Нотариаттық және адвокаттық қызметті қалай аламыз? Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2766 раз

Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды білу – заман талабы. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге арналған «Тұрмыс» бетіне оқырмандарымыздан келіп түскен сауалдардың арасында заңға қатысты сұрақтар көп. Шымкент қаласы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Құрбан Дүйсенбекұлының нотариаттық және адвокаттық қызметке байланысты сұрақтарының жауаптарын назарларыңызға ұсынамыз.

592

 

1. Тегін заң көмегін кімдер ала алады?

– Қазақстан Республикасының әрбір азаматы білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Мемлекеттік кепілдік берген және кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін тұлғалар өз құзыреті шегінде адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары көрсетеді. Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін: алимент өндіру мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау бойынша, оңалту, босқын немесе оралман мәртебесін алуда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларға, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, жәбірленушіге, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамға, азаматтық процестік іске қатысты мәселелер бойынша талап қоюшыға көрсетіледі. Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлға көмек көрсету туралы өтініш хатпен тиісті субъектіге жүгіне алады.
Ал кешенді әлеуметтік көмекті: өмірлік қиын жағдайда жүрген, атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, жасына байланысты зейнеткерлерге, - әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттарға, қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайда жүрген азаматтарға көрсетіледі.

593


Кешенді әлеуметтік заң көмегін алу үшін азаматтар тиісті субъектіге, жеке басын куәландыратын құжаты және тиісті әлеуметтік осал топқа жататындығын растайтын анықтаманы ұсыну арқылы ала алады. Заң көмегінің азаматтарға сапалы әрі қолжетімді болуы өте маңызды.

2. Нотариустардың көрсеткен қызметі үшін төленетін ақы қандай нормтивтік құқықтық актілермен бекітіледі және бағаның тұрақтылығы бақылауда бола ма?

–Нотариустардың көрсеткен қызметі үшін төленетін ақы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексімен және Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңымен бекітілген. Нотариуспен нотариаттық қызмет үшін төленетін ақы көбейсе немесе азайса нотариустың заңбұзушылыққа жол бергені деп саналады, егерде заң бұзушылық фактілер болған жағдайда Әділет департаментіне немесе Нотариаттық палатаға арыздануға болады. Нотариус кеңсесінің ақпараттық бұрышында Әділет департаментінің және Нотариаттық палатасының телефон номерлері болуы тиіс.

3. Нотариус тарапынан атқарушылық жазба қандай жағдайда жасалады және оның күші қандай жағдайда жойылады?

–Нотариустер ҚР «Нотариат туралы» Заңының 34 бабына сәйкес, нотариаттық бірнеше іс-әрекеттер, соның ішінде атқарушылық жазбаларды жасайды. Оның шарттары ҚР «Нотариат туралы» Заңымен белгіленген, атап өтсек:
Атқарушылық жазба өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. Атқарушылық жазбаны егер ұсынылған құжаттар борышкердің өндіріп алушы алдындағы берешегінің даусыз екендігін растаса, егер талап қоюға (өтінішке) құқық туындаған күннен бастап үш жылдан аспаса жасалады.
Борышкер атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған немесе тиісті қаулыны шығарған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы. Қарсылық бойынша нотариус қаулы күшін жоймаса, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.

4. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігіне міндетті сақтандыру енгізілгені белгілі. Бұл сақтандыру шарттары қызмет көрсету барысында қалай және қандай қателер жасалғанда жүргізіледі?

–Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының талаптарында көрсетілгендей, сақтандыру шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсетуі кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады. Адвокатпен кәсіптік қызметін жүргізу барысында жіберілетін қателіктерді атап өтсек:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету.
Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартында сақтандырылған тұлғаның шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне осындай көмек көрсетуі нәтижесінде зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.

5. Нотариаттық куәландырылған құжат жоғалған жағдайда, дубликатын қалай алуға болады?

–Нотариуста сақталатын құжат жоғалған жағдайда, нотариаттық iс-әрекеттер жасалған азаматтардың, заңды тұлғалар өкiлдерiнiң жазбаша өтiнiштерi бойынша нотариуспен оларға жоғалған құжаттың дубликаты берiледi.

6. Адвокат заң көмегiн көрсету кезiнде қандай кәсiптiк қағидаларды сақтауға міндетті?

–Адвокат заң көмегiн көрсету кезiнде мынадай кәсiптiк қағидаларды сақтауға міндетті.
1) өзінің құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерін орындау кезінде адалдық бiлдiруге;
2) органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзiн әдептi ұстауға;
3) өзінің кәсіптік мiнез-құлқын көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiне сәйкес қалыптастырып және шектей отырып, iстi қасақана созуға, заң көмегiн көрсетудiң заңсыз әдiстерiне, алдауға жол бермеуге;
4) көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделерiне адалдық сақтауға және оның мүдделерiне қайшы қандай да бір әрекеттер жасамауға тиіс.

7. Өсиеттердi куәландыру тәртібі қандай?

–Нотариус пен нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы басқа да лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес iс-әрекетке қабiлеттi азаматтар жасаған және олардың өздерi нотариусқа табыс еткен өсиеттердi куәландырады. Өсиеттердi өкiлдер арқылы куәландыруға жол берiлмейдi.