Редакция таңдауы

ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӨСІМ, ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Кәсіпкерлік – ел экономикасының тамырына қан жүгіртетін, қоғамның әлеуметтік серпінін айқындайтын басты қозғаушы күштің бірі. Қай кезеңде де тіршіліктің тізгінін қолына алған, еңбек пен тәуекелді қатар ұстаған іскер қауым ел дамуының алдыңғы шебінен көрінген. Нарық заңдылығы орныққан қазіргі заманда бұл ақиқат, тіпті, айқын сезіледі. Мемлекеттің экономикалық қуаты тек ірі өндіріс ошақтарымен ғана емес, сан тарау шағын және орта бизнестің тыныс-тіршілігімен, олардың қоғам өміріне белсенді араласуымен өлшенеді. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың ең икемді, ең шапшаң бейімделетін әрі халыққа ең жақын саласы.

Шағын және орта бизнес, ең алдымен, ел ішіндегі еңбек әлеуетін тиімді іске қосатын тетік ретінде бағалы. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, адамдардың өз кәсібін табуына, өз еңбегінің нәтижесіне өзі ие болуына мүмкіндік береді. Осы арқылы қоғамда еңбекке деген жауапкершілік артып, жеке бастаманың қадірі өседі. Бір қарағанда шағын көрінетін әрбір шеберхана, әрбір дүкен немесе қызмет көрсету орны тұтас бір отбасының ғана емес, тұтас бір шағын қауымның әлеуметтік тірегіне айналады. Сол себепті де шағын және орта бизнестің дамуы – халықты жұмыспен қамтудың ең сенімді жолы, әлеуметтік тұрақтылықтың берік негізі.

Мемлекет бұл саланың маңызын терең түсіне отырып, кәсіпкерлікті қолдауды стратегиялық басымдықтардың біріне айналдырды. Соңғы жылдары қабылданған бағдарламалар мен тетіктер, қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары кәсіп бастаймын деген азаматқа нақты сүйеніш бола білді. Қолжетімді несие, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құқықтық ортаны жетілдіру, кәсіпкерлік білім мен кеңес беру жүйесін дамыту – мұның барлығы шағын және орта бизнестің қанатын кеңге жаюына жол ашты. Мемлекеттік қолдау кәсіпкерді қамқорлыққа үйрету үшін емес, оның өз аяғынан нық тұрып, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау үшін бағытталғаны да осы саясаттың өміршеңдігін айғақтайды.

Еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлік мәдениетінің орнығып, іскерлік белсенділіктің артуы – аталған қолдаудың нақты жемісі. Бұл үрдіс Шымкент қаласында да айқын көрініс тауып отыр. Тарихтан-ақ сауда мен қолөнердің, еңбек пен ептіліктің ордасы болған шаһарда бүгінгі күні шағын және орта бизнес жаңа мазмұнмен толығып, заман талабына сай жаңғыруда. Қызмет көрсету саласы, өндіріс, сауда, логистика мен креативті индустрия – барлығы да қаланың экономикалық келбетін қалыптастырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып келеді. Кәсіпкерлікке бет бұрған жастар мен тәжірибелі іскерлердің қатары көбейіп, қала экономикасының тынысы кеңейе түсті.

Шағын және орта бизнес – тек табыс табудың құралы емес, ол елдің ертеңіне деген сенімнің, еңбекке сүйенген өмір салтының көрінісі. Кәсіпкерлігі қуатты елдің қазынасы да берекелі, қоғамы да орнықты болмақ. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да мүддесіне қызмет ететін маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, шағын және орта бизнестің өркен жаюы ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттырудың сенімді кепілі болып қала бермек.

Соңғы жылдары Шымкент қаласы ел экономикасындағы стратегиялық маңызы бар мегаполис ретінде айқындала түсті. Индустрия, инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы негізгі экономикалық көрсеткіштерден анық байқалады. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов брифинг барысында мәлімдеп, 11 айда атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.

Экономикалық өсімнің басты драйвері саналатын өнеркәсіп саласында Шымкент тұрақты даму траекториясын сақтап отыр. Қалада бүгінде 808 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істейді. Оның 710-ының өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болуы Шымкент экономикасының шикізаттық емес секторға бет бұрғанын аңғартады.

2025 жылдың 11 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 362,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында 5-орынға тұрақтаған.

Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі ерекше назар аудартады. Аталған салада 1 218,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 115,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Шымкентті өңірлер арасында 3-орынға шығарды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтиже өндірісті әртараптандыру мен технологиялық жаңғырту саясатының жемісі. Негізгі өсім химия, машина жасау, тамақ өнімдері мен сусындар өндірісі, қағаз және пластмасса бұйымдары салаларында байқалып отыр. Бұл бағыттар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді.

 

Индустриялық аймақтар – жұмыс орны мен өндірістің көзі

Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту – Шымкенттің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын айқындайтын негізгі тетіктердің бірі екені айқын. Бұл тұрғыда мегаполис басшылығы инвестор үшін ең алдымен инфрақұрылымы дайын, логистикасы жолға қойылған өндірістік алаңның шешуші маңызға ие екенін айқын түсінеді. Индустриялық аймақтар – Шымкент экономикасының құрылымдық тірегі десек болады. Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды қамтитын 7 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 716,9 млрд теңгені құрайтын 455 жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде 318 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл көрсеткіштер индустриялық аймақтардың тек өндірістік емес, әлеуметтік маңызын да көрсетеді. Жаңа өндіріс – тұрақты жұмыс, тұрақты табыс және қаланың әлеуметтік тұрақтылығы деген сөз. Сонымен қатар, Ермек Полатұлының айтуынша, жаңа өндірістік алаңдар салу және қолданыстағы индустриялық аймақтарды кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады. Бұл қалаға қосымша инвестиция тарту да жоспарда бар екен.

