«ЖЕТІ ЖАРҒЫҒА» МӨР БАСЫЛҒАН МӘРТӨБЕНІҢ МӘРТЕБЕСІ немесе ұрпаққа жолдау жазылған капсула Избранное

Среда, 07 Октябрь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2470 раз

Мәртөбе – ел тарихында айрықша мәнге ие тарихи орын және елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Мұнда ХҮІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХҮІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осында талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер, т.б. билер қатысқан. Бұл аумақта дала Парламентінің келелі жиындары өтіп, маңызды шешімдер қабылданған.

408

 

Қазақ хандары мен билері жиын өткізіп, ұлт тағдырына қатысты шешімдер шығарған, «Жеті жарғыға» мөр басылған шежірелі Мәртөбені көпшілікке және жастарға таныту мақсатында былтырғы Конституция мерекесі қарсаңында Шымкент қалалық сотында «Қазақ дала парламентінің түп қазығы – МӘРТӨБЕ» атты конференция өткен болатын. Сол жиында Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбеков «Тәуке хан «Жеті жарғыны» жазып, артына өшпестей із қалдырды. Бұрынғы би-шешендерден қалған тарихи-мәдени мұраны зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру, Мәртөбенің мәртебесін көтеру мақсатында Мәртөбеде бас қосып, сот қызметкерлерінің атынан болашақ заңгерлерге арналған Жолдауды капсулаға салып, кейінгі ұрпаққа қалдырсақ», - деген ойын жеткізген еді.
Міне, сол жоспарды іске асырудың сәті түсіп, Сайрам ауылындағы «Мәртөбе тарихи кешенінде» болашақ заңгерлерге арналып, «Келер ұрпаққа жолдау» жазылған капсуланы салтанатты жағдайда салу рәсімі өтті.

 

