Версия для печати

«Судья заңнан асып, үкім шығармайды» Избранное

Пятница, 28 Август 2020 03:57 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2796 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақ жерінде елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда Дала парламенті заң шығарушы орган ретінде жұмыс істеді. Онда елдік мәселелер хандар мен билер жиналып, бас қосатын орында дала демократиясының құжаты реттеліп, заңдық кодекстер шешімін тапқан. Сондай-ақ ел ішіндегі даулы әңгімелер де билер талқысына салынып, солардың байламымен дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырды. Дала даналарының тамаша дәстүрі бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Айталық, кешегi биiңiз – бүгiнгi судья. Ол азаматардың тағдыры мен дауын шешеді. Құқығы мен бостандығын қорғайды. Десе де, судья қандай болуы керек? Сот процесінде не маңызды? Оған Әл-Фараби аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы, судья Ғани Байарыстанмен болған сұхбаттан қаныға аласыздар.

610

 

– Ғани Доғдырбайұлы, 30 тамыз – Конституция күні. Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл. Мерейлі мереке құтты болсын!
– Рақмет! Ата Заң қабылданған 25 жыл ішінде еліміздің әлеуметтік, экономикалық және өндірістік дамуында тың серпіліс болды. Еңбек өнімділігі, халықтың әл-ауқаты артып, мемлекетіміз аяғынан тұрды деп толық айта аламыз. Құқықтық қоғамдық пікір қалыптасты, яғни Конституция тәуелсіз елдің қоғамдық қағидасын бекітті. Демократия дамуына импульс берді. Елдегі ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтты. Мұның бәрі бас құжатымыздың аясындағы игі істер.
– Әлемді алаңдатқан індет сот жұмысына да әсерін тигізді. Сот процестері онлайн режимінде өтуде. Ал талап-арыздар «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылдануда. Аудандық сотқа жаңа жұмыс ырғағына көшу қиындық тудырмады ма?
– Төтенше жағдай жарияланғанымен, сот жұмысы шектелген жоқ. Карантин режиміне бейімделіп, сот процестерінің бәрі өз уақытында жауапкершілікпен орындалды. Тараптарға онлайн процесі арқылы қатысу тиімді болды. Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері 6 айда 1661 талап-арыз түсті. Оның 1467-і қаралумен аяқталып, 897 іс бойынша шешім қабылданды. Нақтырақ айтсақ, 595 қылмыстық іс пен материалдар және 759 азаматтық іс онлайн тәртібінде қашықтықтан қаралды.
«Бұрынғыдай сот залына келеміз бе?» деген сұрақ жиі қойылады. Қаламызда карантин режимі тамыз айының 31-не ұзартылғаны белгілі. Әрі қарай жағдайдың қалай болатынын уақыт көрсетеді. Ал ұзартылған жағдайда осы қалыпта жұмыс істеуге дайынбыз.
Бір жағынан заманауи технологияның тиімділігі көп. Онлайн сот процестері азаматтардың жұмысын азайтады. Сотқа келу, жол қашықтығы уақытын жоғалтпайды. Қаржысын да жұмсамайды. Қазіргі жағдайда интернеті бар ноутбук, смартфоны болса және тиісті қағиданы білсе жеткілікті.
– Соттардың «Соттасатын кез емес, татуласатын уақыт!» деген ұстаныммен халыққа үндеуі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Нәтижесі қандай? Арыз-шағымдар азайды ма?
– Бітімгершілік қанымызда бар қасиет. Қазақ кешіргенді, мәмілеге келгенді құптайтын халық. Сондықтан, соңғы жылдары даулы мәселелерді азайтып, бейбіт келісімдерді көбейту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Пандемия кезінде де елдің татулықты сақтауы маңызды. Болмашыдан сылтау тауып, бір-бірін сотқа сүйреудің соңы жақсылық әкелмейді. Сондықтан халықты ашумен емес, ақылмен шешім қабылдауға шақырдық. Үндеулер қалалықтарға, мемлекеттік органдарға, заңгерлерге әлеуметтік желілер арқылы жолданды. Бастама нәтижесіз болған жоқ. Қазір сотқа жүгіну азайды. Өткен жылдың 6 айында 4112 арыз-шағым түссе, осы жылдың жартыжылдығында 2000-ға жуық арыз тіркелді. Сонымен қатар қылмыстық істердің азайғаны байқалды, оның ішінде алаяқтық, тонау, сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар кеміді, ал өкінішке орай ұрлық былтырға қарағанда артқан.
– Сотта қандай іс жиі қаралады?
– Жеке тұлғалар арасындағы мәмілелерден туындайтын даулар жиі қаралады. Себебіне тоқталсам... Бір-бірінен, банктен мұқтаждықпен қарыз алады. Уақытылы төлеуге өзара келісімшарт жасайды. Алайда уәде орындалмайды. Біраз уақыттан соң арадағы келісім күрделенеді. Қарызын қайтармағасын қарыз беруші борышкерді сотқа береді. Мұндай фактілер жиі орын алады қазір. Сонымен қатар, еңбек заңы жиі бұзылады. Көлік саласында да заңсыздықтар ушығып тұр. Жол-көлік оқиғалары көбейіп барады.
