Редакция таңдауы

ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТТЫ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ, жылу жүйелері мен көшелерді жарықтандыру саласында атқарылған кешенді жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылдың он бір айында жүзеге асқан нақты жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы баспасөз брифингінде кеңінен баяндады.

Бүгінде қалада 81 елді мекеннің 80-інде ауыз су жүйесі жүргізілген. Қалғаны тек 23 мыңдай тұрғыны бар Құрсай елді мекені еді. Оған да қазір су құбыры толық тартылып бітті. Енді абаттандыру, құрылыстың орнын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша, қалада ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайыздан 99,5 пайызға өсті.

Биыл төрт елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) елді мекендерін ауыз су жүйелеріне қосу (абоненттеу) жұмыстары аяқталу сатысында. Бұл туралы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы баспасөз брифингінде мәлімдеп, 2025 жылдың 11 айында атқарылған нақты жұмыстар мен негізгі жетістіктерге тоқталды.

Басқарма басшысының орынбасары жыл басынан бері ауыз су, электр, табиғи газбен қамту, кәріз жүйелері және көшелерді жарықтандыру бағытында атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы демеушілер есебінен 14 шақырым су құбыры тартылып, Текесу елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Жобаның құны шамамен 100 миллион теңгеден асты. Сондай-ақ, демеушілер қолдауымен Айкөл елді мекенінде 18 шақырым су жүйесінің құрылысы аяқталып, желтоқсан айының 1-інен бастап тұрғындар орталықтандырылған, сапалы ауыз сумен қамтылды. Бұл жобаның жалпы құны шамамен 157 миллион теңгеден асады.

Жыл қорытындысы бойынша 11 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып, қамту көрсеткіші 99,9 пайызға жетті. Бұдан бөлек, қаланың аумағы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, су жүйесінің қуаттылығын арттыру мақсатында алты су жинақтағыш қондырғы салу және Таскен, Оңтүстік, Ақжайық, Жиделі, Исфиджаб, Гидрогеолог, Орманшы елді мекендеріндегі жаңа құрылыс аумақтарында құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр.

Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. 2024 жылы Асар-2 және Бозарық елді мекендерінде электр жүйесінің құрылысы аяқталып, 15 мыңға жуық тұрғын сапалы электр желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Биыл жеті елді мекенде электр жүйелерінің, сондай-ақ электр қуатын арттыратын үш қосалқы стансаның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақжар 110 кВ, Бадам 110 кВ және Тұран 10 РП қосалқы стансалары салынып жатыр. Қазіргі уақытта Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Құрсай және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) шағын аудандарын сапалы электр жүйелеріне қосу жұмыстары аяқталу үстінде. Нәтижесінде, 13 мың адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, құрылысы 2019 жылдан бері жалғасып келген, құны 7,6 миллиард теңге болатын «Ақжар 110 кВ қосалқы станциясы» нысанының құрылысы толық аяқталып, қазіргі таңда қабылдау актісі рәсімделуде. Бұл қосалқы станция Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Айкөл елді мекендерін және индустриялық аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Қаладағы 81 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен толық қамтылған. 20 елді мекен жартылай (жекеменшік сектор), ал, Айкөл елді мекені табиғи газбен қамтылмаған. 2024 жылы Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде табиғи газ жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, 90 мыңнан астам адам газ желісіне қосылды. Нәтижесінде, табиғи газбен қамту деңгейі 96 пайыздан 97 пайызға өсті.

Биыл 10 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, қазіргі уақытта Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) елді мекендерін газ жүйесіне қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл 22 мыңнан астам тұрғынның табиғи газға қосылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл Тассай елді мекеніндегі 2 500 абонентке (жалпы 3 345 абонент, 15 900 адам) кезең-кезеңімен табиғи газға қосылу мүмкіндігі жасалды.

2025 жылы қалада газ желілеріне диагностика жүргізуге арналған «Пергам» типті арнайы жылжымалы қондырғы сатып алынды. Бұл құрылғы газ құбырларының жай-күйін жан-жақты зерделеуге, ықтимал зақымдану мен тозуды анықтауға және газ тасымалдау жүйесінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

2023 жылы қаладағы жалпы 6 714 көшенің 2 028-і жарықтандырылып, сыртқы жарықтандырумен қамту деңгейі 30 пайызды құрады. Бұл кезеңде жарықтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, басымдық магистральды және әлеуметтік маңызы бар көшелерге берілді.

2024 жылдан бастап көшелерді жарықтандыру жұмыстары Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан айтарлықтай күшейтіліп, жұмыс көлемі шамамен жиырма есеге артты. Соның нәтижесінде қосымша 2 270 көше жарықтандырылды.

Сонымен қатар, қалалық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жеке демеушілердің, атап айтқанда «АБМ Билдинг 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен тағы 125 көше жарықтандырылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы жарықтандырумен қамту деңгейі 65,9 пайызға жетті.

2025 жылы бұл жұмыстар жалғасын тапты. Жыл ішінде 2 291 көшені жарықтандыру жоспарланып, жобаға сәйкес жыл соңына дейін қала аумағы толықтай, яғни, 100 пайыз сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, сондай-ақ, шаһардың кешкі және түнгі келбетін айтарлықтай түрлендіруге мүмкіндік береді.

Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз жылумен қамту мақсатында да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету және апаттылықты азайту үшін құбырішілік диагностика технологиясы енгізілді. Бұл – құбырлардың ішкі қабырғасын жоғары дәлдікпен сканерлеп, ақауларды анықтайтын заманауи әдіс. Аталған технология Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде сынақтан өтті.

Қаладағы магистральды жеті көшеде диаметрі 400-1000 миллиметр аралығындағы 1 263 метр жылу құбырына диагностика жүргізілді. Нәтижесінде, құбырлардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп танылып, қауіпті учаскелер бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Бұл тәсіл жөндеу шығындарын 20-75 пайызға дейін қысқартуға және апат тәуекелін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы деректерді талдау дәлдігі 15 пайызға артты.

 

Ә.АЙТӨРЕ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win