422

Оған қала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Ташқараев, Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахимбеков, Билер кеңесінің мүшелері мен жергілікті сот қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған жиынды қалалық соттың алқа төрағасы Ербол Әмірғалиұлы ашып, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы шараның маңыздылығына тоқталды.
Ал қалалық сот жанындағы Билер кеңесі орталығының жетекшісі А.Елшібаев Ата заңымыздың қалыптасып, жетілуіне ықпал еткен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мәйегі мықты мемлекет құруға, оның құқықтық ережелері мен әдет-ғұрыптарын заңдастыруға айрықша үлес қосқанын және Билер сотының заман талабына сай дамып, ел билеудің өнегелі жолына айналғанын деректермен нақты айтып жеткізді.
Сот қызметкерлерінің болашақ заңгерлерге арналған «Келер ұрпаққа жолдауында» жазылғандай, «Қазақ елінің заңнама тарихы сонау 14-15 ғасырлардан бастау алады. Мемлекеттігіміздің түпкі тамыры қалай тереңде жатса, құқықтық негізіміздің де сондай тереңде жатқаны анық. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектен бастап, соңғы хан Кенесарының заманына дейін жалғасып келген Билер соты – ғасырлар бойғы сыннан сүрінбей өтіп, ел билеудің өнегелі жолына айналды.
Заманына қарай заңдары болған Қазақ даласында ел ішіндегі дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған. Сол кездегі Билер кеңесі соттық билікті атқарған және оның хандық билікті шектеу құқығы да болған. Хандардың заманындағы аса маңызды Билер кеңесі Түркістанның жанындағы Битөбеде, Сайрамның маңындағы Мәртөбеде және Ташкент жақтағы Ангрен өзенінің бойындағы Күлтөбеде өткізілген. Жалпы Мәртөбені Күлтөбеден бөліп-жаруға болмайды. Бұл екі мәслихат төбе мәні жағынан ажырамас зор тарихи маңызға ие. Тәуке хан ел басқарған тұсында қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, Билер сотының тәжірибелерін жинақтап, қолданыстағы заңдарды заман талабына сай жетілдіріп, «Жеті жарғыны» құрастырып, оған осы төбеде өзінің мөрін қойған. Би-шешендеріміз қалдырып кеткен асыл мұраларын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу біздің перзенттік борышымыз! Қазақстанның сот жүйесін заман талабына сай жетілдіре беру, ол бүгінгі және болашақтағы білімді, тәрбиелі және озық ойлы жас ұрпаққа артылар абыройлы міндет!
1991 жылы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тілек орындалып, егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет атандық. Егемендіктің алғашқы күнінен-ақ, елімізде құқықтық мемлекетті құруға қатысты реформалар биліктің бір тармағы сот саласында да жүргізілді.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкілхалықтық референдумда қабылдауы – ел тарихындағы маңызды оқиға болды. Ата заңымызда: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде...» деп жазылғандай, бес жарым ғасыр бұрын мемлекет құрған еліміздің, құқықтық жүйесінің бастау көзі, Қазақтың Билер соты болғаны анық. Конституцияның 75-бабындағы: «Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді» деген талабына сай, 2000 жылы «ҚР-ның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Бұл Заң сот құзыретінің шегін кеңейтіп, судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері айқындалып, сот жүйесі атқарушы органның ықпалынан толық шығарылды.
2015 жылғы Ұлт жоспары сот саласы дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, «100 нақты қадамның» Заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты 10 қадамы бойынша Жоғарғы Соттың тарапынан тиісті жұмыстар жедел қолға алынып, жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, сот жүйесі бұрынғы бес сатының орнына үш сатылы сот құрылымына көшті. Адамдарға ыңғайлы заманауи сот сервистері енгізіліп, арнайы Тергеу соты құрылды.
2018 жылы Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен республика соттары Ұлт Жоспары шеңберінде жаңғырудың жаңа кезеңін бастап, «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын жариялады. Соттарды одан әрі жаңғыртудың 7 басым бағыты бойынша: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Е-сот», «Коммуникациялық стратегия» және «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобаларына сәйкес ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Еліміздің соттары мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Тәуелсіз сарапшылардың бағамдауына сәйкес сот төрелігінің қолжетімділігі бойынша үздік елдердің рейтингісіне кірді. Қазіргі уақытта кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру, сот актілерінің сапасын жақсарту және бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету және Цифрландыру жұмыстары жалғасын табуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн» деген тапсырмасын басшылыққа алып, әрбір сот қызметкері сот билігінің абырой-беделі үшін адал қызмет етуге міндетті.
Мемлекет басшысы соттарға үлкен сенім артып, аманат жүктеді. Біз, бұл сенімді абыроймен атқару үшін, бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет! Судьялар қабылдаған шешімдер әрбір адамның қорғанына айналуы және де ол екі тараптың да көңілінен шығып, оған ешкімнің де күмән келтірмеуі керек. Бұл мақсат, сіз бен бізден қажырлы еңбекті талап етеді. Біздің мұратымыз – ел тәуелсіздігінің құндылықтарын қорғайтын қуатты, турашылдықтан таймайтын әділ сот және әрбір адамның құқығын қорғайтын қайырымды сотқа қол жеткізу. Биыл жаңадан қабылданған көптеген прогрессивті жаңалығы бар ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін сол жетістіктің бірі деп айтуға болады. Бұл кодекс 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді. Конституцияның сақталуының басты кепілі сот болғандықтан, сот жүйесінде ары мен жаны таза судьялар жұмыс істеп, әділ шешімдер қабылдап, халықтың құрметіне бөленетін және алдағы уақытта соттар әділдіктің кепіліне (символына) айналады деген толық сенімдеміз. «Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» деп, Елбасымыз айтқандай, сот шешімдері уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс! Ол үшін, атқару өндірісі органдарының жұмысын жеделдете жетілдіру қажет.
Халық әрдайым өзінің от ауызды, орақ тілді әділ билік айтатын билерін сыйлап, ханнан аса қадірлеп, олардың айтқан кесімді, бітімді сөздерін, шешімдерін жадында сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Алдағы 30 жылда бүгінгі жас судьяларымыз бен ертеңгі парасатты ізбасарларымыз отандық сот жүйесін әлемнің озық елдерінің сот деңгейіне жеткізеді деп толық сенеміз.
Жиын соңында М.Әйтенов пен Е.Рахымбеков «Келер ұрпаққа жолдау» жазылған капсуланы арнайы орнатылған қондырғыға салып, үстін мрамор плитамен жапты. Сот қызметкерлері осындай бір игі әрі тарихи іс атқарып, Қазақтың тарихи Мәртөбесін көпшілІкке насихаттап, болашақ заңгерлерге жолдауды аманат етті.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.