Версия для печати

«Жаңа құжат құқықтық жүйені жақсартуға бағытталған» Избранное

Пятница, 23 Июль 2021 03:48 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2768 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Осының негізінде үшінші мегаполисте жаңадан құрылған әкімшілік сот жұмысын бастады. Осыған орай заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар жайында Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Ғалым Қалдаров газетімізге арнайы сұхбат берді.

507

 

– Ғалым Қалижан-ұлы, жаңадан құрылған әкімшілік соттың құзырына қандай міндеттер кіреді?

– Биылғы 1 шілдеден бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс күшіне еніп, соған сәйкес республика аумағында, оның ішінде Шымкентте жаңа әкімшілік сот құрылды. Айта кететіні, бұл жерде бұған дейін жұмыс істеп келген құрылымның атауы ғана ауысты. Атап айтқанда, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған әкімшілік соты» болып атауы өзгерді. Яғни аты өзгергенмен мақсат-міндеттер сол күйінде қалды.

– Қабылданған жаңа Кодекстегі өзгерістерге тоқталсаңыз...

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама.
Бұл заң мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Әкімшілік рәсімдердің міндеттері жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Ал елімізде осы күнге дейін қолданылып келген Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі (бұдан әрі – ӘҚБтК) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікті көздейді.
Соның ішінде жол-көлік оқиғаларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істерін бөлек қараймыз. Бұл – Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 610-бабының 1-бөлігі. Яғни, сотта көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылыс жайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлеріне қатысты істер қозғалады.
Бұрын тараптардың өзара келісімі болған, оған қарсылық танытпаған жағдайда да Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 610-бабымен әкімшілік құқықбұзушылық істерді қарау уақытты талап ететін. Енді аталған Кодекстің 744-бабының 1-бөлігі, 745-бабының 2-бөлігіне сәйкес үстінен әкімшілік іс қозғалған кінәлі мен жәбірленуші қаулының тезірек күшіне енуін сұрап өтініш беруге құқылы.
Ал, қазір мұндай істер қос тараптың келісімі болған, қарсылығы туындамаған және екі жақ та бірдей істің тезірек сотқа жетіп, қаулының тез арада күшіне енуіне мүдделі болған жағдайда қаралатыны да көзделген.
Ондағы мақсат – жол-көлік оқиғасына қатысушылардың уақытын үнемдеу және сақтандыру компаниясынан тиесілі өтемақыға қол жеткізу мерзімін қысқарту. Бұл судьяларға уақытты үнемдеу жағынан қолайлы.
Мұндай істерді жедел және сапалы қарау міндеті белгілі бір судьяға жүктелген. Ол тек кезек күттірмейтін әкімшілік істерді қараумен айналысады.
Осы санаттағы қаралған істерге тоқталсам, соңғы төрт айда сотқа 900-ден астам іс түссе, соның 623-і бойынша қаулы қабылданып, жедел түрде күшіне енді. Әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 56 миллион теңгеден жоғары. Оның 33 миллион теңгеден астамы ерікті түрде төленді. Шамамен 10 миллион теңгесі бойынша ерікті төлеу мерзімі бекітілді.
Аталған өзгерістерден кейін әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 608-бабы бойынша істерді қарауға баса мән беріледі. Бұл жерде әңгіме жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруі турасында. Аталған бап санкциясы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Өздеріңіз білетіндей, көбіне жүргізушінің мас күйінде көлік басқаруы жолдағы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады. Бұл әкімшілік қана емес, қылмыстық құқықбұзушылыққа жеткізетін жағдай. Осыған байланысты 2019 жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев осы бағыттағы құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікті күшейту бойынша тапсырма берді.
Біздің сотта аталған санаттағы істерді де дер кезінде қарау жолға қойылған. Ал, демалыс күндері ол үшін судьялар кезекшілігі ұйымдастырылған. Яғни, көлік құралын мас күйінде басқарған адамды құрықтап, мастық дәрежесі анықталған бойда сотқа жеткізіледі. Істі қарағаннан кейін сот оны кінәлі деп таныған жағдайда, оны көлік жүргізу құқығынан айырып, арнайы әкімшілік қамау орнына тоғытады.

– Сіз жетекшілік ететін сот жылдың алғашқы жартысын қалай аяқтады?

– Жалпы сот 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өз жұмысын бірқатар жақсы көрсеткіштермен жақсартты деуге болады.
Оның ішінде атап айтатын жағдай, ол алкоголь, есірткі тұтыну немесе масаң күйде көлік басқарған жүргізушілерге қатысты 335 әкімшілік іс қаралды. Оның 311-і қамауға алынды. Ал 251 жүргізушіге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылданды. 14 іс бойынша кінәлілер көлік жүргізу куәлігінен айрылды. Себебі, оларға қатысты қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылмайды. Бұл санатқа бірінші және екінші топ мүгедектері, жүкті немесе 14 жасқа толмаған бала асыраушы әйелдер, 18 жасқа толмағандар, жасы 58-ден жоғары әйелдер, жасы 63-тен жоғары ер адамдар және тағы басқалар жатады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.