Ал мәселе туындаған жағдайда, біреудің айтқанымен жүрмеу керек. Заңгерге барып, кеңес алған дұрыс. Қазір шешілмейтін проблема, дау жоқ. Бітімгершілікпен, медиаторлардың көмегімен мәмілеге келуге болады.
– Судьяларға қойылатын талап жылдан жылға күшейтіліп келеді. Сынақтары да жеңіл емес. Соған қарамастан сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты сын көп айтылады. Бүгінгі судья қандай болуы керек?
– Жұмысыңда үздік болу үшін кәсіби білім аздық етеді. Алдымен адамның адамгершілік, азаматтық қасиеттері қымбат. Әрбір істі мұқият қарау керек. Үстірт қарасаң, шешім де солай шығады. Қазіргі кезеңде судьяларға үлкен міндет жүктеліп отыр. Соттың абыройы – әділдігінде. Әділдік іздеген азаматтар ең соңғы үмітін арқалап, соттың есігін қағатыны мәлім. Даулы мәселеге нүкте қойып, істің ақ-қарасын анықтау судьялардың білім-біліктілігіне байланысты.
– Былайғы жұртқа судьялар қатаң, мейірімсіз болып көрінетіні рас. «Бір адамның тағдыры шешілетін тұста түк болмағандай жүреді» деп өкпесін айтатындар да бар. Расымен, солай ма?
– Бәрін мейірімсіз, тасжүрек деуге болмайды. Судья да ет пен сүйектен жаралған, олар да процесте шаршайды. Бірақ заңда көзделген тәртіпті сақтауға міндетті.
– Жұрттың наразы болатынындай да бар сияқты. Мас күйде көлік басқарғаны бар, қала берді, көлік жүргізу құқығынан небәрі 2-ақ жылға айырылған шенеуіктер өз қызметінде қалады. Оның жанында ­ ұсақ-түйек ұрлық жасап, ұялы телефон жымқырғандар 3-4 жылға кесіліп жатыр. Мейлі, біздегі рақымшылықтың талабы солай шығар. Бірақ осы жағдайға судья емес, қарапайым адам ретінде қарап көріңізші...
– Пікіріңізбен келіспеймін. Әлеуметтік желіде адамдар көбіне осылай пікір білдіріп жатады. Кейіпкер өзін жұртқа жақсы етіп көрсеткісі келеді. Соттағы істің тұжырымдамасын жазады. «Мынадай болған еді. Ақыры осындай­ жағдаймен аяқталды. Дұрыс па, бұрыс па?» дейді. Ал жазылған істің не басы, не аяғы жоқ. Істің анық-қанығына байыппен қарау керек. Біреудің ісін әділ бағалау оңай емес. Бұл – негізсіз факт.
Сотта әр істің мән-жайы бөлек. Ол қандай жағдайда жасады? Субъектісі қандай адам? Бұрын-соңды жауаптылыққа тартылған ба? Мүліктік зияны өндірілді ме? Мұның бәрі сотта ескеріледі. Жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар бар. Содан кейін шешім шығарылады. Мәселен, біреудің затын ұрлаған адам бұрын бес рет қылмыс жасауы мүмкін. Қайталаған кезде жәбірленушінің қорасындағы малын ұрлайды. Қазір мал ұрлығына қатысты жаза күшейді. Әрбір айыпталған қылмысы бойынша сол баптың санкциясында көзделген жазаға тартылады.
- Ақтау үкімдерінің көбеюі ненің белгісі?
– Ақтау үкімін шығару өте қиын. Бұл теңіз астынан маржан тергенмен бірдей деп айтылып жүр. Бір қарағанда­ көзге адамның кінәсі бадырайып тұрады. Ал ішін қарап, әрбір фактіні зерделегенде шындық шығады. Бұл сотқа көптің сенімін нығайтады. Сотқа көзқарасын жақсартады.
–Заңды қадірлеу дегенді қалай түсінесіз?
– Мемлекетіміз жас. Мұндай пікірлер жиі айтылады. Елімізді шетелмен салыстырады. Біз алдымен Ата Заңымызды құрметтеуіміз керек. Өкінішке қарай, кейбір адамның заңнан хабары жоқ. Конституцияны сыйламайды. Ішімдік ішіп, көлік жүргізеді. Өз әрекетінің дұрыс еместігіне көз жеткізіп, айыбын түсінбейді. Бәрі керісінше қайталанады. Ал айыпкер арыз-шағым түсіреді. Тамыр-танысын іздейді немесе телефонымен жақынынан көмек сұрайды. Соған сенім артады. Конституцияны сыйлап, құрметтеуіміз қажет. Әрбір азаматымыз адамгершілікті, парасаттылықты, әділдікті жоғары ұстауы қажет.
– Сот саласы ауыр қызмет. Судья болғаныңызға өкінбейсіз бе?
– Шындығын айту керек, мойнымызға жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін түсінемін. Сот саласында еңбек ету бала кезден арманым болды. Ара-тұра журналистикаға да қызығатынмын. Журналистер жүргізген тікелей эфирді бас алмай тамашалаушы едім. Таңдаған екі мамандықтың бірі мені Алматыға алып келді. Заң университетінде оқыдым. Еңбек жолымды Жамбыл облысындағы облыстық сотында маман ретінде бастадым. 2012 жылдан бастап, Шымкент қаласында Әл-Фараби аудандық сотында судьямын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.