында Өзбекстан арқылы Душанбеге сапарлап келіпті. Ұшақпен баратын жерге жеңіл көлікпен барыпты. «Гастрольмен бара қалған жағдайда актерлер мен аң-жануарларды қалай алып барамыз деп, жолдың жағдайын зерттедім. Жолшыбай әдейі Ташкентке, одан соң Самарқандқа, Пинджакенттің шекарасынан өтіп Душанбеге жеттім.

Ит арқасы қияндағы алыс жер. Әбден сілем қатты. Бірақ, жолын өз көзіммен көріп келдім. Өте ауыр екен. Тәжікстан мемлекетінің 97 пайызы таулы жер. Ана жердегі асулар мен өткелдерді көрсеңіз, адамның зәре-құты қашады. Біздегі асулар оның жанында ойыншық болып қалды. Айналаны қар, мұз жапқан. Ию-қию иірімдер, биік жоталар, ирек мүйістер. Таудың төбесінде 5100 метрлік үңгіржол бар екен.

Соның астымен таудың ар жағынан шығасың да, келесі таудың етегіне түсесің. Оның ар жағында Душанбе құшақ жая қарсы алады. Таудың екінші бір бетінде 400-500 км артық жол жүріп баратын айналма жол бар екен. Гастрольмен барсақ, сол жолмен барамыз деп картасын ала келдік, - деді атқарып жатқан жұмысының бір шетін шығарып.

– Тәжікстанға жол көру үшін бармағаныңыз белгілі. Не мақсатпен барған едіңіздер?

– Барған мақсатымыз – сәуір айында «ТМД елдерінің мәдени астанасы» күндеріне орайластырып халықаралық цирк фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қала әкімі «тек ТМД мемлекеттерімен шектеліп қалмаңыздар, халықаралық болған соң шекараны кеңейту керек» деген тапсырма берген болатын. Біз Душанбеге барғанда Тәжік мемлекеттік циркінде Египет, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстанның бірлескен бағдарламасы жүріп жатқан болатын. Сол тәжік циркімен келіссөздер жүргізуге бардым. Жолай Өзбекстан мемлекеттік циркіне де соғып, олармен де келіссөз жасап келдім. Басты мақсат – шетелдік әріптестерімізді фестивальге шақыру әрі Азияға бір турне ұйымдастыру еді.

Арман Әлиевтің әңгімесін тыңдап отырғанда, қазақ цирк өнерінің арғы-бергі тарихы ойға оралады. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтағанмен, 30 жылдың ішінде біздің цирк өнерпаздары бірде бір рет өзінің толық құрамымен шетелдерге гастрольге шыққан емес. Себебі, соған лайықты бағдарлама болған жоқ. Енді «Міне, қазақтың циркі» деп көрсететіндей деңгей бар. Былтыр Шымкент – Цирк «Азия жаңғырығы» фестивалінде бар-жоғы екі-ақ нөмір ұсынған болатын. Екеуі де 13 мемлекеттің ішінде жүлделі І, ІІ орындарды алып келді.

Ал Арекеңнің өзі халықаралық цирк аренасындағы қазылар алқасының ең жас мүшесі. Чарли Чаплиннің баласы Юджин Чаплиннің өзі құшағына қысып тұрып «ты – золотой мальчик» деп ат қойғаны бар.

– Жалпы қазылар алқасының өзге мүшелерінің бәрі маған «золотой мальчик» деп ат қойып алған. «Келесің де, алтынды қанжығаңа байлап кетесің» деп әзілдейді. Олардың арасында қол бала секілдімін, білгенімнен білмегенім көп, - дейді Әлиев сөз арасында. – Нәтиже жаман емес. Шымкенттің Циркін біршама мемлекеттерге таныттық. Жердің – дөңгелек болатынындай, манеж де – дөңгелек, мұндай ақпараттар тез тарайды. Биыл бізге басқа мемлекеттерден фестивальдерге көп ұсыныс түсіп жатыр. Никулин циркі күзде фестивальге шақырту жібереміз деп дайын отыр. Былтыр Якутиядағы «Бриллиант циркіне» шақырту келген. Нөміріміздегі ең негізгі рөлдегі ловиторымыз Исраил Асрапов аяғынан жарақат алып, бара алмай қалдық. Енді шақыртуларға тас-түйін дайын отырмыз. Ат құлағында ойнайтын шабандоздарымызға «бәрі ұлттық нақышта болсын!» деген тапсырма жүктедік.

Арман Әлиевтің Шымкентті цирк қаласына, ал циркті халықаралық деңгейге көтерудегі жұмыс әдісін таразыға салғанда одан біз мынадай ой түйеріміз анық. Ол дүниежүзіндегі циркке қатысты бір бірде-бір жәйтті қалт жібермейтіндігі, сосын жан-жақпен тығыз қарым-қатынас жасап, келіссөздер жүргізуді бүгінгі күннің талабына сай үйлесімділікпен үндестіретіндігі. Оған дәл қазіргі уақытта «Шымкент – Цирктің» манежінде жүріп жатқан Мәскеу циркінің «Қаладағы қасқырлар» супер шоуы мен сәуір айында өткізілетін ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекелік күндеріне орай өткізілетін халықаралық фестивальді айтсақ та жеткілікті.

Айтқандай, сәуірдегі фестивальге жеке-дара тоқталмасқа болмайды. Себебі, сәуір айы туғанда, «Шымкент – Циркте» үлкен той болмақшы. Ресейден (Никулин циркі), «Украина мемлекеттік цирк компаниясы», Белоруссияның Минскідегі мемлекеттік циркі, Тәжікстан, Якутия, Алматы, Нұр-Сұлтан мемлекеттік цирктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан өнерпаздар арнайы бағдарламамен келмекші. Бұл мемлекеттерге қоса Египет пен Кения да өтініш жасап жатқанға ұқсайды. Дүбірлі өнер тойы төрт күнге созылмақ. Ары қарай «Халықтар достығы бағдарламасы» деген тақырыппен 1 мамырға дейін жалғасын таппақ.

Страница 14 из 41