– Өндірістік аймақтарды молайту – мегаполистің экономикалық тынысын ұзақ жылдарға айқындайтын қадам. Инфрақұрылымы дайын алаңдар инвесторларды қызықтырады. Сол себепті, біз жаңа индустриялық аймақтар салып, қолданыстағы аумақтарды кеңейтіп, бизнеске нақты жағдай жасап отырмыз. Бұл жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге шығарады, – дейді басқарма өкілі.

Өндірістік аймақтарды кеңейту жұмыстары да қарқын алған және екі ірі стратегиялық жобаны іске асыру мәресіне таяп қалды. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі барлық тауар ағынын қабылдап, сақтап және таратуға мүмкіндік беретін Өңірлік сауда-логистикалық хабты қалыптастыру жобасы. Осы мақсатта қолға алынған Сауда-логистикалық орталықты кеңейту жұмыстары келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған хаб іске қосылғаннан кейін өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу тетіктері оңтайландырылады. Сонымен бірге, бұл жоба кәсіпкерлер үшін жаңа өткізу нарықтарын ашып, сауда мен логистика саласының дамуына серпін бермек. Екінші маңызды жоба – «Стандарт» жеке индустриялық аймағының іске қосылуы. Бұл аймақтың ерекшелігі – мемлекет тарапынан инженерлік және көлік инфрақұрылымы толық жүргізілген шағын өндірістік алаңдардың қарастырылуы. Мұндай формат шағын және орта кәсіпкерлерге өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беріп, бастапқы шығынды айтарлықтай азайтады.

– «Стандарт» жеке индустриялық аймағы Шымкенттегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, қала экономикасында шағын өндірістердің үлесін арттыруға ықпал етеді. Ал бұл, өз кезегінде, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің өсуіне және мегаполистің индустриялық келбетінің қалыптасуына негіз болады, – дейді Ермек Полатұлы.

Инвестиция – өңірге деген сенімнің басты индикаторы. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында Шымкент қаласының экономикасына 715,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 106,1 пайыздық өсімді көрсетеді. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 850 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл мегаполис үшін рекордтық көрсеткіштердің бірі болмақ.

Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2025 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 64,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның 56 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталғаны – инвесторлардың өндірістік секторға қызығушылығының артқанын білдіреді. Қалада «Coca-Cola», «Wan Sheng Ceramic», «QazAlPack», «Alsera KZ», «AKSA SHYMKENT ENERGY» секілді ірі халықаралық және отандық жобалардың жүзеге асырылуы Шымкенттің инвестициялық картасын айтарлықтай күшейтіп отыр.

– Ірі инвестициялық жобалардың ішінде «Alsera KZ» жылыжай кешені айрықша орын алады. Орта Азиядағы ең ірі жылыжай саналған бұл жобаның жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылысы өткен жылдың жазында басталған кешеннің жылдық өндірістік қуаты 155 мың тонна өнімге жетеді. Жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы құрылыс толық аяқталып, ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Айта кетерлігі, жоба іске қосылғаннан кейін өткен аптада алғашқы өнім алынып, жоспардың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын көрсетті. Бүгінгі таңда кешенде шамамен 2 мың адам жұмыспен қамтылған, ал жоба толық қуатында жұмыс істеген кезде 6 500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, экологиялық қауіпсіздік мәселесі де Шымкенттің даму күн тәртібінде маңызды орын алады. Осы бағытта Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы ерекше аталады. Жобаның жалпы құны 55 млрд теңгені құрайды. Жалпы, Шымкенттің алдағы бес жылдық (2025–2029) даму жоспарында өңдеу өнеркәсібіне ерекше басымдық берілген.

Экономиканың әлеуметтік негізі саналатын шағын және орта бизнес саласында да оң динамика сақталған. 2025 жылдың 11 айында Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 143 мыңға жетіп, 4,7 пайызға артып, бұл салада 250,4 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 57,6 пайызға жетіп, Шымкент экономикасының тең жартысынан астамын құрап отыр. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 19,6 млрд теңге бағытталып, 2 035 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл қаржы өндіріс ашуға, айналым қаражатын толықтыруға және бизнесін кеңейтуге мүмкіндік берді. Инфрақұрылымдық қолдауды күшейту аясында Шымкент қаласында жалпы аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын екен. Бұл алаңдарда 50-ден астам шағын кәсіпорын іске қосылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады деген жоспар бар. Мұндай өндірістік формат шағын бизнесті дамытудың тиімді құралына айналып, кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

 

Сауда және қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім бар

Сауда саласы да қала экономикасының серпінді бағыттарының бірі болып отыр. Қаңтар–қараша айларында бөлшек сауда көлемі 1 165,5 млрд теңгені, ал көтерме сауда көлемі 2 462,4 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде қаланың жалпы сауда айналымы 3 635,7 млрд теңгеге жетіп, 124,6 пайыздық өсім көрсетті.

Алдағы уақытта бұл өсімге «DALA MALL» ірі сауда-ойын-сауық орталығы да серпін бермек. Жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді құрайтын нысанды 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында пайдалануға беру жоспарланған.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың 11 айындағы экономикалық көрсеткіштер Шымкент қаласында индустрияландыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы саясаттың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Басқарма басшысының орынбасары Ермек Тұрманов атап өткендей, алдағы кезеңде де қала тұрақты индустриялық даму мен бизнеске қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдық ретінде сақтайды.

Бұл үрдіс сақталған жағдайда, Шымкенттің алдағы жылдары еліміздің экономикалық локомотивтерінің біріне айналары сөзсіз.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win