Ардагерін ардақтап...

Вторник, 17 Май 2022 10:19 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2451 раз

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы 77 жыл өтсе де зардабы әлі сезіледі. Еліміздегі әр отбасында майданға аттанған немесе тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан жан болғаны анық. Солардың бірі – Сағат Мейірмашов.

 

Ardager

 

Ордабасы ауданы, Арыс өзенінің бойында туған Сағат Мейірмашұлы соғыс басталғанда 16 жаста болған. Әкесі Мейірмаш Өсжігітов 1941 жылы алғашқылардың бірі болып майданға аттанғанда, бала Сағат Шымкенттегі оқуын тастап, анасы Айткүлдің жанына қолғабыс болуға ауылға келеді. Әке орнына колхоздың сан-салалы жұмысына араласып, үлкені мен кішісі бар, елде қалған адамдармен бірге тізе қосып еңбек етеді.

Содан 1943 он сегіз жасының көктемі басталмай жатып, соғысқа өзі сұранып кетеді. Ашхабадта үш ай курста оқып, шыңдалып, майдан даласына минометші Мейірмашов болып кіріседі. Буыны қатып үлгермеген өрімдей жастардың толарсақтан саз кешіп, оқ пен отқа қарсы жан ұшырып алға ұмтылуын көзге елестетудің өзі қорқынышты.

1944 жылдың қысында шегінген немістің жанкешті ұрыстарының бірінде Сағат Мейірмашовтың командалық миномет батереясы неміс авиациясының сұрапыл шабуылына ұшырайды. Сол ұрыста снаряд жарықшағынан жарақат алған жауынгердің жарылған басы мен сынған қабырғасы орнына келгенімен, оң қолын шынтақтан жоғары жерінен кесуге тура келеді. Содан 1944 жылы әскер қатарынан босатылып, елге оралады.

Туған жерінде қырық жылдан астам үздіксіз еңбек етіп, жұбайы Ұлшым екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Немерелері мен шөберелерінің маңдайынан иіскеп, бетінен сүю бақыты бұйырған қадірлі жан 2001 жылы 76 жасында өмірден өтті.

Последнее изменение Вторник, 17 Май 2022 10:47
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.