Бүгінде инъекция, яғни ине арқылы дәрі енгізу – ең жиі қолданылатын ем түрі. Қарапайым көрінгенімен, дұрыс орындалмаса, ол ауыр ауруларға, тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан инъекциялық қауіпсіздік ережелерін сақтау – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті болуы керек.
Инъекция кезінде қолданылатын ине, шприц немесе дәрі дұрыс таңдалмаса, ағзаға инфекция еніп, ауыр асқынулар туғызуы мүмкін. Тіпті, гепатит B, гепатит C, ВИЧ сынды жұқпалы аурулар да ине арқылы тарауы мүмкін.
Сол себепті:
• Ине тек стерильді, яғни жаңа, ашылмаған болуы керек;
• Инъекцияны тек маманданған медицина қызметкері салуы керек;
• Қол мен құралдардың тазалығы қатаң сақталуы қажет.
Аллергиялық сынама – қауіпсіздіктің кепілі
Кейбір дәрі-дәрмектер ағзаға жақпауы мүмкін. Мұндай жағдайда адамда аллергиялық реакция пайда болады – тері ісіп, дене қызуы көтеріліп, тыныс алу қиындауы мүмкін. Бұл өте қауіпті жағдай. Сондықтан дәрі салмас бұрын, аллергиялық сынама жасау өте маңызды! Әсіресе антибиотик, ауырсынуды басатын дәрі, немесе жаңа препараттар қолданғанда сынама жасау — міндетті.
Халыққа арналған кеңестер:
• Үй жағдайында өз бетіңізше ине салдырмаңыз;
• Жаңа ашылған шприц қолданылғанына көз жеткізіңіз;
• Ешбір дәріні дәрігерсіз алып, егіп көрмеңіз;
•Медициналық көмек тек ресми тіркелген емханалар мен ауруханаларда көрсетілуі тиіс.
Инъекция – емдеудің тиімді құралы. Бірақ ол қауіпсіздік ережелері сақталған кезде ғана пайдалы болады. Ал кез келген дәріден бұрын аллергиялық сынама жасау — сіздің өміріңізді сақтап қалатын қарапайым, бірақ маңызды қадам.
Денсаулық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Өз өміріңізге немқұрайлы қарамаңыз!
Д.ЕРГЕШОВА,
«СТУДЕНТТІК ЕМХАНА»
ЖШС-нің аймақтық мейірбикесі