
2025 жылы Шымкент қаласында табиғи газ, жылу және кәріз жүйелерін дамыту бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл бастамалар қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталды.
Бүгінде қала аумағындағы 81 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен толық қамтылған, 20 елді мекенде газ жүйесі жекеменшік үйлер деңгейінде кезең-кезеңімен енгізілуде, ал Айкөл елді мекені бойынша жұмыс алдағы кезеңге жоспарланған. 2024 жылы Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде газ жүйелерінің құрылысы аяқталып, 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде қаладағы табиғи газбен қамту деңгейі 96 пайыздан 97 пайызға өсті.
2025 жылы тағы 10 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы басталған. Қазіргі таңда Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе және Тұран елді мекендерінде абоненттеу жұмыстары аяқталу сатысында. Бұл жұмыстар нәтижесінде 22 мыңнан астам адам табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан, Тассай елді мекеніндегі газ жобасы 2025 жылы толық аяқталды. Бүгінгі таңда 2 500 абонент кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосылып, жалпы 15 900 тұрғынға қолайлы жағдай жасалды.
Газ инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылы қалада «Пергам» типті заманауи жылжымалы диагностикалық қондырғы сатып алынды. 2025 жылдың Шілде-қараша айлары аралығында жалпы ұзындығы 107,3 шақырымды құрайтын 67 нысандағы газ құбырларына диагностика жүргізіліп, 45 ақау анықталды. Барлық кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар беріліп, жөндеу жұмыстары толық орындалды. Бұл шаралар газ желілерінің техникалық сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қаланың даму жоспарына сәйкес, алдағы жылдары табиғи газ қуаттылығын 1 400 мың текше метрге арттыратын үш жаңа газ тарату станциясы мен айналма магистралды газ құбырының құрылысы кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Жылумен қамтамасыз ету саласында да инновациялық тәсілдер енгізілуде. Шымкент қаласында Қазақстанда алғаш рет құбырішілік диагностика технологиясы пилоттық жоба ретінде қолданылды. Диаметрі 400-1000 мм болатын жылу құбырларының 1 263 метріне диагностика жүргізіліп, олардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп бағаланды. Бұл әдіс жөндеу шығындарын 20-75 пайызға дейін қысқартуға және апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, жасанды интеллектті қолдану арқылы талдау дәлдігі 15 пайызға артты.
Кәріз жүйесін дамыту бағытында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 81 елді мекеннің 26-сы су бұру жүйесімен қамтылған. 2024 жылы Нұртас пен Қайтпас-1 елді мекендерінде ішкі орамдық кәріз желілерінің құрылысы аяқталып, шамамен 27 мың тұрғын жаңа жүйеге қосылу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, 120 мыңға жуық халықты қамтитын кәріз коллекторы пайдалануға беріліп, Тұран, Бозарық, Шымсити, Асар-2, Ақжайық және Достық елді мекендерін қамтыды.
Қазірде тағы алты елді мекенде ішкі кәріз жүйелерінің және бір ірі кәріз коллекторының құрылысы жүргізілуде. Солтүстік-Батыс елді мекеніндегі жұмыстар толық аяқталды. Ал қаланың одан әрі өсуін ескере отырып, қуаттылығы 410 мың текше метрді құрайтын жаңа кәріз тазарту қондырғысын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында қол жеткізілген нәтижелер мегаполистің заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы қала ретінде қалыптасуына берік негіз қалап отыр.
